Қанқұйлы қылмыскерге айналған қаһарман

0
2998

Зұлымдық пен ізгілік қатар жүретіні сияқты бақ пен сордың арасы да бір елі. ХХІ ғасырда соғыс атаулының ауылы алыс болғанымен, қанқұмарлық  террористік әрекеттер белең алып келеді. Халықаралық ұйымдар бүкіл әлемді терроризммен қарсы күреске насихаттағанымен, лаңкестік әрекеттердің желісі үзілер емес.

Мақаламызды бұл тақырыппен бастағанымыздың өзіндік себебі де бар. Мәселен, 1996 жылы Атлантада (АҚШ) өткен XXVI Жазғы Олимпиада ойындарында террористік акт жасалды. Дегенмен, қарапайым күзетшінің арқасында жүздеген адам аман қалды. Ал, қаһарманды қанқұйлы қылмыскерге (террорист) кім айналдырды? Ғасыр тарихы бар  «Qazaq» газеті бүгін әлемді дүр сілкіндірген «Ричард Джуэллдің ісіне» тоқталады.

Дау «The Atlanta Journal-Constitution» газетінің осы мақаласынан басталды

АТЛАНТА-1996: ТАРИХТАҒЫ ЕҢ НАШАР ОЛИМПИАДА

1996 жылы Олимпиада ойындарының жүз жылдығы аталып өтілді. Бастапқыда әлем халқының басым көпшілігі мерейтойлық дүбірлі дода Олимпиада ойындары бастау алған Афина қаласында (Грекия) өтеді деп ойлады. Бірақ, 1990 жылы Токиода (Жапония) ұйымдастырылған Халықаралық Олимпиада комитетінің  (ХОК) 96-шы сессиясында әлемдік доданы өткізу кезегі америкалық қаланың еншісіне тиді. Алайда, ұйымдастырушылар өз істерінің жауапкершілігін сезіне алмаса керек. Өйткені, төрт жылда бір болатын әлемдік дода өз деңгейінде өте қоймады. Атланта Олимпиадасы бұзылған тамақтарымен, спортшыларға жасалған жағдайдың төмендігімен, көлік кептелісімен, волонтерлердің ұқыпсыздығымен есте қалды. Тіпті, террористік акт жасалған Олимпиада ретінде тарих қойнауына енді.

Иә, 1996 жылы 27 шілдеде, Олимпиада ойындарының басталғанына сегіз күн өткенде Жүз жылдық Олимпиада саябағында жарылыс болды. Соның салдарынан екі адам өмірден өтті, ондаған адам түрлі жарақат алды. Дегенмен, Атлантадағы жарылыста күзетші Ричард Джуэлл (1962-2007) күдікті сөмкені байқап, уақытында дабыл қақпағанда құрбандар саны одан да көп болар еді.

«Ричард Джуэллдің ісі» фильмі өткен жылы көрерменге жол тартты

ОРЫНДАЛМАҒАН АМЕРИКАЛЫҚ АРМАН

Балалық шағында Ричард Уайт тағдыр тауқыметін көп тартты. Болашақ қаһарман төрт жасқа толғанда отбасының шаңырағы шайқалып, әке-шешесі ажырасып тынды. Көп ұзамай анасы Барбара екінші рет тұрмысқа шықты. Өгей әкесінің тегін баласына берді. Сөйтіп, болашақ батыр Ричард Джуэлл атанып шыға келді.

Ричард Джуэллдің отбасы Атланта қаласына көшті. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ оның денсаулығында ақау болды. Содан толық жеткіншек ұялшақ болып ер жетті. Өзінің кемшіліктерінен қысылып, қоғамнан оқшауланып, томаға-тұйық өмір кешті.

Мектеппен қоштасқан соң білімін колледжде жалғастырғысы келді. Әйтсе де, өгей әкесінің анасын кенеттен тастап кетуі көп қиындық тудырды. Баласы күйзеліске түскен анасына қолдау көрсету үшін қорған болып қасында қалды. Бірақ, оның бұл шешімі де тығырыққа тіреді. Жеке өмірі бұзылған анасы жалғыз баласының өміріне орынсыз араласа бастады. Бағы ма, соры ма, кім білсін, дәл осы кезде Ричард Джуэлл өз бойындағы комплекстерін жеңіп, қыз-қырқынмен кездесе бастайды. Ал, анасы Барбара ұлы Джуэллдің нәзік жандылармен ара қатынасына тосқауыл болып, оның меселін қайтарып отырды.

Көлік жөндеу шеберханасында біраз уақыт жұмыс істеген Ричард Джуэлл құқық қорғау органының қызметкері болуға шешім қабылдайды. Құқық қорғау қызметкерлерін даярлайтын академияға оқуға түсіп, білім ордасындағы үздіктердің қатарынан көрінді. Академияны ойдағыдай аяқтап, шерифтің көмекшісі қызметін атқарды. Ол бұл қызметіне өте риза еді. Жұмысты жан-тәнімен беріле істеді. Бірақ, күндердің күнінде Ричард Джуэлл жол апатына ұшырап, патрульдік көлікпен соқтығысып қалды. Соның кесірінен қызметінен қуылды. Осылайша, арманымен қоштасуға мәжбүр болған Ричард Джуэлл күзетшілікке жұмысқа тұрды. Сөйтіп, Атланта Олимпиадасының қауіпсіздігіне жауаптылардың бірі болды.

ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

Ричард Джуэлл Олимпиада ойындарының жүз жылдық саябағында кезекшілігін атқарып жүрді. 1996 жылы 26 шілдеде түнгі ауысымға келді. Түнгі сағат ондар шамасында күзетшінің назары дүкеннің жанында тұрған бір топ мас жастарға ауды. Бөтелкелестер босаған сыра құтыларын шашып тастаған және олардың жанында – жерде үлкен әскери сөмке жатты. Көңілді топтың бұл қылығы дұрыс болмаса да, күзетшілерге тек қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ғана шара қолдануға рұқсат етілген. Шаруаларын бітірген бөтелкелестер дуылдасып кете барды. Әскери сөмке орнында қалды.

Ричард Джуэлл мемлекеттік тергеу бюросының қызметкерін шақырып, алғашқыда өзіне жеңіл-желпі көрінген оқиға туралы баяндады. Тергеу бюросының қызметкеріне сөмкесін ұмыт қалдырған сыра әуесқойларын қуып жетуін өтінді. Бірақ, жігіттер қолға түскенде таңғалып: «Бұл біздің сөмке емес!» – деді. Мәселенің мән-жайын анық түсінген Ричард Джуэлл бірден дабыл көтеріп, өзге күзетшілермен бірге адамдарды сол маңнан эвакуациялай бастады. Дәл сол кезде полицияға белгісіз біреу қоңырау шалып: «Саябақта жарылғыш бар, ал сізде жарты сағат уақыт бар!» – деп хабарлады.

Ричард Джуэлл дабыл көтергеннен кейін 18 минут өткенде саябақта жарылыс болды. Сөйтіп, күзетшілер барлығын эвакуациялай алмады. Себебі, саябақта рок әншілерінің концертіне жиналғандар көп еді. 44 жасар Алиса Хоторн басына тиген жарылғыштың жарықшағынан қаза тапты. Түрік телеарнасының операторы орын алған төтенше жағдайды түсіріп жүріп,  инфаркт алып қайтыс болды. Жүзден астам адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Сарапшылар: «Егер Ричард Джуэлл дабыл көтермегенде, ондаған адам қаза табар еді», – деген тұжырым жасады.

ҮШ КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ҚАҺАРМАНДЫҚ

Ричард Джуэлл үш күн ұлт батыры ретінде дәріптелді. Содан соң… Содан соң «The Atlanta Journal-Constitution» газетінде FBI (Федералдық зерттеу бюросы) Ричард Джуэллді жарылысқа басты күдікті ретінде санайтындығы туралы мақала жарық көрді. Мақала соңында «Жарылысты атақты болуды армандаған жалғыз террорист ұйымдастырған» деген қорытынды жасалды. FBI жарылғыш салынған сөмкені бірінші болып көрген күзетші Ричард Джуэлл бұл рөлге әбден лайық келетінін хабарлады. Бір қарағанда, отыз үш жасар «анасының баласы», жеке отбасы жоқ, полицейліктен қуылған, яғни жолы болмаған күзетшінің портреті FBI сипаттаған қылмыскерге келіп-ақ тұр.

Рас, Ричард Джуэллге қатысты нақты айғақтар табылмады. Бірақ, оған қатысы айыптаулар басқаша өрбіді. Бұқаралық ақпарат құралдарында ол «лаңкес маньяк» ретінде сипатталды. Оның өмірбаянындағы барлық деректер сол бағытта іздестіріле бастады. Сөйтіп, үш күн батыр саналған күзетші FBI мен бұқаралық ақпарат құралдарының әсерімен қанқұйлы қылмыскерге айналып шыға келді.

1996 жылы 3 тамызда Ричард Джуэллдің үйіне тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеуге ондаған сарапшылар қатысты. Осыдан кейін америкалықтардың Ричард Джуэллдің танымал болу үшін жарылысты өзі ұйымдастырғанына еш күмәндары қалмады. Күзетші 24 сағат бойы FBI қызметкерлерінің бақылауында болды. Ал, оның үйі журналистердің қоршауында қалды.

Ричард Джуэллдің сағы сынған жоқ, тығырыққа тірелген жоқ, өзінің ақтығын дәлелдеумен болды. FBI-ден нақты айғақты көрсетуін талап етті. Ол телефон арқылы полицияға хабар берген белгісіз адамның сөйлеген сөзіне дауыстық сараптама жасау арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдей алатынын айтты. Тергеушілердің жауып жатқан жаласына сенбеген анасы да ұлының тазалығы үшін күресті. Ана жүрегі қатты алаңдады. Болып жатқан жағдайларға байланысты ұлының кішкентай кезінен бар қант диабетінің көтеріліп кетуінен қауіптенді.

Ричард Джуэллдің басына төнген қара бұлт көп ұзамай сейілді. Әлемге әйгілі істің нүктесі 1996 жылдың 26 қазанында қойылды. Прокуратура бұдан былай Ричард Джуэллдің жарылыс ісіне күдікті ретінде қарастырылмайтындығы жөнінде хаттама жіберді. Барлық тексерулер лаңкестің басқа адам екенін көрсетті. Нағыз кінәлі оңшыл радикал Эрик Рудольфтің қылмысы 2005 жылы ғана әшкереленді. Қылмыскер бірнеше адамның өмірін қиып, Олимпиада ойындарының шырқын бұзу арқылы АҚШ үкіметінің беделін түсіргісі келгенін мойындады. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ақталғаннан кейін Ричард Джуэлл білікті заңгерлерді жалдап, БАҚ-қа қарсы сот ісін бастады. Кейбір басылымдар істі Ричард Джуэллмен өзара ымыраға келу арқылы шешсе, қалғандары сот шешімімен өтемақы төлеуге мәжбүр болды.

Ричард Джуэлл БАҚ өкілдерінен сотта өндіріп алған қаржының басым бөлігі заңгер жалдауға кеткенін айта келе, өзінің ақша үшін емес, адал атына жағылған қара күйеден құтылу үшін күрескенін айтты. Толық ақталған соң қайтадан шерифтің көмекшісі қызметіне кірді. Оны шоуларға, соның ішінде комедиялық бағдарламаларға шақырды. 1997 жылы «Saturday Night Live» шоуында FBI-дің тергеуіндегі Диана ханшайым мен Терезаның анасының өліміне күдікті ретіндегі көріністе ойнады. Десе де, бұл Ричард Джуэллдің жағдайын жақсарта алмады. Денсаулығы нашарлай берді. Соған қарамастан қаһарман өз сүйіктісін жолықтыра алды. Аз ғана уақыт болсын отбасылық өмірдің дәмін татты.

2007 жылы 29 тамызда Ричард Джуэлл қант диабетінен 44 жасында қайтыс болды.

FBI ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

FBI – жемқорлыққа, терроризмге, қанды қол қарақшыларға, есірткі саудалаушыларға, жалдамалы баскесерлерге, қаржы-банк саласындағы қылмыстарға байланысты істерді тергейтін америкалық ұйым.

Голливуд киноларында FBI қызметкерлерінің біліктілігі турасында жиі көреміз. Әйтсе де, Голливуд пен FBI арасындағы келісімнің бар екендігі бүгінде тәуелсіз басылымдарда аз жазылып жүрген жоқ. Келісім бойынша, Голливуд киноларында FBI-дің өтірігі әшкереленбейді, яғни оған жасырын жарнама жасалып, мінсіз ұйым ретінде жағымды жағынан сипатталады.

Сондай-ақ, жыл сайын FBI қызықты деген тергеу істерін Голливудқа сценарий үшін беріп отырады. Ал, FBI Голливуд жұлдыздарының заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарайды. Сөзіміз дәйекті болсын. Мысалы, 2012 жылы қайтыс болған әнші Уитни Хьюстон күйеуі екеуі жалпы құны 100 мың доллардан асатын мөлшерде кокаин сатып алып, бірнеше жыл бойы қолданып келген.  Хьюстандарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа», әшейінде тергейтін FBI табылмаған.

Ресейлік блогер Михаил Крыжановский: «Терроризмге қарсы күресті күшейту мақсатында FBI-дің әлемнің 70 елінде бөлімшесі жұмыс істейді. Сол жетпіс елдің ішінде Ресей де бар. Мен FBI барлау агенттігімен бірге жұмыс істедім және FBI мен CIA (Орталық барлау басқармасы) арасындағы дұшпандықтың бары рас. CIA әдетте үй иесі сияқты әрекет етеді. Ал, FBI қызметкерлерін барлау саласында оқыту жүйесі әлсіз. FBI-дің негізгі міндеті – саясаткерлердің әрекетін бақылау, саяси кісі өлтірулердің алдын алу, терроризмге қарсы күрес болғанымен, оны істеуге уақыттары жоқ. Сол себептен де, қоғамда резонанс тудыратын террористік шабуыл орын алса, кәдімгі бұрмалау әрекеттері жиі қолданылады», – дейді.

Крыжановскийдің пікірінен қорытынды жасайтын болсақ, FBI өздерінің «кәсібилігін» көрсету үшін Ричард Джуэллден лаңкес жасап шығарғысы келген. Тергеу ісіндегі күдікті туралы басылым бетіне жариялауы, күзетшінің үйіне журналистерді қоса ертіп келуі, артынша оған күйе жағулары өзгені қаралап, өз қылмыстарын ақтап алуға жасалынған қулықтары.

2012 жылы 14 наурызда 1993-2001 жылдары FBI-дің бас директоры болған Луис Фриге, бұрынғы ішкі істер министрі Том Риджге жемқорлық бойынша айып тағылды. Қос шенеуніктің АҚШ үкіметі лаңкестік ұйым деп таныған Ирандағы моджахедтерден пара алғандары анықталды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ричард Джуэллдің басынан өткерген оқиғалары «егер саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген әйгілі сөздің дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткізеді. Жүзден астам адамның өмірін құтқарған қаһарманның саяси ойындардың құрбанына айналып кете жаздағаны өкінішті. Дегенмен, қаһарманнан қылмыскерге айналған күзетші өзгелердің өмірін ғана емес, өз адал атын да қорғай білді.

2019 жылы америкалық режиссер Клинт Иствуд көрермен назарына өзінің «Ричард Джуэллдің ісі» атты өмірбаяндық драмасын ұсынды. Қаһарманға айналған қарапайым күзетшінің тағдырын баяндаған фильмді ғаламтордан да көруге болады.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here