Елбасы еңбегі Голливуд көзімен: Оливер Стоунның жаңа туындысы

0
5065

Мемлекет басшыларының өткені мен бүгіні, ертеңге деген ұстанымы, сөзі мен ісінің жақындығы ертеден бері қызығушылық тудыратын тақырып. Өмірі аңыз-әңгімеге, көркем шығармаға, әзіл-қалжыңға арқау болған саясат тарландары жетерлік. Бұлай болуы заңдылық та. Көшбасшының жүріп өткен жолы оның шығармадағы жағымды немесе жағымсыз кейіпкер болуына төрелік етер басты фактор. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы да бірнеше фильм түсірілді. Мәселен, бұған дейін «Маңызды мәселелер Назарбаевпен», «Назарбаев Live»,  «Уақыт таңдаулысы», «Штрих к портрету» сынды деректі фильмдер және «Елбасы жолы» көркем фильм эпопеясы көрерменге жол тартты. Таяуда бұлардың  қатарына атақты американдық кинорежиссер Оливер Стоунның деректі фильмі қосылды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті деректі фильмнің айтар ойын, шығармашыл топтың ұстанымын назарларыңызға ұсынады.

Елордада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан тарихын баяндайтын «Qazaq: Алтын адам тарихы» деректі фильмінің  премьераға дейінгі көрсетілімі өтті.

«Ол туралы қалай айтам десеңіз де өз еркіңіз біледі. Бірақ, Сіз Кеңес Одағының ыдырауымен тәуелсіздікке өтіп, ядролық қарудан бас тартқан кішіпейіл жанды көресіз. Ол, сондай-ақ, Қазақстанның көшпелі тарихынан сыр шертіп, Еуразияның технологиялық болашағын сипаттайды», – деп жазды кино картинаның авторы Оливер Стоун өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оливер Стоун – әлемге әйгілі кинорежиссер, продюссер әрі сценарист. Үш рет әйгілі «Оскар» сыйлығын алып, бес мәрте «Алтын глобус» иеленген тіс қаққан маман. Өз шығармашылығын ол көркем фильмдермен ғана емес, деректі фильмдермен де толтырды. Мәселен, Украинадағы қақтығыстарды екі деректі фильміне арқау етсе, үшеуін елу жыл Кубаны басқарған Фидель Кастроға арнады. Сондай-ақ, «АҚШ-тың айтылмаған тарихы» телехикаясын түсірді. 2017 жылы Стоун  «Путинмен сұхбат» деректі фильмінің жұмыстарын аяқтады. Түсірілім барысында журналистің қызметін режиссердің өзі атқарды. Тақырыптарды өзі таңдап, өзі дайындады. Кейіпкеріне қордалаған мәселелер жайында өткір сұрақтар қойды. Деректі фильм балама көзқарастарды америкалық аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді. Ал, өткен аптада Оливер Стоунның қатысуымен шығармашылық топ Нұр-Сұлтанда Елбасы туралы  «Qazaq: Алтын адамның тарихы» деректі фильмін таныстырды. Стоунның кейіпкерімен жүргізген сұхбаты фильмнің басты желісі болды. Түрлі сұрақтар қойылды. Тұңғыш Президенттің отбасы, КСРО-ның күйреуі мен жаңа мемлекеттік алғашқы қадамдары, ядролық қарудан бас тарту мен әлемдік геосаясат жайында әңгіме өрбіді.

«АҚШ Қытай мен Ресейге қарсы дұшпандық ұстанымда. Біз мұны анық көріп отырмыз. Мені әлемдік күштердің теңгерімі қызықтырды.  Егер әлемді АҚШ бақылауына алса, бәрінің де басына қауіп үйіріледі. Менің ойымша, әлемдік күштердің теңгерімін сақтауға Назарбаев мырза да мүдделі. Ол осы тепе-теңдікті көргісі келеді. Қазақстан Қытай мен Ресей арасындағы алып ел. Әрине, көршілер арасында белгілі бір дәрежеде шиеленістер болатыны рас. Себебі, әр тараптың өз мүддесі бар. Назарбаев мырза осындай «аспалы жолмен» жүре алатын, адамдар мен ұлттар арасындағы келісімнің жолдарын қиындықсыз таба білетін адам. Оның Ресей мен Украина арасындағы келіссөзге ымыраластырушы ретінде қатысуы өте пайдалы болды. Назарбаев – АҚШ-пен де келіссөз жүргізе алатын тұлға. Горбачевтың тағдыры шешіліп жатқанда, ол биліктің транзитін жүргізуде үлкен рөл атқарды. Біз КСРО ыдырағанда қақтығыстарға жол бермеуге болатынын көрдік. Мен Нұрсұлтан мырза тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда маңызды рөл ойнады деп есептеймін», – деген ойымен бөлісті Оливер Стоун.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев: «Азия көшбасшыларының шығармашылық тобының таңдауы біздің Елбасымызға түсуі табиғи құбылыс. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстанымыз ядролық қарудан бас тартқан жалғыз мемлекет. Елбасы әлемдегі ең ірі ядролық сынақтар өткен Семей полигонын жабуға шешім қабылдады.  Ол, сонымен бірге, саяси тұлға. Оның бейбітшілікке үндеген көптеген идеяларына БҰҰ қолдау көрсетеді. Екіншіден, Кеңес Одағының іргесі шайқалып, шаңырағы ортасына түскен тұста еліміздің жағдайы өте қиын болды. Біз қысқа мерзім ішінде елімізді аймақтағы көшбасшыға айналдырып, әлемнің дамушы елдерінің сапына кіруге қол жеткіздік. Бұл – Елбасымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деп пікір білдірді.

Фильмнің директоры әрі режиссері Игорь Лопатенок Елбасы жайлы деректі фильм түсіру идеясы 2015 жылдары келгенін айтады. 2019 жылы  дайындық жұмыстарын бастаған шығармашыл топқа коронавирустың әсері тимей қоймады. Карантиндік шектеулер, шекараның жабылуы топтың жұмыс қарқынын бәсеңдетті. Пандемия жұмыс барысына түзетулер енгізді. Соған қарамастан төккен тер ақталып, түсірілім өз мәресіне жетті.

Режиссер «Qazaq: Алтын адам тарихы» фильмін өзінің үздік туындыларының бірі деп біледі. Оливер Стоунның кәсібилігінің арқасында буынсыз жерге пышақ ұрғандай саналатын сұрақтардың өзіне құнды жауаптар алынды. Қырыққа жуық президенттен сұхбат алған режиссер көрермен ықыласын аударатын тақырыптарды беске біледі.

«Батыс елдерінің  «ұлт әкесі» ұғымын түсінуі неғайбыл. Олар мұны шығыстық деспотизмге, тиранияға, диктаторлыққа балайды. Неліктен мұндай көзқарас қалыптасады? Біріншіден, Батыс Шығыстың менталитетін түсінбейді. Екіншіден, еліне қамқор болған көшбасшыларға деген халық құрметінің байыбына бармайды. Бұл мәдени айырмашылықтан туған түсінбестік», – деп санайды Игорь Лопатенок.

Стамбулда қалыпты саналатын нәрсе Берлин мен Вашингтонда  керісінші қабылданатынын айтқан директор сөзін әрмен қарай сабақтады: «Маргарет Тэтчер Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптардың біріне алғы сөз жазғанда «ұлт әкесі», «негізін құраушы» деген сөздерді қолданған. Білуімше, жақсылық жасауға бейім адамдарға Алла жақсылығын еселеп қайтаратын жақсы билеуші жіберетіні туралы Құранда жазылған. Аудармам сөзбе-сөз нақты емес. Бірақ, бұл Қазақстанда болған жағдай. Міне, осыншама жылдар бойы басшының еліне қамқор болуы және оның жемісін көруі өте маңызды. Мен Кеңес Одағында дүниеге келдім. Украинада өстім. Биліктің жанжалмен алма-кезек ауысуы халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Біз бұл жайлы деректі фильмде де айтатын боламыз».

«Qazaq: Алтын адам тарихы» толық метражды фильмі сегіз сағаттық сегіз бөлімнен тұрады. Премьера алдындағы көрсетілімде картинаның екі сағаттық нұсқасы көрсетілді. Осындай қысқартылған нұсқасы түрлі кинофестивальдерде, шетелдік кинотеатрларда көрсетілетін болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

75 жастағы Оливер Стоунның туындысы әлем елдеріне Қазақстанның бейбіт саяси ұстанымын паш етеріне үміттіміз.  Фильмге баға беруді патша көңілді көрерменнің еншісіне қалдырайық…

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here