«Гүлшат, Қазақстанға кет!»: Айырқалпақты ағайын қандасымызға неге ашулы?

0
5509

«Біз ел астанасына қазақтың соңғы Ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен бұл адам патша қуғыншыларынан қашып бізге, жақын туысқанына келді. Ал, біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты сақтап қалды. Сондықтан, Ұлы ханға ескерткіш қойып, бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрап, Бішкектегі орталық бір көшеге Кенесарының атын берсек жөн болады».

Қырғыз тарихшысы Замирбек Осоров әлеуметтік желідегі парақшасына осылай деп жазды. Жуырда. Ғалымның аталған жазбасы айырқалпақты ағайынның шымбайына қатты батса керек-ті. Желідегі жарияланымға қатқыл сөйлеп, шамданған сыңайдағы пікірлер легі әлі күнге дейін толастамай келеді. Шынтуайтына келгенде, төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-қырғыз қарым-қатынасында Кенесары сынды тұлға үлкен маңызға ие. Ал, оның тарихтағы рөлі төңірегінде пікір қайшылығы бұрыннан бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, Мемлекет басшылары деңгейінде де талқыланды аталған мәселе, қайбір жылдары. Десе де, Кенесарыға ескерткіш орнатылып, Бішкектен көше аты беріліп жатса, бұл іс – қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға, түбі бір туысқан халықтардың достығын дәріптеуге бағытталған нақты қадам болары даусыз.

Гүлшат Асылбаева – Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты

Хош. Әңгімеміздің әлқиссасы қырғыз туғандардың әлеуметтік желідегі жазбасынан басталды. Бұл – тақырыпқа тұздық. Негізгі айтпағымыз да осы тұрғыда. Көшейік.

Жуырда Алатаудың арғы жағындағы ағайын тағы дүрлікті. Қырғыз парламентінің ғимараты алдында жүздеген адам митингке шықты. Пикет өткізушілер «Ақпаратпен манипуляциялау туралы» заң жобасының қабылдануына қарсы. Бастапқыда наразылық акциясы әлеуметтік желілерде басталды, содан кейін сөз бостандығын һәм адам құқығын қорғаушылар мен азаматтық қоғам белсенділері Жогорку Кенеш алдына жиналған. Митингке шығушылардың айтуынша, аталған заң қабылданса, желі қолданушыларын экстремизм бабымен қудалап, темір торға қамауы мүмкін. Сонымен қатар, заң сөз бостандығын шектейді, азаматтардың ой еркіндігін тежейді-мыс. Митинг қатысушылары «Сөз бостандығы үшін!», «Мен фейк емеспін!» деп жазылған плакаттар ұстап, өз қарсылықтарын білдіруге тырысты. Ал, Change.org сайтында жарияланған наразылық петициясына 7 мыңнан астам қырғызстандық қол қойып үлгерген. «Депутаттар фейк ақпараттармен күресті сылтау етіп интернет пен әлеуметтік желіге бақылауды қатаңдатуды мақсат тұтып отыр. Егерде заң күшіне енетін болса, қырғызстандықтардың сөз бостандығы өрескел бұзылмақ. Біз мұндай олқылықты іске жол бере алмаймыз және оны азаматтық борышымыз санаймыз» делінген петицияда.

Депутаттың заң жобасына қарсы шеру. Бішкек. Қырғыз Республикасы. 29 маусым, 2020 жыл

Желіде жарияланған мәтінге интернет қолданушылары мыңдаған пікір білдірген. Олардың арасында «Гүлшат Асылбаева, депутаттық мандатыңды тапсыр!», «Гүлшат, Қазақстанға кет!» деген де жазбалар жүр. Қырғыз туғандардың ашу-ызасын тудырған Гүлшат Асылбаева кім? Оның аталған заңға қатысы қандай? Қазақстанға ше? Тарқатайық.

Интернет иірімдерінен 60 жастағы Гүлшат Асылбаеваның Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының тумасы екенін аңғарамыз. Жоғары білімді. 1986 жылғы Мәскеу Кеңес сауда институтының түлегі. Мамандығы – экономист. Әр жылдары Қырғыз Республикасының Туризм және спорт министрлігінде бас маман, бірқатар кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарған. 2015 жылдан бері Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты, Экономикалық және фискалдық саясат комитеті төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, қандасымыз Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының төрайымы, Қырғызстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары сынды қызметтерді де қатар атқарады. Бірнеше мемлекеттік орден-медальмен және Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бұл орайда қандасымыздың аталған заңға қатысы қаншалықты деген сауал өздігінен пайда болатыны рас. Қатысы сол – қырғыз қоғамында резонанс тудырған атышулы заңды депутат Гүлшат Асылбаева мен оның әріптесі Айнұр Осмонова дайындаған. Халық қалаулыларының пайымдауынша, аталған құжатта интернет қолданушылары және сайт иелерінің құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі көрсетілген. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, бұл заң құзіретті мемлекеттік органға қандай да бір аккаунтты немесе ақпаратты фейк ретінде таныса, оларды соттың шешімінсіз бұғаттауға құқық береді. Әлбетте, арнайы зерттеу қорытындысынан соң ғана. Құжатта көрсетілгендей, интернет-провайдер желі қолданушысының жазбасын, фотосуреттері мен өзге де мәліметті алты ай сақтауы тиіс. Қажеттілік туындаған жағдайда аталған ақпараттар құқық қорғау органдарына немесе сотқа беріледі.

«Біздің мақсатымыз не? Соны айқындап алайық. Біз фейк аккаунттарға жасырынып алып, бей-берекет, негізсіз, дәлелсіз-дәйексіз ақпарат тарататын адамдардың жазбаларын бұғаттауды көздейміз. Сын шын болуы тиіс деп санаймын және біз шынайы сынға қарсы шығып отырғанымыз жоқ. Менің ойымша, көпшілікке ұсынылған қандай да бір ақпарат дәлелді болуы тиіс. Әлдекімнің жеке басына тиісіп, оны әлеуметтік желіде мазақ ету сөз бостандығына жата ма? Қалай ойлайсыздар? Бұл жерде сөз бостандығын шектеу емес, ең бастысы азаматтың ар-ожданын қорғау мәселесі назарға алынып отыр», – дейді Гүлшат Асылбаева.

Құжатты қабылдау барысында Жогорку Кенеш қабырғасында да қызу пікірталас болды. Халық қалаулыларының бір бөлігі жақтаса, кейбіреулері оған қарсы шықты. Мәселен, депутат Наталья Никитенко бұл азаматтардың сөз бостандығын түбегейлі шектеуге алып келетінін алға тартады.

«Сөз бостандығын шектеуге тырысқан қандай да бір билік опық жейді. Оны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл – біріншіден. Екіншіден, тарихтан сабақ алуымыз керек», – дейді Наталья Никитенко.

Бір бұл ғана емес. «Институт Медиа Полиси» қоғамдық қоры «Ақпаратпен манипуляциялау туралы» заң Қырғызстан Конституциясына қайшы деп санайды.

Десе де, заң жобасы 17 маусымда Жогорку Кенеште бірінші оқылымда қабылданды. 22 маусымда парламент комитеті құжатты бірден екі оқылымда мақұлдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Дегенмен, өткен аптада Сооронбай Жээнбеков аталған заң жобасын кері қайтарды. Алатаудың арғы жағындағы жағдаят осындай.

Ал, интернеттегі жалған ақпаратқа тосқауыл қоюдағы жаһан мемлекеттерінің тәжірибесі қандай? Шолу жасап көрейік.

2018 жылы Малайзия билігі фейк ақпарат таратқан азаматқа 128 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салуға немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады.

Германияда қандай да бір әлеуметтік желіге жалған ақпарат жарияланса, желі қожайыны оны өшіруі міндетті. Талап орындалмаған жағдайда сайт немесе әлеуметтік желі иесі 50 млн еуро көлемінде айыппұл төлейді.

Вьетнамда 2013 жылдан бері интернет кеңістігі қатаң бақылауда. Аталған ел үкіметі билікке қарсы, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін немесе қандай да бір ұйымның яки жеке тұлғаның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін жарияланымдарға тыйым салады. Сондай-ақ, вьетнамдық әлеуметтік желі қолданушылары дәлелденбеген немесе жалған ақпарат таратпағаны ләзім. Талап бұзылса айыппұл төлейсіз немесе бірнеше жылыңызды темір тордың арғы жағында өткізесіз.

Мысырда да (Египет) бұл тараптағы заң қатаң. Жуырда Мысыр билігі қабылдаған заң талабы бойынша жалған ақпарат таратқан желі қолданушылары бұғатталады, ал негізсіз мәлімет жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жазаланады. Бір қызығы, «пирамидалар елінде» 5 мыңнан астам жазылушысы бар әлеуметтік желі иесі дербес бұқаралық ақпарат құралы ретінде қарастырылған. Егер де ол «жаптым жала, жақтым күйе» тұрғысындағы ақпарат таратса, заң бойынша қудаланып, жауапкершілікке тартылмақ.

Бүгінде сөздің құдіреті мен құны қаншалықты? Сөз жансыздана бастады. Қазір қысыр әңгіме мен жауыр сөздің заманы туды. Сөздің салмағы түсіп, қадір-қасиеті азайды. Дейді. Көзіқарақты қауым. Бұған интернет иіріміндегі негізсіз әңгіме мен қисынсыз жазбалардың да тигізіп отырған зияны бар болар, бәлкім? Желіге тіркелген жандардың жарияланымдарына бақылаудың да қажеттігі туған шығар? Сіз не дейсіз, өресі биік оқырман?

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here