Бас бапкер боксшыларға екінші мүмкіндіктің берілмейтінін айтады

0
2028

Алдағы наурыз айында бокстан Қазақстан құрамасы  биылғы жылдың 24 шілдесінде Жапония астанасы Токиода басталатын Олимпиадаға қатысу лицензиясын алу үшін бақ сынайды. Аймақтық іріктеу турнирі Иордания астанасында өтетіні мәлім. Бүгін ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті сол турнирде бақ сынайтын қазақстандық боксшылар мен олардың қарсыластары және ел үмітін арқалаған былғары қолғап шеберлері туралы сөз қозғайды.

ҚАЙ БОКСШЫЛАР АММАННАН АМАН ҚАЛАДЫ?

Қазақстандық боксшылар Амман қаласында 2013 жылы өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткенін ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан Азияның кілең «сен тұр, мен атайын» деген боксшылары жиналатын алдағы дүбірлі дода біздің үздік былғары қолғап шеберлеріне еш қиындық тудырмайтыны анық. Жеті жыл бұрын Амманда болған құрлықтық біріншілікте қазақ боксшылары жеті алтынды қанжығалады. Ал, Әділбек Ниязымбетов кез келгеннің қолы жете бермейтін күміс жүлдені қанағат тұтқанын білеміз. Сол турнирден Ілияс Сүлейменов пен Қайрат Ералиев қана жүлдесіз оралған еді.

Жеті бірдей алтынды иемденген сол «алтын құрамның» үшеуі кәсіпқой бокста, кейбірі былғары қолғабын шегеге ілген, қалғандарының Токио Олимпиадасына баруға мүмкіндіктері көп те емес. Тіпті, 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиевтің Амманға баруының өзі белгісіз. Өйткені, тәжірибелі боксшы соңғы кездері бұрынғы бабына келе алмай жүр.

Бұрнағы күндері бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев команда құрамындағы спортшылардың тізімін нақтылаған болатын. Дегенмен, төменгі салмақтағы боксшылардың тізімі әлі жасалмаса да, жоғары салмақта Амман қаласында сайысқа түсетіндердің әрбірі сайдың тасындай сайыпқыран боксшылар, құрлықтың маңдай алды былғары қолғап шеберлері. Мәселен, Қамшыбек Қоңқабаев пен Василий Левит жартылай финалға жетпейтініне сенер ме едіңіз? Немесе Бекзат Нұрдәулетов пен Әбілхан Аманқұл жүлдесіз оралуы мүмкін бе? Біздің ойымызша, бұл мүмкін емес жайт. Себебі, жоғарыда аты аталған төрттік бокстағы сара жолын салған үздіктердің үздігі. Ал, қарсыластарға келер болсақ, алдымен тілге көрші Өзбекстан оралады. Оңтүстіктегі көршіміз соңғы жылдары әлемдік бокста үздіктер қатарына енді. Біздің алдымызды талай орап кетті. Бұл қатарға Сирия, Үндістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея және турнир қожайыны Иордания боксшыларын қосыңыз. Қытай мен Филиппин боксшылары да қарсылас болу ықтималдығы бар. Алайда, соңғы елдер спортшыларының біздің қырандарымыздан жоғары қалықтауы күмән тудырады. Бұл тұста салмақ мәселесін де ескергеніміз жөн. Өйткені, спортта, әсіресе,  бокста салмаққа қатысты даулы мәселелер мен бәсекелестік өршіп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, өткен жылғы әлем чемпионатында төменгі төрт салмақта біздің бір ғана мықты боксшымыз болғанын білеміз.

Әдетте, 52, 57 және 63 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар ТОП-6 санатына енсе, 69 келі салмақ дәрежесіндегілер – үздік бестіктің қатарында болса ғана Токио Олимпиадасына баратын боксшылардың қатары көбейеді. Бір қарағанда бұл әлемдік бокста өзінің орны бар Қазақстан құрамасы үшін орындалатын талап сияқты көрінеді. Дегенмен, мықтылықтан бұрын тәжірибе де керек. Мәселен, Абылайхан Жүсіпов пен Закир Сафиуллин екеуі тәжірибелі боксшылар, ал Сабырхан Махмұт пен Серік Теміржанов үшін үлкен спорттағы алғашқы қадам саналады.

Иә, Амманға аттанатын үздік сегіздіктің бәрі де жоспарды ойдағыдай орындап, ұлттық құрамаға ұпай әкелетініне сенгіміз келеді. Бірақ, жеңіс пен жеңілістің қатар жүретінін білеміз.

Қазір қазақстандық боксшылар Иорданияға нық сеніммен, зор үмітпен, күндіз-түні көз ілместен тынымсыз жасалған дайындықпен барғалы жатыр. Дегенмен, бас бапкер тарапынан бақ сынау барысында болатын кейбір келеңсіздіктер мен сәтсіздіктердің алдын алу да ойластырылған екен. Қалай болғанда да, елімізге жүлдесіз оралмауды көздеген команда қазақтың рухын, өрлігін, азаттығын өзге елдерге дәлелдеуге бел буып отыр. Өйткені, бұл Азия біріншілігінен кейін Токио Олимпиадасы бір табан жақындай түседі.

Иорданиядан соң келесі әлемдік іріктеу кезеңі Францияда өтеді. Ал, бұл іріктеу кезеңдерінде әрбір спортшы аянып қалмайды. Төрт жылда бір келетін Олимпиадаға жолдама алып, ел намысын қорғау әрбір спортшының арманы екені белгілі. Сондықтан боксшылар екінші мүмкіндіктің берілмейтінін жақсы түсінеді. Дегенмен, ақтық сайысқа өзіне сенімді, жеңістің ащы дәмін шын сезінген спортшы ғана шығатыны сөзсіз. Осы секілді сансыз сауалдардың жауабы Иорданиядағы турнирден соң мәлім болары анық. Әзірге бабы мен бағы келіскен боксшыларымыздың дайындығына қарап, болашақты болжау ғана қолымыздан келеді.   

Сонымен, Токио Олимпиадасына жолдаманы алу үшін Азия аймағындағы іріктеу турнирі Иорданияда наурыз айының алғашқы жартысында өтеді. Әртүрлі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын ерлерден бөлек, бес салмақта әйелдер де қатысады. Ал, әлемдік турнир мамыр айында Париж қаласында өтетіні жоспарланып отыр.

ПАРИЖ-2024: БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ

Рас, жыл өткен сайын Қазақстан құрама командасындағы озық боксшылардың саны артып келеді. Жастардың жігері мен табандылығының, қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында еліміз бокстан да әлемдік шыңдарды бағындыра беретініне күмән жоқ.

Ендеше, 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін қазақстандық боксшылардың тізімін болжап көрелік: Сабырхан Махмұт (52 келіге дейін), Саматәли Төлтаев (57 келіге дейін),  Санатәли Төлтаев (63 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов немесе Талғат Шәйкен (69 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл немесе Тұрсынбай Құлахмет (75 келіге дейін), Бек Нұрмағанбет (81 келіге дейін), Сағындық Тоғамбай (91 келіге дейін), Бекзат Нұрдәулетов (91 келіден жоғары).

Жоғарыдағы тізімге зер салып қарайтын болсақ, алдағы төрт жылда бұл спортшылар көш бастап, тәжірибесін молайтып, алға озуы да немесе мүлде шаршы алаңды тастап кетуі де бек мүмкін. Кәсіби бокс төрінен орын алып, көзделген нысанаға дөп тигізу хас батырдың ғана қолынан келетіні анық. Олай болса, бокстың болашақ жарық жұлдыздарына сәттілік тілеп, сенім артамыз.

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here