КЕЛЕШЕК ҚАМЫ: 26 ЖЫЛДА МЕМЛЕКЕТ 14 МЫҢДАЙ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫ ОКСФОРД, КЕМБРИДЖ СИЯҚТЫ ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТЕГІН ОҚЫТТЫ

0
1082

Еліміз тәуелсіздік алған тұста қиын кезеңдерді бастан өткергені ешкімге жасырын емес. Кеңес Одағының құрамынан шыққан, социализмнен капитализмге қадам   басқан жас мемлекет үшін әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығу, заман көшіне ілесу оңайға тимеді. Қазақстанның аяғына нық тұрып кетуіне білімді, білікті мамандар ауадай қажет болды. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш қиындықтарды еңсеруге бағытталған бағдарламасының бірі – «Болашақ» халықаралық стипендиясы. Нұрсұлтан Әбішұлының 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысымен «Болашақ» халықаралық шәкіртақысы тағайындалуы Қазақстан жастарының шет елдің 13 мемлекетінде білім алуына берілген үлкен мүмкіндік болды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – шет елдің жоғары білімін алған, тәжірибе алмасқан білімді де білікті жас мамандар арқылы еліміздің кем-кетігін жөндеу. «Болашақ» бағдарламасы қазірге дейін өз жұмысын атқаруда. «Qazaq» газеті бүгінгі санында «Болашақ» бағдарламасының маңыздылығын, жеткен жетістігін оқырман назарына ұсынады.

ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ТАБЫС

1993 жылғы 5 қарашадағы Президент Жарлығынан кейін 1994 жылы 187 шәкіртақы иесі 13 шет мемлекеттің жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді. Жас талапкерлерді әлемнің озық елдеріне аттандырар алдында Нұрсұлтан Назарбаев шәкіртақы иегерлерімен кездесіп, оларға бағдарламаның негізгі мақсатын, оның елімізге келешекте тигізер пайдасын баса түсіндірді.

Расымен де, шет елге аттанған Қазақстан студенттерінің алғашқы легіне артылған жүк ауыр еді. Себебі, жас мемлекетіміз дағдарыста әрі әлеуметтік теңсіздіктің шырмауына шырмалған еді. Социалистік қоғам күйрегеннен кейін халықтың басым көпшілігі капиталистік қатынастың заңдылықтарын білмеді. Нарықтық қоғамның алғашқы элементтері ғана көрініс тауып жатты. Мұндай  тұман басқан кезеңде тәуелсіз Қазақстанға дұрыс жол сілтей білетін білікті мамандар аса қажет болды. Өркениетті елдердің ең үздік университеттеріне оқуға кеткен студенттер білім алып қана қоймай, барған елдерінен тәжірибе жинақтап, ел игілігіне қызмет ету үлкен парыз болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасын әзірлеуде істің алды-артын мұқият ой елегінен өткізді. Бағдарлама аясында ең алдымен әлемдік тәжірибемен танысып шықты. Әлемдік тәжірибеде нарықтық өндірісті игеруге ұмтылған мемлекеттердің барлығы да шет елдермен тәжірибе алмасу мақсатында жас мамандарға арнайы бағдарлама дайындаған. Бұл тәжірибені Жапония, Сингапур, Малайзия, Түркия сынды өркениетті елдер сәтті жүзеге асырған еді. Осыны ескерген Елбасы батыл шешімдер қабылдай білді. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасын жыл сайын кезең-кезеңімен дамытуды жолға қойды. 1997 жылы халықаралық «Болашақ» шәкіртақысының көлемін ұлғайтты. Айталық, 1994-2004 жылдар аралығында 785 студент шет елдің 13 елінде білім алды. Қазақстан экономикасының инновациялық-индустриялық деңгейін жақсарту мақсатында 2005 жылы  бөлінген шәкіртақы санын 3 мыңға дейін көтерді. 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында ауыл жастарына шет елде білім алу үшін арнайы квота бөлінді.

2011 жылы шет елдерге жіберілетін жастардың сапасын арттыру мақсатында бакалавриат бойынша оқуға жіберу тоқтатылып, тек магистрлар мен докторанттарды ғана жіберуге қаулы қабылданды.

2012 жылы бағдарламаға елеулі өзгерістер енгізілді. Медицина, техника, педагогика салалары бойынша мамандарды жіберу үшін арнайы бағдарлама қабылданды.

2005-2013 жылдар аралығында бағдарлама бойынша білім алған студенттердің саны 10 117-ні құрады. Және де осы жылдар аралығында Қазақстан студенттері әлемнің 30 еліндегі 200 жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік туды. Бұл жетістік Қазақстанның шет елдермен дипломатиялық қатынастарды барынша тиімді жүргізгенінің көрінісі.

2014 жылы қазақ және шет тілдерін білуге қатысты талаптар күшейтілді. Және бағдарлама аясында жаңа салалар қосылды. Мәдениет және журналистика мамандықтары бойынша шет мемлекеттерде білім алуға қолайлы жағдай туғызды.

Осы жылдар ішінде «Болашақ» халықаралық шәкіртақысы Қазақстанның бірегей брендіне айналғаны даусыз. Мұны Елбасымыз да 2018 жылы Елордада өткен «Болашақ» халықаралық шәкіртақысының 25 жылдығына арналған «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында атап өткен-ді: «Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан  «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Біз сонау 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасап, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол аштық. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірмелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр». 

БІЛІМГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ ЕСЕЛЕП ҚАЙТАДЫ

Бiлiмге салынған инвестиция – болашақтың кепiлi. Оның қайтарымы да, пайдасы да мол болары сөзсiз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп жазып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырған болатын.

Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы 26 жылда «Болашақ» халықаралық шәкіртақысымен 13 870 қазақстандық әлемнің маңдай алды университеттерінде тегін білім алса, бүгінде 1 199 стипендиат озық елдерде «инемен құдық қазып» жүр. Айталық, стипендиаттардың 44,8 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияда, 41,5 пайызы АҚШ пен Канадада, 6,4 пайызы Еуропа құрлығындағы елдерде, 5,5 пайызы Азия мен Океанияда, 2,2 пайызы Ресей Федерациясында оқиды. Елбасы дәл осы жастар егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысатынын сән мәрте айтқаны есте.

Білімге салынған бұл инвестицияның қайтарымы мол болатыны дәлелденіп келеді. Өйткені, «Болашақ» бағдарламасының аясында білім алған мамандардың елге оралғандары бүгінде түрлі лауазымды қызметтің иелері. Қазіргі таңда олар шет елде жинаған білімдерін Қазақстанның жарқын болашағы үшін сарп етуде.

Рас, бағдарлама бүгінде ел ішінде сыйлы да абыройлы білікті мамандарды даярлап шығарды. Енді елге белгілі «Болашақтың» түлектеріне қысқаша тоқтала кетейік.

Бауыржан Байбек – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 1994-1998 жылдар аралығында Германияда білімін шыңдаған. Бремен қаласында Гете университетінде білім алған. Еңбек жолын 1999 жылы Қазақстанның Франкфурт қаласындағы консулдығында референт болып бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Алматы қаласының әкімі қызметтерін атқарды. Қазір «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Алтай Көлгінов – Ұлыбританиядағы Абердин университетінің түлегі. Жоғары оқу орнында «Халықаралық құқықтық магистр» дәрежесіне ие болған. Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстанның Бас прокуратурасында бастап, әр жылдары Орал қаласының, Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Танымал былғары қолғап шебері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те бұл қатарға кіреді. Серік Жұманғалиұлы 2014 жылы Ұлыбританияның Бруннель шаһарында білім алған. «Астана арланс» бокс клубының бас директоры қызметін атқарған чемпион ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты да болды. Қазір ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы.

Ғабидолла Әбдірахымов – 1998 жылы Германияның Фрейбург университетінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ассистент болып бастаған «Болашақтың» түлегі әр жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы, Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарды. Бүгінде Қазақстан Премьер-министрінің кеңесшісі.

Мағжан Әуезов – 1996 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетінде білім алған. Қазір Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының Төрағасы, «ForteBank» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы.

Әрине, бір мақаламен биік белестерді бағындырған болашақтықтардың бәрін атап өту мүмкін емес. Мәселен, күні кеше, 2 ақпан күні «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Еркебұлан Боранбаев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып тағайындалды.

Жоғарыда байқағанымыздай, бүгінде «Болашақ» бағдарламасының аясында білім алған мамандар өз тәжірибелері мен білімдерін халыққа қызмет көрсетуге жұмсап отыр. Алдағы уақыттарда да «Болашақтың» игілігін көретінімізге мүмкіндік бар.

Халықаралық бағдарламалар орталығының деректеріне сенсек, «Болашақ» түлектерінің 40 пайыздан астамы экономиканың шынайы секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. «Болашақ» түлектерінің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып еңбек етуде.

ТҮЛЕКТЕРГЕ ҮЛКЕН ТАЛАП ПЕН ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛЕДІ

«Болашақ» бағдарламасымен білім алуға үміті барларға қойылатын ең басты талап – ағылшын тілін жетік меңгеру. Қазір бұл талап күшейтілген. Бұрын ағылшын тілінде ауызекі тілде сөйлеу жеткілікті болса, қазір сынақта IELTS жүйесі бойынша аз дегенде бес ұпайдан көп жинау қажет. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына ие болуға мына шарттарды орындаған кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Қойылатын шарттары: медицина саласы бойынша магистр, доктор немесе ғылым кандидаты болған жағдайда. Тек бұл ғана емес, үміткердің конкурсқа қатысуы міндетті. Конкурсқа қатысу үшін қойылатын талаптар: философия мамандығы бойынша магистр, доктор және ғылыми атаққа ие болған үміткердің бакалаврлық дипломының ортақ ұпайы 4,5-тен   кем болмауы шарт.

Үміткердің қажетті құжаттарды тапсыруына барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Құжат тапсыру мерзімінің қашан басталатыны алдын-ала «Халықаралық бағдарламалар орталығының» ресми сайтында хабарланады. Сайтта үміткерлерге тиімді кеңес беру де қарастырылған.

Кез келген үміткер интернет арқылы «Электронды үкімет порталына» кіріп, тиісті құжаттарын қашықтықтан жібере алады. Конкурсқа қатысқан үміткерлердің нәтижелерін, яғни жыл сайын бөлінетін шәкіртақы иегерлерінің тізімін Bolashak.qov.kz сайтынан білуге болады. Аталмыш сайттан бағдарламадан үмітті кез келген адам қажетті ақпараттарын ала алады. Яғни, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына деген мүмкіндік қолжетімді. Бастысы қойылған талаптарды мінсіз орындай білсеңіз болды.

МЕМЛЕКЕТ АЛДЫНДАҒЫ ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ

«Болашақ» бағдарламасын мемлекетіміз қаржыландырып отырғандықтан, оқуын аяқтаған түлектеріне қоятын міндеттемелері де жоқ емес.

«Судың да сұрауы бар» демекші, әрбір «Болашақ» түлегі оқуын аяқтағаннан кейін алған білімін мемлекетке қызмет ету арқылы өтеуге міндетті. Мәселен, ауылдық квотаның арқасында білім алған түлек бес жыл ауылдық мекемелерде қызмет етуге міндетті болып саналады.

Мемлекеттік қызмет үшін бөлінген квотамен оқыған түлектің бес жыл мемлекеттік қызмет орындарында жұмыс атқаруы парыз. Және педагогикалық, ғылыми қызметкерлерге берілген квотаны пайдаланған түлек те бес жылдық қарызын университеттерде, ғылыми институттарда өтеуі қажет.

«Болашақ» бағдарламасының бастапқы мақсаты да елге қызмет ететін заманауи біліммен қаруланған білікті мамандарды даярлау болатын. Алайда, кейбір мамандардың шет елде қалып қоятындықтары өкініш тудырады. Осы келеңсіздікті жою үшін бағдарлама жетекшілері арнайы шаралар қабылдау керектігін айтып дабыл қағуда. Бірақ, болашақта еліміз бұл келеңсіздіктерді жоятыны анық. Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасының аясында мыңдаған маман даярланған. Егер барлық мамандар мемлекет алдындағы парыздарын  толықтай өтесе, еліміздің дамуы қарқынды жүзеге асатыны сөзсіз.

Тағы бір айта кетерлігі, «Болашақ» бағдарламасы бүгінде техникалық және ауыл шаруашылық салалары бойынша білім алғысы келетін үміткерлерге деген талаптарды біршама жеңілдеткен. Оған себеп бағдарламамен білім алып жатқан мамандардың көпшілігі медицина, экономика, құқық, философия салалары бойынша барады. Ал, ауыл шаруашылық және техникалық мамандықтар бойынша барушылардың саны салыстырмалы түрде өте төмен деңгейде. Оған басты себеп, техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарының ағылшын тілін меңгеруге деген ұмтылыстарының аздығы. Мамандықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін ауыл шаруашылық және техникалық салалар бойынша барғысы келетін үміткерлер ағылшын тілін төмен деңгейде білсе жеткілікті. Бірақ, алдағы уақытта мамандықтар арасында тепе-теңдік орнатқаннан кейін аталмыш салаларға қатысты талапты да күшейту жоспарда бар. Тек сонда ғана «Болашақ» бағдарламасының түлектері шын мәнінде білік-тілікке ие бола алады.

Bolashak.gov.kz сайтында 2019 жылғы шәкіртақы иегерлерінің тізімі жарияланды. 155 мамандық иегеріне арналған 555 шәкіртақы тағайындалған. Магистратура мен докторантурада оқитын 71 талапкерді әлемнің ең озық деген жоғары оқу орындарына жіберген.

«Болашақ» бағдарламасының аты айтып тұрғандай еліміздің болашағына тигізер пайдасы мол болмақ. Бүгінде нәтижені тиісті дәрежесінде беріп келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Болашақ» шәкіртақысы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ең сәтті жүзеге асқан жобаларының бірі. Мемлекет бағдарламасы қазірде де, алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра берері анық. «Болашақ» бағдарламасының жүйесі кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын ескерсек, алдағы уақытта да бағдарламаның түлектері ел дамуына өзіндік өлшеусіз үлестерін қоса бермек.

Иә, бүгінгі заман талабы басқа. Дүниенің кілті – білімдінің қолында. Ал, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу – кез келген  мемлекеттің болашаққа  нық басқан қадамы. Сондықтан, мемлекеттің негізгі капиталы – халық десек, оның әрбір мүшесінің сауатты әрі кәсіби маман атануы аса маңызды.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here