Асанәлі Әшімов: «Тағдырға өкпелеуге болмайды»

0
6459

Алты алаштың қадір тұтар тұлғасына айналған Асанәлі Әшімовтің халық сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры – ел мен жердің киесін терең сезініп, туған топырақтан тамыр үзбей, ұлтының ұлық қасиетін бойына сіңіруінде болса керек. Кіндік кесіп, кір жуған мекені – Жайылма ауылын (Жамбыл облысы) 83 жастағы Алаштың Асанәлісі әрдайым мақтан тұтады.

Иә, киелі өңірде дүниеге келген өнер иесі – соғыс дәуірінің ұрпағы. Жеңіске 20 күн қалғанда қаза тапқан әкесі Әшімнің аяулы алақанының жылуын көрмесе де, үлкен әкесі Ысқақтың аталық мейіріне қанып өсті. Ауылға сирек келетін әртістерге еліктейтін әдет тапқан бозбала Асанәлі өнерге жақын болды. Бойындағы талант оны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетіне алып келді. 1961 жылы «Қазақфильм» киностудиясына, 1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актер болып қабылданды. Театрдың киелі сахнасында, кино өнерінде ондаған бейнелері арқылы айшықты өнеге мен өрнекті із қалдырды. Өнермен өрілген өнегелі өмір иесі – Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің сахна сыртындағы сырын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Асанәлі аға, сахна өнері атты құдіретті бағындырған, кісіліктің де, кішіліктің де бәрін бір бойыңызға жинаған белгілі тұлғасыз. Бір пайыз таланттан өзгенің бәрі еңбекпен келетінін де халқыңызға мойындаттыңыз. Қысқа қайырғанда, бармақтай бақ қонған жанның бірегейісіз. Десек те, осынау бір ғұмырға татитын өнер жолыңызда «Нені жасадым, нендей тірлігімді жасай алмадым» деген жүрек түкпіріңізде салмақты ой қалып қоймады ма екен? 

– Өмірге, тағдырға өкпелеуге де, ренжуге де болмайды. Керісінше, басына қайғы-қасірет түспеген адам бақытсыз. Ол – өмірдің сыны, сынағы. Өмір сынын көрмеген кісі өмір көрдім демесе керек. Тек өнерде емес, жалпы өмірде халыққа танымал қайраткерлердің «әттеген-ай» дейтін кезеңдері болатыны табиғи заңдылық. Мәселен, жазған дүниең жарияланған соң «қап, мына бір тұсына мынадай сөзді енгізу керек еді…» деген сияқты өкініштер болады, әсіресе бізде. Дегенмен, актер өзі сомдаған рөліне өзі риза болмай отырғаны дұрыс. Бұл қасиет актерлік шеберлігін шыңдай түсетін ұлылардың ғана қолынан келеді. Бізде көбінесе атақ-даңқты көтере алмай дандайсып кететіндер бар. Ал, ұлы Айманов, ұлы Әуезов, ұлы Сәтпаев сынды тұлғалар некен-саяқ.

Жалпы, өнер адамдары соңғы демі таусылғанша әрекетте жүргені дұрыс. Сол сияқты менің де халыққа берерім, әлі жасайтыным бар. Соның бәрі бойыма симай жатқандықтан кейде қалам ұстап қағазға түсіремін. Күнделік, естеліктер жазамын. Күнделік – адам өмірінің жылнамасы. Бұл жазушылықтан емес, келешекке өнер жайында жазып, бір нәрсе қалдыру керек болғандықтан. Актер деген сөздің аясында өзіндік тәжірибеңнен сыр шертсең, ізденген ұрпағың осыдан бір нәрсе үйренсе екен деген үмітпен…

– Өнерді тиын-тебеннің тулағына айналдырып алған жоқпыз ба? Бұған өзіндік пікіріңіз қандай?

– Әттеген-айым… дәл қазіргі таңда шалдыр-бұлдыр әртістер көп. Халық айтады ғой «өзі бір әртіс екен…» деп. Олар – сол «әртістер». Театрдың үлкен шеберлерін алып қарашы, солардың әрқайсысы бір-бір тарих.

Актерлік – бұл ғылым. Актер де адам жанының инженері. Ол – қасиетті, жетесінде бар, ой-тұжырымы алғыр, ірі фантазер адам болуы шарт. Бұған қоса туабітті талант керек. Бізде халық театрлары бар, солардың кейбірі алаң-жұлаң, кездейсоқ нәрселер жасайды да соны өздері «шеберлік» деп түсінеді. Солардың «әртістігін» теледидардан көріп отырып өзімнен-өзім ұяламын.
Біздер аға буынның үлкен мектебінен өттік. Олар сахнада ойнамайтын, образ жасайтын. Ойнау – бұл шартты сөз. Ойнау – бұл карта, бильярд ойнау. Ал, актер кейіпкерді сомдайды, сахнада өмір сүреді. Тер төкпей, жүйке тоздырмай жақсы өнер тумайды. Өнерге шыдамды, төзімді жүйке керек. Одан сенің денсаулығың бұзылмайды, қайта сенің өміріңе өмір қосылады. Қиналып жасаған жұмыс – ол сенің «кәйфің». Сахнаның сыртында жұмыс істе, ал сахнаға шыққанда демал. Енді сахнаның сыртында жұмыс істемей сахнаға шықсаң, ол өзіңді тығырыққа әкеп тірейді. Сахна – бойыңдағы жүгіңді жеңілдетеді.

– Сіздің шығармашылық шеберлігіңізді шыңдап, халыққа танытқан фильм – «Қыз Жібек». Осы фильмге кезінде кеңестік қоғам тарапынан қиянат жасалып, киноның көп жері қиылып, кинолентадан мүлдем алып тасталынды деген сөз бар. Шынында да, «Қыз Жібекке» қатысты бұрын-соңды айтылмаған жайттар бар ма?

– Фильм туралы әр алуан пікірдегі сөздің бәрі бекер. «Қыз Жібек» – осы қалпының өзінде бізге жеткілікті. Әйтсе де, өнерге бұйрық берілгеннен соң, өнерді түсінбейтін пенделердің пікірлері болғаннан соң, фильмнің өндіріске қабылданар сәтінде кей тұсының қиылып, экраннан алып тасталынып, оның 20-25 пайызы ғана кіргенін айтпай кетуге болмас. Бұл цензура тарапынан болған қиянат. Ол кезде мұндай нәрселерге лупамен қарайтын. Айталық, соның кесірінен кинолентаның өн бойындағы Бекежанға қатысты еркін қимылға толы тұстары мен қазақ жасағының Қорен қалмақ қолымен шайқасы, кино соңындағы Жібектің Жайыққа ағып бара жатқан желегін жат жерліктер найзамен іліп алып, итше ырылдасып жыртуы сияқты кадрлар көрерменге жетпей қалды. Мұның басты себебі, сол кездегі сарапшылардың «басбұзар Бекежан тәрбиелі Төлегеннен басым болмауы керек» деген пікірі.

Қорен қалмақ қолымен арадағы шайқас бейнеленген көріністе қазақ жасағының саны «Александр Невский» фильміндегі әскерлерден де көп боп кеткен-мыс, «кинорежиссердің жауларға суға ағып бара жатқан желекті жыртқызуында бір гәп бар» деген секілді әсіре күмән-күдіктер еді. Осылайша, Іленің бойында ай бойына түсірілген керемет көрініс – қазақ-қалмақ шайқасы мүлдем алынып қалып, оның орнына жаудың шағын шолғыншы тобымен қақтығысып қалған шөре-шөре қазақ жігіттері ғана қалады. Фильм финалындағы Жібектің желегінде шынында да символдық астардың бары рас еді. Бұл символ – ел ішінде бірлік пен ынтымақты меңзейді.

Ал, фильм түсірілімі алаңындағы басқосудың өзі тарих. «Қыз Жібектің» сценарийін талқылауға арналған алғашқы басқосуда Ғабең – Ғабит Мүсіреповтің арнайы келіп, оны бәріміздің алдымызда басынан аяғына дейін өзі оқып, түсіндіріп бергенін жұрт біле бермеуі мүмкін. «Бұл өзі қайталана бермейтін оқиға. Ғабеңнің дауысы студиямыздың алтын қорында қалсын», – деп жазушының сондағы бір жарым сағаттық сөзін таспаға жаздыртып алған болатын. Алайда, сол сөзі қолды болып, таптырмай кетті.

Көрермендердің көзінен тыс детальдің бірін айтайын. Белгілі ғалым Өмірзақ Айтбайұлының Сырлыбайдың рөлін сомдаған аяғы сал, денсаулығы дімкәс Кененбай Қожабековті фильм түсіріліп біткенше арқалап жүруі еді. Өмірзақты екі сериялы тұңғыш қазақ киносының жалаңтөс жанкүйері деуге де болады. Ол кино түсіру алаңы десе ішкен асын жерге қоятын. Кенекеңді атқа да, таққа да отырғызатын экран сыртындағы энтузиаст көмекшісі болды. Менің көзқарасымша, інінің ағаға деген ілтипаты көңілі қаяу Кененбай Қожабековтің жан жарасын жеңілдетіп, оның өзіне тапсырылған рөлді сәтті ойнап шығуына үлкен моральдік демеу болды деп айтар едім.

Режиссер Сұлтан Қожықовтің Төлегеннің атына ер-тұрман іздеуінің өзі бір төбе әңгіме. Республикамыздың түкпір-түкпірін аралап жүріп, «осы дұрыс-ау» дейтін жиырмаға жуық ер-тұрманды тауып әкелгені бар. Соның ішінде күміс жүгенді құранды ер көздің жауын алушы еді. Бұл ақын Олжас Сүлейменовтің Алматы облысына қарасты ауылдардың бірінен сатып алған «коллекциясы» болып шықты.

Сонымен, режиссер Сұлтан Қожықов фильмге жақсы дүниелерді ала білді. Өкініштісі, кинолентадан қиылып алып тасталынған кадрлардың киностудия қорында сақталмауы. Бұл оған жауапты адамдардың салақтығынан емес, қаржылық-шаруашылық қатаң тәртіптің салдарынан туған жайт. Олай дейтініміз, пленканың құрамында күміс болғандықтан оның әрбір метрінің өзі сол кезде есептеулі дүниеге жататын. Қазіргі күні де солай. Сондықтан оның бракқа шығарылып, жарамсыз болған, күн көзі шалып күйіп кеткендерінің өзі мұқият жинастырылып, артынан өртеліп, олардың күлінен күміс айырылып алынатын. «Қыз Жібектегі» қиылып қалған кадрлар мен эпизодтар да солай болды. Оларды Сұлтан Қожықов ағамыз жанын салып қанша қорғаштағанмен, бес-алты жылдан соң амалсыз күміс өндірушілердің қолына беруіне тура келген болатын.

– Келмеске кеткен кеңестік дәуір мен бүгінгі тәуелсіздік туралы аз-кем пікіріңіз… 

– Келмеске кеткен дәуірге мен топырақ шаша алмаймын. Қызмет еткен, менің адал еңбек еткен, абырой-атаққа жеткен уақытыма тұспа-тұс келген кезең. Әуезов театрының шарықтап, Одақтағы төрт театрдың қатарына қосылған кезеңі. Мен осының бәрін басымнан өткізе тұрып, ол дәуірдің жақсылықтарын пәлен, түген еді деп қалай жоққа шығарамын. Әр кезеңнің белгілі өмір сүретін уақыты болады. Кеңестік дәуірдің мерзімі солай бітті, оның артынан әңгіме айтудың қажеті жоқ. Тәуелсіздіктің таңы біздерге көптеген жақсылықтар сыйлағанына бәріміз куә болудамыз ғой.

– Досыңыз көп пе, әлде дұшпан көп арттырдыңыз ба?

– Дос та, дұшпан да бар. Ендеше доспен қатар маған дұшпандарым да керек. Екеуіне үнемі бірдей бақыт тілеп отырамын.

– Азаматтық арды қалай түсіндіресіз? 

– Адамға ең қажеттісі – өз арыңның алдында айнаға қарап тұрып өзіңе-өзің есеп бере алуың. Сондай адам түбі жаман болмас. Ал, актер өз шындығын айтатын, өз арының алдында таза, өз қатесін көретін, қысқасы ұялмай, адамның бетіне тура қарайтындай жағдайда жүруі керек-ақ.

– Қандай байлығыңыз бар? 

– Менде бизнес жоқ. Менде абырой-атақ бар. Халыққа жұғымды тірлік атқарсаң, халық өзі-ақ алақанына салып алып кетеді. Алақан деген сөздің салмағы бар. «Халықтық алақан» деген сөздің мағынасы осы болса керек. Халықтың алақаны – сенің атқарған жұмысың!

– Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here