Алдағы 25 қарашада қазақтың ардақты ұлы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнату, 140 жылдыққа – 140 шара өткізу, жол мәселесін шешу, Торғай музейін жаңғырту сияқты бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Рухани көсемге арналған ескерткіштің соңғы нұсқасы бекітіліп, Қостанай қаласындағы Міржақып көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысына орнату жоспарланғанын мәлімдеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында ұлт ұранына айналған ұлы тұлғаның мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Исаның Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалына тоқталады.
ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ КҮЗГЕ ДЕЙІН ШЕШІЛЕ МЕ?
Қазыбек Жарылқасынұлының атап өтуінше, Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған Алаш арыстары Қазақ елінің азаттығы жолында өлшеусіз қайрат көрсетті және ұлт азаттығы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білді.
– Алаш Орда үкіметінің іргесін қаласқан Міржақып Дулатұлы бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі идеясын алғашқылардың бірі болып көтерген ұлт қайраткерлерінің алдыңғы қатарында аймаңдайы жарқырап тұр. Қазақтың кең даласын дүр сілкіндірген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы жас авторға патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ» жаппай тәркіленді. Ал, қазір ше? Осындай алып тұлғаның атаулы мерейтойы қазіргі таңда тиісті мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін қоғам да, зиялы қауым да алаңдап отыр, – дейді халық қалаулысы.
Қазыбек Исаның айтуынша, Алаш үшін айтулы датаны елімізде мемлекеттік деңгейде атап өте алмасақ, бұл – тек тарихи әділетсіздік болатыны анық.
– Ұлт идеясы үшін Алаш идеясын ұсынып, Алаш бағдарламасын қабылдаған «Ақ жол» партиясының Үкіметке ұсыныстары жетерлік. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақты оятқан Міржақып Дулатұлын ұлықтау мақсатында жасалуы тиіс шаралар жеткілікті. Жақаңның тойынан ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек. Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы қажет. Бұдан он жылдан кейін алда 2035 жылы болатын 150 жылдық тойы ЮНЕСКО бойынша аталып өтуі үшін қажетті қарекеттердің басы биылдан басталуы тиіс, – дейді мәжілісмен.
Қазыбек Жарылқасынұлы осыдан төрт жыл бұрын жасаған депутаттық сауалын Олжас Абайұлының есіне салды.
– 2021 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы депутаттық сауалымызда «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ақаң мен Жақаңның туған жеріне барып, ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі жазылмаған заң. Алты жылдан бері облыс әкімі Ақаңның ауылына ат ізін салмаған. Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ», – деп жазып едік. Ал, қазір қалай екен тарихы терең, тағылымы ерен Торғай өңірінің?!
Тағы да қайталаймыз, «әлем бойынша елулікке кірдік» деп екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын Қазақ елінде, ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ әлі. Ақаңның 150 жылдығы қарсаңында жасаған депутаттық сауалымызда талап еткен негізгі жол әлі толық біткен жоқ. Сол 2021-2022 жылы асфальт төселген жол учаскесі су тасқыны кезінде бұзылды да, одан кейін ол жерге қайта асфальт төселген жоқ. «Шұбалан – Қарасу» жолының 57,6-107,6 шақырымына 2024-2025 жылдары басталған орташа жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатыр.
1992 жылы кірпіші қаланған Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни «Тоқанай – Саға – Алтынсарин» автомобиль жолы да әлі бітпей жатыр. Жолдың 0-15 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстары биыл 15 тамызға дейін жүргізіліп бітеді деп отыр ел үміттеніп. Жолдың 15-34 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары биылғы сәуір айынан бастап жүріп жатыр. Ал, 49-88 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер өтуде. Бұл жолға орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізіледі, негізі осы жолға толық асфальт төселсе жақсы болар еді деп отырған халық талабы өте орынды. Сонда 40 шақырым жерге қиыршық тас төселетін болса да, оның өзіне конкурстық рәсімі әлі бітпесе, енді қашан басталмақ ол жол?! Тойға дейін үлгере ме?! – деп халық қалаулысы Үкімет басшысына жолдың жайын сұрады.
АРҚАЛЫҚТАҒЫ ӘУЕЖАЙҒА МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ…
Қазыбек Жарылқасынұлы Бурабайда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялағанын айтты.
– Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын экономикалық маңызы зор «Орталық – Батыс» автокөлік күре жолының құрылысы қазір басталып та кетті. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол – экономикалық күре тамыр бір қауым елге жұмыс беріп, жаңа серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салынады.
Төрт жыл бұрын Парламентте көтерген талабымызға байланысты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді, құдайға шүкір. Енді Арқалық қаласындағы әуежайға Міржақыптың атын берсек, бастаған істің жақсы жалғасы болар еді.
Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ақаң мен Жақаңның есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе? – дейді 63 жастағы депутат.
Қазыбек Иса Бидайық ауылында орналасқан Міржақып кесенесіне бүгінгі күні Бақберген Утеулин бастаған Жақаңның ұрпақтары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
– Сол жердегі музейін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Міржақып Дулатұлы тек өз туыстары үшін күрескен жоқ, ұлт үшін, қалың қазақтың болашағы үшін, Алаш үшін айқасып, құрбан болды. Сондықтан, Міржақып кесенесіне де, музейіне де Үкімет қолдау жасауы тиіс деп білеміз, – дейді мәжілісмен.
Осы арада Қазыбек Жарылқасынұлы бірнеше мәселені көтерді.
– 2021 жылы депутаттық сауалымызда талап еткендей, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына интернет барды. Енді биылғы жылы Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.
Саға ауылындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ескі ғимаратта отырғандықтан, жаңа ғимарат салынуын сұрап отыр ел.
Ұлт көсемінің осы уақытқа дейін өз туған өлкесінде еңселі ескерткіші жоқ. Міржақыптың енді салынатын ескерткіші тек Қостанаймен, Алматымен ғана шектелмеуі керек. Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыз Қызылордада, барлық өңірде тұруы тиіс. Барлық облыс орталықтары мен қалаларда Міржақып атындағы көшелер мен мектептер, ескерткіштері міндетті түрде болуы қажет.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толса да, Алаш қайраткерінің атында бір көше де, бір мектеп те болмауы нені білдіреді? Өзге ұлт өкілдерінің атауынан аяқ алып жүре алмайтын солтүстіктің әкімдері Алаш көсемдерін біле ме екен? Тіпті, қалың қазақ тұратын Ұлытау облысында оның атында бір көше де жоғына не деуге болады? – деп қынжылыс білдірді депутат.
Бұрынғы бас редактор, бүгінгі халық қалаулысының атап өтуінше, Жақаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.
– Ұлт тарихын ұлықтау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Сондықтан да, осындай ірі тарихи тұлғалардың мерейтойларын тиісті деңгейде атап өту – Әділетті Қазақстандағы әділеттің нақты көрінісі болар еді. «Әруақ разы болмай, тірі жарымайды» деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық.
Қазақтың ұлт жолындағы ұлы күрескері, өр ақын, қайсар қайраткер Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының арманы бір ғасырдан кейін болса да, орындалғанын көру – ұлттың басты арманы.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1909 жылы жазылған Міржақыптың мірдің оғындай рухты ұлы жыры осылай бүгін де зор қуатты болып тұр. «Оян, Қазақ» деп ұран тастаған Міржақыпқа жасайтын құрметімізге қарап, біздің 116 жылдан бері оянған-оянбағанымыз белгілі болады, – деген мәжілісмен 140 жылдыққа байланысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Соның ішінде «Ақ жол» фракциясының Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына баратын жолға асфальт төселіп, күзге дейін үлгеру керектігі секілді 11 ұсыныс бар.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мерейтойлық іс-шаралар қыркүйек айының басына, нақтырақ айтсақ, 5 қыркүйекке жоспарланып отыр. Бұл күнді облыс көлемінде өтетін негізгі салтанатты шаралардың шарықтау шегі десе де болады. Жалпы, мерейтой мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан. Осыған орай 140 іс-шара бекітілді және олардың бірқатары өткізіліп те үлгерді. Десе де, алдағы 4 қарашада Алаш қайраткерінің аяулы қызы Гүлнәр Міржақыпқызының туғанына 110 жыл толатынын да естен шығармайық, ағайын!
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ