ДІНЗУХРА ТІЛЕНДИЕВА: «ӘКЕНІҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАУ – МЕНІҢ ПАРЫЗЫМ»

0
689

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – асылдың сынығы, тектінің тұяғы Дінзухра Тілендиева. Оның өмір жолы, өнердегі бағыты өзгелерге еш ұқсамайды. Мойнындағы жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Өйткені, ол әкесі Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған әйгілі «Отырар сазы» оркестрін басқарып отыр. Ұлтына жүзден астам музыкалық туынды қалдырған асыл әкесінің аманатына қиянат жасамаған текті қыз 2009 жылдан бері аталмыш оркестрді алға жетелеп келеді. Әкесі «Динара» деп еркелеткен 34 жастағы дирижерді әңгімеге тарттық.

«ӘКЕМ МЕНІҢ СКРИПКА ҮЙРЕНУІМЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ»

– Дінзухра Нұрғисақызы, әңгімемізді балалық шағыңыздағы естен кетпес естеліктерден бастасақ…
– Мен кішкентайымнан сахнада өстім. Яғни, балалық шақ десе, менің көз алдыма әрдайым концерт алды дайындықтарда, концерттерде сахнаның сыртында ойнап жүретін кішкентай қыз елестейді. Әлі есімде, 8-9 жасымда Халықаралық әйелдер күніне арналған концертте музыканттар вальс ойнады. Сонда әкем мені биге шақырды. Көпшілік көрерменнің алдында билеуге ұялып, басымды төмен салып, артқа шегіне бердім. Соны байқаған әкем менің ыңғайыма қарай баяу биді жалғастырды. Күтпеген биден соң халық біраз уақыт қошемет көрсетті. Қазір ойласам, бұл ұялатын дүние емес екен. Керісінше, әкем мені сол кезден-ақ сахнаға баулыпты.
– Анаңыз жайлы көп мәлімет жоқ. Ол кісі Сіздің өнер жолын таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?
– Менің өнерді таңдауыма анам қарсы болған жоқ. Себебі, анам да музыкадан алыс адам емес. Ол кісі сабақтан келе салып, уақытты бос өткізбей дайындалуым керектігін сәт сайын есіме салып отыратын. Тіпті, шай ішіп отырғанда да бос отырмай, музыка жайлы ойлауыма ықпал жасайтын еді. Бастапқыда скрипка үйреніп жүрдім. Алайда, әкем скрипка үйренуіме қарсы болды. Кейін фортепиано сабақтарына жүйелі түрде қатыстым. Сегізінші сыныпта домбыраға қызығушылығым артты және композиция сыныбына да қоса барып жүрдім. Осының бәріне үлгеріп қана қоймай, мен басқа балалар сияқты ойнауға да уақыт табатынмын. Өйткені, әкем мені «тек бестікке оқуға тиіссің» деп ешқашан қыстаған емес. Ал анам болса, керісінше, сабақ үлгерімімнің өте жақсы болғанын, үлгілі оқушы болғанымды қалады. Дегенмен, «Тілендиевтің қызы болғандықтан бәріне үлгі-өнеге көрсетуің керек» деп қысым жасаған емес.
– Нұрғиса Тілендиев үйде қандай адам еді?
– Марқұм ағам екеуміз бала кезімізден әкеміздің ел танитын, жұртқа сыйлы тұлға екенін сезініп өстік. Ол кісіні жұмыс істеп отырғанда мүлде мазаламайтынбыз. Біз бүкіл қабатты өзіміз иемденген ерекше үйде тұрдық. Қазір ол жер әкемнің мұражай-үйі. Сонда ағам екеуміз өз бөлмемізге өту үшін ұзын дәлізбен жүру керек болатын. Әкеміздің жұмысына кедергі жасамау үшін аяғымыздың ұшымен жүріп, білдірмей өтетінбіз. Ол кісінің төсек үстінде отырып, газет-журналға арналған кішкене үстелге қажет-жарағын қойып жұмыс істеп отыратын бейнесі көз алдымда. Әкемнің тұла бойы тұнған әуен болғандықтан музыкалық аспаптарды аса қажет етпейтін. Әкем кітаптар мен шайдың, шыбынның ызыңы шықпайтын тыныштықтың ортасында отыратын…

«ЕСІМІМДІ ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ ПЕН ОНЫҢ ЖҰБАЙЫ ЗУХРА ШӘРІПҚЫЗЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ОРАЙ ҚОЙДЫ»

– Дінзухра Нұрғисақызы, Өзіңіз шығарған туындылар бар ма?
– Өзім әзірге ән шығармаймын. Дегенмен, домбыраға арналып жазылған бірнеше туындым санамда тұр. Тек оны жазуға уақыт пен шабыт жетіспей жүр. Қолайлы сәт туса, ол да жарық көретін болар.
– Әкеңіз жайлы аңыздар өте көп. Солардың ішінде қайсысы бірінші есіңізге түседі?
– Талантты жандар жайлы аңыздар көп қой. Әкем жайлы ел білетін, білмейтін оқиғалар да баршылық. Сол аңыздарда әкемнің домбыраны аяғымен де шертетіні жайлы айтылған. Өз көзіммен көрмеппін. Бірақ, әкемнің мұндай қасиетін растайтын көз көргендер бар.
– Білуімізше, есіміңіздің астарында бір сыр бар екен. Сізді көпшілік «Динара» деп те атайды…
– Иә, әкем мені «Динара» деп еркелететін. Біздің отбасымыз Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаевтың отбасымен өте жақын қарым-қатынаста болды. Үйіміз де жақын орналасқан еді. Дінмұхамед Қонаев және оның жұбайы Зухра Шәріпқызының құрметіне менің есімімді «Дінзухра» атаған екен. Ағам екеуміз сол кісілердің үйіне жиі баратынбыз. Димаш атамыз өзге елдердегі сапарынан әкелген тәттілерін бізге беріп, қылығымызды қызықтап отыратын. Ол кезде бір сағыздың өзіне мәз болатын баламыз ғой. Димаш ата бізді ерекше жақсы көрді және қамқорлығын аямады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда сол кісі сыйлаған сөмкемен барғаным есімде. Димаш Ахметұлы менің туған күнімде жұбайы Зухра Шәріпқызының қуыршақтар топтамасынан қуыршақ сыйлаған. Ол кезде жұбайы өмірден озған кезі еді. Сол қуыршақ қазірге дейін менде сақтаулы тұр. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғалар да кезінде үйіміздің сыйлы қонағы болған.
– Тілендиевтер әулетінің туыстары көп пе?
– Біздің жақын туыстарымыз аз. Анам отбасының жалғыз қызы. Ал әкемнің қос бауыры болған екен. Бірі ерте қайтыс болса, екінші бауыры соғыстан қайта оралмай, хабар-ошарсыз кетіпті. Сол кісіден туған Лариса әпкем қазір Павлодар қаласында тұрады. Ал өзімнің қызым бар. Жасы 11-де. К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқиды. Болашақта мықты пианист болғысы келеді. Қазір музыканың тереңіне бойлап жүр. Сабақ үлгерімі де жақсы. Өнердің адам болашағына еш зияны жоқ деп ойлаймын. Керісінше, рухани байып, мақсаткер тұлғаға айналатыны анық. Сондықтан, әзірге қызым музыка әлемінде жүргенімен, келешекте нақты мамандығын өзі таңдайды және таңдауынан жаңылмайтынына сенемін.

«БІЗ ДЕ ЗАМАН АҒЫМЫНА САЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ТИІСПІЗ»

– Дінзухра Нұрғисақызы, бүгінде «Отырар сазы» оркестрінің басшысысыз. Бастапқыда қандай әсерде болдыңыз?
– Филармонияны аяқтайтын жылы мен К.Байсейітова атындағы мектепте оркестр дирижері болып жұмыс істедім. Сосын, дипломымды қолыма алғаннан кейін «Отырар сазы» оркестріне бас дирижердің ассистенті болып қабылдандым. Бір жылдан кейін талабымды байқап бас дирижер дәрежесіне көтерді. Мен басқара бастағанда көрермендер мен айналамдағы жандар менен әкемдегідей биіктікті күтті. Сонымен қатар, әкеммен жиі салыстыратын болды. Ал бала кезден бірге өскен, өзім қатарлас музыканттар сынамай, мінемей, жақсы қабылдады.
– Сіздің балалық шағыңыздағы оркестр мен қазіргі оркестрдің арасында айырма бар ма?
– Әрине, бар. Тіпті, айырмашылық жер мен көктей. Әкем өмірден озған соң «Отырар сазында» көптеген өзгерістер орын алыпты. Мысалы, құрамында адамдар азайған. Мен басшылыққа келген соң он адам қосылды. Қазір оркестрімізде 66 музыкант жұмыс істейді. Біз әйгілі оркестрдің деңгейін, абыройын, кәсіби шеберлігін және аспаптардың қадір-қасиетін жойған жоқпыз, барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Қазіргі кезеңде «Отырар сазы» тек ұлттық аспаптарды қолданатын Қазақстандағы жалғыз оркестр екені көпке мәлім.
– Өзіңіз оркестрге қандай өзгерістер енгіздіңіз?
– Біріншіден, біздің репертуарымыз аздап өзгерді. Онда заманауи ізденістерді, өзгерістерді қостық. Яғни, бұрыннан бері келе жатқан қазыналарымызды заманға сай әрлеп, өңдеп халыққа ұсынып жатырмыз. Бұрын оркестрге көбінесе жасы үлкен кісілер келетін болса, қазір көрермендердің басым көпшілігі жастар. Жастардың рухани азық іздеп, ұлттық құндылықтарымызды тануға ұмтылуы көңіл қуантады. Репертуарды өзгерту жайлы ұсыныс менің тарапымнан болды. Бастапқыда «Қалай болар екен?!» деп сенімсіздік танытқаным рас. Дегенмен, осы қадамыма қазір ризамын. Өйткені, бір ғана бағытпен, бір сарындылықпен көрерменді жалықтырып алуымыз әбден мүмкін. Қазіргідей ақпарат пен жаңалықтар сансыз көп заманда біз де заман ағымына сай жұмыс істеуге тиіспіз. Ұжымымызға жастар да қосылды. Консерваторияны енді ғана бітірген жастарды жұмысқа алдым. Әкемнің көзін көрген, тәжірибелі, тәлімі мол жандар да бар. Ұжымның ұйымшыл болғаны, бір бірімен тәжірибе алмасып, алдыңғы буын кейінгі буынға үлгі болғаны керемет емес пе?! Репертуарға енген өзгерістерді ұжым да жақсы қабылдады. 2013 жылы болған «Оркестрлер парадында» «Шахерезада» балетін біздің оркестр сүйемелдеді. Сондағы халықтың қошеметін көріп, репертуар жайлы күмәнім толықтай сейілді. Осы бастамамның ең дұрыс шешім болғанына көзім жетті.

«ЕУРОПА КОНЦЕРТТЕРІНЕ ҚАТЫСУ ҰЖЫМҒА ШАБЫТ ПЕН СЕНІМ СЫЙЛАЙДЫ»

– Дінзухра Нұрғисақызы, оркестрдің толық құрамымен шетелдерде өнер көрсетуі қиын секілді…
– 2012 жылғы экономикалық дағдарыстан соң алыс-жақын шетелдерге концертке шығу қиынға соқты. Бірнеше жылғы үзілістен кейін 2018 жылы Франция мен Беларуське жолымыз түсті. Көптеген шетелдік концерттерге мемлекеттің көмегінсіз барамыз. Кейбір шетелдік ұйымдастырушылар өнерімізді танып, өздері арнайы шақырып жатады. Жарты шығынымызды филармония төлейтін кездер де болады. Еуропа концерттеріне қатысу ұжымға шабыт пен сенім сыйлайды. Алайда, жиі баруға мүмкіндік аз.
Жақында Францияда өткен концертке біздің ұжымнан музыканттар барып қайтты. Бірақ, 66 музыканттың тек 16-cы ғана барды. Біз Монпелье мен Каннда да керемет өнер көрсеттік. Бір қызығы, концертті тамашалағандар сол жақтағы қазақ диаспорасы емес, француздар болды. Монпельедегі концерттен соң Канндағы концертке де іздеп келіп, арнайы қатысқан көрермендеріміздің де санында шек жоқ. Бұл біздің өнеріміз олардың көңілінен шыққандығының, еңбегіміздің еленгендігінің дәлелі деп ойлаймын.
– Елімізде концерттер мен қойылымдарға жастарды күштеп апару әлі де бар секілді. Сонда нағыз өнерді өздігінен іздейтіндердің саны аз ба?
– Шамамен бес жыл бұрын сондай тенденция болған. Бірақ, қазір концерттерге көрермен өз еркімен, жан қалауымен келеді. Әдетте, концертке біреудің қысымымен келген жандар концертте отыра алмай, концерттің атмосферасын бұзады. Қазіргі көрермендер мүлде ондай емес. Барынша мәдениетті әрі өнерге құштар жандар.
– Залды толтыра алмай қалған кездер болды ма?
– Кейде ондай жағдайлар да болады. Бұл жарнамаға да байланысты деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгіну кейде көп қаражатты талап етеді. Әсіресе, телеарналарға жарнама беру тым қымбатқа түседі. Ал жарнамаға арнайы бюджет бөлінбейді. Сондықтан, өз қалтаңнан шығаруға тура келеді. Кейбір көрермендер концертке барғысы келгенімен, қашан екенін білмеуі де мүмкін ғой. Демек, жарнама аса қажет дүние.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ДИРИЖЕР ӘЙЕЛМІН»

– Мемлекеттік шаралардан тыс тапсырыстар аласыздар ма?
– 2018 жылы біздің концерттеріміздің шамамен 30%-ы мемлекеттен тыс болды. Яғни, жекелеген адамдардың арнайы шақыруымен көптеген концерттерге қатыстық. Дегенмен, бұл тек осы бағытта ғана табыс табамыз деген сөз емес. Ірі фирмалардың іс-шараларына қатысатынымыз жасырын емес. Басты талабымыз – концерт залының қолайлы болуы. Әрине, «Отырар сазы» оркестрі тапсырыспен тойларға мүлде шықпайды. Бірақ, біздің еңбекақымыздың құнын сұрағандардың ішінде «Сонда осындай азғантай қаржыға бүкіл оркестрді шақыруға болады екен ғой» деп таңырқайтындар да бар.
– Дінзухра музыкант болмағанда, Сізді басқа қандай саладан көруіміз мүмкін еді?
– «Музыканы, өнерді бекер таңдаппын» деп ешқашан өкінген емеспін, өкінбеймін де. Өйткені, музыка мені таңдады ғой. Ол менің – тағдырым. Елордаға қоныс аударып, басқа салаларға үлес қосуға аса ынталы емеспін. Себебі, «Отырар сазы» – әкемнен қалған асыл мұра, аяулы аманат секілді. Оның жолын жалғау маған парыз әрі зор жауапкершілік. Тыңдармандар тек эстраданы ғана емес, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін әсем әуенге де құмартса ғой деп армандаймын. Ол үшін әрбір ата-ана перзентінің бойына ұлттың асыл қасиеттерін жастайынан сіңіру керек. Мәдени іс-шараларға жиі апарып, баланың көңіл көкжиегін кеңейткен кезде ұлттың музыкасына да жанашыр ұрпақ қалыптасатын болады.
– Дінзухра Нұрғисақызы, ТМД елдерінің ең жас дирижерісіз. Жас басшы болып қана қоймай, әйел дирижер болу оңай емес шығар?
– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Сенім артып, жауапкершілік жүктеген жандарға алғысым шексіз. Бірақ, менен кейін көптеген оркестрлердің басшылығына жастар тағайындалды. Қателеспесем, соның ішінде Қазақстандағы жалғыз дирижер-әйел менмін.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

(Суреттер the-steppe.com сайтынан алынды)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here