Қазақ аспанындағы мәңгі жарқырап тұрар өнер жұлдызы Еркеғали Рахмадиевқа арналған толғау жыр
Жобалай бидің жондағы ұрпағы едің Ер аға,
Кіндік қаның тамған жер Шұбартаудың жері аға.
Осынау бір құт қонған құба жонды біледі ел,
Талай тарлан ұл туған сегіз қырлы сері аға.
Өшпейтіндей өнеге соңдарында із қалған,
Сарқытындай солардың көрінуші ең сен аға.
Өнеріңмен жасыңнан өрге жүзген өзіңді,
Алақанға салғандай әспеттеді ел аға.
Құрметі емес пе, еңбегіңе лайықты,
Атануың ардақты елдің Еңбек Ері аға.
Арқалаған еліңнің арманы мен тілегін,
Еңбегіңді Ер аға, бір кісідей білемін.
Қазақ атын шығарған саусақпенен санарлық,
Саладағы саңлақ тұлғаның сен бірі едің.
Әлдилеген әндерің, күмбірлеген күйлерің,
Қайталанбас ғажайып қазыналы жыр едің.
Жаратқанның өзі де мейірімін төкті ме,
Өрелі өнер өлкесі жайды саған кілемін.
Жайсаң жанды Ер аға, жарқыраған жұлдызы,
Тұрпат басқа, түр басқа өзің де бір ірі едің!..
Талантыңды ұштаумен талпынды алға өнерің,
Әдемі бір ән еттің Ғали ақын өлеңін.
Қуантты ол – Латиф Хамидидей ұстазды,
Білгір бірден байқады бұл әніңнің бөлегін.
«Жасыл орман» содан соң «Ақ Еділмен» Ер аға,
Ағайынды тілеулес қуанышқа бөледің.
Және әнің бар «Аналар, бейбітшілік тілейді»,
Балаң кезде-ақ байқатқан биіктігін өренің.
Сенің жазған әндерің аз болған жоқ ол кезде,
Барлығын да кезінде бағалады өр елің.
Әннің бірі алғашқы «Ертіс деген қала бар»,
Тереңірек толғайды байқап тұрсақ даналар.
Ел ертеңін ойлаған Ерекеңдер сол кезде-ақ,
Ән шығарған секілді ойлансын деп саналар.
Талай уақыт өткен соң жылдар жылжып арада,
Арман әнін халқы оның бірте-бірте бағалар.
«Қаруластар, қайдасың» әніменен сол тұста,
«Жолдар, жылдар» дейтұғын әні оның және бар.
Ойлы көзбен үңілген осы әндерге әркім де,
Уақыт деген керуеннің бар шындығын таба алар.
Қандай ғажап романс «Таң самалың» Ер аға,
Сол әніңмен таныпты тереңірек ел аға.
Кең тынысты сұлу ән тыңдаушысын тебірентіп,
Дауысынан Розаның тербелетін кең дала.
Қала, дала осылай ден қойғанда әніңе,
Мастанбадың бірақ та қошаметке сен аға.
«Алматының кеші де» сол кездерде жазылған,
Арналыпты бұл әнің вальс деген темаға.
Ұршықтай жұрт үйріліп, шыр көбелек айналып,
Бұршақтайтын маңдайдан би кешінде тер аға.
Кербез сұлу әр әнің есінде елдің қалатын,
Тыңдаушыдан әрқайсы лайық баға алатын.
«Арғымақ арман» мінеки, сондай әннің бірі еді,
Нүсіпжанов Нұрғали асқақтата салатын.
Кербездене майысып Зейнеп әнші айтатын,
«Жетісудің қыздары-ай» тауысса елдің тағатын.
Ғажап әнші Бибігүл желіктіре шырқайтын,
«Әнші бақыты» әнінен жандар рақат табатын.
Ал, «Туған жер туралы жырды» Ермек шырқаса,
Оның қоңыр үнімен тебіреніп жұрт қалатын.
Жазған кезде Ерекең алуан түрлі әндерді,
Ақын жазған мәтіннің мазмұнына мән берді.
Өлеңде егер ой болса тебіренетін толғанып,
Жетелейтін сазды әуен желпіндіріп сазгерді.
Солай оның жазылды қанша әдемі әндері,
Тап осылай Ерекең екшеп алды сөздерді.
Бірде оның көзіне Мұқағали жазған жыр,
Түсіп еді кенеттен, жан-дүниесі өзгерді.
Міне осылай туған-ды «Бала ғашық» әні оның,
Әуен қандай бұл әнде, жүрек тербер сөздері.
Ән мен күйге Ерекең бала күннен әуес-ті,
Көкірегінде сол себеп күй күмбірлеп, ән есті.
Қазынасындай халқының саздарына үңілсе,
Көкжиегінде көңілінің аңдады ол бір елесті.
Қос ішектен шыққан үн көп аспапта күмбірлеп,
Сондай сәтте сазгердің санасында жел есті.
Құлағына құйқылжып құйылды-ай кеп сарындар,
Сазгер үшін бұл енді сірә тегін емес-ті.
Елге әйгілі «Дайрабай» солай туған болатын,
Күллі әлемді таң қылып, күмбірлетіп белесті.
«Дайрабаймен» тағдырлас «Құдаша думан» белгілі,
Онда айқын көрінген еліміздің елдігі.
Сыйып және тұрғандай симфонияға осынау,
Ұлан-байтақ даламның ұлан-ғайыр кеңдігі.
Көшіп бір сәт жатқандай көз алдыңда көрініс,
Көшпенді елдің өмірі, бабалардың ерлігі.
Дәстүр қандай, салт қандай, санаңызды серпілтер,
Айтқызбай-ақ ұғасың, сезінесің сен мұны.
Бұл дегенің әлдилеп жан-дүниеңді баурайтын,
Құдіретті өнердің таңғажайып тембірі.
Санасында сапырып небір сұлу саздарды,
Вокалға арнап Ерекең талай дүние жазған-ды.
Симфониясы сазгердің осы ретте алғашқы,
Теңдесі жоқ талант Әуезовке арналды.
Сазға арналған тексті таңдауында қапы жоқ,
Сыршыл ақын Сырбайдың мәтінінен алған-ды.
Одан әрі «Аястан», «Салтанатты кантата»,
«Конституция туралы дастан» және жазған-ды.
Солай жеке дауысқа, оркестр мен хорға арнап,
Көкжиегіне өнердің тыңнан түрен салған-ды.
Теңдесі жоқ талант тебірене толғанып,
Тың дүниелер тудырды капелланы қолға алып.
Қазақ музыкасында бұрын-соңды бұл жанр,
Кездеспеген дүние екендігі ол да анық.
Тұңғыш сол бір туынды «Хорал» деген ат алған,
Одан соң да жарқын жол жатқан еді жалғанып
«Балқаштағы кеш» пенен «Көктем лебіздерінде»,
Таңғажайып әуендер таңбаланды таңдалып.
Кереметтей шығарма жазылған-ды тап солай,
Туындылар бойынан көре білсек аңғарып.
Құлағыңда тұратын келіп күйдің сарыны,
Қанаттанған тап содан таланттың дарыны.
Сағым көшкен алыстан көкжиектен көлбеңдеп,
Көкірегіне бір күні түсті Абайдың жарығы.
Сол жарықпен жазылды бәйге алған Мәскеуде,
Поэмасын біледі ел дейтін «Абай сарыны».
Одан кейін жазылды «Аманкелді» әйгілі,
Шегірлермен шайқасқан қазақтың бір алыбы.
Бұл да үлкен поэма, ал этюдтер қаншама,
Барлығынан байқалар Ерағаңның қарымы!
Ал, опера өнері шеберліктің шыңындай,
Сондықтан да бұл жанр жатады көп туылмай.
Композитор қаншалық талантты болса да,
Құпиясы көп оның ашылмаған ғылымдай.
Тәуекелге сол себеп бара алмайды кез келген,
Ондай жанға опера асқарлы асу қиындай.
Ерекеңдей еренге бұйым ба екен бұл жанр,
Пешенесіне жазылған тағдырының сыйындай.
Қорғанбай-ақ қолға алды ол, тақырыпты осынау,
Студент кезінде қүлдыраған құлындай.
«Қамар сұлу» еді ол, ең алғашқы еңбегі,
Он ойланып жазарда, кеудесін саз кернеді.
Дипломдық жұмысы болатұғын бұл оның,
Сәтті жазып шыққанша өзіне-өзі сенбеді.
Жатса, тұрса санада сапырылысып сан ойлар,
Бір сәтке оның ойына тыным әсте бермеді.
Сұлтанмахмұт бабамыз жазған осы поэма,
Октябрьден бұрынғы оқиға еді елдегі.
Өнері асқан Ерекең оны опера етті де,
Ел-жұртының алдында ерекше бір ерледі.
Осыдан соң арада біраз жылдар өткенде,
Ой жүгірткен Ерекең мың толғанып өткенге.
Қара орман халқының жүріп өткен жолдары,
Саз аулаған сәттерде, ерекше әсер етті ерге.
Алпамыстай батырдың азаттықты аңсаған,
Батырлығы тебірентіп ерлік рухын сепкенде.
Күй сандыққа отырып, толғанатын тереңнен,
Айызы оның қанатын сондай кез саз төккенде.
Осылайша «Алпамыс», операсын жазып ол,
Тарихты тірілтіп, үлкен қызмет етті елге.
Тоқмейілсіп бірақ та тыншымады көңілі,
Ойына елдің оралып өткен-кеткен өмірі.
Санасында тұрды оның, сапырылысып ондайда,
Арпалысқан күндер мен оқиғаның не бірі.
Ат жалында ер ұйықтап, ат ауыздықпен су ішіп,
Аунақшыған кез ғой ол төсегінде керімі.
Сондай кезде сұстанып атойлады Абылай,
Абылайды қолдады қаншама мың серігі,
Ту түбінен табылған қазақты аруақ қолдады,
Тарихтағы қазақтың жеңісі еді ол ірі.
Ол күндерді еске алса толы елеске жан-жағы,
Бабалардың тулады қасиеті қандағы.
Құлағына келген соң алуан түрлі сарындар,
Самұрықтай көңілі қияндарға самғады.
Байтақ қазақ даласын көз алдынан өткеріп,
Төсегінде дөңбекшіп бір сәт тыным алмады.
Тұрса орнынан желігіп шабыс тілеп тұлпардай,
Күй сандықта күмбірлі күйлер төкті бармағы.
«Абылай хан» осылай туған еді Балқашта,
Орындалып ағаның алға қойған арманы.
Айта алғам жоқ түгендеп әлі де көп жазғаны,
Әр жанрда ғажайып құйқылжыған саздары.
Бір қаншасын жыр еттім тебіренген сәттерде,
Қалай шықты білмеймін жүрегімнің маздағы.
Ер-ағаңдар, ерекше, талантты тарлан ғой,
Саңқылдаған көгіңде сарала алтын қаздары.
Өзі өлсе де сөзі өлмес, асылыңның бірі ол,
Қазақ пенен мәңгілік бірге жасар жазғаны.
Қызмет еткен халқына қанша басқа игі ісі,
Шырылдады жұрты үшін күйіп кейде әз жаны!
Домбыраның тағдырын қорғап қалған кездері,
Қасиетін ән-күйдің ұғындырған сөздері.
Қорғағанда ұлттың музыкасын Мәскеуде,
Түк айта алмай талайдың тұздай болған көздері.
Солженицын сөзі үшін Горбачевті қыспаққа ап,
Тереңдікпен Ер-ағам мойындатты өзгені.
Нұрғиса мен Шәмші үшін жанын сала күресіп,
Әділеттің салтанат құруын да тездеді.
Құдыс Қожамияров пен Ермекке атақ берерде,
Басым түсті басқадан таразыда безбені.
Бағын оның Жаратқан елге асырып берген бе,
Игілікті істері жүректі әркез тербеуде.
Жақсылардың жанына жастайынан ерген жан,
Оза шапты өзгеден орта жасқа келгенде.
Министр боп тұрғанда қызмет етіп халқына,
Баспана алып берген-ді талай жанға шерменде.
Өнерге арнап тұрғызып ғимараттар қаншама,
Разы болды ағайын елге сый ғып берген де.
Шақантайдай бабаның басын да ол көтертті,
Ат терлетіп ел жаққа сапарлап бір келгенде.
Игі ісіңнің Ер аға, қайсы бірін айтамын.
Кісіліктің бойыңнан кереметін байқадым.
Ел өнерін байытқан ерен сенің саздарың,
Саумал желі секілді самалалы арқаның.
Сенің әрбір шығармаң шындығында Ераға,
Ел мерейін өсірер қазыналы шалқарым.
Сондықтан да өзіңнен ел ұрпағы ертеңгі,
Тал бойына сіңіріп үлгі алсын тек айтарым.
Ал халқымыз ғажайып білімдіге өзіңдей,
Білемін мен Ераға, мәңгі алғыс айтарын.
Ақаш КӨКСЕГЕН,
Аягөз қаласы, Абай облысы












