Шырын Құрманбаева: «Міндетіміз – уақыт талабы мен қоғам сұранысына лайықты болу»

3
9124

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыруы мен жалпыхалықтық серпіліс кезеңі – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен тікелей байланысты. Ал, Әлиханның өр тұлғасының ұлттық көлемдегі мемлекеттік қайраткер деңгейінде қалыптасуында Семей-Алаш қаласының орны ерекше. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Абай есімін халық жадында шығармашылық контексте жаңғырту, ұлттық-демократиялық сипаттағы Алашорда үкіметінің халықшыл санаттағы қызмет үдерісінде және ұлттық білім мен ғылымды жолға қоюдағы бастама істердің барша идеясы, оның іс жүзінде атқарылуындағы Әлихан Бөкейханның ерен қайраткерлігін тарихи деректер баяндайды. Осы тұрғыда білім беру ісі мен ғылыми қызметті нығайту, түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру, халықаралық серіктестермен бірлескен қызмет аясын кеңейту, тұрғындардың қажеттігін өтейтін қызмет түрлерін игеру сынды көптеген міндеттер тұр. Қоғамның қолдауымен университетіміз Әлихан Бөкейхан есімін иеленді. Ұлт көсемінің ұлтқа қызмет етуге арналған өмір жолы – өскелең ұрпаққа айнымас темірқазық. Алашорда Үкіметінің астанасы атанған Семейде алаш ардақтыларының ізі әлі де сайрап жатыр. Алаштық рух пен дәстүр әлі де үзілмей келеді, – дейді Alikhan Bokeikhan University Президенті Шырын Құрманбаева.

«ҚОҒАМДЫ ІЛГЕРІ ДАМЫТУҒА АТСАЛЫСУ – ҰЛТ ИГІЛІГІ ҮШІН ЕҢБЕГІМІЗ»

– Шырын Асылханқызы, 1913 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары негізін қалаған «Qazaq» газетіне өзіңіз басқарып отырған іргелі білім ордасының ахуалы турасында кеңірек әңгіме қозғау үшін уақыт бөлгеніңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Шырайлы шығыстағы заманауи үлгідегі оқу орны маман даярлауда басты басымдықты не нәрсеге беріп отыр? Сұхбатымыздың кіріспесін университеттің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері жайында әңгімеден бастасақ.

– Сөз басында «Qazaq» газеті Алаш ардақтылары негізін қалаған баспасөздің лайықты жалғасы, ұлт зиялыларының үні бола біледі деген тілек білдіргім келеді.

Біздің оқу орны еліміздің тәуелсіздігінің жемісі десек болады. Университеттің төл тарихы 1998 жылдан бастау алады. Бастапқыда Қазақ заң академиясының өңірлік филиалы болып ашылып, Семейде жоғары кәсіби білікті заңгерлер даярлау ісін қолға алдық. Бұл міндеттің ойдағыдай орындалғанының айғағы – еліміздің түкпір-түкпірінде сот, прокуратура, құқық қорғау саласында табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған түлектеріміз. Заңгер ғалымдардың жаңа буынын өз ортамыздан дайындап шығардық деп мақтанышпен айтамыз. Неге десеңіз, осыдан 25 жыл бұрын Семей қаласында құқықтанушы ғалым іздесеңіз табылмайтын.

Осы ретте оқу орнының алғашқы қалыптасу жылдарында өз үлесін қоса білген барша азаматтарға, оқытушылар мен қызметкерлер қауымына, аға буын өкілдеріне алғысым шексіз. Облыс орталығы мәртебесінен айырылған қаланың барлық қиындықтарына төзген семейлік қауымның биік рухы, біздің оқу орнын таңдаған жастардың сенімі мықты мотивация берді, жігерімізді жаныды. Сенім күші биік мақсаттарға жетеледі. Осы жылдары білім беру нарығындағы қатаң бәсекеге төтеп беру үшін үздіксіз ізденіс пен өсу сатыларынан өттік.

Жаңа форматтағы менеджмент арқылы сапалы білім беру қызметін жолға қою мақсатында Әуезов атындағы Семей университетімен ғылыми-педагогикалық әлеуетімізді біріктіріп, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті деген атаумен жаңарған оқу орны екі дипломды білім беру эксперименттік бағдарламасын өңірде алғаш жүзеге асырдық.

2011 жылы 27 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әскери кафедра ашылды. Бүгінгі күнге екі мыңнан астам түлектеріміз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлік құрамын толықтырды. Университеттің инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударамыз. Қазіргі күнде 7 оқу ғимараты, 840 орынға арналған екі Студенттер үйі, арнайы жабдықталған зертханалар мен аудиториялар білім алушылардың сұранысын толық қанағаттандырады. Биылғы оқу жылында университет жанынан цифрлық технологиялар ІТ мектебін аштық. Балалардың тұлғалық дамуына, оқуына қажетті барлық жағдай қарастырылды. Бұл мектептің басты ерекшелігі неде? Мұнда оқушылар креативті бағыттар бойынша арнаулы бағдарламамен тереңдетілген білім алатын болады.

Бүгінгі Alikhan Bokeikhan University бакалавриаттың – 30, магистратураның – 13 және докторантураның 6 білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін ұсынатын көпбейінді оқу орны. Бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламалары халықаралық аккредитациядан өткен.

Қазіргі таңда инклюзивті білім беруді дамыту – басты бағдар. Соған сәйкес, педагогикалық білімдер бойынша 9 бағдарламаға оқу процесі айырықша білім алу қажеттілігі бар адамдарға қолжетімді болуы үшін өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, Семей қаласы бойынша алғаш рет инклюзивті білім беруді іс жүзінде қолдауға бастамашы болдық. Бұл міндетті университетіміздегі «Қазақстандық-Израильдік орталық» және «Психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті» арқылы іске асырудамыз. Мәселен, қаламыздағы №42 мектепте өз қаржымызға екі ресурстық кабинет аштық. Нәтижесінде әдістемелік-тәжірибелік мақсатта бірлесіп жұмыс істеп келеді. Университеттің міндеті тек теориялық білім беріп, дипломды мамандарды даярлаумен шектелмейді. Жалпы қоғамды ілгері дамытуға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне тікелей атсалысу деп білеміз. Бұл – біздің қоғам алдындағы жауапкершілігіміз, ұлт игілігі үшін еңбегіміз. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз де баршылық. Мәселен, биылғы оқу жылында 3000-нан астам талапкер қабылдадық. Алғашқы курс студенттерінің басым бөлігі «Серпін» бағдарламасының қатысушылары, мемлекеттік грант, жергілікті атқару органдарының және «Қазақстан халқына қорының» грантын иеленгендер. Айта кету керек, соңғы екі жылда салалық министрлік тарапынан жеке меншік оқу орындарына да мемлекеттік білім гранттары беріле бастады. Бұл – өте үлкен қолдау. Бұрынырақта бұл мәселеде жекеменшік жоғары оқу орындары үнемі қағажу қалатын.

Жаңа Қазақстанды кемел келешекке жетелейтін жасампаз тұлғаны оқытып тәрбиелеуге міндеттіміз дегенді жиі айтамыз. Басымдық осы мәселеге беріледі. Осыдан 4 жыл бұрын студенттердің ұсынысымен, қоғамның қолдауымен университетіміз Әлихан Бөкейхан есімін иеленді. Ұлт көсемінің ұлтқа қызмет етуге арналған өмір жолы – өскелең ұрпаққа айнымас темірқазық. Алашорда Үкіметінің астанасы атанған Семейде Алаш ардақтыларының ізі әлі де сайрап жатыр. Алаштық рух пен дәстүр әлі де үзілмей келеді.

– Ынтымақ ырысқа бастайды, толағай табыстарға жол ашады. Университеттің шетелдің жетекші білім ордаларымен байланысы қандай? Қарым-қатынастар оңтайлы жолға қойылған ба? Қандай бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеп, өзара тәжірибе алмасып жатырсыздар?

– Бүгінде бүкіл әлем біртұтас ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатыр. Адамдардың қарым-қатынасында, білім алмасуында шекара жоқ. 2010 жылдан бастап Болонь Декларациясына сәйкес Университеттердің ұлы Хартиясына барлық қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірге қол қойдық. Содан бері шетелдік оқу орындарымен академиялық ұтқырлық бағдарламаларымен алмасып келеміз. Осы ретте бірнеше жобаларға тоқталып өтсек, Alikhan Bokeikhan University-дің Бизнес және басқару кафедрасы мен Қолданбалы биология кафедрасының ғалымдары Циркулярлық экономика пәнін Еуропалық Одақ тәжірибесі негізінде ортаазиялық мемлекеттердің оқу орындарына енгізуге бейімдеу бойынша ERASMUS+ППВО CircuLEC жобасына қатысады. Жыл сайын шетелдік әріптес оқу орындарынан дәріс оқуға ғалымдар шақыру дәстүрге айналды. Болгарияның Варна техникалық университетімен ұзақ жылдар бойы нәтижелі ынтымақтастық орнатылған. Үндістанның ІТ Bombey технологиялық университетінің жазғы халықаралық лагеріне студенттеріміз қатысып келді. Аталған оқу орнымен ұзақ мерзімге меморандум жасалды. Күні бүгінге дейін осы тарапта бірқатар бағыттарды айқындап алдық. Атап айтқанда, жасөспірімдерді робототехникаға баулитын кластер және ІТ мамандықтар бойынша ғылыми-педагогикалық мамандар даярлау бағыттары бойынша профессор-оқытушылар қауымының академиялық алмасу бағдарламалары бірлесіп орындалады.

Тағы бір ауқымды жобамыз, кезінде, Әлихан Бөкейхан оқыған Санкт-Петербург орман шаруашылығы университетімен байланысты. Аталған оқу орнында университетіміздің «Әлихан Бөкейхан атындағы мәдени орталығы» жұмыс істеп тұр. Екі университет ғалымдары «Жасанды интеллект оқытушылар мен қызметкерлер үшін» курсын әзірлеп іске қосуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары оқу орындарының жанында шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Түркияның Денизли қаласындағы Памуккале университетінің филиалы кампусын ашу туралы келісімге қол жеткіздік. Келісім бойынша академиялық бірлескен оқу бағдарламаларын және ғылыми зерттеу жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Alikhan Bokeikhan University бір топ студенттері осы академиялық семестрде Памуккале университетінде оқуын жалғастыруда. Қазіргі күнде Швейцария, Германия, Польша, Венгрия, Испания және Италия сынды елдердің жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық келісім негізінде жұмыс істеудеміз. Мәселен, Varna University of Managment және Alikhan Bokeikhan University бірлескен «Туризм және қонақжайлылық» бағдарламасы бойынша бакалавр, «Іскерлік әкімшілік» (MBA) бағдарламасы бойынша магистрлер даярлауды қолға алдық.

Жалпы алғанда, шетелдік әріптестерімізбен ынтамақтастық оңтайлы жолға қойылған. Барлығын бүге-шігесіне дейін баяндау бір сұхбаттың аясына сыймайды.

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Шырын Асылханқызы Құрманбаева – саясаттану ғылымының докторы, профессор.

Шырын Құрманбаеваның кәсіби еңбек жолы Семей қаласындағы жоғары оқу орындарымен тікелей байланысты. Осы салада оқытушылықтан бастап, оқу орнының ректоры дәрежесіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда Alikhan Bokeikhan University Президенті.

100-ге жуық оқу-әдістемелік және ғылыми көпшілік мақалалар, 7 монография мен 10 оқу-құралының авторы.

«Парасат» орденінің және салалық марапаттардың иегері.

Жоғары кәсіби білім беру саласында Шырын Асылханқызын білікті басшы, іскер ұйымдастырушы деп біледі.

2004-2017 жылдары аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде отбасы институтын нығайту, ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы БАҚ-да, комиссия отырыстарында, форумдар мен дөңгелек үстел отырыстарында келелі мәселе көтере білді.

«Туған елге тағзым» акциясын ұйымдастырып, бірнеше мәрте ауыл мектептерінде әдістемелік кабинеттер ашып берді. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж дарынды студенттерге атаулы гранттар тағайындап отырады. Түрлі қайырымдылық шараларының қала, облыс көлеміндегі демеушісі.

«ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ СҰРАНЫСЫН ТОЛЫҚ
ҚАНАҒАТТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕМІЗ»

– Түлектерді жұмыспен қамту – оқу орнының басым міндеттерінің бірі. Жұмыс берушілердің университет бітірушілеріне деген сұранысы қандай деңгейде?

– Әрине, жоғары оқу орнының іс-әрекетінің тиімділігінің басты көрсеткіші – түлектерге деген сұраныстың болуы. Бұл – өзекті мәселе. Түлектеріміздің жұмысқа орналасуы 70-80 пайыздың шамасында. Әсіресе, педагог мамандарға деген сұраныс әрқашан жоғары. Біз өңірге қажет мамандарды мекемелердің, компаниялардың сұранысы бойынша қанағаттандырып келеміз.

Осы ретте жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс әрдайым өз нәтижесін береді. Атап айтқанда, «Шығыс энерготрейд» мекемесі 20-ға жуық маман даярлауға тапсырыс беріп, компания есебінен оқытып жатыр. Өңірдегі бірқатар аудандар өздеріне қажет мамандарды арнайы тапсырыс беріп, жолдамамен оқытады. Бұл игі дәстүрді жан-жақты қолдаймыз. Облысымызда жас заманауи мамандықтарға сұраныс артып келеді. Бір мысал айтайын, 2019 жылдан бастап Семей медицина университетімен бірлескен «Денсаулық сақтау саласындағы ІТ» бағдарламасын іске қосқан болатынбыз. Міне, биыл алғашқы түлектеріміз облысымыздың денсаулық сақтау саласы мекемелерінде қызметтеріне кірісті.

Бір сөзбен айтқанда, жұмыс берушілердің талаптары мен сұранысын толық қадағалауға тырысамыз.

– Алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттер ғылымға қыруар қаржы бөліп, тың технологияларға жете назар аударуда. Қазақстан да замана көшінен қалмай, ғылыми зерттеулерге басымдық бере бастады. Соңғы жылдары ел билігі ғылымды дамудың негізгі тетігіне айналдыруға білек сыбана кірісті. Ғалымдарға қолдау көрсетіліп, ілкімді ізденістерге жол ашылуда. Университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелеріне тиісті міндеттер жүктелді. Осы ретте Alikhan Bokeikhan University ғылыми әлеуеті турасында сөз қозғасақ.

– Alikhan Bokeikhan University ғылыми әлеуеті жас әрі сапалы деп айта аламын. Бізге ғалымдарды ешкім сырттан әкеліп бермейді. Өз ортамыздағы дарынды, қабілетті жастарды студент кезінен ғылымға баулимыз, ынталандырамыз. Сөзімнің басында айтып өттім, осыдан жиырма бес жыл бұрын бірде-бір құқықтанушы ғалым Семейде жоқ еді. Қазір Заң ғылым-факультетінде 2 заң ғылымдарының докторы, 17 заң ғылымдарының кандидаты, 17 PhD докторлар заңгерлердің жас буынын дайындайды. Алғашқы күннен бастап ғылыми әлеуетті жетілдіруге, ғылыми құрылымды дамытуға баса назар аударамыз. Университетте 5 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңестерде кейінгі 4 жылда 24 докторант ғылыми жұмысын табысты қорғады. Университетте ғылымды қаржыландыруға, ғалымдарды ынталандыруға негізгі басымдық беріледі. Оқу орнымыздың жанынан шығатын 4 ғылыми журнал CrossRed базасына тіркеліп, DOL цифрлық көрсеткішке ие болды. Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ұйымдастырылған «Жас ғалым» байқауы жас ғалымдарға өте үлкен мүмкіндіктер беріп, табыстарға жол ашады. Аталған конкурсқа университеттің жас ғалымдары өте белсенді қатысады. 2019 жылдан бері қарай қарап отырсам, ғалымдарымыз 42 авторлық куәлікке, 8 патентке ие болды. Аталған ғылыми табыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге арналған. Бүгінде салалық министрліктің қаржыландыруымен 2023-2025 жылдарға арналған 3 ғылыми жоба табысты орындалу барысында. Шығыс Қазақстан өңіріндегі ономастикалық кеңістікті рухани ұлттық кодты бейнелеу ретінде қарастырған ауқымды 2 үлкен жоба 2021 жылы басталып, 2023 жылы өте сәтті аяқталды. Жобаның өңірдің тарихын, тарихи тілдік таным-зердені кеңейтуде және тәжірибелік маңызы зор. Ғылым мен тәжірибенің коллаборациясын оңтайлы қолдануды Абай облысының әкімдігі де қолдауға ниетті. Осы мақсатта ғалымдарымыз Семей орманын қорғауға қатысты экологиялық маңызды жобаларды, ІТ білім беруді дамыту, жастар мен жасөспірімдердің цифрлық дағдыларын жетілдіру бойынша жобаны, құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру тетіктеріне байланысты өзекті де практикалық маңызы зор жобаларды ұсынып отыр.

«ӘЛИХАННЫҢ ҰЛАҒАТҚА АЙНАЛҒАН СӨЗІ
АЛҒА ЖОЛ СІЛТЕР ШАМШЫРАҒЫМЫЗ»

– Мемлекет басшысының алға қойған міндетін нәтижелі еңсеру үшін бірқатар істер қайта сарапталып, терең талдау жүргізілді. Ғылымды өркендету үшін кадрлық әлеует жоғары болуы тиіс екендігі белгілі. Бұл тұрғыда жас ғалымдардың алар орны орасан. Университеттегі жас ғалымдардың үлес салмағы қандай және оларды ынталандыру мақсатында қандай игі істер қолға алынуда?

– Университет өз тарапынан ғылыммен айналысуға кеңінен қолдау көрсетіледі. Диссертациялық жұмысын жазу барысында еркін жұмыс кестесі бекітіледі. Жарияланымдарына байланысты шығындарын төлеп беру тәрізді түрлі ынталандыру шаралары қамтылады. Сонымен қатар, оқытушыларды мақсатты докторантураға немесе аспирантураға жолдауды жиі тәжірибеге енгіздік. Ғылыми рейтинг жүйесі енгізіліп, жыл сайын Ғылым күні мерекесінде қорытындыланып, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар» марапатталады. Студенттерді ғылымға ынталандыру үшін жыл сайын өткізілетін «Ғылым күнінің», олимпиадалар мен дәстүрлі конференциялардың маңызы ерекше.

– «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын елге айналуы тиіс». Бұл – ел Президентінің алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Сіз басқаратын университетте «Жасанды интеллект инженериясы мен блокчейні» білім беру бағдарламасы оқу үдерісіне енгізілген. Даярлап жатқан мамандарыңыз бәсекеге қаншалықты қабілетті? Заманауи кәсіпті меңгеруге ниетті жастардың қарасы көп болар?

– Уақыт көші көз ілеспес жылдамдықпен зымырайды. Жасанды интеллект кезеңі келіп жетті. Уақыт талабына сай болмасақ «өмір бәйгесіне» ілесе алмаспыз. Сондықтан да, университет жанынан «Abai IT-Valley» технолкластерін құрдық. Сол негізде «Жасанды интеллект инженериясы мен блокчейн» білім беру бағдарламасын әзірлеп, іске қостық. Осы оқу жылында алғашқы студенттерді қабылдадық. Бұл болашақтың мамандығы. Оқыту курсы мазмұны жасанды интеллект пен блокчейннің негізгі аспектілері мен технологиясын қамтиды. Түлектер түрлі стартаптарда, технологиялық компанияларда, зерттеу орталықтарында жасанды интеллект пен блокчейн негізінде әзірлемелер мен шешімдерді енгізу, программалық қамтамасыздандыру дағдылары мен біліктіліктерін меңгеріп шығады деп үміттенеміз. Жасанды интеллект өміріміздің барлық саласында қолданылатын болады. Оған сөз жоқ.

Әлихан Бөкейхан есімін иеленген университет ұжымы «ұлтқа қызмет ету» аманатына адалдықпен, ұлттық құндылық пен адамзаттық өркениеттің озық үлгісін ұштастыра білетін еліміздің зайырлы жастарын тәрбиелеп-оқытып шығарсақ, еліміздің игілігіне қосқан үлесіміз болар.

Алар асуларымыз алда. Әлихан аманат еткен «Ұлтқа қызмет ету» әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болып қала бермек. Ұлағатқа айналған осы ұғым алға жол сілтер шамшырағымыз.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:

– Сіз «бақыт» ұғымын қалай түсінесіз?

– Бақыт деген бес әріптен тұратын бір сөзде өмірдің барлық мәні бар. Дайын формуласы жоқ, болмайды да. Жүрегіңе бақыт сыйлайтын сәт, күн, жылдар болады. Қазіргі менің жасымда бақыт деген төрт жағың түгел, бала-шағаның, жан-жағыңның, еліңнің амандығы. Бақыт деген – қарапайым да қадірлі ұғым. Әр жаста адамның бақыт туралы түсінігі өзгеріп отыруы заңдылық тәрізді.

– Өмірде өз жолын табу үшін ең басты қандай қасиет болуы керек?

– Өмірде өз жолын табу үшін бір ғана қасиет керек. Ол – еңбек. Табанды еңбек қана мақсатқа жол ашады. Өскелең жастарға да айтарым осы.

– Сіз үшін ең қымбат нәрсе не?

– Ең қымбат та құнды нәрсе – уақыт және адамгершілік.

– Адал адам, ол қандай?

– Адал адам – ізгі адам. Ол – жүрегі таза, адамгершілігі зор жан. Адалдық тектілікпен, тәрбиемен беріледі. Адалдық бәрінен жоғары.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Жасаған әрбір ісің сан ғасыр өтсе де, ұрпағыңның алдынан шығады дейтін бумеранг заңдылығы бар емес пе?! Менің өмірлік ұстанымым – қолыңнан келсе кез келген жанға аянбай жақсылық жасау.

– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жандар ТҰРАРҰЛЫ

 

Семейде Әлихан Бөкейхан университеті бар

3 Пікір

  1. Шырын Асылханқызы асылдың сынығы ғой! Өмір жолы жастайынан ғылыммен байланысты. Үлық болсаң, кішік бол дейді, Шырын Асылханқызы дәл осындай тұлға????????????????????????

  2. Шырын Асылханқызы асылдың сынығы ғой! Өмір жолы жастайынан ғылыммен байланысты. Үлық болсаң, кішік бол дейді, Шырын Асылханқызы дәл осындай тұлға????????????????????????

  3. Құрметті Шырын Асылханқызы, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысыңыз жемісті әрі нәтижелі болсын!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here