«Діннің тармаққа бөлінуі Пайғамбарымыздан кейін басталды»

0
6404

Діндердің пайда болуы адамзат баласын дұрыс өмір мен руханиятқа үйрете білді. Алайда, бір діннің бірнеше тармаққа бөлініп, оны ұстанушы халықтың бір-бірінен артық көруінің әсері қоғамды әсіре діншілдікке итермелегені ешкімге жасырын емес. Бүгінгі ислам дінінің ағымға бөлінуі екінші бір халыққа ықпал тигізгендігіне тарих куә. Жамбыл облысы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жақыповпен жалпы дін мен ислам дініндегі керағар ағымдар тақырыбында ашық әңгімелескен едік.

– Дінге ғылыми тұрғыда қандай анықтама беруге болады?

– Дінді мораль, этика және руханият дейміз. Бірақ, ғылыми тұрғыдан алып қарайтын болсақ, дін дегеніміз құдіретті бір күшке деген сенім. Құдіретті күш деп айтып тұрғанымыздай, физикалық тұрғыдан көрінбейтін және оны ұстап көру де мүмкін емес дүние. Осындай көрінбейтін көмескі нәрсеге сенуді біз дін деп атаймыз.

Рас, діннің бір ерекшелігі бар. Мысалға, діни мәтіндер қасиетті кітаптарда баян етілген. Басқа оны дәлелдейтін деректер жоқ. Алайда, осы дінде жазылғандардың ғылыми тұрғыдан да өмірде дәлелденіп жатқан тұстары бар. Мәселен, Құран Кәрімдегі ащы су мен тұщы судың араласпайтындығын Жак-Ив Кустоның өзі ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Сондықтан да, діннің негізгі мағынасына адамды осы дүние мен арғы дүниеде де бақытқа жеткізетін рухани бірден-бір жол деп анықтама беруге болады.

– Ежелгі адамдардың санасында дін туралы түсінік болмаса да, әртүрлі құлшылық ететін сенімдері болды. Ал, қасиетті кітаптарды білмегендердікі дін болып санала ма?

– Әлемдік діндер пайда болмай тұрып адам табиғат заңдылықтарын білмегендіктен айға, күнге, найзағайға табынып жатты. Әрине, мұны дін деп айтуға болмайды. Өз сенімдерімен табынған дүниелер. Ол кездегі адам аңызға сенді. Сондықтан, ол дәуірдегі мен қазіргі діни сенімнің айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, фетишизм, анимизмнің түрі көп болған. Рухтар мен аң-құстарға табыну деген сияқты. Бұл кезде надандық сеніммен сенген. Ал, мына әлемдік діндер, соның ішінде ислам діні келгенде адамға нақты бағыт-бағдар берді. Пайғамбарлар адамды дұрыс жолға үндей бастады. Алғашқы діндер мен әлемдік діндердің ерекшелігі де осында.

– Дін жалпы адамзат баласына келсе де, адамның бір діннің ішіндегі ұстанымы әртүрлі. Ислам дінін алып қарасақ, көптеген мәзһабтардың болуы нені білдіреді?

– Сауд Арабиясы болсын, Орта Азия болсын, діннің тармаққа бөлінуі Пайғамбарымыздан кейін басталған дүние. Мына араб әлемі VII ғасырға дейін айға, күнге табынды. Және тайпа-тайпа мен ру-руға бөлініп, бір табиғи дүниелер (жер, су…) үшін соғысып жатты. Бірақ, ислам діні келгелі бері олардың түсініктері қалыптасып, бүкіл қоғамды біріктіре бастады. Бұны түсіндіріп үйреткен кім? Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар. Осы түсініктердің арқасында діннің қоғамдағы орны орасан болды. Арабтар өздері бірікті. Яғни, өздерінің балаларын тірідей көміп жатқан арабтардың адамгершілік қасиеттері мен әйел затының құндылығы артты. Бұл жердегі ең маңыздысы, Византия империясының отары болып тұрған арабтар бірігудің арқасында тәуелсіз мемлекетке айналды.

Міне, осы кезге дейін араб қоғамында мәдениеті мен ғылымы дамыды. Бірақ, Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін неше түрлі ағым пайда бола бастады. Құран мен хадистерді өздерінің түсінігінің түсіндіру нәтижелері барысында араб халифаты ыдырады. Ислам діні тек арабтарға ғана емес, күллі әлемге тарай бастады. Кейбір шешімін таппаған мәселе де, ортақ бір мәмілеге келе алмаған тұстар да туындап жатты. Осылайша, түрлі ағымдар пайда болды.

Пайғамбардың кезінде мәзһаб деген болмаған. Тек Құран мен сүннетпен жүрді. Кейіннен географиялық, ұлттық, нәсілдік, менталитеттік мәселеге байланысты мәзһабтар пайда бола бастады. Мысалы, Орта Азияға кең тараған Әбу Ханифа мәзһабы. Ханафи мәзһабының ерекшелігі ұлттардың салт-дәстүрін ескере отырып, үкімдер шығара бастағандығында еді. Айталық,  Орта  Азияда жылдың төрт мезгілі бар. Ал, арабтарда тек қана жаз. Мәсіге мәсіх тарту мәселесі бізде ғана бар. Ал, арабтарға оның керегі де жоқ. Тура осындай мәселелер кейбір мәзһабтардың арасында айырмшылық туғызды.

Мұсылмандардың дүниетанымының өзгеруіне әсер еткен XVIII ғасырдағы үлкен оқиға еді. Осман империясының отарында болған арабтар өздерінің тәуелсіздіктерін алғысы келеді. Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб «Үш негіз», «Китабут-таухид» деген кітаптар жазып шығарады. Бұл кітаптардың негізгі мәні адамның сенімі мен діни түсінігіне байланысты жазылған. Яғни, Осман империясын білесіздер, олардың түсінігі Ханафи мәзһабында. Ал, бірақ сол Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб осы сенім мен түсінікті бұрмалап, мүлдем бір исламдық жаңа түсінік алып келеді. Бұл саясиланған діни идеологияны сол сәтте қоғамға таратады. Әрине, бұл идеология ибн сауд деген жердегі халықтың ұстанымына лайық болды. Олар Мұхаммед ибн Абдул Уаһабты қаржыландырады. Және оның идеологиясын таратқанда қой, түйе бағып жүрген надан адамға түсіндіреді. Бұл идеологиялар таратылып, бәдәуилер радикализацияға ұшырайды. Және артынша ұлтшылдыққа да апарады. Сөйтіп, ең алғашқы олардың әскері Мекке мен Мәдинаға шабуыл жасайды. Қасиетті мекендердегі қаншама мұсылмандардың қанын жазықсыз төгеді. Бірақ, осы соғысты Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб «Қасиетті соғыс» деп түсіндіреді.

Міне, көрдіңіз бе, алғашқы ислам діні қоғамды біріктірген болса, кейінгі саясиланған Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың Сауд Арабиясындағы әрекеті мұсылмандарға да, арабтарға да зардабын тигізді. Сонымен қоса, бұл исламның мөлдір пайғамбарымыздың дінді дұрыс жеткізген жолын ұстанбай, бүгінде мұсылмандар ғылыми тұрғыдан да, технологиялық тұрғыдан да дамымай артта қалды.

Артта кеткеннің бірден-бір себебі бұл жоғарыдағыдай ғалымдардың қателігінен еді. Себебі, XIII ғасырда Ибн Тәймия өзінің діни әдебиеттерінде мағлұматтар келтіріп, «Моңғол шапқыншылығы кезінде мұсылмандар неге жеңіліп қалды» дегенге өзі пікірін білдіреді. Сонда мынандай шешімді қорытып шығарады: «Мұсылмандардың жеңілу себебі таухид, яғни бір Аллаға деген сенімді дұрыс түсінбегендіктен жеңіліп қалды. Барлығымыз бір Алланың  сеніміне, яғни  құлшылығында  болмадық, сондықтан жеңіліп қалдық. Бүкіл мұсылмандар Құдайдан жалбарынып сұраған  кезде біз оларды жеңетін едік».

Яғни, жеңілуді тек діни тұрғыдан ғана қарайды. Ал, егер сол Ибн Тәймия шынайы ғалым болса, оны неге тарихи немесе экономикалық тұрғыдан, әскерлерінің қаруы қандай, сол жағынан неге қарамайды деген ой келеді. Осындай түсініктердің кесірінен қазіргі кезге дейін мұсылмандар дамымай отыр.

Бір өкініштісі, XIII ғасырдағы Ибн Таймияның, XVIII ғасырда ізін жалғастырған Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың идеологиясы қазіргі таңда да біздің қоғамда кеңінен таралып жүр. Және соны қолдайтын азаматтар да бар. Міне, айырмашылығы осында. Сондықтан біз мынау Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың, Ибн Тәймияның дүниелерінің бәрін тәрк етіп, таза Әбу Ханифа мәзһабы және соның ізін жалғаған Ибн Әлауи, Ибн Сина, әл-Фараби, т.б. ғалымдардың ғылыми тұрғыда еңбектерін қоғам болып пайдалануымыз керек. Өкініштісі, бұндай бағыт-бағдар біздің қоғамда толықтай орын алып жатқан жоқ.

– Орта Азия мемлекеттеріндегі радикалдану үрдісі қарқын алған болатын. Сирия мен Ирактағы және басқа да аумақтардағы лаңкестік топтарға Орта Азияның азаматтары көптеп аттанды. Ендігі кезде әлемдік терроризмге қарсы тұру үшін қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс? Өздерінің дәстүрлі діни ұстанымдарын дамытып қана отырады ма, жоқ әлде басқа да шараларды қабылдауы қажет пе?

– Көптеген ғалым мұндай мәселеге өз пікірін білдіріп жатады. Бірақ, менің пайымдауымша, бірінші сол лаңкестік ұйымдарға кетіп жатқан азаматтардың себебін білуіміз керек. Оның салдарымен емес, себебімен күресе білу қажет. Бірінші себепке 70 жылдан аса Кеңес Одағының қол астында болғанымызды жатқызсақ болады. Және оның алдында патша үкіметінің қол астында болдық. Сондықтан бізге мұсылмандық діни танымның жоқ болуына осы жайттар себеп болды. Сирияға аттанғандардың руханиятқа деген мұқтаждығы қанағаттанбағандығы да екінші себепке жатады. Ал, олар ғаламтордағы шейхтар арқылы қанағаттанды. Міне, солардың дүние танымын саналарына сіңдірді. «Мен тура жолдамын, осы жолда жүрсем, менің орным жәннат болады» деген соқыр сенім оларды жарға жықты. Осы жарға жығудың себебін білуіміз керек. Ол үшін не істеу керек? Әрине, біріншіден, өзіміздің бабаларымыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз қажет.

Исламға дейін Көк Тәңірдің түсінігінде болдық. Көк Тәңірден кейін 751 жылы Атлах шайқасында арабтардың бірігуімен Таң империясын жеңу арқылы ислам діні біздің қоғамға тез сіңіп, бабаларымыз оны қабылдады.

Осы жерде тағы бір тарихи фактор еске түседі: «Сол сәтте арабтардың дәстүрін қабылдадық па, қабылдамадық па» деген.

Иә, бабаларымыз дінді үйренгенде қай жерін алып, қай жерін алмады? Біз осыны ұмытып кете береміз. Тек «VIII ғасырда ислам тарады, біз қабылдадық» деп қана қоямыз. Ары қарайғы мәліметтерге тоқталмаймыз.

Біз ислам дінін қабылдадық. Бірақ, ислам дінінің ішіндегі арабтың мәдениетін сырып тастап, исламды түркілік мәдениетпен ұштастырып жібердік. Мысалға, арабтарда жеті атаға дейін қыз алу мен берісу жоқ. Одан кейін біз әрбір рудың батыры мен биіне арнап ас береміз. Бұл арабтарда жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген түсінік түркілік елдерде ғана бар. Біз осылай дінмен салтымызды ұштастырдық. Сол сияқты беташар, сәлем салу, қырқы, жүзі… барлығын ұштастыра білдік.

Міне, осы нәрселерді дұрыс түсіне алмағандықтан Сирия мен Иракқа кетіп жатқан азаматтарымыз осылай радикализацияға ұшырап жатыр. Олар арабтың дәстүрін үйреніп, қазақтың дәстүріне сай келмейтіндігін көреді. Арабтарда домбыра жоқ, қазақтарда домбыра бар. Бізде беташар болса, оларда беташар жоқ. Сәләфилер мұны орындамайды. Олар ислам деген кезде автоматты түрде «мен араб болуым керек» деген ойға келеді. Сондықтан оларда араби түсінік қалыптасады. Араби түсінік болған соң, араб елдерінде соғыс болса, «менің дінім мен бауырым ғой, менде соған көмектесуім керек» деген сезімге беріліп, сол жаққа кеткісі келеді. Біз бұл радикалдануды тоқтату үшін жастардың санасына өзінің ата-бабасының дұрыс жолда екендігін, жәннаттық жолда екендігін түсіндіріп, бабаларына деген махаббатты, қызығушылықты ұялата білуіміз керек. Ал, егер ондай танымды ұялатпасақ, жастарымыз лек-легімен кететін жағына кете береді. Сондықтан да, дінді дұрыс түсіндіру дінтанушы мамандардың парызы.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here