Ахметов мырза, Сіз неге үндемейсіз?! (Ашық хат)

0
3449

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз тіркесі қазір жиі айтылады, баспасөз бетінде де көп қолданылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та әкімдерге «Сендер халықтан жоғары емессіңдер, халыққа қалтқысыз қызмет етіңдер» деп ескертіп отырады. Бірақ, осыны ескеретін де, тіпті ескермек түгіл халықтың ұсыныс-тілегін, айтқан орынды пікірін қаперге алмайтын да әкімдер жетіп артылады. Соның бірі – Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.

Бұған дейін Федоров және Қостанай аудандарында басшылық жасап, біршама ысылған Ахметов Қостанай қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанда облыс орталығының тұрғындары «Әп, бәрекелді, Меңдіғара ауданының қазақы ауылынан шыққан азамат қой, енді қаланың бағы жанатын болды. Ұлттық мүдде ескеріліп, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз төрге озады» десіп қуанды. Сөйтіп, бұқара халық та, қалам ұстаған журналистер де өз ойларында жүрген ұсыныс-тілектерін ашық білдіре бастады. Соның бірі – осы жолдардың авторы еді.

Мен, 2020 жылдың жазында Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті арқылы Ахметов мырзаға Ашық хат жазып, қаладағы Карбышев көшесінің атын өзгертіп, тарихи батыр тұлға жерлесіміз Шақшақ Жәнібек есімін беру жөнінде ұсыныс жасадым. Мұны ондаған оқырмандар қуаттап, газеттің бірнеше санында пікірлер де жарияланды. Енді соның бірнешеуінің мазмұнын келтіре кетейін.

Еңбек ардагері Қойшы Сәрсенгелдин «Белгілі журналист Серік Шайман өте орынды мәселе көтеріп отыр. Фельдмаршал Жәнібек генерал Карбышев көшесінде қашанғы тұрады?! Батыр бабамызға өз алдына көше беретін уақыт жетті. Карбышевтың Қостанайға қандай қатысы бар?! Ұлықтаса Ресей елі ұлықтай берсін. Біз өз тарихи санамызды жаңғыртып, өз батырымызды қастерлеп, келер ұрпақтың есінде қалдыруымыз керек» деген еді. Мұндай пікірді қостай келе Сұлтанғали Оспанов, Әкімбек Қажы, тағы басқа оқырмандар, қажет болса Торғай-Тобыл өңірінің халқы арнайы есеп-шот ашып, қажетті қаражатты жинап та бере алады деп мәселенің шешімін де айтты.

Міне, содан бері жылға жақын уақыт болды. Не Сіз немесе Сіздің аппаратыңыз, бұл мәселе бойынша жұмған аузын ашқан жоқ. Тым құрығанда, мақала авторына, болмаса редакцияға «солай да солай» деп жазбаша жауап беруге болады ғой. Әлде, Сіз облыс әкімдігінің үнпарағы болып есептелетін «Қостанай таңы» газетін мүлде оқымайсыз ба?! Орыс тілді басылымдар бірауыз сыни пікір жазса, оған жатпай-тұрмай жауап беретін Сіздің баспасөз хатшыңыз бен ішкі саясат бөліміндегілер «Әй, қойшы, сенің сөзің кімге керек» деп бізді менсінбей жүр ме?! Егер олай болса, ұлттық іске, ұлттық басылымға деген керенаулық пиғыл қайдан пайда болған?! Өз қағынан жеріген құлан сияқты Сіз ұлт игілігі жолындағы істен безініп, ана тілді басылымда айтылған қоғамдық пікірді елеусіз қалдыруға қалай дәтіңіз барды?! Әлде, Сіз Шақшақ Жәнібек батырға көше атын беруге түбегейлі қарсысыз ба?! Айдаладағы генерал Карбышевқа неге таскенедей жабысып, айырылмай отырсыз?!

Осы мақаланы жазу барысында мен Жәнібек батырға көше атын беру жөнінде бастамашылық жасап жүрген топ жетекшісі – бұрынғы аудан әкімі, белгілі қоғам белсендісі, іскер азамат Рахым Жұмағыловпен пікірлестім. Ол: «Не бәлесі бар екенін білмеймін, қала басшысы Ахметов Жәнібек батырға келгенде, қырық түрлі сылтау айтады. Көше халқының келісімі керек, қаражат жоқ, мораторий бар дегенді үнемі алға тартады», – деп ішкі ренішін білдірді.

Бәрекелді Қайрат мырза, Сіз күні кеше Гагарин көшесін Назарбаев даңғылы, Герцен көшесін Қобыланды батыр, Тарандыны Тәуелсіздік, Гвардейская көшесін Гагарин, Авиационныйды К.Дөненбаева деп өзгерткенде, қай қазақпен, қай орыспен ақылдастыңыз?! Ақшаны қайдан таптыңыз?! Енді келіп жоғарыдағыдай көлгірсудің себебі неде?! Шекспир «Қоғамдағы ұлы қасірет адамның екі жүзділігінен басталады» деп айтқандай, Сіз бұл жерде ақиқаттан ауытқып отырған жоқсыз ба?! Болмаса, әлдеқашан сүйегі қурап қалған батырмен бас араздығыңыз бар ма?!

Жалпы Республика оқырмандарына түсінікті болу үшін Шақшақ Жәнібек кім деген сауалға жауап бере кетейік. Шақшақ Жәнібек Абылайды хан көтергенде, Орта жүз батырлары атынан бата берген, аты алты алашқа белгілі батыр, мәмілегер. Тобыл-Торғай өңірінің төл тумасы, оның халқына, ұлтына сіңген еңбегі ұшан-теңіз. Жампоз жырау Бұқар бабамыздың тілімен айтсақ, «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек – ормандай көп Орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі болған Шақшақ Жәнібек. Ол – XVII ғасырдың соңы мен XVIIІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген баһадүр. Қазақ зиялылары мен батырлары арасында тұңғыш «Тархан» атағын алған адам. Тархан – Ресей әскери басшыларына берілетін «фельдмаршал» дәрежесімен тең әскери шең. Патша оны батырға Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы күрделі, даулы мәселелерді оңтайлы шеше білген мәмілегерлігі үшін берген. Оны орыс, басқа шетел саясаткерлері де жоғары бағалаған. Мысалы, ағылшын суретшісі Кэстль Джон Ресейде қызметте жүріп 1734-1737 жылдары атақты Кирилов экспедициясына қатынасады. Сол сапарында Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқаны жайлы жолсапар очеркін жазады. Сонда Жәнібек батырды былай суреттеген: «Жанибек был благородного происхождения. Вел свой род самого легендарного Атиллы. Был весьма крупного телосложения с огромным взором, открытым лбом, внешне притягательной личностью».

Белгілі орыс тарихшысы А. Левшин 1723 жылы «Не будь Жанибека, северная часть казахской степи осталась бы под копытами лошадей монгольского хана» деп жазды. Есімі елге мәшһүр тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ағамыз «Жауға шаптым ту байлап» деген кітабында «Қазақ халқының ұлы батыры, дана көсемі, мемлекет қайраткері, атақты Қолбасшы Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек аруағына біз сиынамыз, табынамыз, қолдай гөр, ұлы баба аруағы» деп тебіренеді.

Батыр есімін қастерлеп, мәңгі есте қалдыру мақсатында осыдан үш-төрт жыл бұрын жерлестері қаражат жинап, академик, марқұм Кенжеғали Сағадиевтің бастамашылығымен Қостанайда көрнекті ескерткіш тұрғызылды. Ол көше генерал Карбышев атында болатын. Сол жолы кейін көше атауы өзгертіліп, Шақшақ Жәнібек аталады деген сөз де айтылған еді. Алайда, сол сөз – сөз күйінде қалып, мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Соған байланысты, құрметті Ахметов мырза, мен Сізге екінші рет республикалық басылым арқылы Ашық хат жазуға мәжбүр болып отырмын.

Тұлғаға көше атын беру сән емес, бұл мән. Ал, түсінген адамға оның мәнінің мазмұны мынау. Біріншіден, батыр бабамыздың ескерткіші тұрған жерден өзінің атындағы көшенің басталуы оған деген құрметтің зорлығын дәлелдеп, мәртебесін өсіреді. Өйткені, көше атауының берілуі – жариялықтың озық үлгісі, есте сақтаудың таптырмас тәсілі. Көшеде жүретін қоғамдық көлікте, адамдар арасындағы өзара әңгімеде батыр есімі жиі айтылғандықтан, жастардың есінде берік сақталады. Ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Сондықтан барды бағалай білу, құндылықты қастерлеу Сіздің ел сенім артқан әкім ретіндегі, азамат ретіндегі парызыңыз болмақ. Біз әлі де Сіз сол парыз биігінен көрінеді, мәселені дұрыс шешеді деп үміттенеміз.

Серік ШАЙМАН,

«Qazaq» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here