Мемлекеттің қолдауымен Сарысуда мал басы артып келеді

0
923

Соңғы жылдары мемлекет қолдауының арқасында Қазақстанда мал басы артып келеді. Айталық, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы соңғы үш жылда бұл салаға  тың  серпін  бергенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал, мемлекет берген мұндай мүмкіндікті пайдалана алған шаруа қожалықтары да аз емес. Соның бірі – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы «Әлішер» шаруа қожалығы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осыдан он жеті жыл бұрын ата кәсіпті қолға алған Боранбай Нұрмағанбетовтің шаруа қожалығына тоқталады.

Сарысулық Боранбай Нұрмағанбетов пен оның ұлдары Бақытжан мен Ахметжан 2003 жылы «Әлішер» шаруа қожалығының негізін қалайды. Сөйтіп, Жаңатас қаласының іргесінен 120 гектар жерді алып, 80 бас ұсақ мүйізді малмен ата кәсіпті бастайды.

«Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегендей, он жеті жылда мал басының саны он есеге артады.

«Ата кәсіпті қолға алғанға дейін Жаңатаста теміржолда еңбек еттім. Үйде он шақты мал басы ғана болды. Оларды әкемнің өзі қарайтын. Яғни, ірі шаруашылықты қолға алу ол тұста ойымда болған да жоқ. Дегенмен, ұлдарым ер жетті. Мал шаруашылығымен айналысуға өтініш білдірді. Бұл шешімді қабылдау алдында ұзақ ойландым. Содан отбасымызбен ата кәсіпті қолға алдық», – дейді Боранбай Нұрмағанбетов.

Иә, кез келген кәсіпті бастау оңай, ал оны аяқтан тұрғызу қиынның қиыны. Бастапқыда Нұрмағанбетовтер әулетіне де ата кәсіпті бірден дөңгелетіп алып кету оңай болған жоқ. Өйткені, олар бәрін нөлден бастады. Түрлі қиындықтар алдан шықты. Дегенмен, адал еңбек пен мемлекет қолдауының арқасында сол қиындықтарды жеңе білді. Қазір «Әлішер» шаруа қожалығында 800  бас ұсақ мүйізді және 50 бас ірі қара мал, 40 бас жылқы бар.  Жайылымға арналған жер 1 500 гектарды құрайды.

Шаруа қожалық иесінің айтуынша, малдың күтіміне, жем-шөбіне, жайылымына жіті назар аударылады, уақытылы екпе егілуі де қадағаланады. Өйткені, мал шаруашылығы жүрдім-бардым қарауды көтермейді.

«Сарысу өзінің құнарлы жерімен мақтана алады. Бұлақ көздері, жайылым жерлері көп. Яғни, ата кәсіппен айналысуға болатын құтты мекен. Сондықтан біз секілді мемлекет беретін мүмкіндікті пайдалана білген жөн. Біздің қожалық сенімді әріптес ретінде де өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Мәселен, Меркі ауданының ет комбинатына жылына 400-450 қозыны жөнелтеміз. Сүт өзімізден артылмайды. Ал, теріні пайдаға жарата алмай отырғанымыз рас. Жағамыз. Қазір мемлекеттің қолдауымен шаруашылықтар кооперативке айналып жатыр. Демек, аз уақытта теріге сұраныстың артатынына сенім мол», – деп атап  өтті Боранбай Нұрмағанбетов.

Енді шаруа қожалығының мемлекеттен алып отырған қолдауына тоқталсақ. Қожалық жылына әр асыл тұқымды мал басы үшін 1 500 теңге көлемінде субсидия алады. Былтыр мемлекеттің 3 млн теңгеден артық қаржысына күн электр станциясы іске қосылды. Сөйтіп, қожалықта жарық мәселесі түпкілікті шешілді. Сондай-ақ, қожалық жақында лизингке трактор алып, мал басы санын арттыруды жоспарлап отыр.

«Ата кәсіппен айналысқысы келетіндерге мемлекеттің қолдауы аз емес. Түрлі бағдарламалар бар. Оған жылда ашылып жатқан шаруашылықтар, біз сияқты өркендеп жатқан шаруашылықтар дәлел бола алады. Бір өкініштісі, қазір шопандарды табу қиын. Бізде екі отбасы сонымен айналысады. Айлықтары 80-90 мың теңге. Айына етпен қамтамасыз етеміз. Жылына 10-12 төлді береміз. Су, жарық, жылу… бәрі бар. Онда да шопандар жоқтың қасы», – деген Боранбай Нұрмағанбетов бір мәселенің шетін шығарды.

«Qazaq» газеті бұған дейін Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мән-маңызына талай тоқталды. Мемлекеттік бағдарлама «Сыбағадан» өз сыбағасын алған талай шаруашылықтарды жазды. Ондағы мақсат – «екі қолына бір күрек таппай» жүрген ауылдағы ағайындарды ата кәсіпке тарту. Өйткені, «алма піс – аузыма түс» дегенді қазіргі уақыт көтермейді. Ендеше, мемлекет берген мұндай мол мүмкіндікті пайдалана білу керек.

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here