Коронавируспен күрес: Сексеннің сеңгіріне шыққан қарттар да екпе алды

0
1908

Орал қаласының №3 емханасында бір әулет түгел коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасын алды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Беляковтар отбасы жарты жыл бұрын аталған дертті жеңіп шыққан болатын.

Батыс Қазақстан облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері Екатерина Ольховскаяның айтуынша, коронавирус олардың отбасын жылдың басында әбігерге салған.

«Отбасында бірінші болып бауырым коронавирус жұқтырды, одан кейін әжем Лидия Михиаиловна ауырды. Бірден дене қызуы көтеріліп, денелері бөртіп, артынша құрғақ жөтел басталып, әлсіздік алқымдады. Басында үйде емделдік. Өзім дәрігер болғандықтан антибиотиктер мен дәрілерді қадағалап отырдым. Үйдегі ем көмек болмай, әжемнің жағдайы нашарлап кетті. Компьютерлік томография созылмалы бронхит бар екенін көрсетті. Дене қызуы түспеген соң, инфекциялық ауруханаға жатқызылған кезде өкпесінің 40 пайызы зақымданыпты. Өйткені, коронавирус өте қауіпті ауру, жылдам тарайды, бірнеше күннің ішінде бронхит өкпеге түсіп, пневмонияны қоздырады. Әжемнің артынан атам Владимир Николаевич та ауруханаға түсті. Олар онда 21 күн жатты. Атамның өкпесі аз зақымданғанмен, аурудың салдары ұзаққа созылды. Соның кесірінен атам екі рет микроинсульт алды», – дейді Екатерина Ольховская.

Бас дәрігердің анасы Марина Владимировнаны да коронавирус айналып өтпеді. Бірақ, өкпесі қатты зақымданбағандықтан ауруханаға жатқан жоқ. Қауіпті аурумен кейіпкеріміз Екатерина Ольховскаяның өзі де ауырды. Отбасы мүшелері аталған дертті жеңіп, аурудан ада болған соң, жарты жылдан кейін Оралдағы №3 емханаға келіп вакцина салдырды. Басты мақсат – отбасы мүшелерін коронавирустан сақтау және оның салдарынан сақтану.

  «Өзіміздің, отбасымыздың қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдадық. Ертеңгі күні коронавирусты қайта жұқтырғанның өзінде ауру есеңгіретпей жеңіл өтеді және қауіпті салдары болмайды. Мұндай шешімге келу үшін мамандардың кеңесін тыңдап, екпенің маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Жалпы, вакцина адам өмірін бүгінге дейін бірнеше рет қауіпті аурудан аман алып қалған. Мен дәрігер ретінде өзіңіздің, жақындарыңыздың болашағын ойлауыңызды сұраймын. Өйткені, жақынды жоғалту өте қиын. Екпеден қорқудың қажеті жоқ», – деп түсіндіреді Екатерина Ольховская.

Кейіпкердің атасы Владимир Николаевичтің денсаулығы тексеріліп, вакцинаға қарсы әсер болмаған соң екпе алып, өзінің денсаулығы туралы ойымен бөлісті.

«Өзімді жақсы сезінемін, мүлдем ауырған жоқ. Нағыз ауру деген қыста болды, сол сәтті ұмыта алмаймын. Менің және кемпірімнің дене қызуы ұзаққа дейін басылмай тұрып алды. Коронавирус біздің денсаулығымызды әбден титықтатып, өлім мен өмірдің арасында болдық. Аурудың әсерінен күні-түні ұйықтай алмадық, кемпірім бірнеше рет есінен танып қалды. Біздің өміріміз үшін аурумен арпалысып, бетімізді бері қаратқан дәрігерлерге үлкен рахмет. Сондықтан өздеріңізді күтіп, уақытында вакцина салдырыңыздар, вакцинаға қарсылардың пікірі орынсыз, тыңдаудың қажеті жоқ. Әлемге назар аударыңыздаршы, коронавирустан қаншама адам қайтыс болды. Ауруды жеңудің жалғыз жолы вакцина салдыру», – деді Владимир Беляк.

Қалалық №3 емхана қызметкерлерінің айтуынша, соңғы уақытта вакцина салдырғандардың саны артқан. Орта есеппен күніне 500 адам екпе салдырып жатыр.

«Вакцинация кезеңі басталғаннан №3 емханадан 9 320  адам толықтай екпе алған, соның басым бөлігі немесе 6 мыңы ресейлік «Sputnik V» вакцинасын таңдады. Елімізде рұқсат етілген бес вакцинаның тек біреуі, яғни «Sputnik V»  ғана қалды», – дейді №3 қалалық емхана басшысының орынбасары Куляра Нурушева.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here