300 ЖЫЛҒА ЖЕТЕТІН КӨМІР ҚОРЫ БАР ҚАЗАҚСТАНДА ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ НЕГЕ АЗАЙДЫ?

0
580

Қазақстан – қазба байлықтарға бай мемлекет. Соның ішінде мол қоры анықталғаны – көмір. Елімізде 200-ге тарта көмір кенінің орны анықталса, Республика көмірінің жалпы геологиялық қоры 164,4 млрд тоннаны құрайды. Қарағанды, Екібастұз, Шұбаркөл, Қаражыра сияқты шахталардың көмірі Ресейге, Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады. Дегенмен, соңғы жылдары бұл елдер Қазақстан көмірінен бас тартып жатыр. «Qazaq» газеті бүгін ел экономикасының бір бөлшегіне айналған отандық көмір экспортының қазіргі ахуалына тоқталады.

ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛДЕР ҚАЗАҚСТАН КӨМІРІНЕН БАС ТАРТУДА

Отандық көмір өндіруші компаниялар Қазақстан Үкіметінен Қытай арқылы көмір экспорттауды ұйымдастыруды сұрайды. Еліміздегі көмір өндіруші компаниялар алдағы уақытта өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Жапония мен Оңтүстік Кореяға экспорттамақшы. Себебі, Еуропа елдері мен көршілес Ресейдің Қазақстаннан көмір сатып алу көрсеткіші төмендеген. Сондықтан бұл саланың өкілдері көмір экспортын жүйелі әрі табысты жолға қою үшін Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Маминнің атына өтініш хат жолдаған. Хатта қазақстандық көмірді Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Жапонияға және Оңтүстік Кореяға экспорттау үшін мәселені үкіметаралық деңгейде қайта бағдарлау қажеттігі және Ресей Федерациясына Қиыр Шығыстағы теңіз порты арқылы тасымалдау проблемаларын ескере отырып, қазақстандық көмірді Азия-Тынық мұхиты аймақтарының нарығына экспорттауды қам-тамасыз етудің бірден-бір тиімді жолы – «Достық – Алашанькоу» халықаралық темiр жол шекаралық өткелi арқылы Ляньюньган портына апарар транзиттік дәлізді пайдалана отырып, Қытай арқылы тасымалдау керектігі баяндалған.

Қазақстанның көмір экспорттайтын жаңа нарық іздеуінің басты себебі алдағы уақытта Еуропа және посткеңестік елдерге көмір экспорттау мүмкіндігінен айырылады. Дегенмен, елімізде көмір өндірісі артып келеді. Ресми деректерге сенсек, 2018 жылы көмір өндіру көлемі 113 млн 702 мың тоннаны құрады, бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 6,5%-ға және 2016 жылмен салыстырғанда 16%-ға артық.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елімізде алдағы бес жылда көмір өндіру көлемінің азаятындығын болжады. Өткен аптада, 10 қыркүйекте ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылдың қаңтар – тамыз айларының қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда көмір өндіру көлемі 3%-ға төмендегенін мәлімдеді. Ал, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының (ТМКҚ) деректері де бірінші жарты жылдықта экспорт көлемі 3%-ға төмендегенін көрсетті. Өткен жылы экспорт барлық өндірістің төрттен бір  бөлігін, яғни 29 млн 192 мың тоннаны құрады. Сондықтан да, көмір экспортының төмендеуі өндіріс көлемінің одан әрі құлдырауына әкелуі мүмкін.

Қазақстандық көмірдің сыртқы нарыққа экспортталуына Еуропа елдері мен Ресей кедергі келтіріп отыр. Солтүстіктегі көршіміз бұрыннан Екібастұз көмірін тұтынатын станцияларды өздерінің Кузбасс көмірімен қамтамасыз етуді жолға қойған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының көмір өндіруші компаниялары 2020 жылға қарай Қазақстан көмірін тұтынуды шамамен 20%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Осы арқылы Ресей өзінің көмір өндірісінің айналымын  ретке келтіргенді жөн көреді.

Иә, Қазақстанның көмір экспортына Ресейдің тосқауыл болатындай өз себебі бар. Мәскеу саясатының салдарынан бүгінде Қазақстан Ресей аумағы арқылы транзитпен өткізілетін басқа да бірқатар нарықтарынан айырылып отырғаны жасырын емес. Мәселен, Украинаға қазір қазақстандық көмірді тасымалдау өте қиын. (Бұл тақырыптағы мақаланы газеттің 6-шы бетінен оқыңыз).

Жақында Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов ресейліктердің тиісті квотасы бөлінбеуінің салдарынан қазақстандық көмір өндірушілер Ресей арқылы Украинаға тасымалданатын транзиттің шамамен 60%-ынан айырылғанын мәлімдеді.

«2019 жылдың шілдесінен қыркүйек айына дейін Қазақстанның көмір өндіруші компаниялары Украинаға Ресей Федерациясы арқылы 584,12 мың тонна көмірді тасымалдайтындықтарын хабарлады. Алайда, Ресейдің экономикалық даму министрлігі 233,5 мың тонна көмірді ғана тасымалдауға рұқсат етіп, қалған 350,62 мың тоннаны тасымалдауға рұқсат сұраған өтініштерін қабылдамады. Осылайша, Қазақстан Ресей арқылы Украинаға жоспарлаған транзиттің жиынтық көлемінің 60%-ын жоғалтты», – деп мәлімдеді Максим Кононов.

Айта кетейік, 2019 жылдың сәуір айының ортасында Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведев Украинаға көмір тасымалдауға шектеу қоятын Қаулыға қол қойды. Құжат бойынша 1 маусымнан бастап Украинаға тек жекелеген рұқсаттар негізінде ғана экспортталатын тауарлардың тізімі шықты. Бұл тізімге мұнай өнімдерінің түрлері мен көмір де енді.

Қазақстанның көмірі Еуропа елдеріне де экспортталады. Алайда, олар газға және баламалы энергия көздеріне ауыса отырып, қазақстандық көмірді тұтыну деңгейін өздері төмендетіп отыр. Демек, еуропалық нарықта сәтсіздікке ұшырамас үшін Қазақстанның жаңа нарық іздеуі заңды құбылыс.

Қазақстанның Еуропаға көмір экспорттауы тиімсіз болып жатқандығын ресейлік «Argus Media» көмір нарығының шолушысы Юрий Онышкив те жаздың басында мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, сәуір айында Еуропадағы көмір бағасы соңғы 32 айдың ішінде ең төменгі мөлшерге жеткен. Еуропалық Одақта көмірдің бір тоннасы 52 доллардан төмен болған. Ал, 2018 жылдың қараша айында бір тонна көмірдің құны 91 долларды құраған еді.

«Еуропалық Одақта көмірдің бағасы бірнеше факторларға байланысты тоннасы 60 доллардан төмен түсті. Біріншіден, еуропалық қоймаларда үлкен қор жиналып, көмірдің артық мөлшері пайда болды. Екіншіден, көгілдір отынның бағасы әлдеқайда арзандады. Бұл өз кезегінде газ өндірісін дамытуға ынталандырды. Нәтижесінде Испания, Германия, Франция және Ұлыбританияда көмір жағу көрсеткіші жыл басынан бастап төмендей бастады», – деп түсіндірді сарапшы.

Дегенмен, Юрий Онышкив жылдың соңы-на дейін, Еуропадағы жылыту маусымының ортасына қарай көмірдің бағасы қайтадан көтерілетінін жоққа шығармайды. Бірақ, бұл қазақстандық көмір экспортына оң әсер ете қоймайды. Өйткені, Еуропа елдері көмір тұтынуды азайтуды одан әрі жалғастыра береді. Газ бағасының айтарлықтай төмендеуі және экологиялық талаптардың қатаңдауына байланысты 2019 жылдың бірінші жартысында ЕО елдерінде көмір өндіру көлемі 19%-ға төмендеді.

Максим Кононовтың пікірінше, көмірге сұраныстың төмендеуі қазақстандық көмірдің Еуропаға экспортталуына кері әсерін тигізді. Айталық, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында қазақстандық көмірді Финляндияға экспорттау тоқтатылды. Ал, 2018 жылдың 6 айында Финляндия бізден 695,1 мың тонна көмір сатып алған-ды.

Еуропалық нарық соңғы үш жылда елдің жалпы экпортының 14%-ын құрады. 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан Еуропаға 11 млн тонна көмір экспорттаған. Қазақстанның тұтынушысы болудан қалған Финляндия бір кездері қазақстандық көмірді еуропалық нарықта тұтынудан көш бастаған еді. Яғни, Финляндия Қазақстаннан 6,5 млн тонна көмір сатып алған. Бұл Еуропадағы соңғы үш жылдағы экспорт көлемінің 59%-ын құрайды. Екінші орында 2 млн 446 мың тонна немесе 22%-дық көрсеткішпен Швейцария тұр. Ал, Еуропа елдері арасында Қазақстан көмірін ең көп тұтынатын үшінші ел – Украина. Ол жылына 1,3 млн тонна көмір сатып алады. Бұл жалпы көлемнің 12%-ын құрайды. Сонымен қатар, Кипр – 409,6 мың тонна (4%), Ұлыбритания – 254,2 мың тонна  (2%) қазақ көмірін сатып алып жүр.

Рас, Финляндия сияқты басқа да еуропалық елдер Қазақстанның көмірінен бас тартса, онда отандық көмір өндіруші компаниялар аталған көлемде сатып алатын тұтынушыларын жаңа нарықтан іздеуі тиіс.

ҚАЗАҚСТАН КӨМІРДІ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯ НАРЫҒЫНА ШЫҒАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

«Бүгінде көмірге сұраныс Азияның біршама елдерінде артып келеді. Азия елдерінің ішінде көмірді көп тұтыну өсімі Үндістанда байқалады. Сондай-ақ, Индонезияда, Вьетнамда, Филиппинде, Малайзияда және Пәкістанда көмірге сұраныстың айтарлықтай артуы күтілуде. Көмірді тұтыну қарапайым болғандықтан, Азияның бұл елдері әзірге көмірден бас тартпайды. Сондықтан өз елдерінде көмір жағатын станцияларды көптеп салып жатыр», – дейді Максим Кононов.

Сарапшының деректеріне сенсек, жаңа көмір станцияларының құрылысына Вьетнамда 40 млрд доллар, Филиппинде 30 млрд доллар, Индонезияда 50 млрд доллар бөлініпті. Бұл Қазақстан сияқты көмір экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық екені рас. Дегенмен, алдыдан көмірді жеткізу, яғни тасымал мәселесі шығады. Неге десеңіз, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ешқайсысымен шектеспейді. Ал, транзит өте күрделі мәселе.

Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Ляньюньган теңіз порты (Қытай) арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Өйткені, Қиыр Шығыс (Ресей) арқылы тасымалдау қазіргі уақытта қиын. Байкал-Амур теміржолын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан ресейлік порт арқылы тасымалдау мөлшері шектеулі. Оның үстіне ресейлік теңіз порттарының бірі Восточный қалпына келтірілуде. Ал, Бейжіңнің мәлімдеуінше, Ляньюньган  қазақстандық көмірді техникалық тұрғыдан қабылдауға дайын. Бұл туралы Максим Кононов былай дейді: «Қытайлық логистикалық компаниялармен алдын-ала жүргізген келіссөздерде Ляньюньган портында көмірді ауыстырып тиеу үшін техникалық және технологиялық мүмкіндіктерінің бар екендігі расталды».

Максим Кононовтың айтуынша, қазақстандық көмір өндірушілер бұл бағытта жұмыс істеуге дайын. «Шұбаркөл көмір» АҚ осы транзиттік бағыт бойынша жылына 3 млн тоннаға дейін көмір экспорттауға ниетті. Бірақ, бұл транзиттік бағытты ұйымдастыру үшін бірқатар заңды, тарифтік, техникалық және технологиялық мәселелерді шешу қажет. Мемлекеттік болып саналатын Қытай темір жолдарының жұмыс ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан үкіметінің көмегінсіз, бұл бағытта жұмыс істеу мүмкін емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда айтылған мәліметтерден Ресейдің Қазақстан көмірінің экспортына салқынын тигізуі екі елдің арасындағы салқын қабақтың әсерінен болмағандығын білеміз. Қазақстан көмірі экспортының Еуропа елдеріне мөлшерінің азайғандығын Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларымен байланыстыру да негізсіз. Ал, Қазақстан Үкіметінің Қытаймен сәтті келіссөз жүргізіп, Азия-Тынық мұхиты елдеріне көмірді еш кедергісіз экспорттауға қол жеткізсе, бұл салада ешқандай мәселе болмас еді.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here