Трамп тағында қала ма, әлде Байденнің бағы жана ма?

0
4122

Бүгінде АҚШ-та саяси науқан қызып тұр. Мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекетте биылғы қараша айында кезекті президент сайлауы өтеді. 2020 жылдың әлемдегі басты оқиғаларының бірі болғалы тұрған бұл саяси додада бағы мен бабын сынауға бел байлап отырғандар анықталды, күні кеше. Атап айтқанда, президенттікке үміткер ретінде Республикалық партия атынан қазіргі Мемлекет басшысы 74 жастағы Дональд Трамп ұсынылса, жуырда өткен Демократиялық партия съезінде 78 жастағы Джо Байденнің кандидатурасы көпшіліктің қолдауына ие болды. Яғни, президенттік лауазым үшін тартыс әдеттегідей республикашылар мен демократтар арасында өтпек. Кәнігі саясаткерлердің қайсысы Ақ үйдің келесі қожайыны болады? Трамп тағында қала ма, әлде Байденнің бағы жана ма? АҚШ-тың 46-шы президенті болуға кімнің мүмкіндігі мол? Алыптар арасындағы айқасқа шолу жасап көрейік.

ӘР ЕЛДЕГІ САЙЛАУ БАСҚА…

Құрама Штаттар президентін сайлау әр төрт жылдың қараша айының алғашқы сейсенбісінде өтеді. Елдегі ең жоғары лауазымға АҚШ-та кемінде 14 жыл тұрған 35 жасқа толған ел азаматының сайлануға мүмкіндігі бар. Үміткердің ата-анасы да АҚШ азаматы болуы тиіс.

Ең алдымен елдегі негізгі екі саяси партия – Республикалық партия мен Демократиялық партия президент сайлауына түсетін өз кандидаттарын ұсынады. Сондай-ақ, додаға өз үміткерлерін өзге шағын партиялар да  қатыстыруға құқылы. Бір бұл ғана емес. Сайлауға бірер тәуелсіз кандидат та қатысуы мүмкін. Алайда, соңғы жылдары президенттік тақ үшін талас негізінен республикашылар мен демократтар арасында өрбіп келеді.

Бұл елдегі басты саяси науқан әр штатта өзіндік ерекшелікке ие және ол 4 кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңде партия атынан сынға түсетін үміткерлер анықталады. Тарқата айтқанда, сайлау өтетін жылдың ақпан мен маусым айлары аралығында саяси партиялар штаттар мен аймақтарда іріктеу өткізіп, «жүзден – жүйрік» шыққандардың бірін басты кандидат ретінде таңдайды. Бұл тәсіл – алдын ала сайлау немесе «праймериз» деп аталады. АҚШ-тың көп аймағында үміткерлер осы процесс арқылы анықталады. Ал, кейбір штаттарда аталған партия жетекшілері жиналыс өткізіп, үміткерді дебат барысында тағайындайды. Бұл тәсіл кокус деп аталады.

Праймериз әдеттегідей наурыздың 1-і күні АҚШ-тың 14 штаты мен бір аймағында өтеді. Алдын ала сайлауда үміткерлердің бірі айқын басымдықпен жеңіске жетсе, оның қарсыласы сәйкесінше сайлауалды додадан бас тартады. Бұл науқан маусым айының ортасына дейін жалғасады.

Праймериз бен кокус өткен соң өздерінің сайлауалды бағдарламасы мен ұстанымдарын америкалықтарға жеткізу үшін үміткерлер аймақтарды аралайды. Митингілер өткізіп, форумдарға қатысады. Түрлі бейресми шараларды ұйымдастырып, сайлаушылардың қолдауына ие болуға тырысады.

Екінші кезеңде аймақтардан іріктеліп алынған үміткерлерді президенттікке және вице-президенттікке үміткер ретінде тіркеп, партия бағдарламасының негізгі ережелерін бекіту мақсатында жалпыұлттық партия съездері өтеді. Конвенция деп аталатын жиын сайлау өтетін жылдың жаз айларының бірінде ұйымдастырылады. Съезге дейін әр штаттың дауыс беру нәтижелеріне қарай президенттікке ортақ кандидат ұсынатын жиынға қатысатын делегат саны белгіленеді. Мысалы, Демократиялық партияның бүкіл елде 4 764 делегаты бар. Сайлауға түсуге үміткер делегаттардың көпшілігінің, яғни кемінде 2 383-нің қолдауына ие болуы қажет. Ал, республикашылар жеңімпазына жалпыұлттық жиынға қатысатын 2 472 делегаттың 1 237-сі сенім білдіруі керек.

Демократиялық партияның съезі биыл тамыз айының 17-21 күндері аралығында өтсе, Республикалық партияның жалпыұлттық жиыны 24-27 тамызда Солтүстік Каролина штатында ашылды. Съезде әр партия президенттік тақ үшін таласатын өз кандидатын жан-жақты қолдап, оның маңына топтасуы тиіс. Көп жағдайда президенттікке басты үміткер кім болатыны съез қарсаңында анықталып қояды. Алайда, егер партия мүшелерінің басым бөлігі ортақ кандидатты бірауыздан қолдамаса, күтпеген жағдайлар да болуы ықтимал. Мұндай жағдайда депутаттар өзара келісімге келетін аралық съез өтуі мүмкін.

Қос партиядан басты үміткерлер анықталған соң сайлау өткенге дейінгі үш ай мерзім аралығында кандидаттар сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін кең көлемді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Радио мен телеарналарда дебаттарға қатысып, өз ұстанымдарын жариялайды.

Үшінші кезең – сайлау кампаниясы және сайлаушылар коллегиясын анықтау деп аталады. Бұл кезеңнің де өзіндік ерекшелігі бар. Америкалықтар президент сайлауына дауыс бергенде жеңімпазды тікелей анықтай алмайды. АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысын ескере отырып шешім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, қарашаның 3-і күні АҚШ-тың миллиондаған азаматы президенттіктен үміткерлерге дауыс береді. Десе де, саяси доданың ресми әрі соңғы нәтижесін сайлау алқасындағы 538 таңдаушының даусы анықтайды. Сайлау алқасының негізін 1787 жылы АҚШ конституциясының авторлары құраған. Бұл «мемлекет басшысын Конгресс таңдауы тиіс», «АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлануы қажет» деген дау туғанда пайда болған. Аталған сайлау алқасының тағы бір міндеті – тұрғын саны аз шағын штаттардың таңдауын халық тығыз қоныстанған ірі штаттардың даусы басып кетпеуін қадағалау һәм қамтамасыз ету. Сондықтан да сайлау алқасындағы әр штаттың өкілдерінің саны олардың Конгрестегі өкілдері санымен бірдей. Мәселен, халық көп шоғырланған Калифорния штатының Конгресте 55 өкілі бар. Соған сәйкес бұл штаттың Сенатта – 2, Өкілдер палатасында 53 депутаты бар. Бұл дегеніңіз, Калифорния штаты 55 электоралды дауысқа ие деген сөз. Халық аз қоныстанған шағын штаттардың сайлау алқасында үш-үштен өкілі бар, яғни олардың Конгресте екі сенаторы, өкілдер палатасында бір депутаты болады. Бұған нақты мысал – Аляска штаты. Сондықтан аталған аймақ үш дауысқа ие. Сонымен қатар, ел астанасы Вашингтон орналасқан Колумбия округінің де сайлау алқасында үш өкілі, яғни үш даусы бар.

АҚШ-тың 50 штатының 48-інде электоралды дауыс «жеңімпаз бүкіл дауысқа ие болады» принципімен беріледі. Яғни, штат ішіндегі сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болған кандидат штатқа тиесілі электоралды дауыстың бәрін алады. Жоғарыда атап өткен Калифорнияда жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен кандидат артық-кемі жоқ 55 дауыс алады.

Сайлау алқасындағы таңдаушылар дауыстарын өз штаттарында көпшілік дауыс алған кандидатқа беруі тиіс. Президент болу үшін үміткерге сайлау алқасында 270 немесе одан көп дауыс алса жеткілікті. Егер сайлау алқасында екі кандидат тең түсіп жатса, екеуінің біреуін Өкілдер палатасы президент етіп тағайындайды. Мұндай жағдай АҚШ-тың сайлау тарихында бір рет болған. Сондай-ақ, жалпыхалықтық сайлауда жеңілген кандидат сайлаушылар алқасының басым дауысын алып жеңіп кетуі де мүмкін. Бұған нақты мысал ретінде 2000 жылы өткен президенттік сайлауды айтуға болады. Ол кезде ел азаматтарының көпшілігі, яғни 500 мыңнан астам сайлаушы демократтар атынан сынға түскен Альберт Горға дауыс берген болатын.  Алайда, ол сайлау алқасында 266 дауыс жинап, электораттан 271 дауыс алған кіші Джордж Бушқа жол берген болатын. Жылдар бойы қолданылып келе жатқан бұл сайлау тәсілі америкалықтардың көпшілігінің көңілінен шықпайды. АҚШ тұрғындары арасында сауалнама жүргізу нәтижесінде ел тұрғындарының біраз бөлігі «бір адам – бір дауыс» дауыс беру жүйесіне өтуді жақтайтынын білдірген.

Хош. Ең соңғы кезең сайлаушылар коллегиясының жұмысына тиесілі. Бұл кезеңде президент және вице-президент сайлауының ресми нәтижелері анықталады. Коллегия құрамындағы азаматтар белгілі бір мерзім аралығында штаттардағы президент және вице-президентке берілген дауыстарды жинайды. Ең соңында сайлаушылар дауысы қайта саналып, жеңімпаздар анықталады.

АҚШ-ТЫҢ 46-ШЫ ПРЕЗИДЕНТІ КІМ БОЛМАҚ?

Құрама Штаттарды алдағы 4 жылда басқаруы мүмкін азаматтардың есімі анықталды.

Алдағы сайлауда бақ сынауға бел буған Ақ үйдің қазіргі қожайыны Дональд Трамп Республикалық партияның тікелей эфирде өткізілген съезінде ел президенттігіне үміткер ретінде ресми түрде ұсынылды. Партия жиынында Трампқа 1 276 дауыс берілді. Бұл кандидат ретінде ұсынылуға жеткілікті көрсеткіш. Ал, онлайн форматта ұйымдастырылған Демократиялық партия съезінде Джо Байден ресми түрде АҚШ президенті қызметіне үміткер болып тағайындалды. Висконсин штатында өткен жалпыұлттық жиында Байден демократтардың 3 550 дауысына ие болған.

Осымен үшінші рет президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген Байденнің кандидатурасын қолдаушылардың арасында АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон мен Джимми Картер, сондай-ақ АҚШ-тың вице-мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл сынды әккі саясаткерлер бар. Жалпы Трамптың басты саяси қарсыласы Джо Байден кім?

Джо Байден – Демократиялық партияның мүшесі. 1973-2009 жылдары аралығында Делавэр штатынан сайланған АҚШ сенаторы қызметін атқарған.

Өткен ғасырдың 90-жылдары америкалық саясаткер Таулы Қарабақ пен Арменияны қаржыландыру туралы қарар қабылдауға қатысты. 2000-жылдардың басында сол кездегі президент кіші Джордж Буштың бастамаларына және оның кеңестік-америкалық шексіз келісімді біржақты бұзу ниетіне наразылық та білдірген.

Джо Байден сенатор ретінде азаматтық құқықтар мен экологиялық мәселелермен айналысты. Ядролық қарудан түбегейлі бас тарту бағытын қолдады. Ол сенаторлықпан қатар 1987-2009 жылдары сот комитетінің төрағасы, халықаралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасы болып еңбек етті. 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ-тың вице-президенті лауазымында болды. Президент Барак Обама Джо Байден турасында: «Ол осы жылдары менің қызметтес серігім ғана емес, бүкіл өмірін осы мемлекетке қызмет етуге арнаған тұлғаның рөлін атқарды. Байден АҚШ тарихындағы ең ұтымды да іскер вице-президент болды», – деп мәлімдеді.

Ал, Дональд Трамптың қарсыласы турасында пікірі өзгеше. Оның ойынша Байден «солшыл партия қолындағы қуыршақ». Өз кезегінде демократтар өкілі де қарап жоқ. Ол Ақ үйдің қазіргі қожайынының саясатын ашық сынға алып, Трамп екінші мерзімге сайланса, оның соңы орны толмас олқылықты жайттарға алып келетінін айтты.

«Дональд Трамп өзінің қарапайым міндеттерін орындай алмады. Атап айтқанда, коронавирус індетімен күрес кезінде нақты іс-шаралар қолға алынбады. Оның соңы немен аяқталғаны өздеріңізге мәлім. Бұны АҚШ азаматтары ешқашан кешірмейді», – деді Дж. Байден.

Бүгінде сайлаушыларымен жиі кездесіп, қызу үгіт-насихат жүргізіп жүрген Трамп Американы барлық қауіп-қатерден қорғайтынын және оның дамуы жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтып, жұртшылықтың сенімінен шығуға тырысуда. Сондай-ақ, ол фашизммен және коммунизммен күресті күшейтетіндігін білдірді.

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫ САЙЛАУЛАРДАН ӨЗГЕРЕК

Сарапшылардың пайымдауынша, коронавирус індеті жыл соңына дейін жалғасатын болса, қарашадағы президенттік сайлауда дауыс беру пошта арқылы өтуі мүмкін. Басты мақсат – әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, барлық штат тұрғындарының дауыс беруіне мүмкіндік жасау. Дегенмен, ерекше жолмен өтетін сайлаудың бұл түрін барлық штатқа қолжетімді етудің өзі оңайға соқпайтын сыңайлы. Себебі, Ақ үй басшысы мен Конгресс мүшелерінің бұл тараптағы ойы бір жерден шықпай отыр.

Тарқатып айтқанда, жуырда сенатор Сюзань Коллинстің бастамасымен ұсынылған заңнамаға сәйкес пандемиядан шығынға батқан USPS пошта агенттігіне қосымша 25 млрд АҚШ долларын бөлу көзделген-тін. Оны бірауыздан қолдаған демократтар, пошта қызметі реттелсе, қарашадағы сайлауды еш кедергісіз пошта арқылы жүзеге асыруға болатынын айтуда. Атап айтқанда, Нью Джерсидің  губернаторы Фил Мерфи қазірдің өзінде дауыс беруді тек қана қашықтан, яғни пошта арқылы өткізетінін мәлімдеді. Десе де, президент Трамп пошта арқылы дауыс беруге наразы екенін айтты. Оның айтуынша, дауыс берудің бұл түрі сайлау қорытындысына кері әсер етіп, көптеген заңсыздықтардың орын алуы ғажап емес.

«Демократтар милиондаған бюллетендерді пошта арқылы жібергісі келеді. Оның есесіне сол қаржыны халыққа бөліп бермейміз бе? Қыруар ақшаны пошта қызметіне жұмсау орынсыз әрі ақылға сыйымсыз іс», – дейді Дональд Трамп.

Трамптың бұл әрекеті қарапайым халықтың қамын ойлаудан гөрі, қарақан басының қамын күйттеуге келеді. Деп пайымдайды сарапшылар мен саясаткерлер. Солардың қатарында АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама да бар. Ол «Трамп вирусқа тосқауыл жасаудың орнына, поштамен дауыс беруді тоқтатуға тырысып жатыр» десе, Джо Байден «Трамп сайлаудың өтуін мүлдем қаламайды» деп топшылайды.

Белгілі болғандай, пошта арқылы дауыс берудің ережесі әр штаттың заңына байланысты өзгереді. Мысалы, Невада, Калифорния сынды штаттарда дауыс беруші ретінде тіркелген кез келген азаматтың мекенжайына дауыс беру бюллетені автоматты түрде жіберіледі. Ал, Теннеси немесе Техас штатының тұрғындары поштамен таңдау жасау үшін дауыс беруге қатыса алмайтындығының себебін түсіндіріп, алдын ала өтінім толтыруы тиіс.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қорытындылай айтқанда, алпауыт АҚШ-тың тізгіні алдағы төрт жылда кімнің қолында болатыны әзірге беймәлім. Уақыттың еншісінде. Десе де, жуырда Демократия институты жүргізген сауалнаманың соңғы нәтижесі бойынша, Дональд Трамп 48 пайыз, ал Джо Байдан 45 пайыз халықтың қолдауына ие болған. Кейбір штаттарда азаматтардың 49 пайызы Трампты жақтаса, Байденге сенім білдіргендер 42 пайызды құраған.

Айта кетейік, аталған институт жүргізген сауалнама бұған дейін АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлау нәтижесі мен Брексит туралы нақты болжам жасаған болатын.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here