24 МЛН ТҰРҒЫНЫ БАР ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ МЕГАПОЛИС

0
238

Бүгінде еуропаланған қытайлық қала, әлемдегі ірі мегаполистердің бірі – Шанхай кезінде шағын ғана балықшылар ауылы болған. Ал, заманауи Шанхай – аспанмен тілдескен, орасан зор қаржылық және сауда орталықтары бар, бүтін бір мейрамханалар көшелері тізбектелген, іскерлік киімдегі кеңсе қызметкерлерінің тобымен толған шаһар. «Qazaq» газеті бүгін 24 млн халқы бар Шанхай қаласының өткені мен бүгініне тоқталады.

ЖАНҒА ЖАЙЛЫ АЛЫП ШАҺАР

Жазда Шанхайға саяхат жасау қолайлы сияқты көрінгенмен, қаланың ыстық ауа райы туристердің бәріне бірдей ұнай бермейді, 40 градусқа дейін ыстық болады және жаңбыр да жиі жауады. Сондықтан қаланы дұрыстап аралап, уақытыңызды барынша тиімді пайдалану үшін мұнда көктемде келген жөн.

Шанхайдың көлік жүйесі жақсы дамыған. Мұнда бір ғана автобус бағдарының өзі мыңнан астам. Ал, жергілікті метро тек Қытайда ғана емес, сонымен бірге әлемде ең жылдам дамыған. Метроның құны қашықтық пен  тармаққа  байланысты болады. Аялдамалар туралы хабарлама ағылшын тілінде де айтылады. Метро сағат 22.30-ға дейін жұмыс істейді. Шанхайда автобустар түн жарымына дейін жүріп тұрады. Олар бірнеше санаттарға бөлінген. Қаланың орталығында 1 мен 200-ге дейінгі номердегі автобустар жүрсе, одан жоғары нөмірлі автобустар қала сыртында қатынайды.

Егер әуежайға тезірек жету керек болса, магнитопланмен баруға болады. Бұл сағатына 430 км жылдамдықпен жүретін заманауи жоғары жылдамдықтағы пойыз. Мұндай пойыз әлемде тек Шанхайда ғана бар. Бір туристік қаладан екіншісіне кемемен де жетуге болады. 15 минут сайын қатынап тұр. Шанхайлық таксилер өте жайлы және арзан. Таксиді көшеде оңай ұстай бересіз, оның ақысын көлік иелері арнайы есептегіш құрал арқылы алып, сізге сол үшін чек береді. Жергілікті тұрғындардың әрбірінде дерлік велосипед бар, бұл көлік түрі Шанхайда аса танымал. Оларды қаланың кез келген нүктесінен жалға алуға болады.

Барлық кластағы мейманханалардың көп ауқымын қаланың тарихи бөлігі жағынан және бизнес кварталдан таба аласыз. Олардың бәрінде  тренажер залдар мен мейрамханалар бар. Үш жұлдызды қонақ үйлердегі бөлме құны 250 юаньнан (13 500 теңге) басталады. Ал, төрт жұлдызды қонақ үйлер еуропалық деңгейдегі сервис ұсынады, персонал ағылшын тілін жетік меңгерген. Бұл жағынан бюджеттік қонақ үйлерде қызметкерлер ағылшын тілінде мүлдем сөй-лемейді немесе нашар біледі.

Шанхайдың ең танымал және көпшілік білетін жері – Вайтань жағалауы. Бұл жерден ондаған тарихи құрылыстардан бөлек көптеген заманауи ғимараттарды көруге болады. Вайтань 100 жылдан бері қаланың символы мен мақтанышы болып келеді. Жағалаудың ең бір көрнекті жері – жаяу су асты жолы. Ғажайып Юй Юань бағы Мин династиясы басқарған тұста осыдан 4 ғасыр бұрын салынған. Ол тамаша табиғат көріністерімен, дәстүрлі сәулет өнерімен таңқалдырады.

ХХІ ғасырдағы Шанхай символы саналатын Цзинь Мао мұнарасы – мұндағы ең белгілі құрылыстардың бірі. Ол биіктігі жағынан Қытайда бірінші орында, ал әлем бойынша үшінші орында тұрған мұнара. Мұнарада барлар, қонақ үйлер, сауда орталықтары орналасқан. Мұнараның сәулеті батыс пен шығыс дәстүрлерін біріктірген. Жобасын американдықтар жасап, құрылысын жергілікті компания салған. Бұған қоса Шанхай қалалық мұражайы өзінің бай, сирек кездесетін мәдени құнды тарихи жәдігерлерімен ерекше. Онда 120 мың бірегей экспонаттар бар.

ШАНХАЙ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

Қаладағы метро құрылысы 1995 жылы басталды, алайда қазірдің өзінде ол әлемдегі ең ұзын метро, тіпті жарты ғасыр салынып келе жатқан лондондық метродан да ұзын.

Шанхайда неке базары бар, ол жерде бір-біріне жар іздеген жандардың хабарландырулары тұрады. Кейбір ата-аналар оған балаларына болашақ жар табу үшін барады.

Кешкісін қала көшелерінен билеп жүрген жүздеген азаматтарды көруге болады. Бұл флешмоб емес, мұнда көптен бар би сабақтары.

Жергілікті кафелерде Сізге тегін шай ұсынады, бірақ оған қоса берілетін сулықтар ақылы. Бұл ерекшелік олардың  тамақ ішу кезінде қолды сүрту қажетсіз деп санайтындығынан қалыптасқан. 

Қытайда көк шәйді тек жас, нәзік те әдемі қыздар тереді екен. Себебі, жас қыздың қолы да нәзік болады. Ол жәй термей, сонымен қатар шәйға әдемілігімен сән береді. Сұлу қыздар жақсы жинайды, ұқыпты қарайды, сосын ол жерге тағы да жақсы, әдемі шәй өседі деген сенім бар.

АСПАН АСТЫ ЕЛІНІҢ АСХАНАСЫ

Шанхайға барсаңыз міндетті түрде жергілікті теңіз шаянын жеп көріңіз. Оны қала халқы жыл бойына аулайды, сондықтан арзан тұрады. Шаянды қақтап та, қуырып та пісіре береді және оны қосып бәліштер дайындайды. Қалада жапон, өзбек, орыс асханалары бар, бірақ туристерді жергілікті асханалар қызықтырады. Міндетті түрде бару керек жерлердің бірі – дайын тамақтар сататын дүңгіршектері жағалай қатарынан орналасқан көше. Ондай көшелер қалада өте көп. Азаматтар көбіне тамақты жүріп жейді, сондықтан осындай тіскебасар тамақтар көптеп сатылады.

Қытай асханасы тағам түрлеріне өте бай. Мейрамханасына барсаңыз алдымен шөптесін өсімдіктерден жасалған салат түрлерін ұсынады. Артынша ыстық тамақ келеді. Ыстық тағамның да түр-түрі бар. Балықтан, тауықтан, теңіз өсімдіктері мен жәндіктерінен, өсімдіктерден жасалған тағамдар. Жеміс-жидектің бірнеше түрі дастарханға міндетті түрде қойылады. Шошқа еті тағамның 80%-на қосылады екен. Қытай халқы нан жемейді. Күріштен жасалған ұннан буға домалақ бауырсақ іспеттес нан пісіріледі. Сұйық тамақтары не ащы, не тәтті болады. Ас қайырғанша дастархан тамақтан босамайды. Айналмалы үстелдің ортасында үлкен ыдыспен әкелінетін астан өзіңізге қалауыңызша салып алуыңызға болады. Сусындарының ішінде ең көп қолданылатыны әрі ең танымалы – көк шәй. Көк шәйді демдеу әдісі де бөлек. Алдымен қайнатылған су құйылады, үстіне көк шәй салынады. Тұнған тұсында ішеді. Дәмі ащы болған кезде үстіне қайнатылған су құйып алып, шәйдің желісін үзбей іше берсеңіз болады.

ТУРИСТЕРГЕ КЕҢЕС

Шанхайда саяхаттаушылар сақтауы керек нақты бір ережелер қалыптасқан. Қытайлықтар жұрттың олар туралы пікіріне қатты мән береді, сондықтан олар үшін «бет-бейнесін» сақтап қалудың маңызы зор. Мұнда ішкі көңіл-күйіңді, соның ішінде теріс пиғылыңды көрсетудің қажеті жоқ. Өзіңді барынша байсалды ұстаған жөн. Әсіресе, саяси тақырыптарды қозғамаған дұрыс. Сонымен қатар, қытайлық саясат тақырыбында мүлде әзілдеуге болмайды. 

Қытай менталитеті еуропалықтардан өзгеше. Басқа жақта әбестік саналатын дүние мұнда әдеттегі нәрсе болып қабылданады. Мәселен, қытайлықтар дастархан басында отырып тамақты сылпылдатып жеуі мүмкін, Сізбен бірінші рет кездесіп тұрып жеке өміріңізді, жалақыңызды сұрауы немесе айқайлап сөйлеуі ғажап емес.

Батыстың мәдени ықпалына қарамастан жергілікті тұрғындар өз сәулет өнері мен дәстүрлі қытай асханасын қадір тұтады. Елге келген қонақтардан да сондай құрмет көрсетулерін қалайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шанхай шаһарына қонаққа бара қалсаңыз, олардың салт-дәстүріне құрметпен қарағаныңыз дұрыс болмақ. Мысалы, қытай храмдарының табалдырығын аттамау, жергілікті киелі орындарды суретке түсірмеу керек. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда темекі тартқандар үшін жазаның қатал екенін де естен шығармаған жөн. Міне, 24 млн халқы бар алып шаһар осындай тыныс-тіршілігімен өзге мегаполистерден ерекшеленеді.

ЖАНСАЯ ШЫҢҒЫСХАН, «QAZAQ»-ТЫҢ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here