Вашингтон VS Бейжің: Кім кінәлі?

0
2944

Әлемде 95 млн көрермені бар атақты америкалық «Fox News» арнасы 15 сәуірде коронавирусты жұқтырған «нөлінші науқас» Уханьдағы вирусологиялық зертхананың қызметкері болғанын жариялады. Өзінің сенімді дереккөздеріне сүйенген америкалық арна қытайлық қаладан бастау алған коронавирустың табиғи құбылысқа еш қатысы жоқ екенін, шығу тегін зертханалық жұмыстардың нәтижесімен байланыстыруға болатынын хабарлады. Вашингтон да өзінің «Fox News» арнасымен толықтай келіседі. Ал, Бейжіңнің пікірінше, Қытайға COVID-19 індетін америкалық әскерилер әдейі әкелген. Содан қос держава арасында «ақпараттық соғыс» басталып та кетті.

Әлбетте, медальдің екі жағы болады. Оның үстіне біріншісін ақтау, екіншісін қаралау, тілшінің міндетіне жатпайды. Демек, екі тараптың да айтқан уәждерін тыңдап көрейік.

ВАШИНГТОН НЕ ДЕЙДІ?

«Fox News» арнасының мәліметінше, Уханьдағы вирусологиялық зертханада вирус биологиялық қару ретінде пайда болған жоқ, бар болғаны вирусология саласын зерттеуде Қытай өзінің басты қарсыласы АҚШ-тың алдына шыққысы келді. Аталған зертхананың қызметкері жарқанаттан вирус жұқтырып алды да, «нөлінші науқасқа» айналды. Бейжің бұл мәліметті барша әлемнен жасырып қалды.

Америкалық арнаның «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтіндей жаңалығының алдында да америкалық мінберден коронавирустың әлемге таралуына Қытайдың кінәлі екені ресми айтылып жатты. Мәселен, 23 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжің о баста коронавирустың қатерін жасырып, індеттің ошағын ауыздықтауға барын салмағанын мәлімдеді.

Соңғы аптада Қытайға бағытталған айыптаулар АҚШ-та өзгеше қарқын алды. Америкалық БАҚ «отқа май құя» түсті. Америкалық тілшілер Бейжіңнің коронавирусты жұқтырғандардың нақты санын жасырып жатқанын жария етті. Мәселен, 2,1 млн оқырманы бар «The Wall Street Journal» газеті індетке 2 млн-ға жуық қытайдың шалдыққанын жазды. 131 жылдық тарихы бар америкалық газет «коронавирусқа қатысты Бейжіңнің ресми мәліметіне сенудің қажеті жоқ» деп санайды.

Америкалық билік вирустың Ухань зертханасынан шыққанына нық сенімді. Дональд Трамп та халықты бұл нұсқаның тыңғылықты зерттеліп жатқанына сендірді.

БЕЙЖІҢ НЕ ДЕЙДІ?

Бейжің әлемдік қауымдастықты америкалықтардың жалған пікіріне сенбеуге шақырады.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «коронавирус ешқандай да зертханада ойлап табылмаған» деген пікірін алға тартып, олай ойлауға ғылыми негіздің жоқтығын айтты.

«Белгісіз вирустың шығу тегін америкалық тілшілер мен саясаткерлер емес, дәрігерлер мен ғалымдар анықтауы тиіс. Ал, соңғылары вирустың табиғи шығу тегіне сүйенеді», – деді қытайлық дипломат.

«Апама жездем сай» дегендей, коронавирусты таратқан АҚШ екенін Қытай алдымен жалпақ жұртқа жария етті. Қытайлық дипломаттар «Уханьға вирус америкалық әскерилермен бірге келген» деп санайды.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Шығыс Азия зерттеулер орталығының (Ресей) ғылыми қызметкері Игорь Денисовтің пікірінше, коронавирус жағдайында қорғансыз қалған әлемдік қауымдастыққа қорған болар көшбасшы ел керек. АҚШ өз еліндегі індетпен алысып әлек. Германия, Ұлыбритания, Франция елдерінде де жағдай күрделі. Содан көшбасшы болуға Қытай ниеттеніп жатыр. Індетті ауыздықтағанын таяуда мәлімдеген Бейжің коронавирустан жапа шеккен елдерге қол ұшын соза бастады. Гуманитарлық көмек те, өз дәрігерлерін де жіберіп жатқанын көз көріп, құлақ естиді. Дегенмен, азулы АҚШ-тың алдын орап кетуге Қытайдың шамасы әлі келмейді. Өйткені, мықтының аты – мықты.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Вашингтон мен Бейжіңнің дәл қазіргі уақытта көшбасшы болуға ұмтылыстары негізсіз. Геосаясаттағы бұл таластың арты жақсылыққа апармайды. Әлем елдерінің бірлігі керек. Онсыз көрінбейтін жауды жеңу мүмкін емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Вашингтон жоғарыдағы айыптауларын дәлелдей алса, Бейжіңді сотқа бере алады. Сөйтіп, коронавирустан ел экономикасына келген 6 трлн доллар шығынды қарсыласынан өндіріп алуға мүмкіндігі болады. Ал, «Үлкен жетілік» елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қысым көрсетсе, Бейжіңге қарсы шығатыны күдік тудырмайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here