Сейдәзім Қадырбаев – 140: Заңғар заңгердің өскен ортасы

0
1565
Солдан оңға қарай – Жақабай Әтікеұлы, Тұрағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы; түрегеп тұрғандар – Елдес Омаров, Сейдәзім Қадырбаев, Қажымұқан Мұнайтпасұлы, Міржақып Дулатұлы, Жұбандық Болғанбаев. Семей, 1918 жыл.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта кеңестік кезеңде қуғын-сүргін көрген арыстарымыздың есімі елге қайта танылып, ортамызға орала бастады. Бұл ретте алдымен айтылатыны, әрине, Алашорда қозғалысының өкілдері. Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда құрамында Торғай өңірінен шыққан көптеген абзал азаматтар болды. Ахаң мен Жақаңды айтпаған күннің өзінде Алашорда құрамында болып ел үшін қызмет қылған Ахмет, Ғазымбек Бірімжановтар, Ахметсапа Юсупов, Кәрім Тоқтабаев, Сейдәзім Қадырбаев, Әлмағамбет Қасымов, Қазгелді, Иманғали Қарпықовтар есімі бұл күнде елге етене таныс болмаса да, ғылыми ортада аз-кем болса да айтылып келеді. Дегенмен, олардың атқарған еңбегі, өскен ортасы, өмір тарихы жайлы деректер көпшілік қауымға әлі де болса беймағлұм. Қазақ қауымына толығымен таныстырылмай жатқан сондай арыстарымыздың бірі – Сейдәзім Қадырбаев.

Сейдәзім Қадырбаев

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН ЗАҢГЕР

Біз бұл мақаламызда 30 маусым күні туғанына 140 жыл толған Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбаевтың еңбегі жайлы ғана емес, оның өскен ортасы жайлы көбірек мағлұмат берсек деген ойдамыз. Себебі, ешнәрсенің жоқ жерден пайда болмайтыны секілді, Сейдәзімнің көрген үлгісі, таныған жолы әуелден-ақ ел үшін еңбек етуді, халық үшін қайрат қылуды мақсұт еткен аталарының жолы еді.

Гүлнар Міржақыпқызы өзінің «Арыстың бірі – Сейдәзім» атты мақаласында Сейдәзімнің атасы жайлы «Енді Сейдәзім ағаның ата-тегіне келсек Байқозыдан алты ұл, оның ішінде Қадырбай, Әлімбай туған. Қадырбай Байқозиннен төрт ұл тарайды… Қадырбай Байғозин ескіше оқыған, орысша сауатты, ел билеген, аса беделді, зор дәулетті кісі екен. Кезінде Торғай ауданының Өтейлерге қарасты төрт болыс елінің жергілікті әкімі болып қызмет атқарыпты» деп атап көрсетеді [«Алаштың сөнбес жұлдыздары»: Естелік-эссе/ Гүлнар Дулатова. – Алматы, «Мектеп», 2010. 248 б.].

Қадырбай Бәйтәжі Бабай би, Үмбетей Көбектің Төлебайы, Қараман Тайшығара батыр секілді белгілі тұлғалармен қадірлес, істес болған кісі. Ағасы Әлімбай екеуінің есімдері Кенесары көтерілісіне қатысты құжаттарда кездеседі. Мысалы, Қыпшақ руының Көлденең бөлімін басқарған Қосылбай Сатыбалдиннің 1845 жылдың 6 қыркүйек күні сұлтан Мұхамед Жантөринге берген мәліметтерінде Әлімбай, Қадырбай Байғозиндердің Обаған өзені бойындағы Ақмола атты қоныста отырғаны, Қадырбайдың Торғай өңіріне барып, Кенесары ханның жасағындағы Сейітхан сұлтанның жасауылдарына жолыққандығы туралы деректер айтылған. Қадырбай өзі өмірден өткенше ел ісіне белсене араласқан тұлға. Торғай уезінің әкімшілік өкілдерінің 1869 жылы 19 қаңтар күні жасаған Қарақоға болысының құрамындағы санақ жұмыстары жайлы құжаттарда Қадырбай Байғозин есімі 35 дистанцияның басшысы ретінде де аталады. Оған дейін 35-ші дистанцияны Қадырбайдың немере туысқаны Толтан Күшікұлы басқарған (Дәнен – Жәнібек, Қазыбек. Жәнібек – Күшік би – Толтан. Қазыбек – Байғозы – Қадырбай). Толтанның Ағытайы ел ішіне мырза атанған, ұзақ жылдар бойы Майғарау болысын басқарған би кісі болса, Ержан атты ұлы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептен алғаш білім алған 14 оқушының бірі болған. Кейін Сейдәзім Қадырбаев та осы Ыбырай ашқан білім ордасында білім алған.

Сейдәзім 1885 жылы 30 маусымда Наурызым болысының №1 ауылында Сарықопа бойында дүниеге келген. Алдымен ауыл мектебінен сауатын ашқан. Кейін әулеттің үлкендері Сейдәзім мен немерелес туысы Дүйсек (Байғозы – Әлімбай, Қадырбай. Әлімбай – Сары – Дүйсек, Қадырбай – Құлмағамбет – Сейдәзім) екеуін Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқуға берген. Дүйсек училищеде бар болғаны алты ай ғана оқып, кейін оқуды тастап кетсе, Сейдәзім 1901 жылы тәмәмдаған (№55 куәлік). Одан ары қарай оқуын жалғастырып, 1901-1905 жылдар аралығында Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебінде білім алған.

Сейдәзім Орынбордағы қырғыз мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін Орынбор округтік сотында алдымен аудармашы (1905-1911), сот хатшысы (1911-1917) болып қызмет істейді. 1917 жылдың наурыз-шілде айларында Орынборда Торғай облыстық азаматтық атқару комитетінің мүшесі, шілде-қараша айларында Торғайда бітімгер сот (мировой судья) қызметін атқарған. 1917 жылдың қараша айынан бастап 1919 жылға дейін Алашорда мүшесі, 1920-21 жылдары Орал губерниясының халықтық сот кеңесінің мүшесі болған Сейдәзім Қадырбаев 1921 жылдан 1929 жылдар аралығында Орынборда Қазақ АКСР халық Комиссариатының заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші болып еңбек етеді [ҚР ОММ. 1541-қ. 3201 іс.].

1929 жылы Алашорданың басқа да өкілдермен бірге Амангелді Имановтың өліміне қатысты айыпталып, тергеуге алынған. Алашорданың Торғайдағы әскери бөлімшесінің мүшесі болғандықтан, Сейдәзімнің есімі сол тұстағы тергеу сұрақтарында жиі аталады. Қадырбаевтың кінәлі екендігі дәлелденбесе де, 1930 жылы Воронежге жер аударылған. Сол Воронеж жерінде қайта ұсталып, 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Оның «Қылмыстық істерді жүргізу заңы» (Орынбор, 1924 жыл. Аударушылар – Дулатұлы, Қадырбайұлы, Арыстанбекұлы), «Қылмыс заңы» (Қызылорда, 1925 жыл, 85 б. аударушы – Қадырбайұлы Сейдәзім), «Ақы заңы» (Қызылорда, 1926 жыл, 154 б. аударушылар – Омарұлы Е., Ғаббасұлы Д., Дулатұлы М., Қадырбайұлы С., Нұрышұлы Ғ.), «Жер заңы» (1927), «Нотариат туралы заң, ереже нұсқаулар» (1928), «Ақылы істерді жүргізу заңы», «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы» секілді еңбектері әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді.

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ СЕЙДӘЗІМ

Жалпы, Сейдәзімнің атқарған еңбектері мен өмір жолын толығымен қамтып өту бір мақала көлеміне сыймайды. Дегенмен, біздер Алаш арысы жайлы деректерді сараптап, оның еңбектері жайлы жасаған тұжырымдарымыз мынадай болды:

Бірінші. Сейдәзімнің аталары Қадырбай, Әлімбай Байғозыұлдары Кенесары бастаған көтеріліске қатысқанын ескерсек, оның ұлтқа қызмет етуге деген ұмтылыс қанында бар деуімізге болады. Оның алдында бабалары салған даңғыл жол, өнегелі үлгісі болды.

Екінші. Сейдәзім 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақ сиезінің хатшысы қызметін атқарған. 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндері өткен ІІ Жалпықазақ сиезінде де хатшы болып, Ұлттық-территориялық автономия мен Ұлттық үкіметін жариялауға дауыс берген делегаттың бірі. Ұлттық мемлекетімізді құруға ат салысқан тұлға.

Үшінші. Сейдәзім Құлмағамбетұлы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ең алғашқы күнінен бастап қатысқан. Ол 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатына» қол қойған 12 747 қазақ оқығанының бірі. Торғай уезінің басшысы 1911 жылдың 28 қазанында Торғай облысы генерал-губернаторына Сейдәзімнің Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын таратқаны туралы хабар берген құжаттары да сақталған.

«…В месте прописки Дулатова проживает его родной брат Аскар Дулатов, и, как доносить Сарыкопинский волостной управитель, через него и при посредстве переводчика Оренбургского окружного суда киргиза Сейдазым Кадырбаева он имеет сношения с киргизами и распространяет среди них свою литературу [Казахское книжное дело в документах и материалах (XIX – начало ХХ в.). Сборник архивных документов. Сост. Ж. Ж. Шалгынбай. Алматы, 2009. С. 440]». Демек, Сейдәзім Алаш идеясының қалыптасуы мен дамуына, ел ішіне таралуына өз үлесін қосқан азамат.

Төртінші. Сейдәзім 1917, 1918 жылдары Мәскеу, Петербор, Орынбор, Төменгі жаңақала (Нижний новгород) Мұсылман құрылтайы мен «Шура-и-Ислам» ұйымының тұрақты мүшесі болған ірі саяси қайраткер. Мүфтият құру мәселесі, шариғат низамы, қазақ салт-дәстүрі мен діни әдет-ғұрыптарды жүйелеген зиялылардың бірі. Торғай облысы қазақтарының құрылтайын ұйымдастырып, төралқасын басқарған. Тек қазақ халқына ғана емес, ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі түркі-мұсылман қоғамының негізгі тұлғаларының бірі.

Бесінші. 1918 жылдың 24 маусымында Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханның бұйрығымен Алаш мемлекетінің ұлттық армиясы құрылды. Сейдәзім 1918-20 жылдары Алашорда әскерінің Торғай бөлімшесін басқарып, атты әскер полкын құрған ұлттық мемлекетіміздің қарулы күштерінің құрылуына белсене ат салысқан қайраткер.

Алтыншы. Сейдәзім қазақ тілінің құқық, заң тіліне айналуына үлкен еңбек сіңірген кәсіби заңгер-ғалым, ірі аудармашы маман. Оның қолданысқа енгізген неке, ақы, борыш, айып, қорғаушы, жәбірленуші, т.с. терминдері мен ұғымы әлі күнге дейін қолданыста. Қазақтың құқық-заң саласының негізін салушылардың алғашқы буыны, алдыңғы легіндегі білікті заңгер ғана емес, өзгелерге бағыт сілтеген педагог деуімізге де болады.

Жетінші. Сейдәзімнің тағы бір ескерілмей келе жатқан қыры, оның баспасөз қызметі мен земство мекемесін ұйымдастырылуына қосқан үлесі. Барлық Алаш қайраткерлері секілді «Қазақ» газетінің шығуына көмек берген Сейдәзім одан бөлек 1917 жылы Торғай облыстық басқармасының баспасөз органы болған «Известия Тургайского областного временного гражданского комитета» атты газетті шығаруға көп еңбек сіңірген. 1917 жылы маусымда Сейдәзімнің бастамасымен Торғай облыстық баспаханасына қажетті 39 пұт мұсылман қарпін сатып әкелу үшін Қазан қаласына адам жіберу туралы қаулы шығарып, соның негізінде Міржақып Дулатұлы Қазан қаласына іс-сапарға барған. Өкінішке қарай, бұл туралы құжат толық болмағандықтан, бастаманың қалай аяқталғаны туралы еш хабарымыз жоқ. Бірақ, осы деректің өзі Сейдәзімнің ұлттық баспасөзге деген жанашырылығын көрсетеді. «Қазақ» пен «Еңбекшіл қазақ» газеттеріне бірнеше мақаласы жарық көрген.

Сегізінші. Сейдәзім 1917 жылғы төңкерістен кейін қазақ даласындағы ең алғашқы Земство мекемесін құруға ат салысты. Жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде құрылған бұл мекеме құрылғаннан кейін шаруашылық пен денсаулық сақтау, оқу ісі, жер мәселесіне қатысты істерді қолға алды. Торғай уезіндегі земство 1917 жылдың қазан айында құрылып, қазанның 16-21 күндері болған Торғай уездік земствосының жиналысында жалпы саны 21 мәселе қарастырылған. Төрағасы Қорғанбек Бірімжанов болған облыстық земствоға Сейдәзім Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Омар Алмасов, Уәлі Қабақов (Баспақов), Сүйін Атабаев, Сәдіман Жанбосыновтармен бірге гласныйлыққа сайланған.

Асқарбек Қадырбаев

АСҚАРБЕК ҚАДЫРБАЕВ ҰМЫТ ҚАЛДЫ МА?

Сейдәзімнің інісі Асқарбек Қадырбаев 1898 жылы (1900, 1901 деген деректерде кездеседі) дүниеге келген. Асқарбектің қай жерде, қандай білім алғаны бізге беймәлім. Дегенмен, оның сауатты болғаны анық. Себебі, 1917 жылы қазақтың мал-жанының, жерінің есебін алуға қатысты «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақ халқына» деген үндеу хатта Торғай мен Ырғыз уезінен осы жұмысқа жарайды деп оқыған азаматтардың қатарында Асқарбектің есімі де аталған. Асқарбек 1918 жылы құрылған Алашорда әскерінің Торғай облыстық бөлімінің құрамына енген. «Облыстық әскери кеңестің» мүшелері А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және С.Қадырбаев тағайындалған еді. Торғайдағы Алаш әскері құрылғанда оның негізгі бөлігін құрағандар да осы торғайлық Алашордашылардың ауылдастары, жақын туысқандары еді. Мысалы, Ақтөбе мұрағатында сақталған «1916 жылдан 1920 жылдарға дейін Торғай уезіндегі төңкеріс жайында болған әңгімелер» атты естелікте «Алаш адамдары осы кезде 9-10 ауыл Қоңыраулы, Саға деген жерге дейін келеді. Ол жердегі Өтей, Мадияр деген екі ру ел Алаш бастықтары Дулатұлы Міржақып, Кәдірбайұлы Сейдәзім дегендерді туған ел еді. Дулатов Мадияр деген рудан, Кәдірбаев Өтей деген рудан. Бұлардың соңында 400 жалдама әскері бар. …Өтей, Мадияр деген елден 60 ерікті әтрет жинап береді» деген деректер кездеседі. Естелікте айтылған ерікті отрядқа енді деген алпыс адамның ішінен бізге әзірге белгілі болып отырғандары Ахметұлы Қаби, Бірманұлы Әмір (1903-1937), Тампайұлы Жарасбай (1902-?), Жүрсінұлы Бөлтірік, Бұхарбайұлы Аққозы, Бұхарбайұлы Тәшім, Байеділұлы Жүрсін, Өтегенов Біржан, Ақбаев Ошақбай (1890-?), Қабақов Құлахмет (1894-1929), Қадырбаев Асқарбек, Арыстанбайұлы, Арыстанов, Нұржауов, Әлімқұлов, Тоқсейіт есімдері. Алпыс адамның аты-жөнін толық анықтау алдағы күннің еншісіндегі жұмыстардың бірі болмақ.

Дүрбелең шақтарда құрылған Торғайдағы Алаш полкының кейбір сарбаздары түрлі шендерге де ұсынылды. Иманғали Қарпықов Белов әскерінде вахмистр шенін алса, Асқарбек Қадырбаевты алаштың Торғай әскери кеңесі прапорщик шеніне ұсынған. Бірақ, орынборлық әскердің ұлттық әскери құрылымдарға деген сенімсіздігі, ақтардың шығысқа қарай ығысуы, кеңес билігінің күшеюі, алаштың әскери бөлімшелерді ұстап тұруға қаражат жеткіліксіздігі Торғайдағы алаш әскерінің тарқауына алып келді.

Асқарбек осы Алашорда құрамында болғаны үшін кеңестік кезеңде қуғынға ұшырап, әрбір қадамы аңдуда болды. Мысалы, БК(б)П Ақтөбе губкомы бюросы мен хатшылығының 1926 жылғы жабық отырысында Темір уезінде алаштық-байлар тобы құрылғаны, олардың Торғай уезіндегі сайлау науқаны кезінде де кеңестік және партиялық аппаратқа толықтай өз ықпалын жүргізу үшін жұмыс жүргізіп отырғандығын және оған Темір уезінің топ басшыларының бірі Құдайберген Дүйсенбиннің, Шалқарлық топтың жетекшісі Тоқтығұлов Ержанның, Торғайлық топтың жетекшілерінің бірі Қазгелді Қарпықовтармен бірге Асқарбек Қадырбаевтың да қатысы бар екендігі туралы айтылған [Ақтөбе ОМА. 516-қ., 1-т., 1243-іс, 46-51-пп.]. Кейін осы аталғандардың барлығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілген.

1929 жылғы Кеңес үкіметінің озбыр саясатына қарсы бағытталған Батпаққара көтерілісінің қолдаушыларының қатарында да Асқарбек есімі аталады. Ол көтеріліс басталғанда өз қолындағы Алаш әскерінен қалған қару-жарақтарды көтерілісшілерге жеткізіп берген деседі. Оның бұл ісін үкімет адамдарына жеткізіп барушылар да табылып, Асқарбек Қадырбаев 1929 жылы 22 қараша күні Батпаққара көтерілісіне байланысты тұтқынға алынған. ОГПУ үштігі 1930 жылы 18 мамырда 10 жылға жер аударуға үкім шығарып, Асқарбек сол үкім бойынша 6 жыл Карлагта жазасын өтеген. Тұтқыннан босаған соң туған жеріне оралуға бата алмай, Түркістан қаласына барып тұрады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда А.Қадырбаев қолына қайтадан қару алып, отан қорғауға аттанады. Өзін өмір бойы қуғынға салған кеңестік үкіметтің зорлығынан, елге деген сүйіспеншілігін, отан алдындағы азаматтық борышын жоғары қойған азамат 1942 жылы шілде айында өзі сұранып әскер қатарына алынады. 92 атқыштар бригадасының құрамында болып, сұрапыл соғыс күндерін басынан кешіреді. Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысады. Соғыстағы ерен ерлігі үшін 1943 жылдың 2-ші ақпанында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. 1947 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалі де берілген.

Асқарбек Қадырбаев майданнан 1946 жылы оралып, лауазымды қызметтер атқарды. 1955 жылға дейін Ташкенттегі ауылшаруашылық өнімдер зауытында басқарушы болды. Зейнетке шыққаннан кейін өзі соғысқа дейін тұрған Түркістан қаласына қайта қоныстанады. 1958 жылы өмірден өтті.

ӘЛІМБАЙ БАЙҒОЗЫҰЛЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Ендігі сөз Қадырбайдың ағасы Әлімбай Байғозыұлы мен одан тараған ұрпақтары жайында айтсақ.

Әлімбай Байғозин 1813 жылы дүниеге келіп, 1879 жылдың 4 желтоқсан күні өмірден өткен. Орынбор шекара комиссиясының 1841 жылғы 12 маусымдағы №11995 бұйрығымен Арғын руының Төменгі Шекті бөлімін басқарған Шеген Мұсаұлының көмекшісі болып тағайындалған. 1859 жылдың 15 қазанында шекара комиссиясының №9844 бұйрығымен 48 дистанцияның басшысы қызметіне кіріседі. 1864 жылы 9 ақпанда Станислав ленталы күміс медальмен марапатталған. 1872 жылдың 4 ақпанында Торғай облысы әскери губернаторының төтенше істері жөніндегі шенеунігі болып тағайындалған. Торғай уезінің басшысы полковник Яковлевтің Торғай облысының әскери губернаторы генерал-майор Л.Ф.Баллюзекке 1872 жылдың 4 ақпанында жолдаған №416 рапортында Әлімбай Байғозыұлы туралы мынадай деректер жазылған: «Почетный бий Сарыкопинской волости №2 аула Алимбай Байгузин, бывший много лет начальником 48-й киргизской дистанции, в продолжение 11 лет известен мне своей честностью, отличным исполнением служебных обязанностей и пользующийся уважением киргизского народа не только в Сарыкопинской волости, но и в других волостях Тургайского уезда [ЦГА РК. Ф. И-25. Оп. 2. Д. 74. Л. 1 и об.]. Әлімбай Байғозиннің Сарықопа болысының құрметті биі ретінде Анна лентасындағы күміс медальмен марапатталғаны жайлы мәлімет Ресей патшалығының басқарушы сенатының баспасөз органы болған «Сенатские ведомости» газетінің 1876 жылғы 18-ші номерінде де жарияланған.

Әлімбайға қатысты құжаттардың бір парасы оның Шеген бимен бірге Кенесары көтерілісін қолдаушылардың қатарында болғандығын көрсетеді. Мәселен, Орынбор (қазіргі Торғай) бекінісінің басшысы майор Томилов 1844 жылы Орынбор корпусының командирі Обручевке берген №1078 рапортында Самрат Мамаев деген тыңшының көрсетуімен Әлімбай Байғозыұлының ауылына хабаршы болып келген Жәңгір Ерденбеков атты Кенесары жасауылының тұтқынға алынғанын баян етеді. Сұлтан Ахмет Жантөриннің 1845 жылы 10 қаңтарда Орынбор шекара комиссиясының басшысы генерал-майор Ладыженскийге берген рапортында Жасауыл қырғыны оқиғасынан кейін Шегеннің ұлы Қазбек пен Әлімбай екеуі Кенесары ордасына барып қайтқанын, олармен бірге қасына 100 жасауылын ерткен Наурызбай батырдың келгенін және оның Жаппас руынан салық алғанын жеткізеді.

Халықтың қария сөздерінде Алтай Аққошқар мен Досбол датқаның Әлімбайға берген сыны, Басықараның Қанапиясының айтқан сөзі секілді түрлі әңгімелер кездеседі.

Әлімбайдың Қасым атты ұлынан туған Әлмағамбет Қасымов та Сейдәзіммен бірге Алашорда құрамында болған. Әлмағамбет 1889 жылы дүниеге келген. Торғайдағы екі сыныптық мектепте білім алған. 1907-1911 жылдар аралығында Орынбор мұғалімдік мектебінде оқып, бастауыш училишенің мұғалімі мамандығын алып шыққан. 1911-15 жылдары Тосын болысында, 1915-17 жылдары Сарықопа болысында мұғалімдік қызмет атқарған. 1917 жылы Торғай уездік земство басқармасына мүше болып сайланған. 1919 жылы бірнеше ай Алашорданың шығыс бөлімшесіндегі шаруашылық бөлімінде қызмет атқарған. Осы 1919 жылдың күзінде Торғай уездік халық шаруашылығы кеңесінің мүшесі болып сайланса, 1921 жылы уездік атқару комитетінде қызмет атқарған. 1921 жылы Орталық атқару комитетінің төрағасы Әліби Жангелдин Қостанай губаткомына (губерниялық атқару комитеті) Бейімбет Майлинді, Торғай губаткомына Әлмағамбет Қасымов пен Ахметсапа Юсуповті, Петропавл губаткомына Мағжан Жұмабаев пен Абдолла Байтасовты, Бөкей ордасы губаткомына Ахмет Мәметовті қазақ газеттері мен журналдарында жұмыс істеуі үшін Орталық атқару комитетінің қарамағына жіберу туралы хат жазған. Осы аталғандардың көпшілігі баспасөз саласында қызмет атқарғаны да мәлім. Бірақ, Әлмағамбет Қасымұлы бұдан бас тартып, өзі таңдаған оқу-ағарту саласында қызмет атқара береді. 1925-29 жылдар аралығында Қызылордадағы КИНО-да (Қазақ халыққа білім беру институты) сабақ беріп, одан кейінгі жылдары Орынбор жұмысшылар факультетінде, Мирзоян атындағы педтехникумда оқытушы болған. 1934-37 жылдар аралығында Алматы қаласындағы №12 мектепте жұмыс істеген. Осы уақытта өнімді еңбек етіп «Час Ленина в школе», «Сотворение земли и жизни на земле», «Политехническая подгатовка в начальной школе», «География для ІІІ класса» т.б. оқулықтар мен еңбектерді қазақ тіліне аударған. «Жаңа мектеп», «Ел мұғалімі» сынды журналдарда жариялаған «Ұзындықты өлшеу», «Ауданды өлшеу» т.б. әдістемелік мазмұндағы мақалалары да бар. Әлмағамбет Қасымұлының жазған «Есеп құралы» оқулығы 1926 жылдан 1931 жылға дейін үзіліссіз бірнеше мәрте басылып шықты.

Әлмағамбет Қасымұлы 1937 жылы Алашордаға қатыстылығы үшін тұтқындалып, 1943 жылы мұз басқан Сібір лагерлерінің бірінде өмірден өтті. 1957 жылы 22-ші шілде күні ақталды. Қазіргі уақытта Әлмағамбеттің «Есеп құралы» жайлы түрлі зерттеулерде сөз болып жүргенімен, оның мұрасы жарық көрмеген қалпында жатыр. Тек қана Торғай уезіндегі көтеріліс жайындағы «1916 жыл оқиғасы» атты естелігі «Бабалар сөзі» 96-шы томында жарияланды.

Қасымның Аймағамбет атты ұлы өмірден ерте өткесін, оның балалары Хадиша мен Абдолхамитты Әлмағамбет тәрбиелеп өсірген. Хамит (1918-1966) Мәскеудегі гидромелиоративтік институтты бітіріп, Есік қаласындағы су-электр стансасы құрылысының бастығы, Су шаруашылығы министрлігіне қарасты трест директоры, су шаруашылығы министрінің орынбасары секілді қызметтерді атқарды. Хамиттің ұлы Әлібек Қасымов (1954 жылы туған) тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрлерінің бірі болды.

Хадиша Аймағамбетқызы (1913-2000) медицина ғылымдарының кандидаты. Хадиша белгілі Алашордашы Ахмет Бірімжановтың туған інісі Мұхтар Қорғанбекұлына тұрмысқа шыққан. Мұхтар «Жаңа әдебиет» журналында қызмет істеп жүрген жерінде саяси көзқарасы үшін «халық жауы» деп ұсталып, Магаданға жер аударылып, сонда 1938 жылы қаза тапқан. Мұхтар мен Хадишадан туған бала Қасымов Мұхит Әлмағамбетұлы болып жазылған. Мұхит (1934-1921) геология-минералогия саласы бойынша ғылым кандидаты. Геология саласында ашқан жаңалықтары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Торғай облыстық статистика комитеті 1912 жылы шығарған «Адрес-календарь Тургайской области» атты анықтамалықта Торғай уезі Майғарау болысының №4-ші ауылының биі Қоржымбай Шанкин, оның кандидаты Зәкария Әлімбаев екендігі жазылған. Қоржымбай да Сейдәзімнің туысқаны (Қазбек – Байғозы, Шәңке. Байғозы – Қадырбай, Шәңке – Қоржымбай) болып келеді. Зәкария болса халық ағарту ісінің аса ірі ұйымдастырушысы, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан жандардың бірі Асқар Закариннің (1908-1990) туған әкесі. Мәскеудегі мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде білім алған Асқар оқу-ағарту саласы мен мемлекеттік қызметте біршама еңбектер жасады. Әр жылдары ҚазМУ ректоры, Халық ағарту министрі, Қазақстанның сыртқы істер министрі, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің төрағасы секілді қызметтерде болды. 1990 жылы 18 қаңтарда 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Асқардың ұлы Едіге Закарин (1939 жылы туған) техника ғылымдарының докторы болса, қызы Нэлла (1938 жылы туған) химия ғылымдарының докторы.

Әлімбайдың Қанапиясынан туған Сызай да (1904-1989) білім беру саласында қызмет атқарды. Сызай Алматыдағы Қазақ мемлекеттік институтын тәмәмдаған соң Жамбыл облысына қарасты Луговой ауданындағы Ақыртөбе ауылында қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде еңбек жолын бастаған. Бұл мектеп Луговой ауданындағы алғашқы оқу орындарының бірі. Бұл жайында Сейсен Қожекенің «Құлан тарихы» атты еңбегінде егжей-тегжейлі жазылған. Сызай 1943 жылы майданға аттанып, Росток қаласының маңында тұтқынға түскен. Немістер оны «Түркістан» легионына қабылдап, пошта тасушы етіп қояды. Соғыстың қарбалас сәттерінің бірінде Сызай бастаған бес адам қашып шығып, оның екеуі Балтық жағалауына жеткенде оққа ұшады. Қалған үшеуі әрең дегенде Кеңес әскері қатарына келіп қосылған. Дегенмен, соғыс аяқталғаннан кейінгі уақытта бұларды «сатқын» деп айыптап, Сызайды Жамбылдан Форт-Шевченкоға, одан Қызылорда облысының шалғай аудандарының біріне жер аударған.

Әлімбайдың Жүніс атты баласы 1930 жылдары Сызай Қанапияұлы тұрған Әулиеата өңіріне көшіп барған. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, Жүністің өзі туған Торғай топырағынан табаны ауып, Жамбыл облысына төңкеріле көшуіне де заманы себепкер болған. Екі мәрте Меккеге барып қажылық парызын өтеген (1908 және 1918 жылы барған) Жүністің мал-мүлкі тәркілеуге 1928 жылы түсіп, 1931 жылы үлкен ұлы Құсайын (1911 жылы туған) тұтқындалады. Осы оқиғадан кейін Жүніс өзінің екінші ұлы Маусымбайды (1912 жылы туған) Торғай өңірінен сыртқа жібереді. Маусымбай бір жылдан соң Әулиеатадан амандығын білдіріп хабар салады. Баласының хабарын алған Жүніс қажы Әулиеата жеріне жасырынып қашып барған. Жүніс Әлімбайұлы 1936 жылы Луговой ауданының Ақыртөбе ауылында дүние салған.

Әлімбайдың Сарысынан (шын аты Ибраһим) тараған Дүйсек (1883-1965) пен Кенжебай (1902-1980) 1924 жылдардың шамасында Сыр өңіріне барып паналаған. Олар 1928 жылы Торғай өңіріне қайта оралған. Дегенмен, заманынан әбден зәрезап болған ағайынды қос жігіт өздерінің кіндік қаны тамған Қызбелге бармай Амангелді ауданының көлемінде тұрақтап қалған. Дүйсектің ұлы Сақтаған (1942-2021) ұзақ жылдар бойы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде қызмет істеді. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ, ТЕКТІЛІК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ

Тағы бір ауыз сөз Қадырбайдың інісі Бозан мен Бейістен тараған ұрпақтар жайында болмақ.

Бозан ұрпақтарының ішінде ағайынды Сайлау (1937 жылы туған), Сәбит Байзақовтар (Бозан – Бәзікен – Байзақ – Сайлау, Сәбит) еліміздің нарықтық экономикалық қатынастарға қалай көшуі керектігін негіздеген ғалымдар. Екеуі де экономика ғылымдарының докторы.

Сайлау Байзақов 150-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Ол еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан Ұлттық экономикасын реформалаудың үкіметтік бағдарламалары мен жобаларын жасауға қатысты. Өз зерттеулерімен бірге ғылыми кадрлар даярлау саласында біршама еңбектер атқарып, Сайлау Байзақовтың жетекшілігімен 100-ге жуық кандидаттық және 15 докторлық диссертация қорғалды.

Сәбит Байзақов болса 180-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның жетекшілігімен 10-ға жуық кандидаттық, 3 докторлық диссертация қорғалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 2009 жылы ауылшаруашылық саласы бойынша жүргізген зерттеулері үшін академик А.И. Бараев атындағы І дәрежелі сыйлықпен марапатталған.

Бозаннан тараған тағы бір ұрпақ – Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев (Бозан – Омар – Боранбай – Әнуар). Ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық театрының актері болған Әнуар қазақ театрында ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі болды. Театр сахнасында ойнаған «Қарагөздегі» Сырым, «Айман-Шолпандағы» Арыстан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Бірсімбай, «Асауға тұсаудағы» Люченцио секілді рөлдері оның актерлік ғұмырында ерекше атап өтерліктей, шығармашылық жемісі болған асулары еді. Әнуар Боранбаевтың кинофильмдерде ойнаған рөлдері де аз емес. Оның ішінде ел есінде ерекше қалған «Гауһар тас» фильміндегі Тастан рөлі. Қадырбаевтар әулеті қуғын-сүргінге ұшыраған уақытта Әнуардың әкесі Боранбай көп көмегін тигізген. Сейдәзімнің інісі Асқарбек Карлагта тұтқында отырған кезінде елдегі бауырларына хат жазып, фамилияларын өзгертіп, қоныс аударуға кеңес береді. Солайша Сейдәзім, Асқарбектермен бірге туған Сейдахмет өз фамилиясын Омаров қылып өзгертіп жаздырған. Омар Боранбайдың әкесі. Боранбай өмірден өткен соң оның қызы Кәбирашты осы Сейдахметтен туған Бақытжан тәрбиелеп өсірген.

Байғозының Бейіс атты баласынан Бәйеке, Бәйекеден түгел Торғайға мағлұм Хайдар молда (1898-1967) туады. Хайдар дінге тыйым салынған заманда бес уақыт намазын тастамаған, өмір бойына ізгілік, адамгершілік жолын тұтынған белгілі дін қайраткерлерінің бірі болды. Хайдардың айтқаны қалт болмас сәуегейлік қасиеті де, небір ауру-сырқауларды үшкіріп емдей білетін емшілігі де бар болған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алаш қозғалысы қазіргі уақытта көптеген тарихшылардың нақты зерттеу нысанына айналған құбылыс. Дегенмен, Алашордаға қатысты жайлардың әлі де толық зерделеуді қажет ететін тұстары аз емес. Соның бірі – Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі Сейдәзім Қадырбаевтың тұлғасы. Өз халқының, ұлтының мүддесін қорғауда аянбай еңбек еткен аяулы азаматтың тұлғасын ашу оның ғұмырнамасын зерттеу арқылы ашыла түседі. Бұл ретте, оның өскен ортасының алар орны ерекше екендігі айтпаса да мәлім. Біз бүгінгі жазбамызда Сейдәзім Қадырбаевтың айналасындағы ел үшін қызмет атқарған тұлғалар жайында сөз қозғадық. Сейдәзім өскен ортадағы Қадырбай, Әлімбай, Толтан, Ағытай, Қоржымбай билер, оған үлгі берген алдыңғы буын өкілдері болса, Әлмағамбет Қасымов Алашорда құрамында қатар жүріп, қызмет атқарған тұстасы. Абзал азаматтың соңынан ере шыққан ұрпақтың ішінде де ғылым мен білімде, әскери салада, өнер майданында өзіндік ізін қалдырған тұлғалар шықты. Қорыта айтқанда, бір әулеттен шығып тұтас елдің дамуына айта қаларлықтай үлесін қосқан мұндай қалыптасқан ортаның болуы шын мәніндегі құбылыс деп айтсақ артық емес.

Батырлан САҒЫНТАЕВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here