Шыңғыс НҰРЛАНОВ: «Университетіміздің жаңа стратегиясы қабылданды»

0
10905

Абылай ханның «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген даналық сөзінің астарында қаншама мән-мағына сыйып жатыр. Жаһандану дейтін жұмбағы мол құбылысты кезеңде білімнің ауадай қажеттігін тағы да сезініп отырмыз. Ал, Жаңа Қазақстанды құруда алдымен ұстаз атаулының аянбай тер төгуіне тура келеді. Көп салмақ соларға түседі. Өріс тарылып, өкпе қысқан тұстағы сан сауалды елімізде «Ұстаздар ұстаханасы» атанған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, білім беруді басқару магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Шыңғыс Нұрлановқа қойып едік. Төменде педагог мәртебесі және тұңғыш университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен өрбіген сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«АҚШ-ТА ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУЫМА
БАЛА КҮНІМДЕ АҒАМНЫҢ
АЙТҚАН СӨЗІ ӘСЕР ЕТСЕ КЕРЕК»

– Шыңғыс Нұрланұлы, өткен жылы егемендігімізге отыз жыл толды. Бір адамның өмірімен есептегенде, бұл – ұзақ мерзім, ал тарлан тарих үшін қас-қағым сәт. Ойлап көріңіз, осыдан отыз жыл бұрын «шыр» етіп өмірге келген нәресте «орда бұзар отыздың» биігіне шығып отыр. Өзіңіз де сол кезеңнің елең-алаңында жарық дүниеге келіпсіз, жас болсаңыз да бас болып түрлі лауазымды қызметтерді атқарудасыз. Өткенге сәл шегініс жасайықшы… Шығыс өңірінде дүние есігін ашқан бала Шыңғыс пен бүгінгі өзіндік болмыс-бітімі қалыптасқан тұлға Шыңғысқа дейінгі жүріп өткен жолыңызға шолу жасап көрсек…

– Иә, еліміз егемендік алар тұсынан сәл ілгеріде, 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсаң қаласында туып-өстім. Балалық шағым тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келді. Өзім үйдің үлкені әрі жалғыз ұл бала болдым. Қазақта тұңғыш немере үлкендердікі ғой. Сол дәстүр бойынша екі айлығымнан апам мені бауырына басты. Орынжамал әжемнің қолында ес біліп, ержеттім десем де болады. Бірінші сыныпқа дейін Зайсаңда тұрдым.

Ең алғаш әріп тану, санақ, сурет салу – бәрін ағам Қанат үйретті. Жиі ауыра беретіндіктен әжем мені балабақшаға да жібермей қойған. Шамамен бес-алты жасымда болса керек, елімізге түрлі-түсті теледидар келе бастаған. Бірде Қанат ағам теледидардан АҚШ туралы бағдарлама көріп отырып, кенет мені шақырып алып, жанына отырғызып қойды да: «Анау – Америка! Ол жерде мықты білім бар! Сен, сол елге оқуға бару керексің!» – дегені. Ағамның бұл сөзінің астарын ол сәтте түсінетін жаста емеспін ғой. Алайда, ағамның сондай ерекше әсермен айтқан сөзі жадымда кәдімгідей жатталып, есімде қалып қалған болатын.  

Сөйтіп, бірінші сыныпқа баратын жылы анам мені қалаға алып кетіп, Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 қазақ орта мектебіне берді. Бүгінде ол мектептің лицей деген мәртебесі бар. Жетінші сыныпқа көшкен жылы Өскемен қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің қабылдау емтихандарынан өтіп, оқуға қабылдандым, қазір бұл оқу орны «Білім-инновация лицейі» деп аталады.

Лицейдегі сыныптастарымның арасында ағылшын тілін жетік меңгергендер болды, соларға қызығып мен де ағылшын тілін үйрене бастадым. Әрі десеңіз, жаратылыстану ғылымының сабақтары ағылшын тілінде өтетін. Осы пәнді дұрыс игеру үшін ағылшын тілін тереңірек үйренуге деген құлшыныс пайда болды. Достарыммен таңғы сағат алтыда тұрып алып ағылшын тілін оқитынбыз. Сонда 11-сынып оқушылары Америкаға оқуға түсе бастады. Мәселен, Қазақ-түрік лицейінің шәкірті Игорь Вашингтон, Сеул қалаларында өткен математика пәнінен халықаралық олимпиадалардан алтын медаль алып, АҚШ-қа оқуға түсті. Сосын Игорьдан: «Сен қалай оқуға түсіп жүрсің?» – деп сұрадым. Өзі ауылдың баласы. Ол емтиханға қалай дайындалғанын, қайтіп тапсырғанын түсіндіріп берді. Өзге де үздік оқушылардан керекті мәліметтерді сұрап-біліп алдым. Біз де сол медалистер секілді TOEFL, SAT секілді тесттерге дайындалып, емтихандарды тапсырдық.

Ернар есімді досым екеуіміз 10-сынып оқып жүргенде, қаңтар айында Президенттің «Болашақ» бағдарламасы жарияланды. «Бағдарлама аясында үш мың жас талапкер әлемнің түпкір-түпкіріне оқуға жіберіледі» дегенді естіп қатты қуандым да анама: «Мен де «Болашақпен» оқуға барамын», – дедім.

Он бірінші сыныпқа көшкен жылдың жазғы демалысында Ернар екеуміз мектеп директорынан мектепке келіп дайындалуға рұқсат сұрадық. Бас алмай емтиханға дайындалып, 11-сыныпқа келген кезде емтихандарды тапсырып, «Болашақ» бағдарламасына да қатысып, Америкаға оқуға түсіп кеттік.

«Егер Қанат ағам кезінде «Америкада оқуың керек!» деп нық шешіммен айтпаса, мүмкін Америкаға бармайтын ба едім» деген де ой келеді. Психологияда  «подсознание» деген ұғым бар ғой, мүмкін ағамның сол сөзі бала маған солай әсер еткен болып тұрады. Осыдан кейін мен өзімнен кейінгілерге де: «Үлкендерді тыңдап жүріңдер», – дегенді жиі айтамын.

– «Болашақпен» оқып келдіңіз. Ел көріп, жер көріп, білім жетілдірген заманауи маман ретінде «Болашақ» білім беру бағдарламасының операторы – «Халықаралық бағдарламалар орталығында» жұмыс атқардыңыз. Жалпы, осы бағдарлама ел дамуы үшін қаншалықты кәдеге жарап жүр дер едіңіз?

– Жалпы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті де, қазіргі Мемлекет басшысы да көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып отыр. Ол – дұрыс, біздің географиямыз да, халқымыздың болмысы да соған сай. Көпвекторлы саясат елшілер арасындағы қарым-қатынас ғана деп ойламауымыз керек. Мұнда «Болашақ» бағдарламасының қосқан зор үлесі – шет мемлекеттер мен Қазақстан арасында алтын көпір болу. Шет елде білім алып жүрген студенттерімізді білім-ғылым саласындағы бейресми елшілеріміз деуге болады. Біріншіден, сол студенттеріміз арқылы елімізді таниды, олар шет елде міндетті түрде Наурызды тойлайды, ұлттық киімдерімізді киіп, туымызды және өзіміздің салт-дәстүрімізді көрсетеді, насихаттайды. Екіншіден, тек жастар ғана емес, қазіргі таңда ғылыми тағылымдамадан профессорларымыз да өтуде. Білім алмастыру қаншама көзқарастың өзгеруіне де, қалыптасуына да пайда әкеледі. Мәселен, АҚШ-тан қайтып келген сәтте менің де көзқарасым әлдеқайда өзгерген еді. Кез келген іске және мемлекеттің білім саласын дамытуға деген тың көзқарастарым пайда болды.

Еліміздегі бекітілген білімді дамыту бағдарламаларына көз жүгіртсеңіз,  қажетті ақпаратыңыздың бәрі сол жерде жазылған. Неге десеңіз, мемлекеттердің дені Академиялық ынтымақтастық ұйымының бағытына қарай жұмыстар жасауда. Сыртта оқып келген қыз-жігіттер екі мемлекеттің арасындағы көпір ғана емес, шет елде үйренген дағдыларын, тәжірибелерін қолданып, елдегі жастармен бөлісуде.  

Сингапурде білім мен ғылымды дамыту төрт сатыдан өткен екен. Сол сатылардың біріншісін оқысаңыз бізге өте ұқсайды. Қазақстанның проблемасын көргендей әсер алдым, проблемаларымыз өте ұқсас: ұстаздар жетіспеушілігі, жиі реформалар қабылдау. Сондықтан осындай тәжірибесі бар мемлекеттерден үйренейік, үйренудің еш әбестігі жоқ.

«МЕКТЕПТЕР АРАСЫНДА БІЛІКТІ ПЕДАГОГ
ҮШІН БӘСЕКЕЛЕСТІК БАР»

– «Ұстаздар ұстаханасы» атанған бұл жоғары білім ошағына, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор лауазымына келгеніңізге көп бола қоймапты. Дегенмен, университетте студенттерге тәрбие және әлеуметтік қолдау бағытындағы іс-шаралар қалай жүзеге асырылуда?

Университетіміздің биылғы стратегиясы жаңарып, оған «Жұмылдырылған университет» атауындағы пункті қостық. Аталмыш пункті – университеттің үш миссиясының бірі. Және «Әлеуметті жауапты университет» деген пунктіміз бар. Бұл бағыт бойынша студенттерімізді білім мен ғылыммен қатар, қоғамда белсенділікке үйрету, яғни оларды республикалық, облыстық, қалалық маңызды іс-шараларға және бағдарламаларға жұмылдыру.

Университетімізде тәрбие бағыты аясында атқарылып жатқан шаралар жетерлік. Соның бірі – «Толық адам» тұжырымдамасы. Абайдың «Толық адам» шығармасының негізі бойынша құрылған. Бұл дегеніміз не? Ол – нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат.

«Нұрлы ақыл» – профессорларымыз беретін білім-ғылым деген сөз. «Жылы жүректі» университетіміздегі еріктілер қозғалысы жүзеге асырады. Ал, «Ыстық қайратты» әртүрлі эмоционалды интеллект, кәсіпкерлік, көшбасшылық атаудағы курстарымыз арқылы жүзеге асады. Бұл қосымша курстардың студенттеріміздің білікті маман болып қалыптасуына пайдасы зор.

Бүгінгі атқарып отырған қызметтің алдында мен Республикалық физика-математика мектебінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында директор болдым. Сондықтан мектептің тынысын жақсы білемін әрі тәрбие жұмысында қандай олқылықтар бар екенін сол жерде көрдім. Сол олқылықтарды азайту мақсатымен мектептермен байланыс орнатуды жолға қойып және осы жұмыстарды жандандыру мақсатында «Ұлттық тәрбие орталығын» аштық. Біз, Ұлттық педагогикалық университет болғандықтан ұлттық тәрбиені дәріптейміз, әрқашан қолдаймыз. Ұлттық тәрбиеге қатысты қалада өтетін барлық игі шараларға қатысып, сол іс-шараларда белсендіміз деуге болады.

 «Ұлттық тәрбие орталығындағы» психологтар апта сайын мектептерге барып жиындар өткізеді. Мұны біз есеп үшін жасамаймыз, сол әдемі іс-шараның мәні, мағынасы, белгілі бір астары болуын көздейміз. Оқушыларға қазақилық, ұлттық тәрбие не екенін, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, бүгінде сол құнды дүниелеріміз қалай сақталуда екенін ұғындыру, бала санасына сіңіру керекпіз. Өйткені, интернет жүйесі билеген мына қоғамда баланы таңдандыру оңай емес, олар әлемде не болып жатқанын қолындағы алақандай телефонмен-ақ біліп отыр. Сондықтан өзіміздің ішкі ұстанымымызды ұстап қалу үшін осы мәселені бала кезден дағдыландырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

«Ұлттық тәрбие орталығының» екінші бағыты – психологтар арқылы мектептегі психологиялық жұмыстарды жақсартуға атсалысу. Яғни, университетіміздің психологтары тек студенттерімізбен емес, олар мектеп психологтарына шеберлік сабақтар, тренингтер өткізеді әрі мектептегі оқушылармен жұмыс істейтін білікті психологтармен тәжірибе алмасады.

Орталықтың үшінші бағыты, ол – бізде Оразалы Досбосынов атындағы ақындар мектебі бар. Сол ақындар мектебінде жыл сайын «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық айтыс өтіп тұрады. Бұл жақсы дәстүр студенттердің арасында шектеліп қалмасын деп, мектептерге де шығып, өткізудеміз. Сондай-ақ, мектепаралық мүшәйра өткіземіз және сол мүшәйраның өз шеңберінде өтуіне, мүшәйраға іріктелетін өлеңдер тақырыбына дейін жіті мән беріп, студенттер мен оқушыларға шеберлік сабақтар өткіземіз.

Университет студенттеріміздің 85 пайыздан астамы республикамыздың түкпір-түкпірінен келгендер. Әлеуметтік жағдайы төмен студенттердің оқу ақысына, жатақханаға орналасуына жеңілдіктер қарастырылған.  

– Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген даналық сөзін Президентіміз қайта  жаңғыртты. 2019 жылы 30 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Сөйтіп, қоғамда беделі түскен қастерлі мамандықтың мәртебесін заңмен бекітті. Педагог абыройын асқақтату аясында университетте қандай маңызды шаруалар атқарылуда?

Жоғарыда Өзіңіз атап өткендей, біз – ұстаздар ұстаханасымыз. Кезінде университетімізде Алаш зиялылары жұмыс істеген. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы осында сабақ беріп жүргенде, көзінде оты ұшқындаған жалынды жастармен жеке жұмыс істеп, тіпті сондай қыз-жігіттерді іргеміздегі Панфилов саябағына апарып, өзі бөлек дәріс оқыса керек. Әсіресе, түскі уақытта, дәріс залында айта алмайтын (мысалы, анау Жапонияда, Америкада былай болып жатыр деген секілді…) тақырыптарды саябақ ішінде отырып, еркін түрде айтады екен.

Ахмет Байтұрсынұлы бастап кеткен сол ісін халықаралық тәжірибеге сәйкес жандандырмақ ниетте, университетіміз Honors College жобасын бастамақ. Осы жобаның негізінде білімді, білікті деген студенттерді таңдап алып, оларға сабақтан тыс уақытта қосымша дағдыларды үйретеміз. Жобаның мақсаты – мектептерге талантты педагогтарды дайындау. Елімізде жалпы білім беру мектептерінен бөлек жекеменшік білім ошақтары, Назарбаев зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектептері бар. Сонымен қатар NGS деген мектеп бар. Біз сондай мектептердің директорларымен кездестік. Жекеменшік мектепте кей функциялар басқаша жұмыс істейді. Ондай мектептердің проблемасы – білікті ұстаздарды мектепке шақыру. Республикалық физика-математика мектебінде директор болып жұмыс істеген кезде, физика пәнінен мықты бір мұғалімді мектепке  алу үшін бір жыл артынан «жүгірдім». Яғни, мектептер арасында бәсекелестік пайда болды. Жекеменшік мектептер арасында да, басқа мәртебесі бар мектептер де білікті мұғалімдер үшін таласады.

Жалпы, кеңестік дәуірде ең жақсы мектеп үйдің жанындағы мектеп болып саналған және оған «прописка» бойынша бара беретін. Қазір ондай түсінік жоқтың қасы. Қазіргі кезде «инклюзия» деген ұғым тек мүмкіндігі шектеулі балалар туралы емес, инклюзия дегеніміз – озық ойлы, білімге құштарлығы ерекше балалар туралы да әңгіме деген сөз. Табиғаты ерекше балаға, әрине ерекше тәжірибелі ұстаз және орта қажет. Мұндай балаға сұранысына сәйкес білім сапасын бере алмасаң, ол бала мүлде сабақ оқымай қоюы да әбден мүмкін. Сонықтан дарынды балаларға сәйкес білікті ұстаздарды даярлау қажет.

Кез келген педагогикалық жоғары оқу орны, яғни біз бизнестегі өндіруші секілдіміз. Біздің өнімдеріміз мектепке барады. Қосымша курстарды студенттерге сол үшін үйретеміз. Ол қазіргі таңдағы эмоционалды интеллект, цифрлық педагог, инклюзивті балалармен және дарынды балалармен жұмыс істеу секілді жоба бойынша мектеп директорларын шақырамыз. Мектеп басшылары теоретикалық емес, практикалық тұрғыдан студенттерімізге мектептердің басқару тетіктерін айтып беретін болады.

Екінші мәселе – ұстаз біліктілігін арттыру. Ұстаз дайындайтын тарихы мен салмағы бар жоғары оқу орны болғандықтан, сапалы ұстаздар дайындау басты міндетіміз. Бұған алғашқы қадам жасалды. Қыркүйек айында келетін бірінші курс студенттерін бірден мамандық бойынша емес, бағдарламалар тобына қабылдауға шешім шығардық. Нақтылап түсіндірсек, бір жыл бойы студенттер белгілі бір факультет бойынша оқымайды. Тек екінші курста ғана бағдарлама тобы арқылы мамандықты өздері таңдайды. Мысалыға айтайын, группада педагогикалық физика және ғылыми физика мамандығы болды делік. Сосын студенттер ғылыми физикамен айналысамын немесе физика пәнінен педагог боламын деп, өздерінің қалауы бойынша таңдай алады. Оларды бірінші курста мектептерге алып барып қызықтырып, көрсетеміз. Өйткені, келесі жылдан бастап пассивті түрдегі өндірістік тәжірибе бірінші курстан басталады. Мысалы, бір түлек инклюзивті білім беру мамандығын таңдады делік. Ол өмірінде инклюзивті балаларды көрмеген, сосын үшінші курсқа барғанда өндірістік тәжірибеде сондай балаларды көреді. Сосын оның меселі қайтады. Өйткені, бірінші жылы тек теориялық тұрғыдан ғана оқып жүрді. Сондықтан келесі оқу жылынан бастап, бірінші курстарды аптасына 3 сағаттан мектептерге жібереміз. Инклюзивті білім беру мамандығында оқыса, сондай мектептерге студенттерді тәжірибеге жібереміз. Мүмкін студент көрген соң, сол жерде мамандығын ауыстыруға шешім қабылдар. Себебі, практика теорияға қарағанда өзгеше, алайда екеуінің арасында сабақтастық бар. Бірақ та оны өз көзіңмен көруің бөлек қой. Қазір осындай жобаларды қолымызға алып отырмыз.

Үшінші мәселе – мектеп тапшылығы. Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салу туралы тапсырмасына сәйкес жаңадан мектептер салынады. Ол дегеніміз не? Ол бізге бәсекеге қабілетті мектеп директорлары керек, одан бөлек 4 мыңнан астам директордың тәрбие жөнінде, оқу ісі жөнінде, әдістемелік жұмыстар жөнінде орынбасарлары керек, мыңдаған мұғалімдер де қажет екені белгілі. Енді біз сол мамандарды даярлау керекпіз. Бұған, әрине, халықаралық тәжірибеден алынған әдісті қолданған жөн. Бұны Назарбаев университетінде магистратурада оқып жүргенде көрдім. Мектепте жұмыс істеп жүріп, қосымша магистратурада оқыдық. Мысалы, мектептегі балаларды демалысқа жібересің, өзің де екі-үш апта оқуға барасың, ал қалған тапсырмаларды онлайн тапсырамыз. Сөйтіп, екі жылда магистр болып шығасың. Осындай бағдарламаны ашып, жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар. Яғни, болашақ мектеп директорлары үшін бағдарламаны бірден практикалық тұрғыдан қарастыруды жөн санадық. Бүгінгі таңда расымен де нағыз көшбасшы, мектепті басқара алатын және балалардың ой-өрісімен санаса білетін мектеп директорлары қажет. Бұл –  ұстаз біліктілігін арттыру үшін жасаған жақсы қадам деп ойлаймын.

«ПЕДАГОГТАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІЗ ЖҰМЫСҚА
БАРУЫНА ӨЗ БАСЫМ ҚАРСЫМЫН»

– Шыңғыс Нұрланұлы, білім-ғылым саласының заман ағымына қарай түрленуі заңдылық. Ал, университетте заман ағымына сай ауыз толтырып мақтанарлықтай нендей өзгерістер болуда?

Университетіміздің жаңа стратегиясы қабылданды, сол бойынша жұмыс атқарылуда. Оның бірнеше бағыты бар. Бүгінгі таңда педагогтерді дайындау бойынша әлемде көптеген үдерістер бар. Қазіргі кезде сыныпқа кірсеңіз, парталардың орналасуының өзі өзгеріп кеткен. Бұрын партада біріміздің артымызда біріміз отыратынбыз. Қазір заманауи сан алуан парталар шығып кетті. Оның барлығы жаңа методикаға байланысты. Ұстаздарымыз да жаңа методика мен дағдыларды үйренуде. Сол негізде оқу ордамыз профессорлармен, мектеп мұғалімдері және басшыларымен бірігіп, жаңа оқу бағдарламасын жаңартудамыз. Магистратурадағы жаңа бағдарламаны жасар алдында біз мектептің басқарушылары немесе директорларынан кеңес сұрадық. «Мектептің директоры қандай болуы керек? Сіз қандай мектеп директоры болдыңыз? Кезінде Сіз мектеп директоры болмай тұрған кезде Сізге қандай дағдылар жетпеді? Осыны университет үйретсе ғой деген бір әттең-ай дегізген жағдайлар бар ма?». Осындай сауалдарды алдымен сұраймыз, сосын нақтылаймыз, сосын бағдарламаға қосамыз. Одан тыс мектептерден тікелей директорлардың өздерін, мұғалімдерді студенттерге дәріс беруге арнайы шақырамыз.

Ең үлкен мәселе – цифрландыру. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, онлайн түрдегі білім беру үшін лицензия керек. Онлайн нұсқада білім беру мүлдем басқа, себебі ол жердегі эмоция жоқ. Онлайн білім беруде жалғыз білім емес, сонымен қатар эмоция, энергетика басымырақ болғаны дұрыс. Оқушыға, балаға осы нәрсе жетіспей тұрады. Мұны бала сезіне алмағандықтан, онлайн білім беру күрделеніп кетті. Пандемия кезінде онлайн оқуға көштік. Дегенмен, онлайн білім беру немесе білім алу – дәстүрлі білім беруден басқаша екендігін мойындаймын.  

–  Қазіргі уақытта ЖОО соңғы курс студенттерін тәжірибеден өтуге жібереді. Жалпы, мектептермен байланыс қаншалықты жүйелі жолға қойылған? Студенттердің тәжірибеден өтуі қаншалықты маңызды?

Алматы қаласындағы 180-нен астам мектептермен жұмыс істейміз. Студенттеріміз өндірістік практикадан өтеді. Педагог үшін тәжірибе өте маңызды. Мысалы, 1-курс студенттері 3 сағат өндірістік практикада болады. Олардың білімі енді қалыптасып келе жатқандықтан, жалпы педагогикалық мамандыққа деген бейімділігі шыңдалып, педагогикалық ортадағы жұмыстармен танысады. Яғни, ол тікелей өзі сабақ бермейді. Тек қана тәжірибеде мұғалім қалай сабақ өтуі, оқушылардың ынта-жігерін бағамдауы, олардың сабаққа қатысуы секілді жағдаяттарды бақылап, байқап жүреді. Педагогикалық-психологиялық практика кезінде 2-курс студенттері аптасына 2 күн 3 сағаттан, 3-курста әдістемелік практикада аптасына 3 күн 6 сағаттан, яғни, бір аптада 18 сағат мектепте болуы керек. Енді 4-курста 5 күн бойы 6 сағаттан мектепте жүреді. Педагогтардың тәжірибесіз жұмысқа баруына өз басым қарсымын.

– Әуезов Сүйінбайды айтыстың алтын діңгегіне балаған екен. Жоғарыда Өзіңіз атап өткендей, тұңғыш университет те «Менің пірім – Сүйінбай» атты жас ақындар айтысын өткізіп жүр. Сол жарыстан болашағынан үміт күттіретін жастардан кімдерді айта аласыз?

– «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық студенттер арасындағы ақындар айтысын жыл сайын өткізіп тұрамыз. Биылғы айтыстың финалын «Алатау» театрымен келісіп, сонда өткіздік. Еліміз бойынша елуге жуық студент қатысты. Жүрсін Ерман бастаған Серік Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Қазірет Бердіхан секілді ақындар айтысқа қазылық етті. Екі жеңімпаз ақынға Жүрсін ағамыз үлкен айтысқа жолдама берді. Бас жүлдені Айбек Жеңісқазин жеңіп алса, I-орын Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. II-орынды Ерасыл Жақсыбек пен Айым Асылбекқызы, III-орынды Бексұлтан Орынбасаров, Жанарыс Тілеубек және Бекеғали Бекболат еншіледі.  Арнайы номинацияны да иеленген ақындарымыз болды. Сондай-ақ, биылғы айтысқа «ASSYLTAS» қоғамдық қоры демеушілік көмек көрсетті.

«БІЗДЕ «ПЕДАГОГ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСПАЙДЫ»
ДЕГЕН ЖАҢСАҚ ПІКІР ҚАЛЫПТАСҚАН»

Шыңғыс Нұрланұлы, жастарды руханиятпен ғана сусындатпай, экономикалық тұрғыдан сауатты боп қалыптасу үшін университет қабырғасында «Жастар кәсіпкерлігі» курсы жұмыс істейді екен, осы курс туралы айта кетсеңіз…

– Өте орынды сауал. Рас, бізде «педагог кәсіппен айналыспайды» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. «Педагог тек бір саланы ғана игерсін» деген ереже жоқ. Қазіргі таңда жекеменшік мектептер мен білім беру орталықтары жетерлік. Міне, осыдан келіп оқу орындарын қалай ашады, қалай басқарады деген сұрақтар туындайды. Сондықтан педагогикалық біліммен шектеліп қалмастан кәсіпкерлікті де дамыту мақсатында осы жобаны қолға алып, курс аштық. Осы жоба аясында биыл 150-ге жуық студентіміз кәсіпкерлік курстарынан өтті. Сәтті аяқтаған студенттерімізге сертификат табыстадық. Курстарда студенттер сол кәсіпті қалай ашу, қаржы тарту, қалай басқару, бизнес-жоспарды қалай жазу керектігін, банкке қатысты шаруаларды қалай реттеу, банкке несие алу үшін қандай құжаттар дайындау қажеттігін, барлығын егжейлі-тегжейлі үйренді.

Бұл идея бір басқосуда отырғанымда ойыма келген. Сол отырыста бір бауырымыз отырғандарға: «Қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин тірі болғанда, немен айналысар еді?» – деп қызық сауал тастады. Сонда бір бауырымыз былай деп жақсы жауап берді: «Мемлекеттік емес жекеменшік жақсы мектебін ашатын еді. Сөйтіп, сол мектептің бағдарламасын мықты етіп қалаушы еді».

Иә, расында мектеп бағдарламасының мазмұны мықты болса, білімдар бала тәрбиелеу қиындық тудырмас еді. Әсіресе, тіл мәселесіне де назар аударған жөн. Өзімізге мәлім, Алаш арыстарының басым көпшілігі бірнеше тіл білген, мәселен, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан тоғыз тілді білген. Жеке оқу оындарында алдымен білім, сосын қаржылық жауапкершілік тұрады. Ал, екеуін де игеріп кете алсаң, онда сенен жақсы кәсіпкер оқытушы шығары сөзсіз.

– Карантин кезінде ақылы бөлімде оқитын студенттерге жеңілдіктер қарастырылғанын білеміз. Мұнан бөлек студенттерге басқа да әлеуметтік қолдау қарастырылған ба?

– Әлеуметтік көмек карантиннен тыс кезде де ылғи беріліп келеді. Мәселен, толық жетім санатындағы студенттерге жүз пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал, жартылай жетім, көпбалалы категория санатындағы студенттерге де белгіленген ереже бойынша жеңілдіктер көрсетіледі. Біз, әлеуметтік жауапкершілікті университет болғандықтан, әрқашан студенттерді қолдаймыз.

Шыңғыс Нұрланұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here