Бисетаев биігі (экс-депутатпен ашық әңгіме)

0
402

Біздер кейде өткенді еске алсақ, сол өткеннен тұтас тұлғаны іздейміз, кесек-кесек керемет көріністерді жіліктеуге немесе тұлғаға қатысты бір ерекше жәйтке мән бере қарағанды жөн санаймыз. Онымыз рас. Сол қазақы болмысқа тоқтап, біз де кейіпкеріміздің тұлғалық бастау бұлағынан, яғни кішіге жөн сілтер, көпшілікке елдікті айтар тұлға мемлекет және қоғам қайраткері Серікбай Бисетаевтің  балалығынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерінен сыр суыртпақтап, оның 80 жылдық мерейтойына орай ашық әңгімелескен едік.

ҰШҚАН ҰЯ

– Сәке, ел ағасы ақсақал жасқа келдіңіз. Кейінгі жаққа көз салғанда нені көресіз? Қандай оқиғалар еске түседі?

– Пенденің басынан өткен қилы-қилы тіршілікте ең бірінші еске түсетіні балалық шағы мен ата-анасы, кіндік қаны тамған туған жері ғой.

Тағдырдың жазуы солай болды, мен Челябі облысының Варна ауданындағы Кулевич деген елдімекенде 1939 жылы дүниеге келдім. Мұнда негізінен орыстар мен мордвалар тұратын. Солардың арасында негізгі Қарабалық қыпшаққа жататын 15 қазақ отбасы болды. Тұрмысымыз қиын болса да, олар өте тату-тәтті өмір сүріп, бір-біріне демеу болып, асқан ауызбіршілік пен ұйымшылдық танытты.

Арғы ата-бабаларымыздың мекені қазіргі Қарабалық ауданындағы Өрнек ауылы. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық пен Сталиндік зобалаң кезінде әкем марқұм осы Ресейге өтіп кетіп, жан баққан ғой. Көп сауаты жоқ, қара шаруа, мал бақты. Небір қиын қол жұмыстарын темірдей төзімділікпен атқарды. Мен есімді білгеннен бастап осы жұмыстардың басы-қасында ата-анама қолғабыс көрсетумен өстім.

Әлі есімде қыстың ызғырықты ұзақ түні, құлқын сәріден шешем оятып: «Әкең шайын ішкенше өгіздерді алып кел», – деп жұмсайды. Жүгіріп барып әудем жердегі қорадан төрт өгізді алып келіп, дәу жер шанаға парлап жегем. Мойын қамыттар ауыр болғандықтан әзер көтерем. Сонда да намыс бар, ешкімге жалынбаймын. Осы намысқорлық, еңбекке деген төзімділік пен ыждағаттылық менің бүкіл тіршілігімнің нысанасы болды.

Жазғы каникул кезінде де селтеңдеп бос жүрген емеспін. Совхоздың кез келген шаруасын істейтінмін. Содан да көп нәрсеге көзім қанып, әр істің ыдығын біліп өстім.

Мектеп бітіргеннен кейін үш жыл Кеңес армиясы қатарында әскери міндетімді абыройлы атқарып, Қорған ауыл шаруашылығы институтының агроном-экономист мамандығына оқуға түстім. Өмірлік жарым Биғамен сонда танысып, бірге оқыдық, отбасын құрдық.

ЕСЕЮ ЖЫЛДАРЫ

– Сонымен оқу бітті. Қалтаңызда диплом, қасыңызда Биға жеңгей, ауылға келдіңіздер. Әрі қарай не болды?

– Әкем – Жұмабек, шешем – Жұматай (екеуі де жұма күні туған, содан есімдерін осылай атаған) есі шығып той жасап, мәре-сәре болды. Қызық болғанда бос орын болмай Набокин деген совхоз директоры мені трактор-егіс бригадасына бригадир етті. Биғаны экономист-нормалаушы мамандығымен жұмысқа қабылдады.

Жаспын ғой, қиналған жоқпын, жұмысты беріліп істедім. Өзімді көрсете білдім. Көп ұзамай мені бас экономистке жоғарылатты, Биға еңбекақы жөніндегі аға экономист болды. Сөйтіп, совхоз экономикасын арттыруға барынша үлес қостық.

Адал еңбек ол кезде еленбей қалмайтын, арада жыл өткен соң бас агроном болдым. 1972 жылы маған жоғары сенім көрсетіліп, шаруашылықтың директорлығына тағайындалдым.

Тұңғышымыз Махаббат пен Қайратымыз да өсіп, әке-шешеміз немере қызықтап, өзіміз әрбір ата-ана сияқты бала тәрбиесіне жете мән бердік. Екеуі де зерек, оқу озаты болды. Үй шаруасына да, дала шаруасына да баулыдық.

1977 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен мені «Варна» фирмасына бас директор етіп сайлады. Келіншегім ауылдық советтің төрағасы болды. Тұрмыс түзеліп, еңсемізді көтеріп, демалыста Сочи сияқты жақсы курорттарға барып жүрдік.

Бір қуаныш, бір реніштен тұртын бұл өмір емес пе?! Біз қызмет атқарып, абырой биігінен көріне бастағанымызбен, өмір бойы істеген ауыр бейнет қойсын ба, әкем ауырып, ақыры 67 жасында дүниеден озды.

Марқұм әкем: «Балам, қызметті қайтесің, «есің барда еліңді тап» деген, Қазақстанға қайт», – деуші еді. Сол сөзі менің жүрегімде сақталып қалды. Челябі облысындағы Увелді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы деген қолақпандай қызметімді тастап, 1981 жылы Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Новотроицк селосына қатардағы агроном болып орналастым. Облыс басшылары басқа қызметті маған қимады. Бұл орыс селосы Мағнай кеңшарының бөлімшесі екен. Көшіп келгеніміз сәуір айының іші. Асфальт деген жоқ, қар әбден еріп, үстінен қызыл су жүрген кез. Көшеде қонышы ұзын резеңке етікпен әзер жүресің.

Қазағы аз болса да бауырмал, кісі жатырқамайтын көпшіл екен. Біздің азын-аулақ жүгімізді түсіріп, үлкендері «қайырлы болсын» айтып, бірден орталарына тартты. Сонда барып атамекен, ағайын-жұрт, өз ұлтың, өз жерің дегеннің не екенін түсінгендей болдым.

Балаларымыз алғашында жатырқай қарағанымен қызым Махаббат шешесіне: «Ой, мама, көшіп келгеніміз қандай жақсы болған, қыздар да, ұлдар да тәртіпті, бізді жатырқамайды», – деп мәз болып жүрді.

Өзіміз де елмен жақын бола бастадық. Ағайын-туыс таптық, дос-жолдас көбейді. Сөйтіп, кәдімгі қазақ болып кеттік.

Осы жерде төрт жыл тұрдық. Өзім қызметім жоғарылап, совхоз директоры болдым.

1985 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Бұл өте күрделі, ауыр жұмыс екенін білсем де, одан бас тартқаным жоқ. Білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді аямай жұмсап, жұмысты барынша сапалы адал атқардым. Ол еңбегім еленбей қалған жоқ. Қостанайлықтардың алдында беделім өсіп, ауызға іліне бастадым. Облыс мемлекет алдындағы міндеттемелерін абыроймен орындап, астық тапсыру, ет пен сүт өндіру, жеміс-жидек жинау асыра орындалды. Картоп егудің голландиялық технологиясын игердік, шұжық өнімдерінің жаңа сорттарын өндіріске енгіздік. Атақты «Сосновый бор» минералды су шығару жұмысын іске қостық. Ол жылдам қанатын кең жайып, үлкен демалыс және денсаулықты түзеу орнына айналды.

Ол кезде бүкіл жұмысты партия шешетін кез ғой. Қайда жұмсаса – сонда барасың. Арада бірталай уақыт өткенде жаңадан «Облмясомолпром» деген бірлестік ашылып, мені соның бас директорлығына тағайындады. Ол негізінен ет, сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын мекеме. Оның қыр-сырын табу, жаңа технологияны игеру оңай болған жоқ. Абырой болғанда бұл салада да республика бойынша жүлделі орындарды иеленіп жүрдік.

Сөйтіп жүргенде Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан Тәуелсіз елге айналды. Жаңа өмір, жаңа тірлік басталды.

Мен өзі жаңалыққа құмар, тәуекелшіл адаммын. Балам Қайратпен бірлесе отырып, «Биско» деген ірі холдинг аштық. Онда өндірістің толық циклі жүзеге асырылды. Алғашқыда астық сатумен айналысқан едік. Кейін егін егу, оның өнімін өңдеу, сату, нан, макарон, жарма, өсімдік майын шығару циклдары іске қосылды. Қазір компанияда бидай, арпа, сұлы, бұршақ, күнбағыс, қарақұмық өсіріледі.

Мұның сыртында 1992 жылы «Дидар» деген мейрамхана аштық. Ол қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттайтын, үйлену тойы, қалжа, шілдехана, сүндет той, сәбиге ат қою сияқты қуанышты шараларға арналған үлкен ас мәзірі орталығына айналды.

ПАРЛАМЕНТТЕГІ КЕЗЕҢ

– Серікбай Жұмабекұлы, Сіз баламалы жолмен сайлауға түсіп, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған санаулы адамның бірісіз. Енді әңгіме ауанын осы жаққа аударайықшы. Сіз жайлы естелігінің бірінде осы сайлауға байланысты КГБ-ның запастағы полковнигі Н.Қонақов былай деп жазыпты: «Білдей облыс және қала әкімдерімен сайысқа түсіп, оларды жеңіп шығу үшін үлкен жүрек, білімділік, біліктілік, білектілік, батылдық, батырлық керек». Бұл Сіздің азаматтығыңызға, парасаттылығыңызға берілген әділ әрі зор баға ғой. Жалпы, бұл сайлау қалай болған еді?

– Ол кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев болған еді.

«Сәке, Сіз мемлекеттік құрылымның стилін жақсы білесіз. Жоғарыдан берілген тапсырма бойынша бізден орыс ұлтының өкілі өтуге тиіс. Сіздің бәсекелестеріңіз бірі облыс басқарған, екіншісі қаланың әкімі болған белгілі адамдар. Қорықпайсыз ба?!» – деді ол маған.

«Қорқамын! Сонда да «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бабам Қобыландының әруағына сыйынып, тәуекел етемін», – дедім.

Мен өзіме дауыс беретін аумақтың әр адамымен сөйлесіп, пікір алыстым десем артық болмас. Сайлауалды тұғырнамамды жан-жақты түсіндірдім. Халық таза, ашық сайлауда маған сенді, дауыс берді. Сөйтіп, мен жеңіп шықтым.

– Сәке, Сіз жай ғана депутат болған жоқсыз. Әуелден өзіңізге тән қызуқандылықпен, шаруаның мән-жайын білетін біліктілігіңізбен көзге түстіңіз. Халыққа қажетті, күрделі мәселелерді ашық айтып, ауыл шаруашылығына байланысты бірнеше заңды дайындауға қатынастыңыз…

– Иә, ол рас! Ауыл шаруашылығы министрлігіне және басқа да құзырлы органдарға, жанармаймен қамту саласымен айналысатын компания басшыларына өткір сын айттым. Өйткені, сол кездерде Үкіметтің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жеңілдікпен жанармай және дизель отынын беру жөнінде бағдарламасы шыққан болатын. Алайда, оны орындаушылар өздерінің пайдасын ойлап, науқан кезінде жанармайды әдейі қымбаттатып жіберді. Мен осы қиын түйінді шешу үшін барымды салдым.

– Қазақ баспасөзінің патриархы, заңғар жазушы, от тілді, орақ ауызды Шерхан Мұртаза: «Егемен еліміздің ел ордасында, бас қаласы Астанада, оның парламентінің төрінде, қай қазақ сый-сыяпатын көрсете білді. Мұндай іс білімі зор, ақылы мол, иман ұялаған, адам сүйгіштік қалпымен, жомарттылығымен, қажыр-қайратымен, мінез-құлқымен, іскерлігімен биіктен көрініп жүрген Серікбай Жұмабекұлы Бисетаевтің және оның жан серігі Биға ханымның қолынан келеді», – деп Сіз жайлы, Биға жеңгей туралы керемет пікір білдіріпті. Өр мінезді Шерағаңа қай қылығыңызбен жақтыңыз?

– Ол кісі адами тазалықты, шынайы сыйластықты, қазақы ақ пейілді, жігіттік мәрттікті қатты бағалайтын заңғар тұлға еді. Менің кісіге жұғыстығым, әдемі әзіл-қалжыңым, орыс, украин, қазақ тілінде ән айтатын қоңыр дауысым ол кісіге жақсы әсер берді. Жыл сайын қысқы соғым кезінде әріптестерімді жинап қонағасы беретінмін. Жаңағы сөзді сонда айтқаны ғой. «Сен орыс арасында өссең де, тұла бойың тұнған тектілік пен намыстан жаралған қазақсың» дейтін маған.

– Серікбай Жұмабекұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айта отырып, мерейтойыңызбен құттықтаймыз!

СЕРІК ШАЙМАН, «QAZAQ»-ТЫҢ ҚОСТАНАЙДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

«Қайратты ерге бақ тұрар» дейді қазақ. Маңдай термен келген абыройдан бағалы атақ болмас бұл жалғанда. Сол ерен еңбегінің, қалтқысыз қызметінің арқасында ел құрметіне бөленген Серікбай Бисетаев бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты.

Иә, Серікбай Жұмабекұлының алпысын да, жетпісін де ел жұрты, замандастары думандата атап өткен. Міне, енді ардақты аға 80 деген  шеген жастың биігінде тұр. Бірақ, ол бүк түсіп  пеш  түбінде  жатқан  жоқ. Ат үстінде жүр. Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының Қостанай облысындағы бөлімшесінің басшысы ретінде талай келелі істерді атқарды. Жақсы бастамаларға мұрындық болды. Аталмыш қордың басшысы Махмұт Нәлібаев бастаған ұлтжанды азаматтармен бірлесе отырып, Қостанайда Қобыланды батырға ескерткіш орнатуға атсалысты. Батырға көше атын беруге себепшілік жасады. Кезінде орыстанып кеткен Қостанайда атқа мінген қазақтың мүсіні болмаған ғой. Сол кездегі басшылар үрке қарап, оқыс мінез көрсеткенде де Сәкең табандылық пен төзімділік танытып бақты. Сабыр сақтап, бастаманы ақыры жүзеге асырды. Ағамыздың сол бірнеше жылғы табанды еңбегінен кейін Қостанай өңірінде Шақшақ Жәнібек бабамызға еңселі ескерткіш орнатылып, көшеге есімі берілді, халқымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің кесенесі де күрделі жөндеуден өткізіліп, Кейкі батырдың да бас сүйегі арулап жерге тапсырылды. Міне, бұл ағамыздың елі үшін аянбай еңбек еткен жарқын істерінің бір көріністері.

Жалпы, Серікбай Жұмабекұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Тұла бойы тұнған дарын. Ақылына көркі сай, замана үнін, талабын тез қабылдайтын сергек жан. Өте еңбекқор, қоғам өмірінің күре тамырдай күрделі мәселелерін абыроймен шешіп, соны өндірісте қолдана білген қайраткер. Өмірде өз биігін алған абзал азамат!

Сексеннің сеңгіріне шаршамай, шалдықпай шығып отырған Серікбай Бисетаевты мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз!

Құрметпен, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры,

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов

атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры мен

Республикалық «Qazaq» газетінің ұжымдары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here