Әлем азаматы: Нобель сыйлығын алған тұңғыш қазақ

0
5885

2016 жылы Нобель сыйлығының Еуропалық Одаққа берілуі әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен сынға ұшырады. Саясатшылар бұл сыйлықтың бір ғана құрлықтың мүддесін қорғайтын Еуропа қауымдастығына тапсырылуын бір белдеулі саясат деп қабылдады. Одақтың құрамында 27 ғана елдің бар екенін ескерсек, мәселенің қандай саясатқа негізделгенін бағамдауға болады. Нобель сыйлығы Еуропалық Одақтың үш басшысы – Еуропа Комиссиясының төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, Еуроодақ Кеңесінің төрағасы Херман Ван Ромпёй және Мартин Шульцке тапсырылды.

Жалпы, халықаралық жағдайды тұрақтандырғаны, бейбітшілікті нығайту ісіне лайықты үлес қосқаны үшін жеке тұлғалармен қатар ұжымдық ұйымдарға Нобель сыйлығы бұрын да тапсырылған. Ғылым, техника және басқа салалар бойынша бір мезгілде, бірден 8 адамға дейін осы сыйлыққа ие болған ұжымдар бар. Солардың барлығына «Нобель сыйлығының лауреаты» деген диплом мен төс белгі жеке-жеке тапсырылды. Нобель сыйлығы комитетінің Құрметті кітабына олардың есімдері жеке-дара енгізілген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл сыйлық МАГАТЭ сияқты әлемдік халықаралық институтқа берілген болатын. Сол кезде Нобель сыйлығы комитетінің ядролық қаруды тежеудегі МАГАТЭ агенттігінің еңбегін ескеріп, осы ұйымның Бас директоры Мұхаммед әл-Барадейге және агенттіктің 10 қызметкеріне Нобель сыйлығын тапсыруы зор қолдауға ие болған-ды. Сол он қызметкердің арасында біздің отандасымыз – Достай Раманқұлов та бар болатын. Кезінде қазақ баспасөзі осы бір азамат туралы сүйінші сұрап, толыққанды мақала бере алмады. Сол тұста оған қызғанышпен қарағандар да, сенімсіздік білдіргендер де болды. Соның орнын толтырудың кезегі енді келіп отыр. Біз сол тұста ОБСЕ халықаралық  ұйымында Бас хатшының кеңесшісі болып қызмет істейтін келесі бір жерлесіміз – Ержан Біртановты білуші едік. Сол күндері оның әкесі, елімізге белгілі дәрігер Амантай Біртановты Венаға барған сапары кезінде араға салып, құттықтауымызды жеткізген болдық.   

Дүниежүзінде 200-ден астам мемлекет, 2 000-нан астам ұлт бар екен. Солардың арасында Нобель сыйлығын алу былай тұрсын, әлемде ықпалы бар жоғары халықаралық ұйымдарда қызмет атқару нәсібі бұйырмаған елдер де бар. Сондай-ақ, оған бірде-бір өкілінің қолы жетпеген ұлттар да жетіп жатыр. Қазір қазақ ұлтының өкілдерін БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, НАТО-ның, НАСА-ның, ШОС-тың мәртебелі мінберлерінен көптеп көруге болады.

Жерлесіміз Достай Төлемішұлы Раманқұлов – МАГАТЭ ұйымының халықаралық кепілдік бойынша инспекторы болып қызмет атқарады. Қазақтан шыққан Нобель сыйлығының тұңғыш лауреаты.

Бүгінгі таңда МАГАТЭ ұйымына 131 ел мүше. Ұйымның штаттық кестесінде 2 300-дей адам қызмет атқарады. Егер осыншама қызметкердің арасынан 10 адамның бірі ретінде таңдаудың біздің жерлесімізге түскенін ескерсек, оны ұлтымызға көрсетілген үлкен құрмет деп түсінгеніміз абзал.

Адамда қабілет көп, бірақ, ол әркімде әртүрлі дамиды. Сондықтан әр адам өзінің ішкі қасиет мүмкіндігін тауып, соны дамытып, онымен түпкілікті айналысуы тиіс. Алдымен білімнен де бұрын өзіңді танып, қабілетіңді білуде, сосын соған қарай білім алып, маман болу қажет. Әр адам өз ісінің шебері, маманы болмайынша одан дәнеңе шықпайды. Қолыңнан келмейтін, білмейтін жұмысқа кірісіп, қоғамға зиян, өзіңе рахат әкеле алмайсың. Өмірдің қай саласын алмайық, адамға керегі алдымен іскерлік, ал білім соған көмектеседі. Еңбекте өзіңді бақытты сезіну – алған мамандығың мен біліміңе, өзіңнің ішкі ұмтылысыңа, қабілетіңе сай болғанда ғана көрінеді. Біздің жерлесіміз Достай Раманқұловтың алған білімі мен тәрбиесі барлық талаптарға сай келді.

Мемлекет, қоғам табысы ұжымдық еңбектен құралады. Әдетте жеке бас байлығын да осы төңіректен табатындар бар. Айтпақшы, Нобель сыйлығы лауреатына тиесілі қаржының қомақты екені жасырын емес. Оның жалпы сомасы – 1,3 млн АҚШ долларын құрайды. МАГАТЭ ұжымына берілген сыйлықтың 50 пайызы әл-Барадейге тиесілі болды. Алайда, ол өзіне тиесілі сыйлықты түгелімен Мысырдың жетім балалар үйіне, басқа лауреаттар қалған 50 пайызын толығымен әлемдегі ісік ауруымен күрес орталығына аударыпты.        

Өмірде кездейсоқтық деген болмайды. Иә, Достай бұл жоғары атаққа өзінің адал еңбегімен жетті. Адал еңбегі арқылы ғылымның рухы асқақтаған жерде аз ақшаға да үлкен істер атқаруға болатынын дәлелдеп берді.             

Ол 1960 жылы қасиетті Түркістан топырағында қарапайым отбасында дүниеге келді. Қазақ мектебінде білім алып, Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық политехникалық университетін бітірді. Мәскеуде жоғары оқу орнында білімін жетілдіріп, елімізде Атом қуаты жөнінде комитет құрылғанда алғашқылардың бірі болып қызметке шақырылды. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде ғылыми-техникалық кеңесші болып қызмет атқарды. 1998 жылдан бері МАГАТЭ ұйымында инспектор.

Жалпы, ғылым атаулы өткен мен бүгіннің біліктілігіне, тәжірибесіне негізделіп жасалады. Бүгінгі таңда әлемді елең еткізген көптеген ғылыми жаңалықтың, тың ізденістер нәтижесінің, негізінен, ұжымдық туынды арқылы көрініс тауып жатқандығын аңғаруға болады. МАГАТЭ ұйымының бүкіл жұмысы ғылыми зерттеулерге негізделген. Ядролық нысандарға қатаң бақылау жасайтын халықаралық инспекторларға өз қызмет барысында өте ауыр да қауіпті шараларды жүзеге асыру жүктелген. Адамзатқа зор апат әкелетін нысандарда апатты жағдай орын алған бойда, ол жерлерге өрт сөндірушілерден де бұрын баратындар халықаралық инспекторлар. Бұл жердегі ең қауіпті зерттеу ошағы – радиацияның ауаға таралмауы. Ал, оның таралып кетуінен адамзат баласы әлі зардап шегіп отыр. Мәселен, Семей полигоны, Чернобыль апатының зардаптары әлі талай ұрпақтың ұйқысын бұзары анық.  

Семей полигонында аймақтағы 1,5 млн-нан астам адамның сырқаты мен қазасы, сондай-ақ, орасан зор территорияны радиоактивті ластануға душар еткен 450-ден астам ядролық сынақтардың жүргізілуі аз ба?!

Дүниежүзілік қақтығыс басталған жағдайда, үстемдік танытуға ұмтылған КСРО мен АҚШ-тың және соларға ұқсап, әскери қару-жарақ пен ядролық арсеналдарын сақтау немесе оларды жою мақсатындағы жұмыстарды қатаң бақылау МАГАТЭ инспекторларының жауапкершілігіне жүктелген. Кейбір мемлекеттер бақылау ережелерінен тайқып, қолда бар қаруларын жерасты шахталарына, ұшыру алаңдарына тықпалауда. Алайда, ядролық қару-жарақтың әлемге тарап кетуіне жол бермеу – күрделі мәселе күйінде қалып отыр.

Ядролық сынақтардан қалған улы элементтердің сәулеленуінен ондаған ұрпақ зардап шегіп жатыр, оның ұлттық генофондқа орны толмас нұқсан келтіретіні аян. Осы зардаптарды жою, халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалыпқа келтіру, оларды әлеуметтік жағынан қорғау жөнінде қажетті ұсыныстар беру де халықаралық бақылаушылардың қызмет аясына жатады.

Ядролық арсеналдардың қысқаруымен қоса, ядролық қаруға жанталаса тырмысушы елдердің саны күн өткен сайын көбейе түсуде. Тажал қаруына ие Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания бастаған бес мемлекеттің қатарына қазір Пәкістан, Үндістан, Иран, Израиль, Солтүстік Корея, Бразилия, Аргентина еніп отыр. Мұның өзі ядролық қарусыздану, ядролық қару арсеналын қысқарту туралы оптимистік әңгіме өткізуге мүмкіндік бермеуде.

Дүниежүзінде бұл қару-жарақтан азат Антарктида, Латын Америкасы, Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия, Африка, Моңғолия, Жаңа Зеландия секілді барлығы 100-ден астам мемлекеттер бар. Қазақстан 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, еліміз әлемдік қоғамдастық алдындағы өз жауапкершілігін түсіне отырып, әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен ерікті түрде бас тартты. Осы арқылы ядролық қару иеленуден бас тартқан мемлекеттерді ынталандыру ретінде ядролық державаларды БҰҰ бекіткен қауіпсіздік кепілдігін ұсынуға шақырды. Еліміздің ұстанымы бойынша, барлық елдердің ядролық қаруды таратпау саласындағы міндеттемелеріне БҰҰ мен МАГАТЭ-нің құқықтық базасын кеңейтіп, халықаралық бақылауды күшейту қажеттігін ұсынуы кеңінен қолдау тапты.

Ядролық қауіпсіздік саласындағы қазіргі күрделі ахуал халықаралық келісім-шарттарды мейлінше қатаңдатуды, жауапкершілікті күшейтуді талап етуде. 1968 жылғы БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау және қолданбау жөніндегі келісімін кейіннен 5 ядролық держава ратификациялап, оған 181 мемлекет қол қойды. Алайда, оған Пәкістан, Үндістан, Израиль, Бразилия қосылмай қойды. Соңғы кездері Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы текетірес ядролық қаруды сынауға жол ашып отыр. Бүгінгі таңда қару-жарақ сату көлемі бақылаусыз кетті. Олар қауіпсіздік дегенді сылтау етіп, қарулануға бет бұрып барады. МАГАТЭ инспекторларын және ядролық қару мен атом энергетикасын жан-жақты игеруді жолға қойған елдерді айрықша толғандыратын тағы бір күрделі проблема бар. Ол – атом қаруы мен атом энергетикасы отынының, тіпті, ядролық қалдықтардың өзі біз «содырлар» деп атап жүрген, өш алушы лаңкестердің қанды тырнағына ілініп кетпеу мәселесі. Қазір адамзаттың тағдыры көрінбейтін атомға тәуелді болып қалды. Сондықтан ядролық материалдардың контрабандалық жолдарын жою күн тәртібінде ерекше тұр. Себебі, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір он жылда ядролық және радиоактивтік материалдарды сатудың 500-ден астам, плутоний ұрлаудың 10, ядролық қару-жарақ жасауға тікелей қатысы бар материалдарды контрабандалық әдіспен қолға түсірудің 200-ге жуық әрекеттері тіркеледі екен. Міне, осы және басқа да қыруар қайшылықтарға толы мәселелерді көптеген елдердің Үкіметтері МАГАТЭ арқылы жүзеге асырылатын шаралар тізбегіне енгізіп қойған.

Достай Раманқұловтың Нобель сыйлығына ие болуына оның халықаралық қауымдастық мойындаған еңбегімен бірге, Қазақстан Президентінің атом энергетикасы бойынша ашық жүргізіп отырған саясаты да тікелей ықпал етті деуге болады. Себебі, МАГАТЭ-нің жүргізіп отырған іс-қимылдарының қазақстандық бағыты біздің еліміздің сыртқы саясатына сәйкес келеді. Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, халықаралық инспекторларға ел аумағындағы ядролық нысандардың барлығын өз көздерімен аралап көруге рұқсат беруі – МАГАТЭ тарапынан қолдау тапты.  Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елордада өткен халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қаруға сынақ жүргізуге толық тыйым салатын, соңында ядролық қаруды жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткізу мақсатында Атом жобасын жариялады. Бұл жоба – ядролық қарусыздануға қол жеткізудегі және азат әлем құрудағы жаңа бастама болды.

Қазір Қазақстан әлем картасындағы ірі уран өндіретін және өз аумағында ядролық нысандары бола тұра одан бас тартқан ең қауіпсіз аймақ болып саналады. Ал, қауіпсіз аймақта өмір сүру кез келген адамның асыл арманы. Достай Төлемішұлы өзі куә болып жүрген ажал аймағындағы халықтардың осындай азат елде тұруын қалайды. Оларға өз Отанын мақтаныш етеді.

Отаншыл болу дегеніміз – өз елін, өз қаласын көркейту жолында нақты да күнделікті істер атқару, өз отандастары мен жерлестеріне көмек көрсету және қолұшын беру. Осылардың барлығы біздің әрқайсысымыздың бойымыздағы отаншылдық сезіміміздің дәрежесін, шынайы патриоттық сана-сезіміміздің деңгейін анықтайды. Патриот адам өз Отаным деп есептейтін аумақ неғұрлым кең болса, ол өз отандастарына соғұрлым көбірек сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсетеді. Олай болса, Достай өзіне міндеттелген тапсырма шеңберінде бүкіл әлем бойынша қазақстандық патриотизмді көрсетіп жүр дей аламыз.

Бүгінгі таңда әлем азаматы атағы бар Достай Раманқұлов Австрия астанасы – Вена қаласында тұрады. Дунай өзенінің жағалауында сән-салтанаты жарасқан үйі бар. Жан-жары Әлия екеуі екі ұл өсіріп отыр. Үлкені Данияр Вена университетін бітірген, кенжесі Дәурен мектепте оқиды. Отбасында қазақша сөйлеп, қазақтың ән-күйі тыңдалады.

Ағылшын қоғамында, жалпы, әлемдік геосаясатта «херланд» деген ұғым бар. Оның аудармасы «Жүрек елі» дегенді білдіреді. Он жылға жуық туған елден жырақта жүрсе де, оның жүрегі туған ел деп соғады. МАГАТЭ ұйымы Достаймен үшінші рет өз келісімін созып отыр. Көгілдір Дунай жағалауында қазақ ұлы – Әлем азаматының әлі қанша жүретіні бір Жаратқанға ғана аян.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

«Қазақ» газетінің анықтамасы

МАГАТЭ ұйымы – БҰҰ жанында тәуелсіз үкіметаралық ұйым  ретінде құрылған.

Агенттіктің  мақсаты – бейбіт атом саласын әскери мақсатқа пайдаланбауды қадағалау. МАГАТЭ – бұл таза техникалық орган. Ол   мемлекеттердің қызметіне саяси баға бере алмайды. Ұйымның алыпсатарлыққа құқығы жоқ. Агенттік тексерулердің нақты нәтижелеріне сүйене отырып, нақты фактілермен жұмыс істейді. 

МАГАТЭ 1957 жылы  жылы құрылған. БҰҰ-ның 1954 жылы 4 желтоқсандағы арнайы шешіміне байланысты, ол БҰҰ-ның бір бөлімі болып табылады. Агенттік  жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясына және қажет болған жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне өз қызметі туралы есеп береді. МАГАТЭ-нің Жарғысы 1956 жылы 26 қазанда Нью-Йорктегі құрылтай конференцияда бекітіліп, 1957 жылы 29 шілдеде күшіне енген.

МАГАТЭ ядролық энергетиканы дамыту мәселелерін талқылау үшін халықаралық ғылыми форумдарды шақырады, әртүрлі елдерге өз мамандарын ғылыми-зерттеу жұмыстарына көмектесу үшін жібере алады. Ядролық жабдықтар мен материалдарды беру бойынша делдалдық үкіметаралық қызметтер көрсетеді, бақылау функцияларын орындайды. МАГАТЭ қызметіне 1986 жылғы Чернобыль АЭС-де болған апаттан кейін көп көңіл бөлініп, атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оның рөлі арттырылды.

МАГАТЭ қызметінің маңызды бағыты – ядролық қаруды  таратпауды қамтамасыз ету. Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа  сәйкес, МАГАТЭ-ге оның қатысушыларының міндеттемелерінің орындалуын тексеру жүктелген. 2021 жылғы  жағдай бойынша МАГАТЭ құрамында 173 штаттық бірлік бар.  Басқару органы –  Бас конференция. Агенттіктің практикалық қызметін басқаратын 35 штаттан тұратын Басқарушылар кеңесі және ағымдағы жұмысты жүзеге асыратын Хатшылық қызметі бар. Ұйымның штаб-пәтері – Вена қаласында орналасқан. Сонымен қатар, ұйымның Канадада, Женевада, Нью-Йоркте және Токиода аймақтық кеңселері, Австрия мен Монакода зертханалары мен Триестеде (Италия) ғылыми-зерттеу орталықтары бар.

2005 жылы 7 қарашада Ослода Нобель комитеті Халықаралық Атом энергиясы агенттігін Нобель сыйлығына ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Мұхаммед әл-Барадей бастаған 10 адам осы сыйлықпен  марапатталды. Лауреаттарға 10 млн кронды құрайтын қаржылай сыйлық берілді. Солардың арасында біздің жерлесіміз – Достай Раманқұлов та болды. Ресми шара 2005 жылы Норвегия астанасында өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here