Covid-19: Үміткер көп, вакцина жоқ

1
3402

Медицинасы озық елдердің коронавирусқа қарсы вакцинаны әлемде бірінші болып ойлап табуға жарысып жатқаны шындық. Дегенмен, қай елдің оза шабатыны әзірге белгісіз. Өйткені, үміткер көп, вакцина әлі жоқ. Сала мамандары мен ғалымдардың өзі коронавирусқа қарсылық таныта алар вакцинаның қашан шығатынын да нақты айта алмайды.

Ресейлік профессор Георгий Базыкиннің айтуынша, бүгінде коронавирусқа шамасы жететін «үміткер вакциналар» туралы сөз қозғауға болады. Бірақ, толыққанды вакцинаның табылғанын айтуға әлі ерте. Медицина өкілдері коронавируспен алысқан әлем халқынан екі-үш ай көлемінде де сүйінші сұрай алмайды. Ал, америкалық ғалымдар ресейлік әріптестерімен тіпті келіспейді.

«Коронавирус індетіне қарсы вакцинаны ойлап табуға алғашқы қадам жасалды. Бұл – күрделі шаруа. Екі-үш айда шешілетін де мәселе емес. Мақсатқа жетуге әлі ұзақ уақыт керек. Белгісіз аурудың күрделілігіне байланысты оған жылдар да кетуі мүмкін. Вакцина өз мақсатына жетуі үшін бірнеше жолдан тағы өтуі тиіс», – деп санайды Георгий Базыкин.

Профессордың сөзіне сенсек, вакцинаны тәжірибеде қолданылып жүрген белгілі технологиямен жасап шығарудың да өзі көп уақытты алады. Мәселен, тұмаудың вакцинасы жыл сайын өзгереді. Өйткені, мутация кезінде вирус үлкен өзгеріске ұшырайды. Содан оның вакцинасын жасап шығаруға алты айдай уақыт кетеді. Ал, әлемдік қауымдастық бұл коронавируспен бірінші рет бетпе-бет келді. Яғни, әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан бір жылсыз коронавирустың емі табылмайды. Және оның емін табу материалдық тұрғыда әлемге тым қымбатқа түседі.

Ресей Федерациясы жасап жатқан вакцинасын осы жаздың ортасында тәжірибеден өткізетінін мәлімдеді. Ал, Қытай қазірдің өзінде жасаған вакцинасын сынақтан өткізіп жатыр.

Әрине, ресейлік пен қытайлық ғалымдардың жылдамдығына, оптимистік көзқарастарына қол соғуға болады. Дегенмен, олардың вакцинасының коронавирусқа қаншалықты қауқар көрсете алатынына да уақыт керек.

АҚШ ғалымдары «асыққан – шайтанның ісі» екенін басшылыққа алып, коронавирус вакцинасы туралы мәлімдеме жасауға асықпайды. Америкалықтар келесі жылдың жазында ғана вакцинаны таныстыратындарын алға тартады.

АҚШ-тың Жұқпалы ауруларды бақылау орталығының басшысы Энтони Фаучи коронавирустың вакцинасы 12-18 айға дейін әлем тұрғындарына қолжетімсіз болатынын айтады.

Айта кетейік, АИВ (ВИЧ) инфекциясының вакцинасы табылған 1984 жылы сол кездегі АҚШ- тың Денсаулық сақтау министрі Маргарет Хаксли: «АИВ инфекциясының емі жарты жылда табылады», – деп мәлімдеме жасаған-ды.

Содан бері арада 36 жыл өтті. Вакцина аталған инфекцияны жұқтырғандар санын азайтқанымен, оның толыққанды емі бола алмады. 36 жылда әлемде 32 млн адам аталған аурудың құрбаны болды. Яғни, коронавирустың вакцинасы ойлап табылғанымен, індетті оның толыққанды жеңетініне ешкім кепілдік бере алмайды.

Вакцина мен дәріні айыра алмайтын оқырмандарға олардың айырмашылығын түсіндіре кетейік. Вакцина – микроорганизмдерден (бактерия, вирус, т.б.) алынып, адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін медициналық препарат.

Ғалымдардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаға қарағанда дәріні ойлап табу оңайырақ. Дегенмен, көрінбейтін жаумен алыса алатын дәрі де әлі табылған жоқ.

«Қысқа мерзімде оның дәрісін табу мүмкін емес. Әрине, осыған ұқсас аурулардың дәрісін бүгінде медицина қолданып жатыр. Бірақ, олардың нәтижелі болатынына көз жеткізу қиын. Кейбірі адам денсаулығына зиян. Оның мөлшерін білмей, науқастан айырылып та  қалуға болады. Емдеудің эксперименттік әдістемесі де бар. Ал, нар тәуекелге бару, әлде бармау, ол да күрделі мәселе», – дейді ресейлік биомедициналық зерттеулер орталығының вице-президенті Михаил Гельфанд.

Коронавирусқа қарсы вакцина мен дәрілер жоқ. Сонда не істеу керек? Сарапшылар сақтық, тазалық шараларын назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береді. Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея халықтары солай жасады. Қазір бұл елдерде коронавирустың беті бері қарады. Бастысы, Еуропадағыдай ауруды асқындырып алмау керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq»-тың шолушысы

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here