«SAUMAL» ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ҚАЛАЙ /ҚАШАН ШЫҒАДЫ?

0
2105

Экономикасы шикізатқа тәуелді елдің алысқа бармайтынын экономикалық дағдарыс тағы бір дәлелдеп берді. Мұнай бағасы құлдыраған сайын шикізат экспорттаушы елдердің экономикасы да шатқаяқтап тұр. «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзады» дегендей, мұнай экспорттаушы елдердің бюджет түсімдері және азайды. Бұл елдердің қатарында Қазақстан да бар. Ал, шикізатқа тәуелді болмау үшін ең алдымен жеке өндірісті дамыту керек. Осыны ескерген Үкімет «Қазақстанда жасалған» сауда белгісімен өз өнімдерімізді шығаруға, отандық зауыт-фабрикаларды қолдауға мүдделі. Айтса айтқандай, отандық нарықта «Saumal» сауда белгісімен биенің сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ өндіруді қолға алған компанияның да мақсаты сол – жаңа ұлттық брендті қалыптастырып, қазақстандық өнімді әлемдік нарыққа шығару. Қарағандылық зауытты құрушылардың бірі Ғалымжан Мейрамбековтің айтуынша, компания әлемге Қазақстанның тек мұнай-газ елі ғана емес, бие сүтінің отаны екенін көрсеткісі келеді. Яғни, «Saumal» да француз шарабы мен неміс сырасы сияқты қазақтың жаңа ұлттық брендіне айналуы керек.

ГЕРМАНИЯҒА САУМАЛДЫ АПАРҒАН КІМ?

Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген нақ көшірмесі. «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының меншігіндегі зауыттың үлесіне 25 мың гектар жайылым жер тиесілі. 1,5 мыңнан аса бие тәулігіне 2,5 мың тонна сүт береді және сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 мың тоннаға дейін жетеді.

Биенің сүті – саумалды бірден құрғатып, ұнтаққа айналдыру Франция мен Германияда ертерек қолға алынған. Қымыздың бұл құрғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, дәрі-дәрмек жасау саласында да таптырмайтын шикізат. Мұны, өкінішке қарай, Қазақстан емес, алдымен Германия қолға алды. Ал, қымыз неміс жерінде қалай пайда болды? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының соңында әскери тұтқын Рудольф Шторх КарЛАГ-та (Қарағанды түзеу-еңбек лагері, – ред.) отырып, өкпе ауруының (туберкулез) ауыр түрімен науқастанады. Дәрігерлер басқаларға жұқтырмас үшін оны «Бәрібір тірі қалмайды» деген сылтаумен лагерьден шығарып жібереді. Өлуге жақын қалған неміс солдатын шопан ақсақал көріп, өз үйіне  алып келеді. Бәйбішесіне мән-жайды түсіндіріп, екеуі науқасты емдеуге кіріседі. Жаңа сойылған қойдың жас терісіне орап, саумал ішкізу сияқты халық емдерін қолданып, жарты жылда өлім аузында жатқан немісті аяғынан тұрғызады. Тұтқыннан босағаннан кейін Рудольф Шторх Германияда тұрақтанып, өз ісін ашу үшін он бие сатып алып, қымыз өндіре бастайды. Ісі оңға басып, бүгінде бұл 400 сауын биесі бар үлкен фермаға айналады. Осы бизнесті қазіргі кезде Шторхтың қызы Джетт пен күйеу баласы Ганс Цольмандар жалғастырып келеді. 

Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген нақ көшірмесі болып табылады. Барлық шаруашылық – орналасатын жерінен бастап, жылқылар мен қызметкерлерді үйретуге дейін тікелей Рудольф Шторхтың тәсілімен жүргізіледі. Зауытта 150-ден астам адам еңбек етеді.

Осыған ұқсас өнімді шығаратын еуропалық өндірушілерге қарағанда қарағандылық зауыттың айтарлықтай басымдығы бар және бұл салада дамудың әлеуеті өте зор. Мұны Қазақстанның географиясы да, климат жағдайы да, азық базасы да дәлелдей түседі. Малды қорада бағумен шектелетін еуропалық жылқы зауыттарына қарағанда біздің жылқылар өзіне тән табиғи ортада мекендейді, бұл айқын басымдық және жылқы бағуға әрі бие сүтін өте жоғары сапада алуға зор септігін тигізеді.

«ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының меншігіндегі зауыттың үлесіне 25 мың гектар жайылым жер тиесілі. Осыншама кең жерде биелер жыл бойы қажетті жемдік қорын жинақтап, жеке базаны қалыптастыруға септігін тигізеді. 1,5 мың бие тәулігіне 2,5 мың тонна сүт береді және осының арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 мың тоннаға дейін жетеді. Неміс технологиясын енгізу өндіріс көлемінің жоғары көрсеткішіне жетуге ғана емес, шығарылатын өнімнің жоғары сапасын бақылауда ұстауға да мүмкіндік береді.

Саумалды дәрі-дәрмек пен ұнтақ күйінде дайындау экспорт үшін пайдалы. Ал, саумал экспорты мұнайға қарағанда 5-6 есе көп пайда беруге қабілетті. Өйткені, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерде пайдаланылатын құрғақ саумалға Еуропа елдерінде сұраныс жоғары. Кәрі құрлықта құтыдағы қымыздың литрі шамамен 7-8 еуро болса, құрғақ саумалдың келісі 20-25 еуро тұрады. Ал, дәрі-дәрумен бағытындағы өнімнің құны  әлдеқайда  қымбатырақ.  Демек, құрғақ саумалға құрақ ұша ұмтылатын елдермен келісім жүргізе отырып, өнімді экспорттауға жол ашқан дұрыс болмақ. Экспорт тақырыбына төменде арнайы тоқталамыз.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ НАРЫҒЫНА ҚАШАН ШЫҒАДЫ?

«ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының өнімдеріне қатысты сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар: + 7 [7172] 92 55 54 [Нұр-Сұлтан], + 7 [727] 220 80 68 [Алматы], + 7 [499] 250 40 00 [Мәскеу, Ресей Федерациясы], + 7 [701] 098 57 83 [WhatsApp]

АҚШ, БАӘ, Қытай, Ресей, Оман, Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Еуропалық елдер сияқты ірі әлемдік нарықтар бүгінде Қазақстанның бұл бірегей өніміне қызығушылық танытып келеді. Әлемдік нарықтың назарын аударып отырған отандық өнім 2015 жылдан бері «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының Қарағанды облысындағы «Saumal» брендін шығаратын зауытында жасалады. Өткен жылы экспорт көлемі отыз мың тоннаны құрады. Бірақ, бұл тек басы ғана. Себебі, қазақстандық өнімнің әлемдік нарыққа енуіне бірнеше мүмкіндіктер туып отыр.

Біреудің қаңсығын таңсық көріп, алып сатарлықпен кәсіп дөңгелеткеннің ғұмыры ұзақ болмастығын нарық заңы әлдеқашан дәлелдеп берді. Заман ағымын аңғара білген, ата кәсіпті түлетіп, өркениет көшіне ілестіре білген ат төбеліндей болсын кәсіпкерлердің еңсе көтеруі қуанарлық жағдай. Аталмыш кәсіпорынның құрылысы 2014 жылы Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының Қиыр ауылдық округінде басталған. Жобаның құны 1,4 млрд теңгені құрады. Германияның заманауи технологиясымен жабдықталған әлемдегі ең ірі бие сүтін сублимациялау зауыты 2015 жылы өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда сүтті кептіру үшін компанияға тиесілі 1,5 мың биеден бөлек, жақын маңдағы шаруа қожалықтарынан да сүт алынады. Кәсіпорынның өндіріс көлемі ауқымды. Жабдықтар биені уақытылы саууға да, автоматтандырылған жүйе сүтті сублимациялауға да қауқарлы және кәсіпорынды сүтпен қамту да жүйелі жолға қойылған. Тек өнімді экспорттауда ғана сұрақтар туындайтындығы жасырын емес.

Бастапқыда компанияның өнімі Қытай нарығына бағытталды. Аспан асты елінде құрғақ саумалға сұраныс жоғары. Әсіресе, фармацевтикалық компаниялардың қызығушылығы зор. Бірақ, келіссөздер бірнеше жылға созылса да, қытайлық әріптестер тоқ етерін айтуға асығар  емес. Келіссөздер әлі де жалғасып келеді. Бюрократиялық тосқауылдар жойылмаса да, қытайлық сатып алушылар үшін құрғақ саумалды сатып алудың бірден-бір жолы «Қорғас» кедендік бекеті арқылы ғана жүзеге асады.

Отандық өнімнің экспортталу аясын кеңейтуде гонконгтық нарыққа артылған үміт зор. Егер Гонконг нарығына жол ашылса, ол бүкіл Қытай бойынша тұтыну орталығына айналады. Осыған орай «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясы мамыр айында ұнтақтың алғашқы партиясын Гонконгтың Салауатты өнімдер одағына жібереді.

Қазақстандық кәсіпорын өнімді нарыққа шығару үшін Қытайға ғана иек артып отырған жоқ. Құрғақ саумал басқа да нарықтарға еніп жатыр. Жақында Ресейдің «Мираторг» дүкендер желісінің сөрелерінде отандық өнім пайда болды. Сонымен қатар, Мәскеудегі «Globus Gourmet» дүкендер желісімен де келіссөздер жалғасуда.

2019 жылдың қаңтарында Берлинде өткен дәстүрлі «Жасыл апта» көрмесінде «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының өкілдері неміс әріптестерімен өзара ынтымақтастықта жұмыс жасау туралы келісімге келді.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық зауыттың ашылуы Ғалымжан Мейрамбековтің Баден-Вюртембергтегі «Kurgestüt Hoher Odenwald» шаруа қожалығының қожайыны Ганс Цольманмен танысуымен тікелей байланысты екенін жоғарыда айттық. Ганстің 450 гектар жайылымында 400 жылқы ұсталады. Сонымен бірге, құрғақ бие сүтін шығаратын зауыты бар. Ал, біз тілге тиек етіп отырған сублимация технологиясының авторы да дәл осы Ганс Цольман. Қазақстандық зауытты заманауи құралдармен жабдықтау Ганстің басшылығымен жүзеге асқанын да айта кеткеніміз абзал. Тағы бір айта кетерлігі, «Қымызды немістер патенттеп алған» деген алып қашпа әңгімені де Ганс Цольман жоққа шығарады.

«Жалпы, Еуропада қазірде отыздан астам компания құрғақ бие сүтін өндірумен айналысады. Бірақ, соңғы уақытта олар сұраныстың өсуіне байланысты туған қиындықтарды жеңе алмады. Сондықтан бізбен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық бар. Германиялық өндірушілермен қарым-қатынасты нығайту мәселелерінде бізге Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов көмектеседі», – деп түсіндіреді Ғалымжан Мейрамбеков.

Бүгінде «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясы   АҚШ нарығында жақсы перспективаларды көрсетуде. 2019 жылы наурызда Калифорниядағы  Анахайм қаласында  дәстүрлі  «Natural Products  Expo West» табиғи өнімдердің көрмесі өтті. Мұнда жыл сайын «жасыл» тақырыпқа – табиғи азық-түлік пен киім-кешектен косметикалық бұйымдарға дейін тауарлардың кең ассортименті қойылды. Көрмеге «Saumal» брендімен бірге Ғалымжан Мейрамбеков те қатысты.

«Natural Products Expo West» көрмесінің мақсаты – өндірушілер мен сауда желілер арасында байланыс орнату. Былтырғы жылы форумда әлемнің 300 компаниясының 500 өкілі бой көрсетті. Көрмеде қазақстандық өнімге қызығу-шылық зор болды.

«Екі америкалық компания біздің өнімге тапсырыс берді. Қазір біз партияны АҚШ нарығының талаптарына сәйкес келетін ағылшын тіліндегі заттық таңбалармен таңбалаймыз. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында «Saumal» американдық дүкендердің сөрелерінде тұратынына сенеміз. Штаттарға қатысты барлық құжат мәселелері Қытаймен салыстырғанда әлдеқайда жылдам шешілетінін айта аламын. Ал, «Saumet» – құрғақ бие сүтін берудің жаңа форматы әрі сатылымдағы тың серпіліс бола алады. Бұл ішінде ұнтағы бар капсула. Тасымалдау әрі ішке қабылдау үшін ауыз қуысына ыңғайлы етіп жасалған. Ұсынылған тәуліктік доза – екі капсула. Тіпті, сұйық сүт ішіп үйренбеген адамға да қабылдауға болады», – дейді Ғалымжан Мейрамбеков.

«Saumal» бренді алты ай көлемінде АҚШ-тағы ең ірі «Amazon» интернет-дүкені арқылы сатылымға шықты.  Алғашқы  қадамнан-ақ оны саудалаушылар нәтиже көре бастады. Жаңа өнім сатып алушылардың қызығушылығы арта түскенімен қоймай, сатудың диаграммалық көрсеткіші  де өсе түскен.

Сондай-ақ, іске асыруда ешқандай кедергі жоқ. Мысалы, Таяу Шығыс елдеріне тамақ экспорттау үшін халал сертификаты қажет. АҚШ нарығы ондай талаптардан ада. Ең бастысы, өнім табиғи әрі таза болуы шарт. Сұраныс тұтынушылардың биологиялық белсенді өнімдерге, яғни суперфуд деп аталатын өнімдерге  деген қызығушылықтарының арту деңгейін анықтайды. «Saumal» осы талаптарға сәйкес келеді және өз қасиетін ұзақ уақытқа дейін сақтай алады. Дайындалуы да оңай әрі қоректік құндылығы аса жоғары.

«ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының үлкен даму жоспарлары бар. Дамудың негізі кептіріл-ген бие сүті өндірісінің көлемін ұлғайту ғана емес, өнімнің жаңа түрі – кептірілген түйе сүтімен де байланысты.

«Saubota» брендін шығару науқаны басталды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тек бір ғана түйе сүтін жеткізуші «Дәулет – Бекет» шаруашылығымен бірлесіп жұмыс істеуде. Бірақ, алдағы уақытта сату көлемінің өсуімен түйе шаруашылығы дамыған Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстары қамтылатын болады.

Рас, әлемдік нарықта түйе сүті бие сүтіне қарағанда әлдеқайда танымал. Оны көптеген шет мемлекеттер, соның ішінде Таяу Шығыс пен Еуропа елдері сатып алады. АҚШ-та да сұраныс бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ даласында қымызды өндіріс жолымен өңдеп, арнайы құтыларға жауып шығару бұрын-соңды болмағаны белгілі. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, кәсіпкерлікке жол ашылғаннан бері қазақ кәсіпкерлері де бизнестегі  мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып жүр. Ол бірінші кезекте мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпті дамытуға баса назар аударғандығының нәтижесі.  Ал, сол саумалды ұнтақ күйінде шығару – тың әрі құптарлық бастама.  Өйткені, Бүкіләлемдік банктің аграрлық мәселелер бойынша кеңесші-маманы, экономика  ғылымының  кандидаты Айтуған Мұқашевтің айтуынша, біздің жазық даламыздың шексіз кеңістігінде жүрген жылқылар сол миллион еуро мен доллардың нақ өзі. Неге десеңіз, бір тонна мұнайды өндіру, сондай көлемдегі саумал өндірісіне қарағанда мемлекетке үш есе қымбатқа түседі, ал сусыннан пайда мұнайға қарағанда бес-алты есеге көп болуы мүмкін.

Иә, әлемдік нарықта қазақстандық бренд қалыптастыру – ел болып шаңырақ көтергелі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сыртқы нарық пен ішкі нарық – тұтастай бір механизм. Ал, «Saumal» брендін дамыту стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың Қазақстанға берері мол. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң әсерін тигізеді. Былтырғы жылдың көрсеткішіне сенсек, еліміздегі жылқы саны 2,4 млн басты құрайды. Бұл, әрине, жылқының отаны саналатын Қазақстан үшін ұятты жағдай. Егер «Saumal» әлемдік нарықты толықтай жаулап алса, еліміздегі шаруа қожалықтарының да жылқы өсіруге деген ынталары артатыны анық. Сөйтіп, республикамыздың экономикасы табиғи ресурстарға байланып қалуының алдын алуына да үлесін қосады.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here