Қазақстан түйме өндірісін неге өрлете алмай отыр?

0
6174

«Қазақстанда түйме өндірісі дамымаған». Көбіміздің осылай ойлайтынымыз жасырын емес. Шынтуайтында, еліміздің үшінші мегаполисінде пластмассадан түйме шығаратын бірден-бір компания бар.

Қазақ ежелден жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған халық. Бүгінгі заманда түйме пластмассадан жасалып жатыр. 2006 жылы Шымкент қаласындағы «Қазпласт» компаниясының негізі қаланды. Содан аталған компания 8 млн теңге көлеміндегі қаржымен кәсіп бастаған.

Иә, кіп-кішкентай түймеге сонша қаржы жұмсау қажет пе еді? Жалпы, бұл өндірістен пайда табуға бола ма? Жеңіл өнеркәсіптегі ауыр мәселелер түйме өндірісіне қалай әсер етеді? Біз «Қазпласттың» негізін қалаушы әрі директоры Дана Жұмабаевамен әңгімелесу барысында жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзіміз біле бермейтін құпияларды білдік.

КӘСІПКЕР НЕГЕ ТҮЙМЕ ШЫҒАРУДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ?

Дана Әсембекқызы еңбек жолын 2003 жылы «Сәуле» тігін фабрикасынан бастайды. Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы киім тігеді. Сол кезде түймеге сұраныстың көптігін және бізде түйменің өте тапшы екенін, онда да Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамының Оқыту-өндірістік кәсіпорны ғана шығаратынын біледі.

«Олардың жұмыс кестесі өте тығыз, тапсырыстары көп, сондықтан үнемі ұзын-сонар кезекте тұрып, аз мөлшерде ғана ала аласың. Ақ түймеге тапсырыс берсең, сарғыштау қып жасап береді. Түсінің сәйкессіздігі жиі орын алатын. Ал ақшасын алдын ала сұрайды. Онсыз да матаға қаржы жеткізе алмай әлек боп жатқанда бұл мәселе бізді кәдімгідей тығырыққа тірейтін еді», – дейді кәсіпкер.

Сөйтіп, түйме өндірісін  зерттеген кейіпкеріміз 2006 жылы желтоқсан айында «Қазпластты» ашады ғой. Пластмассамен байланысты әрі отандық өнім болғаннан кейін атын «Қазпласт» деп қояды. Сол кезде «кішкентай затқа бола атын айқайлатып қойыпты» деп миығынан күлгендерге кәсіпкердің «Мен «Қазпласттың» қандай болатынын әлі-ақ көрсетемін» деп намысын қайрай түскені бар.

Сонымен не керек, оның бірінші түймесі 2007 жылдың 19 шілдесінде шықты.

«Шикізатын Ресей мен Польшадан алдырдық. «Термопласт автоматпен» қалыпқа құю әдісімен кез келген формадағы түймелерді  жасап шығардық. Біздің алғашқы ассортиментіміз әскерилердің жейдесі, арнайы киімдерге қажетті түймелер еді», – дейді бизнеске басқан алғашқы қадамдарын еске алған Дана Әсембекқызы.

«КІШКЕНТАЙ БОЛСА ДА, КЕРЕК НӘРСЕ»

«Сәуле» тігін фабрикасын түймемен толықтай қамтамасыз еткеннен кейін «Қазпласттың» аясы кеңейе бастайды. Семейге, басқа қалаларға тапсырыс жөнелтеді. Ол кезде кәсіпкерлердің көпшілігінде артық ақша жоқ. Сондықтан қай уақытта берген ыңғайлы болса, сол кезде төлейтіндей етіп барлық фабрикаларға жағдай жасайды. Әрі салығын да өзі төлеп отырады. Осылайша, біртіндеп отандық өндірушілерді өзіне қарата бастайды. 2010 жылы «Арай» май зауытымен келісімшартқа отырып, май бөтелкелерінің қақпақтарын өндіреді. 2012 жылы  карабин, ұштық сияқты тігін саласына қажетті фурнитураларды шығарады.

Фурнитура нарығын жан жақты зерттей келе ғаламтордан Саниплас деген польшалық түйме өндірушімен танысады.  Ол Польшада 50 жылдан бері түйме шығарумен айналысады екен. Саниплас: «Сенікі – ескі әдіс. Еуропалық стандарт бойынша түйме басқаша өндіріледі», – деп кәсіпорнына Дана Әсембекқызын шақырып, өзінің құрылғысын ұсынады. Ал, негізі ең мықты құрылғы Италияның «Ваннеси» фирмасында шығарылады. Қытайдың өзі солардың өнімін тұтынатын көрінеді.

«Мен «Ваннесиге» тікелей шығып, ондағы заманауи құрылғыны 2014 жылы елге кіргіздім. Ол үшін несие алуым қиын болды. Көптеген кедергілерге кездестім. «Даму» мен «Сбербанк» әзер дегенде қаржылай қолдады. Себебі, түйменің бағасы – арзан ғой. Ал, банктегілер «бұл шығынды қашан ақтайды?» деп ойлайды. Расында, оңай болған жоқ. Еңбек ептілікті сүйеді. Бірінші Алла, екінші серіктестеріміздің арқасында тапсырыс көп болғандықтан, бүгінгі күнге әупірімдеп жетіп отырмыз», – дейді Дана Әсембекқызы.

«Құрал-сайман саз болса, машақатың аз болар» дегендей, кейіпкеріміз алдымен құрал-сайманын сайлап алыпты.

Дана Жұмабаева шетелдік құрылғыларды Қазақстанға кіргізгеннен кейін 2015 жылы Елордада өткен «Қазақстанда жасалған» көрмесіне шақырту алады. Сол жолы түймелерінің сан түрін Елбасыға көрсетеді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы оның түймелеріне таңдана қарап: «Кішкентай болса да, керек нәрсе ғой!» деп айтқан екен. 

Иә, «түймеден не табады» дейтіндер де жоқ емес. Дегенмен, бұл күнделікті киімге қолданылатын нәрсе болғандықтан, ол үлкен сұранысқа ие.

Дана Әсембекқызының командасы тапсырысқа қарай кез келген үлгідегі түймені шығара береді. Түйме шығарудың дизайнерлік әдістері жетіп артылады.  Мысалы, Италияда қымбат киімдерге қымбат түймелер шығарады. Бізде ондай қымбат киімдер жоқ. Сондықтан, ең арзан түйме – 2 теңге, ал ең қымбаты – 18 теңге.

Түйме өндіру саласында бірінші сатыдан екінші автоматтандырылған сатыға көтерілген «Қазпласт» қазірде басқа да отандық өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр.

«Қазір «Азала текстиль» мата, «Саяхат сервис» сентифон, біз фурнитура шығарып, бір-бірімізді сүйреп жатырмыз. Себебі, бір-бірімізсіз күн көре алмаймыз. Менің түймем керек жерге сентифон да, мата да қажет. Бәріміздің мақсатымыз бір – өнімді өткізу. Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындауға біздер, отандық өндірушілер бес жылдық келісімшарт, яғни консорциумға отырғанбыз. Тапқан пайдамызды инвестицияға құйып келеміз. Төрт жылын абыроймен алып шықтық. Бірақ, жыл сайын бізге кедергі жасайды. «Қазір консорциум мемлекеттік тапсырыстан алынып тасталған» деп желеулетеді. Бұрынғы жемқорлықтың иісі аңқыған жүйеге апарып, қайтадан тендермен істегісі келеді. Біз ешкімге ешнәрсе бермейміз, тапсырысты таза орындауға тырысамыз. Осы мәселені парламенттік мінберде де көтердім. Егер біз өнімімізді өткізе алмасақ, несіне қаржы құямыз?!» – деп Дана Жұмабаева бұл саладағы мәселелердің де бір шетін шығарды.

Бұдан бөлек, қарамағында түйме цехынан басқа тігін фабрикасы да  бар «Қазпласт» компаниясында 100 адам жұмыспен қамтылып отырса да, әлі күнге жекеменшік ғимараты жоқ екен. Жалға алып отыр. Бұл да бизнес жүргізуде көп кесірін тигізіп жатқанға ұқсайды.

«Қорғаныс министрлігі егер ғимаратың болмаса, қарамағыңда 100 адам түгіл 1 000 адам істесе де тапсырыс бермейді. Осы әділетті ме? Ал, мен салық төлеп жатырмын ғой», – дейді компания директоры.

Шымкенттегі экономикалық немесе индустриалды аймақтан жер алып, ғимарат соғайын десе, 6 пайызбен несие алуға қауқары жоқ. Пайыздық жүктемесін көпсінеді, өйткені, ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарайды.

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ АУЫР ЖОЛЫ

Шынтуайтында, жеңіл өнеркәсіп саласындағы жеңіл емес мәселелер жетіп артылады. Түпкілікті тұтынушы мен отандық тауар өндірушілер бәсекеге түсе алмайтын импорт өнімдерінің өте ауқымды көлемінің белең алуы өнеркәсіпке үлкен кесірін тигізуде. Біздің нарыққа 70% импорт тауарын тасымалдайтын шетел мемлекеттерінде жеңіл өнеркәсібі айтарлықтай жетілген, сондықтан олар біздің халыққа күнделікті киімнің анағұрлым сапалы әрі қауіпсіз модельдерін ұсынуда. Ал, бұл үдеріс отандық өндіріс пен тауарлардың тұтынушы алдында тартымдылығын жояды, бәсекеге қабілетсіздік орын алады.

Отандық нарықтың негізгі мәселесі заңсыз тасымалданатын тауар импорты, ресми емес әрі көлеңкелі келетін есепке алынбаған өндіріс болып отыр. Осының нәтижесінде Қазақстан нарығында сапасы нашар, бағасы арзан тауарлар зор сұранысқа ие. Осылайша, Қазақстанның ресми компаниялары шығарып отырған стандарттарға сай, дұрыс компаненттерден жасалған сапалы киім үлгілері, жалпы тауарлар сұранысқа ие емес. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер контрафактілі тауарлармен күресуге, бәсекеге түсуге мәжбүр. Мәселен, «Қазпласт» түймелерінің нарыққа шыққанына 8 жыл болса да, әлі күнге экспортқа шыға алмай отыр.

Осындай теңгерімсіз үдеріс салдарынан нарығымызға келетін тауар, өнім сапасы түсіп, табыс та азаяды, ал осының бәрі бюджетке түсетін салық төлемдері көлемін айтарлықтай төмендетіп отыр. Сондықтан нарықта шетелдік, есепке алынбаған, шығу тегі белгісіз, сапасыз тауар жалпы ел экономикасының дамуына кері әсер тигізуде.

Жалғыз шешім – импорт көлемін қысқарту, импортты алмастыру және жеңіл өнеркәсіп саласында отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау.

Тағы бір үлкен мәселе – ірі және орта кәсіпорындардың көбі ескі жабдықпен әрі көне технологиялармен жұмыс істеуі салдарынан тауарлары бәсекеге шыдас бермейді. Кәсіпорындарда автоматтандырылған жүйелер жоқ, сондықтан өндіріс толығымен қол еңбегімен орындалады. Сондықтан шығарылатын тауардың өзіндік құны айтарлықтай қымбатқа түсуде.

Жеңіл өнеркәсіптегі жағдай қажетті фурнитурамен жабдықтау саласына да байланысты болып отыр. Фурнитураның 25%-дан 39%-ға дейін отандық өндірушілер шығарса, қалғаны импорттық өнім. Нарықтағы түймелердің 60-70%-ы шетелден тасымалданады, әсіресе жейде мен костюмдерге арналған түйме мен әшекей сырттан келеді.

Сондай-ақ, нарыққа Оңтүстік Азия (Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея) елдерінен келетін сапасыз, ұсақ-түйек фурнитураның сан алуандығы да кері әсер етіп отыр. Соңғы 3-4 жылда түрік өнімдерінің үлесі артып келеді, бұл өнім түрі де сапалы бола бермейді. Бұл жайт өнім шығаруда жоғары сапа деңгейіне мән берген кәсіпорындарға мата мен фурнитура жеткізушілермен тікелей шарт жасауға мәжбүрлейді.

Жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшы мамандарды дайындайтын кәсіби бағдарламалардың жоқтығы да саланы кенжелетіп тұр. Заманауи автоматтық жүйелерін қолданумен технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын болашақ мамандарды дайындайтын территориялық арнайы колледждер жоқ. Тіпті, қатардағы жұмысшылардың тапшылығы да сезіледі – ескі кадрлар еңбек демалысына шығып, жастар аз еңбекақыға жұмыс істеуден бас тартуда. Соның нәтижесінде мемлекеттік тапсырысты орындау үшін отандық маталар өндірісі мен сатып алу 40-50%-ға қысқарды. Осылайша, отандық тауар өндірушілер өндіріс көлемін азайтып, мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған қуатты жайдан жай ұстаудан да бас тартуда, өйткені ол қосымша шығын.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Нарық сарапшыларының пікірінше, жеңіл өнеркәсіптің бөлшек нарығы – азық-түліктік емес тауарлар арасында ерекше маңызы бар нарық болып отыр. Жеңіл өнеркәсіптің 2020 жылға дейін даму стратегиясы бойынша отандық тауар үлесінің ішкі нарықта артуы қарастырылған еді. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді. Оның үстіне бүкіләлемдік пандемия да кәсіпкерлік саласын локдаунға түсіріп, өндірістің қолын байлады.

Технологиялық ерекшеліктер, ауыртпалығы мол әрі артта қалған өндіріс салдарынан ірі кәсіпорындар тігін саласында тар бағыттар бойынша, мәселен, тапсырысқа эксклюзивті киім тігу бойынша мамандана алмайды. Мәселен, Қазақстандағы жалғыз түйме шығаратын «Қазпласт» компаниясына қаржылай қолдау кем боп тұрған кезде, әрине, нарықта тапшылық сезіледі. Сол үшін отандық түйме өндірісін қолдау қажет-ақ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here