Абай – қазақ халқының жол сілтер бағдары

0
7576

Қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы ақынымыз Абай – бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақындардың қатарында. Халқымыз Абайдың ұлылығын, даналығын, сырлы жүрегін бесік жырынан, отбасы-қарашаңырақтан тыңдап өсті. Ақынның әр сөзі ұрпақ тәрбиесіне өнеге болды. Өйткені, Абай туған халқының данышпан ұлы,  қасиетті ана тілінің шешендік бастауы, қамқор ғұламасы. Абай сепкен дәндер бір ғасырдан бері өсіп-өніп біздің әдебиетімізді, мәдениетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтіп келеді.

Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы тойдың төріне сол көксеген мұратына жетіп, барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат Адамзат ардағы, Адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр.

Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасырдан уақыт өтсе, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай құбылыстар тұсында да айнымас темір қазық болып қызмет етіп келеді.

Ол қазақ ұлтынан туғанын, сол ұлттың өркендеуіне бойдағы бар қайратын, ойдағы бар ақылын жұмсауға міндетті екенін ұмытпаған. Абай тар заманда, «соқтықпалы, соқпақсыз» жерде, халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып, халқының көшін жаңа жолға – мәдениет, өнер-білім жолына бастады.

Ақын қазақ елінің дәл бүгінгідей ерікті, берекелі, бірлікті, күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі.

Берекелі болса ел,

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды, соқса жел,

Жан-жағынан күркіреп

Құйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден,

Өзгеше боп өсер төл, – деп тіледі.

Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, ой-санасын жетілдіру, ержеткізу үшін күресті. Оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.

Ақын өлеңдерінен халық өмірінің кең көріністерін ғана байқап қоймаймыз, сонымен қатар оның арманы мен үмітін танимыз және қасиетті мұңға толы үнін естиміз.

Ұлы ақын шығармасы тұнып тұрған терең ой мен поэтикалық рух адамның жан дүниесін нұрландырып, асқақ мұраттар мен биік мақсаттарға үндейді. Соның ішінде әлемдік поэзияның алтын қорынан ойып тұрып орын алған өлеңдері мен поэмаларын былай қойғанда, оның қара сөздерінің өзі заманның зердесі, тыңнан түрен салған толғаныс-туындысы саналып қана қоймай, бүгінгі қазақтың да өмірлік қағидаларына айналған, болашақта да мәні мен мағынасын жоймайтын, уақыт өткен сайын биіктен көрінетіні сөзсіз.

Абай: «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері…» – деп, оқырманға ой салады ұлы ақын.

Сонымен қатар, ұлы ақын қазақтың жаңа әдебиетін – мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген сертіне жетті.

Халқына «іші алтын, сырты күміс» өлең қазынасын, мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды.

Ол өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю арқылы онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір орыс халқының мәдениетін, өнерін бағалады.

Өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Ақын халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр.

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек, – дейді Абай 38-сөзінде, – әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білемін». Бұл үшеуімен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі – ғылымды, адал еңбекті,  адамгершілікті атап, өзінің шығармаларында осы үшеуін өмірінің соңына дейін дәріптеді.

Абай – ұлт үшін орны ерекше болған дана тұлға. Ұлы дарын иесінен қалған мұра сөз қадірін таныған кімнің болса да жүрегінен орын тауып, жанын тербеді. Абайға бас қойғанның іздегенін таппағаны кемде кем. Сондықтан да болар, Абай шығармашылығы әр кезеңде зерттеуші қауымның нысанасына айналып, қайсібіріміздің кәсібімізге негіз болып, енді бірімізге рухани азық, жанымызға қуат, айтарымызға уәж болып келе жатыр. Абай тағылымын алмаған қазақ жоқ.

«Ұлы ақынның талантының ұлылығы осы биік халықтығында. Ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді», – дейді М.Әуезов.

Ақын халықтың асыл арманын арқалаған, жақсылығына сүйсініп, жамандығына күйінген. Тіршілік тыныс, қан тамыры сүйікті халқының жүрегімен бірге соққан. Ақын өз жұртының аяулы қасиеттерін бойына жинаған. Адамдық, адалдық, табиғатпен үйлесімділік, ұрпақ тәрбиесі, ғылым мен білімнің ұлт өркеніндегі маңызы, қазақ жұрты бойындағы кемшіліктер, махаббат, сенім тағы басқа өзек жарды құбылыстар. Абай осы рухани құндылықтардың байыбына барып, табиғатын түсіне отыра тереңнен толғайды. Қазақ жұртына өзі қалам сілтеген құбылыстардың, істердің қажеттілігінін, тағдырлық мәнін сездіруге тырысады, асыл ойларға жүгінуді қалайды.

Қуаты күшті нұрлы сөз,

Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған,

Сөзді ұғатын қайсың бар? – деп толғанып, заман тудырған, қиын істерді атқаруға шақырады.

Ұлы ойшылдың бүгінгі күн биігінен қараған сайын жарқырап көрініп, көңілдің елең еткізетін ой-тұжырымдарын кез келген шығармаларынан табуға болады.

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,

Көп наданнан түңілдім, – деп  ақынның толғануы сол заман шындығы. Ақын өмір сүрген заманға үңілсек, бұл өлеңнің басқаша жазылуы мүмкін емес.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, – деп ұлы ақынның айтқанына ғасырдан астам уақыт өтсе де осы бір данышпандық ой өз мәнін жойған жоқ. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында бұл өлеңнің мән-мағынасы үсті-үстіне арта түскендей.

Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының шым-шытырық қайшылыққа толы шындығын белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады.

Ұлы ақынымыздың шығармалары ғасыр бойында халқымызға көркемдік ұстаз қызметін атқарып келеді. Оның өлеңін жаттамаған, әнін айтпаған, асыл ойларын үлгі тұтпаған қазақ жоқ десек артық айтылғандық емес. Өмірдің түрлі құбылыстарына берген Абайдың бағалары мен байлаулары, сындары мен шындары, теңемесі мен ішіңді тереңдей тануға көмектеседі.

Ол өзінің қазақ ұлтынан туғанын, сол ұлттың өркендеуіне бойдағы бар қайратын, ойдағы бар ақылын жұмсауға міндетті екенін өзі ес білгеннен өле-өлгенше ұмытпаған адам.

Абай халқының рухани тұтқасы. Осыны түсінген ақын өзін күреске шыңдайды, әлеумет мұқтажына сай, сайысқа шығар қайраткерге жарасымды мінез қалайды, өзіне-өзі сын көзімен қарайды. Ұлы ақын қағидаларының бүгінгі өмірмен қалай үндесіп жатқанын күнделікті тіршіліктен-ақ байқауға болады.

 Ақын жасампаздыққа, парасаттылық пен ынтымаққа үндеуші идеялары Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттардың өкілдеріне бірдей құнды, ортақ қазына. Абайдың әр мерейтойының шын мәнісінде ұлттық мерекеге айналуы осыдан.

Ол тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл дүниеге аты мәшһүр болған тағылымды да терең ойлы тұлға. Оның бойында жер жүзінде жария болған ұлылардың ұлағаттылығына ұқсас қасиеттер баршылық.

Абай поэзиясынан оның бүгінгі кезеңде жер жаһан үшін тағдырлық мәні бар жалпы адамзаттық құндылықтар мен мұраттар мәселесін зерделеу дәрежесіне көтерілгенін анық байқаймыз. Ақын  халқының бірлік пен ынтымақ арқылы ғана өркениеттілікке жете алатынына сенген. Тек игілікті мақсаттар төңірегінде топтасу, өнерді, білімді, ғылым мен достықты тіршіліктің қайнар көздеріне айналдыру ғана өркениетті жұрттың қалыптасуына әкелмек, ұлттың зерделі кейпін жасамақ.

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рухани өмірінің қайта өрлеу процесі бос жерде өрбіп, жоқтан пайда болмайтындығы белгілі. Олай болса Абайдың күрделі ұлттық өмірдің барлық қырларын ашатын, ондағы кем-кетікті жамауға көмектесетін рухани шығармашылық мұрасы қазақ халқымен бірге адамзаттың тіршілік қаракетіне қызмет ете беруі керек. Абай тәлімі тек қазақ ұлтының рухани келбетін сындарлаумен шектелмейтіні, оның әлем халықтарына рухани тыныс берері шындық.

 Халықтық рухани, мәдени қазыналарының алмасуы арқылы бірін-бірі тану-білу тарихында қазақтың ұлы ақыны Абайдың орны мен рөлі ерекше адамзаттың мәңгілік, ұлағатты да ұлы ұстазы. Ол ғибраты мол ғұлама. Абайдың өзі бүкіл бір ғылым.

Заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл ұлы ақын өлеңдерінің жаңа бір қырлары жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көзін жеткізді.

Абай – танып болмаған ұлы құбылыс қана емес, бүгінгі күнге дейін ақын әлемін толықтай шеше алмай келе жатқан жұмбақ жан. Бірнеше ғасырдан бері Абай жұмбағының кілтін табуға ұмтылушылық бір сәт толастаған емес. Зерттеген сайын Абай заңғары биіктей береді, рухани әлемі өзіне тәнті ете түседі.

Абай – мәңгі. Абай ұрпағымен бірге жасай береді.

Нұрсұлу Санақбекқызы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here