Карантиндегі кәсіпкерлік: курьерлік қызметтегі серпіліс

0
4872

19 наурызда Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан мен ең ірі қаласы Алматы коронавирусқа байланысты алғашқылардың бірі болып карантинге жабылды. Кейін 3 млн халқы бар қос қаланың қатарына Шымкент, Қарағанды сияқты өзге де ірі қалалар қосылды. Карантин қала тұрғындарын ғана үйге «қамап» қойған жоқ, кәсіпкерлердің де жұмыстарын уақытша тоқтатты. Ал, карантиннен пайда тапқан бес сала болса, соның бірі – курьерлік қызмет екені сөзсіз.

Иә, карантинде үйден шықпай жатқан қала тұрғындары азық-түлікті, дайын асты курьер арқылы алдыратын болған. Сөйтіп, тамақты үйге жеткізу қызметі кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында «алтын көпірге» айналды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін бұл нарықтағы кәсіпкерлерден карантиндегі кәсіптің қалай қарқын алғанын сұрайды.

«Chocofood.kz» басшысы Николай Щербак ағымдағы жылдың наурызында ақпан айына қарағанда Қазақстанда тамақты үйге жеткізу қызметіне сұраныс 23,5%-ға артқанын айтады. Өсім Қарағандыда 56%-ды, Алматыда 52%-ды, Нұр-Сұлтанда 51%-ды, Ақтауда 41%-ды, Шымкентте 35%-ды көрсетті.

Тамақты үйге жеткізу қызметі сәуірде тағы да тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Айталық, сәуірдің алғашқы екі аптасында наурыз айына қарағанда бұл қызметке сұраныс 15%-ға артты.

Азық-түлікті, дайын тамақты жеткізумен «Яндекс.Такси» жүргізушілері де айналысады. Бұрын адам, бүгін тамақ тасыған таксистердің қызметіне жүгінетін астаналықтар мен алматылықтардың қатары соңғы кездері тіпті көбейген.

«Яндекс.Таксидің» ресми өкілі Динара Әлиеваның айтуынша, соңғы бір аптаның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда олардың қызметіне сұраныс бірден 30%-ды құраған. Ал, «Яндекс.Таксидің» Орталық Азия нарығындағы қызметті дамыту бойынша атқарушы директоры Темірлан Шәпиев өз қызметкерлерінің саулығына салғырт қарамайтындықтарын жеткізді. Олардың сақтық шараларына барынша жағдай жасалған. Жүргізушілер мен курьерлерді қолдау мен қорғауға 6 млн доллар қаржы бөлінген. Мысалы, коронавируспен ауырған тапсырыс берушімен байланыста болғаны үшін карантинге жатқызылған немесе індетті жұқтырып алған жүргізушілер мен курьерлерге материалдық қолдау көрсетіледі.

Соңғы кездері супермаркеттер мен дәріханалардан қажетті заттарды үйге жеткізіп беру қызметтері де трендтен түспей келеді. Айталық «Glovo» қосымшасын жүктеп алғандардың қатары екі есеге артқан. Испандық қосымшаның Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Карим Богуспаевтің сөзіне сенсек, қосымша арқылы тапсырыс берушілердің 80%-ы мейрамханалардан тамақ, 10%-ы супермаркеттерден азық-түлік, қалғандары дәріханалардан дәрі-дәрмек пен медициналық маска алдыртады. Карантинге байланысты бұл саланың қызметіне қала  тұрғындары арасында сұраныс 10-12%-ға артқан.

«Карантинге байланысты қазақстандықтардың басым бөлігі үйде отырса да, онлайн тапсырыс беру арқылы қажетті заттарына қол жеткізуге мүмкіндіктері бар. Әрине, бұл қызмет коронавирусқа дейін де болды. Дегенмен, бұрын бұл салада айтарлықтай сұраныс болған жоқ. Қазір онлайн тапсырыс беру көбейді. Сөйтіп, жеткізу мен курьерлік қызметтің тасы өрге домалады», — деп санайды «Satu.kz» басшысы Максим Мельник.

«Qazaq» газеті төменде курьерлік қызметпен айналысатындардың жұмысына қысқаша тоқталады.

«Доставка в маске» курьерлері қалаған азық-түлігіңізді «Көк базардан», «Magnum», «Interfood», «SMALL» супермаркеттерінен үш сағат ішінде үйіңізге жеткізіп береді. Курьер жол-жөнекей сіз үшін дәріханаға кіруден де қашпайды. Курьердің қызметіне 1 500 теңге, жол-жөнекей тағы бір жерге кіретін болса, қосымша тағы 500 теңге төлейсіз. Азық-түліктің салмағы 20 келіден аспауы тиіс. Әйтпесе, әр 5 келі үшін 500 теңге артық төлеуге тура келеді. Тапсырыс Instagram (dostavka_v_maske), WhatsApp (+7 777 668 8819) арқылы қабылданады.

«Glovo» азық-түлік, тамақ, дәрі-дәрмектен бастап, қалаған затыңызды уақытылы жеткізіп береді. Тапсырысты сайт (glovoapp.com) пен мобильді қосымша арқылы беруге болады. Курьерлік қызметтің құны тапсырыс берушінің тұрғылықты жеріне байланысты тағайындалады.

Карантинге байланысты «Arbuz» онлайн-супермаркеті өз қызметін екіге бөліпті. «Arbuz Basic» азық-түлік, дәрі-дәрмектерді бір күнде жетізіп берсе, интернет-дүкен тұрмыстық заттарды әдеттегідей 4-6 күн аралығында жеткізеді. «Arbuz Basic» қызметінің құны алматылықтар үшін 700 теңге, ал 7 мың теңгеден артық тауарға тапсырыс берсеңіз, курьерлік қызмет тегін болады.

Орыс жазушысы Фёдор Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген тәмсіліне сенсеңіз, карантин жағдайында да косметикалық заттарға тапсырыс беруге мүмкіндігіңіз бар. Мұндай қызметті «Beautymania» (20 мың теңгеден артық затқа тапсырыс берсеңіз, курьерлік қызмет тегін), «НикОль» (15 мың теңгеден артық затқа тапсырыс берсеңіз, курьерлік қызмет тегін), «Mon Amie» (курьерлік қызмет – 850 теңге, 15 мың теңгеден артық затқа тапсырыс берсеңіз, курьерлік қызмет тегін) ұсынады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Карантин жағдайындағы онлайн өмір осылайша курьерлік қызметке жаңа серпін берді. Әрине, ақшаның соңынан қуып кетуге тағы болмайды. Өйткені, адамның саулығы бәрінен де маңызды. Яғни, карантинде кәсіпкерліктің құлағынан ұстағандар өз қызметкерлерінің қауіпсіздігіне салғырт қарамаса болғаны…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here