Семейде Әлихан Бөкейхан университеті бар

0
3466

Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы белесінде мемлекетіміз бен қоғамымыздың үздіксіз даму үдерісіне орасан зор ықпалы бар жасампаз идеяларды бүкіл халық болып жүзеге асырудамыз. Осы санатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласының мәртебесін тарихи-мәдени орталық ретінде ерекше айшықтаған және оны заманауи жаңғырту міндеті жөнінде айтқан аса ардақты сөздері бар.

Осы санатта Семей қаласы мен өңірінің білім жүйесінде Әлихан Бөкейхан есімін жаңғырту ісі өзекті деп айтар едім. Бұл тұрғыда республикалық жоғары білім кеңістігінде өзіндік орны бар – Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ұжымы Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және республика жұртшылығының қолдауымен университет атауы «Әлихан Бөкейхан университеті» болып ауысты.

Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл, сонымен қатар, университет құрылтайшылары мен білім алушыларының Ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрмет болып табылады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыруы мен жалпыхалықтық серпіліс кезеңі – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен тікелей байланысты. Ал, Әлиханның өр тұлғасының ұлттық масштабтағы мемлекеттік қайраткер деңгейінде қалыптасуында Семей-Алаш қаласының орны айрықша. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Абай есімін халық жадында шығармашылық контексте жаңғырту, ұлттық-демократиялық сипаттағы Алашорда үкіметінің халықшыл санаттағы қызмет үдерісінде және ұлттық білім мен ғылымды жолға қоюдағы бастама істердің барша идеясы, оның іс жүзінде атқарылуындағы Әлихан Бөкейханның ерен қайраткерлігін тарихи деректер баяндайды.

Әлемдік ағартушылық қағидаттарын ұлттық мүддемен үйлестіре ұсынған қайраткер есімін иелену – университет үшін өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерін сіңдірген, ел игілігі жолында ерен еңбек ететін мінезді азамат, білікті маман даярлап шығару зор мақсат һәм биік белес!

Әлихан Бөкейхан университеті өз миссиясы мен алдағы уақыттағы қызмет болмысын жаңашыл санатта көреді. Біз қоғам тыныс терең сезінетін, мемлекетіміздің даму үдерісіне белсене араласа білетін әлеуметтік жауапты университет болуға ұмтыламыз!

Ел экономикасының қажеттілігін өтейтін кәсіби мамандар даярлап қана қоймай, өңірдің, республиканың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық өміріне етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік органдармен қатар өтеуге ұмтылатын іргелі оқу орнына айналу – негізгі мақсат-міндет!

Осы тұрғыда білім беру ісі мен ғылыми қызметті нығайту, түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру, халықаралық серіктестермен бірлескен қызмет аясын кеңейту, тұрғындардың қажеттігін өтейтін қызмет түрлерін игеру сынды көптеген міндеттер тұр. Алдағы уақытта осы міндеттерді университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ерен еңбегі, білім алушылардың ыждаһатты ізденісі және көпшілік қауымның риясыз ниет-тілегінің арқасында ойдағыдай іске асырамыз деген сенімдемін! Бұл оқу ордасының келешек көкжиегін айқындайтын шамшырақ бағыт болмақ.

Әлихандай тұлғаның есімін алу университетке, оның басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлеріне және білім алушыларына үлкен жауапкершілік артатыны сөзсіз. Бірегей тарихи миссияға адал болу – бізге артылған аманат!

Шырын ҚҰРМАНБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры,
саяси ғылымдар докторы, профессор 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here