Coca-Cola: Ақиқат пен аңыз

0
2821

127 жылдық тарихы бар америкалық «The Coca-Cola Company» – Қазақстанға келген алғашқы инвесторлардың бірі.  Бір мыңнан астам қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл компания соңғы бес жылдың ішінде ел экономикасына 250 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құйыпты. Ал, әлемді жаулаған алып компанияның тағы бір зауытының былтыр Шымкент қаласынан да ашылуы бізді қуантады. Өйткені, бұл ел экономикасына зор үлес қосады, жаңа жұмыс орындары пайда болады, бюджетке салық түседі.

«The Coca-Cola Company» компаниясының пайда болуы өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені, әлемді жаулап алған осы бір сусынның алып компанияға айналуы да зор еңбек пен табандылықты талап еткені анық.

Осы уақытқа дейін құрамы құпия болып келген газдалған алкогольсіз сусын негізінде 1892 жылы кәсіпкер Аса Григгс Кэндлер «The Coca-Cola Company» атты компанияның негізін қалады. Компания сол кезден бастап «Coca-Cola» және басқа да сусын түрлерін өндірумен айналысып келеді. Осылайша, бұл сусын 1902 жылы сауда нарығында 120 мың доллар тауар айналымымен АҚШ-тағы танымал өнімге айналды. «Coca-Cola» өндіріске енгеннен кейінгі 50 жылдан соң американдықтар сусынды ұлттық символ ретінде бағалап, әйгілі сусынды мақтан тұтатын болды.

Аталған компания үлкен мөлшерде әртүрлі сусындар шығарады. Қазіргі уақытта компанияда 3 500 сусын мен 500 бренд бар. Ресей сауда орындары сусынның тек 20 түрімен ғана таныс. Ал, Қазақстанда компанияның 10-нан астам өнімі ғана нарыққа шығады.

Қазіргі таңда «The Coca-Cola Company» компаниясының тауар айналымы 83,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл «KFC», «Subway», «Рepsi», «Budweiser» компанияларын қосқандағы мөлшерден де көп.

1980 жылы АҚШ  үкіметі  КСРО-дағы  жазғы  Олимпиада  ойындарына байкот жариялағанда, тәтті сусынның басшылығы оған қосылмай, спорттық ойындардың серіктесі болды.  Дәл сол жылы КСРО халқы алғаш рет бұл сусынның дәмін татып көрді. Содан КСРО жеріне «Coca-Cola» 1988 жылы келе бастады.

«Interbrand» халықаралық зерттеу агенттігінің қорытындысына сенсек, «Coca-Cola» 2005-2011 жылдар аралығында әлемдік бренд болып танылыпты. Американың брендiне айналып, әлемге таралғаны соншалық, бұл газдалған сусынның дүниежүзiнде секундына 8 мың стаканы iшiледi екен.

Көбісі «Сусынды АҚШ-та көп ішеді» деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Бұл сусынды пайдалану бойынша көш бастап тұрған ел – Мексика. Орта есеппен жылына бір мексикандық аталған сусынның 745 құтысын ішеді. Ал, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 400-ді құрайды.

«Coca-Cola» әлемдегі «ОК» сөзінен кейінгі ең танымал сөз көрінеді. Айталық, әлемде 7,4 миллиард тұрғын болса, соның 94 пайызы бұл сусынды біледі, басым бөлігі өмірлерінде бір рет болса да оны ішіп көрген екен.

Біз сөз етіп отырған ерекше сусынның зияны туралы көп әңгіме бар. Енді соған тоқталсақ артық болмас.

Рас, кейiнгi кезде аталған сусынның адам ағзасына келтiретiн зияны туралы мамандар дабыл қаға бастады. Бұрнағы жылдары «Coca-Cola» компаниясы өз сусынының жасалу құпиясын ашуға  мәжбүр  болғаннан  кейiн  мұндай  күдiктер  тiптi күшейдi.

Компания өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспада екен. Әдетте, оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, кофеин, карамель, көмiрқышқыл қосылады. Сөйтіп, өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ екеніне елдi сендiруге тырысуда.

Ғалымдар асқазан, ішек жүйесі, қант диабетімен ауыратын адамдарға бұл сусынды жиі ішпеуге кеңес береді. Бірақ, қалыпты жағдайда «Coca-Cola»-ның зиян еместігін айтады.

«Coca-Cola» сусындары алғаш Қазақстан нарығына 1994 жылы шықты. Ал, «Coca-Cola» мен басқа да алкогольсіз сусындар өндіретін Орта Азиядағы жалғыз зауыттың негізі 2008 жылы Алматы қаласында қаланды. «Coca-Cola Almaty Bottlers» компаниясының жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, әлемге әйгілі сусындарды шығаратын зауыттың бөлімшелері 2016 жылы Нұр-Сұлтанда, 2018 жылы Шымкентте ашылды. Осы үш зауыт 1 000-нан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Coca-Cola»-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Асад Шириновтің айтуынша, қазір бұрынғымен салыстырғанда компания өнімдері сәл қымбаттаған. Бұған себеп те жоқ емес. Әлемді жаулаған қаржы дағдарысы сусын шығарушыларды да айналып өтпепті. Оның үстіне «Coca-Cola» сусындары елімізде жасалғанымен, оның құрамындағы шикізаттар шетелден доллармен, еуромен сатып алынады. Яғни, теңге әлсіреген сайын бұл сусынның да бағасы қымбаттай түседі. Дегенмен, Асад Ширинов Қазақстандағы өзге алкогольсіз сусындар да қымбаттағанын, солармен салыстырғанда «Coca-Cola»-ның бағасы қолжетімді екенін айтады.

Қазақстан нарығындағы өзгерістерді бақылап жүргенін айтқан компания басшысы алып компанияның құпияларымен де бөлісті. Компания жылына орта есеппен 750 млн литр сусын шығарады. Ал, былтырғы жылы бұл көрсеткіш еселеніпті. Яғни, компания былтыр 1,5 млрд литр өнім шығарған екен. Шамамен жылына бір қазақстандық 100 литр «Coca-Cola» сусынын ішіпті.

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here