Қазақстанның спорттағы жеңістері мен жеңілістері

0
6020

Осы айда Қазақстанның азаттық алғанына 30 жыл толды. Отыз жылда еліміз спортта толағай табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз ел ретінде он төрт Олимпиада ойындарына (жеті қысқы, жеті жазғы) қатысты. Бұған Азиада, Универсиада ойындарын қосыңыз. Құрлықтық, әлемдік жарыстар тағы бар. Қазақстан Азия, Әлем чемпионаттарын, қысқы Азиада мен Универсиаданы да өз жерінде қабылдап, дүбірлі додаларды сәтті өткізді. Талай спортшылардың жұлдызын жақты. Тәуелсіздік әлемдік деңгейдегі спортшыларды тудырды. Әлемдік аренада Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалып жүр. Мұның бәрі алдымен Тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз. Әрине, Қазақстанның спорттағы отыз жылдық жылнамасын бір мақаламен толық жазып шығу мүмкін емес. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жазғы және қысқы спорт тарихындағы Қазақстанның жүріп өткен жолына, Олимпиада ойындарындағы жеңістері мен жеңілістеріне тоқталады.

АҚ ОЛИМПИАДА: ЕЛ ҚОРЖЫНЫНДА СЕГІЗ ЖҮЛДЕ БАР

1991 жылы жетпіс жыл бойы он бес кеңестік республиканы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген КСРО-ның шаңырағы шайқалып, «халықтар түрмесі» аталған алып империя тарих қойнауына енді. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың басында әлем картасында он бес мемлекет пайда болды. Азаттық алған он бес мемлекеттің арасында біздің еліміз де бар. Содан «тас бұғаудан босаған» азат елдің спортшылары бұрынғыдай Мәскеудің қас-қабағына қарамай, саясаттың құрбанына айналмай, әлемдік аренада «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануға мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып 1994 жылы Норвегияда Щучинск тумасы Владимир Смирнов пайдаланды.

Иә, 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында XVII қысқы Олимпиада ойындары өтті. Төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тұңғыш рет қатысты. 29 қазақстандық спортшы 8 спорт түрінен ел намысын қорғады. Осы жиырма тоғыздықтың ішінде Владимир Смирнов тау шаңғы спортынан үш бірдей медаль иеленді. Қазақстан қоржынына бір алтын, екі күміс медаль салды. Сөйтіп, тұңғыш рет Олимпиада ойындарында (жазғы Олимпиада екі жылдан кейін өтті) тәуелсіз Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалды. Ал, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 67 мемлекеттің ішінен 12-орыннан көрінді. Финляндия, Франция, Нидерланды, Қытай, Ұлыбритания сияқты спорт державаларын артқа тастады.

Төрт жылдан кейін, яғни 1998 жылы кезекті қысқы Олимпиаданың алауы жапондардың Нагано қаласында тұтанды. Бұл жолы да Владимир Смирнов Қазақстанды екінші қысқы Олимпиадасында медальсіз қалдырмады. Атақты спортшы қола медаль иеленді. Тағы бір қола медальді ел қоржынына павлодарлық Людмила Прокашева салды. Қазақстандық хоккейшілер де тәуір нәтиже көрсетті. Өз елінің кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген үздік хоккейшілері жиналған бәсекеде отандастарымыз үздік бестіктен көрінді.

Рас, үлкен спорт жеңіс пен жеңілістен тұрады. Бірде биікке жеткен елдің үздіктері енді бірде жүлде ауылынан мүлде алыс қалуы мүмкін. Сол айтқандай, Қазақстан өзінің үшінші және төртінші ақ Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Мысалы, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен XIX қысқы Олимпиада ойындарында 51 қазақстандық спортшының ешқайсысы алғашқы ондыққа да ене алмады. Тек хоккейші қыздар ғана алғашқы сегіздіктен көрінді. Дегенмен, бұл сәтсіздікті сол тұстағы қаржыландырудың аздығымен түсіндіруге болады.

2006 жылы Туринде (Италия) ел намысын 67 спортшы қорғады. Қазақстандық спортшылар бұл XX қысқы Олимпиада ойындарында үздік үштіктен көріне алмаса да, олар Солт-Лейк-Ситиге қарағанда жақсы нәтижелерге қол жеткізе алды. Айталық, шаңғышылар Николай Чеботько мен Евгений Кошевой командалық спринт бәсекесінің ақтық сынында 6-орыннан көрінді. Бұл бәсекеде шаңғышы қыздар Оксана Яцкая мен Елена Коломина 9-шы нәтижені көрсетті. Хоккейден ерлер командасы да үздік ондыққа енді.

Ақ Олимпиада ойындарындағы екі сәтсіздіктен кейін Қазақстан құрамасы Ванкуверде өткен XXІ қысқы Олимпиада ойындарында есін жиды. Канадаға 37 ғана спортшы апарса да, саннан сапа артық екенін дәлелдей түсті. Биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке жарыста күміс медаль алды. Атыс шебінің төртеуінде де мүлт жіберместен өз қашықтығын тамаша жүгіріп өткен спортшы 41 минут 13,5 секунд нәтиже көрсетіп, алдына норвегиялық Тур Бергерді ғана 20,7 секундқа оздырып, екінші болып мәре сызығын кесті. Сөйтіп, 12 жылдан кейін Қазақстан Туы ақ Олимпиадада қайта желбіреді. Ал, Елена Хрусталева 7,5 шақырымдық спринтте бесінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, Николай Чеботько мен Алексей Полторанин командалық спринт бәсекесінде үздік бестікті қорытындылады. Соңғысы жеке жарыста да үздік бестіктен көрінді.

XXII қысқы Олимпиада ойындарын Сочи қаласы (Ресей) қабылдады. Төрт жылдықтың басты бәйгесіне Қазақстан құрамасы 11 спорт түрінен 58 спортшыны қосты. Бұл жолы ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің жұлдызы жанды. 2018 жылы қарақшылардың қолынан қаза тапқан спортшы қола медаль иеленді. Денистің бұл медалі – Сочи Олимпиадасындағы Қазақстан қоржынына түскен жалғыз және мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы Олимпиада ойындарындағы тұңғыш медаль саналады. Ал, Сочиде Дмитрий Рейхерд (5-орын), Жанбота Алдабергенова (6-орын) және Юлия Галышева (7-орын) жүлдегерлер қатарынан көрінуге бір табан жақын болды.

XXIII қысқы Олимпиада ойындарының жалауы 2018 жылы Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) желбіреді. Қазақстан аламанға 44 жүйрігін қосты. Бұл жолы Денис Теннің Сочидегі жетістігін Өскемен тумасы Юлия Галышева қайталады. Фристайл-могулдан Юлия Галышева ел қоржынына қола жүлде салды.

Айта кетейік, келесі XXIV қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы ақпан айында Қытай астанасы – Бейжіңде өтеді.

Рас, қысқы спорт түрлерінен Қазақстан азаттығын алған 30 жылда Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс, 56 қола), Универсиадада 87 медаль (29 алтын, 25 күміс, 33 қола), Олимпиадада 8 медаль (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) иеленіпті. Салыстырмалы түрде айтсақ, азаттығын бізбен бір жылы алған Орта Азия елдерінен Өзбекстан ғана қысқы Олимпиада ойындарынан бір ғана медаль алған. Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан спортшылары тіпті алғашқы ондыққа да енбеген екен. Ал, Қазақстанның қысқы спорттағы жетістіктері кездейсоқ емес. Бұл отыз жылда мемлекет тарапынан қысқы спорт түрлеріне бөлінген қыруар қаржы мен көңілдің нәтижесі.

ҚАЗАҚСТАН АҚ АЗИАДА МЕН УНИВЕРСИАДАНЫ СӘТТІ ӨТКІЗДІ

Жері мен халқы көп Азия құрлығында әлемдік қауымдастық толықтай мойындаған 46 тәуелсіз ел бар. Сөйте тұра Олимпиада ойындарын қабылдаған азиялық елдер көп те емес, саусақпен санарлық қана. Мәселен, Жапония (екі жазғы, екі қысқы), Оңтүстік Корея (жазғы, қысқы) және Қытай (жазғы, ал қысқы ойындарды келесі жылы қабылдайды) ғана төрт жылдықтың басты спорт додасын қабылдаған. Мұндай мүмкіндікке ие болуға, яғни ақ Олимпиада астанасы атануға біздің Алматы 2015 жылы бір табан жақын болды. Сол жылы ақтық бәсекеде Қазақстанның ең ірі қаласы оған дейін жазғы Олимпиаданы сәтті өткізген Бейжіңге (Қытай) бар болғаны 4 ұпаймен жол берді.

Әрине, Олимпиада астанасы атану оңай емес. Ондай мақсатқа жетер жол тым ұзақ. Ол үшін алдымен құрлықтық және студенттік ойындарды өткізіп, біраз тәжірибе жинақтау керек. Ал, азаттық алған отыз жыл адам үшін елеулі уақыт болса, бұл тарлан тарих үшін қас-қағым сәт қана. Соның өзінде осынау қысқа мерзім ішінде тәуелсіз еліміз қысқы спорт түрлерінен ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Соның екі дәлелі – Нұр-Сұлтан мен Алматы 2011 жылы ақ Азиаданы, Алматы 2017 жылы қысқы Универсиаданы қабылдады.

Осы дүбірлі додаларға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы облысында әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи спорт нысандары бой көтерді. Ойындардан мұраға қалған бұл нысандар халық игілігіне пайдаланылып жатқанын «Qazaq» газетінің биылғы жылғы №07 (1 058) санында жаздық.

2011 жылы VII қысқы Азиада ойындарын қазақтың қос қаласы қабылдады. 26 елдің 1 134 спортшысы қатысқан ойындардың ашылуы 2009 жылы пайдалануға берілген Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында, жабылуы Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтті. Азияның кілең мықтылары жиналған ойынға арнайы «Алау» мұз сарайы (Нұр-Сұлтан), «Сарыарқа» велотрегі (Нұр-Сұлтан), «Сұңқар» трамплин кешені (Алматы), «Алатау» шаңғы және биатлон кешені (Алматы облысы) салынды. Ал, жалпыкомандалық есепте барлығы 70 медаль (32 алтын, 21 күміс, 17 қола) иеленген Қазақстан құрамасы Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдерін артқа тастады.

Универсиада – Олимпиада ойындарынан кейінгі ең үлкен жарыс саналады. Себебі, осы студент ойындарында ысылған жас спортшылар кейін Олимп шыңын бағындырып жатады. Бір қуаныштысы, Қазақстан ақ Универсиаданы посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет өткізді. Сондай-ақ, қысқы Универсиада тарихына қарасаңыз, бұл доданы дамыған елдердің қалалары ғана қабылдағанына көз жеткізесіз.

Алматы XXVIII қысқы Универсиада ойындарына тыңғылықты дайындалды. Универсиада қалашығын тұрғызды, әлемдік стандарттарға жауап беретін «Almaty Arena» мен «Halyk Arena» спорт сарайларын салды. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдары ғана азаттық алған ел әлемдік шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын қуатты мемлекетке айналғанын дәлелдей түсті.

Өз елінде өткен Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар намысты қолдан бермеді. Жалпыкомандалық есепте Ресейге жол беріп, екінші орыннан көрінді. Барлығы 36 медаль (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) алған біздің спортшылар жапон, қытай, оңтүстіккореялық қарсыластарының алдын орап кетті. Бұл додада 56 елдің 1 604 спортшысы бақ сынады.

ЖЕТІ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА – 72 МЕДАЛЬ

Коронавирус пандемиясының салдарынан биылға қалдырылған Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтті. Бұл жазғы Олимпиада – азат ел ретінде Қазақстан қатысқан жетінші дода. Тәуелсіздіктің биылғы отыз жылдығы қарсаңында еліміздің жазғы Олимпиада ойындарындағы жетістіктеріне тоқталсақ артық болмас.

Қазақстандық спортшылар жазғы Олимпиада ойындарында 1988 жылға дейін КСРО сапында өнер көрсетті. Татарстан, Башқұртсан, Саха (Якутия), Шешенстан сияқты автономияларды айтпағанда, КСРО құрамында 15 одақтық республика болды. Яғни, үлкен спортта үлкен бәсекелестік еді. Спортшылар үшін ұлттық құрама сапына енудің өзі арманға айналған кезең. Потенциалы зор талай спортшы Олимпиада ойындарына қатысу арманын жүзеге асыра алмай өмірден өтті. Алып империя шаңырағы шайқалғаннан кейін азаттық алған 15 мемлекет өз үздіктерін еш кедергісіз аламанға қосуға мүмкіндік алды. Бұл, әрине, алдымен азаттықтың арқасында жүзеге асты.

1992 жылы Барселонада (Испания) өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарына әлем картасында пайда болған он бес мемлекеттің жеке ел ретінде қатысуға мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқандарына бірнеше ай ғана болған-ды. Содан бұрынғы Одақ спортшылары Барселонада бір командаға бірігіп, Олимпиада туының астында сынға түсті. Ал, олар жазғы ойындардағы алғашқы қадамын 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында жасады. Балтық елдері (Латвия, Эстония, Литва) ғана 1992 жылғы Олимпиадаға жеке ел ретінде қатысты.

XXVI жазғы Олимпиада алауы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында тұтанды. Тәуелсіздік алғанына бес жылға жетер-жетпес уақыт болған Қазақстан мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елге 96 спортшысын апарды. Атланта төрінде Қазақстанның Әнұраны үш рет шырқалып, он бір рет Туы желбіреді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 197 елдің ішінен 24-орынға тұрақтады. Бразилия, Ұлыбритания, Иран сияқты мықтыларды да артқа тастады. Жетпіс жылдай бір шаңырақтың астында өмір сүрген одақтас республикалардан Ресей мен Украинаны ғана алдына салды. Сөйтіп, Қазақстанның жазғы тұңғыш Олимпиадасында Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) алтын, Болат Жұмаділов (бокс), Сергей Беляев (нысана көздеу, екі медаль), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика) күміс, Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Владимир Вохмянин (нысана көздеу), Мәулен Мамыров (еркін күрес) қола медальдарды қанжығаларына байлап, есімдері елдің спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.

XXVII жазғы Олимпиада ойындарын Аустралияның Сидней қаласы қабылдады. Жасыл құрлықтағы додада 130 қазақстандық спортшының бағы мен бабы таразыланды. Жеті сәйгүліктің бабы мен бағы қатар шапты. Олар ел қоржынына 3 алтын, 4 күміс медаль салды. Бұл көрсеткішпен азаттық алғанына тоғыз жылға аяқ басқан еліміз жалпыкомандалық есепте 199 мемлекеттің арасында 22-ші тұғырдан көрінді. Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) сияқты топжарғандардың жұлдызы жанса, Болат Жұмаділов (бокс), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс), Александр Винокуров (велоспорт), Ислам Байрамуков (еркін күрес) күмісті қанағат тұтты.

2004 жылғы жазғы ойындар Олимпиада отаны – Грекияда өтті. Өкінішке қарай, Афинадағы ойындар Қазақстан үшін сәтсіз аяқталды. Өйткені, төрт жылдықтың басты додасында қазақстандық спортшылар 8 медаль алғанымен, оның біреуі ғана алтын еді. Содан жалпыкомандалық есепте Қазақстан қырқыншы орында қалып қойды. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев алса, Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика), Георгий Цурцумиа (күрес), Геннадий Лалиев (күрес) күміс, Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика), Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (күрес) қола медаль иеленді.

Қазақстан өз тарихында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына ең көп спортшы апарды. XXIX жазғы Олимпиада ойындарында 132 спортшы ел намысын қорғады. 13 спортшы ел қоржынына 13 медаль салды. Бірақ, сегіз жылдан кейін допинг дауына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті бес қазақстандық спортшының нәтижесін жойды. Содан 2016 жылы Илья Ильин (ауыр атлетика) алтын, Таймураз Тигиев (күрес), Ирина Некрасова (ауыр атлетика) күміс, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Әсет Мәмбетов (күрес) қола медальдарын заңды иелеріне қайтарып берді. Ал, сол допингпен ұсталған спортшылар дауынан кейін Алла Важенина (ауыр атлетика) алтын, Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) пен Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) күміс медальға ие болды. Содан Қазақстан командасына ресми түрде 9 медаль (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) тіркелді. Алтын медаль Бақыт Сәрсекбаевқа (бокс), Алла Важенинаға (ауыр атлетика), күміс медаль Асхат Житкеевке (дзюдо), Нұрбақыт Теңізбаевқа (күрес), Ольга Рыпаковаға (жеңіл атлетика), қола медаль Елена Шалыгинаға (күрес), Марид Муталимовке (күрес), Еркебұлан Шынәлиевке (бокс), Арман Шілмановқа (таеквондо) тиесілі. Еліміз жалпыкомандалық есепте 37-орынға сырғыды.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында допинг дауының иісі де жоқ еді. Илья Ильиннің атағы жер жарып тұрған кез. Олимпиада чемпионы ретінде тұманды Альбионға аттанды. Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Дегенмен, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын Халықаралық Олимпиада комитетіне қайтарып берді. Содан XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынындағы 11 медаль ғана саналды. Олимпиадаға 115 спортшы апарған еліміз жалпыкомандалық есепте 24-ші орынға тұрақтады. Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Серік Сәпиев (бокс) алтын, Әділбек Ниязымбетов (бокс) күміс, Даниял Гаджиев (күрес), Марина Вольнова (бокс), Гюзель Манюрова (күрес), Иван Дычко (бокс), Ақжүрек Таңатаров (күрес), Анна Нұрмұхамбетова (ауыр атлетика) қола медаль еншіледі.

2016 жылғы XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 18 медальмен (3 алтын, 5 күміс, 10 қола) жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Қазақстан өз тарихында ешқашан Олимпиада ойындарында 18 медаль алып көрмеген еді. Риодағы топжарғандар: Дмитрий Баландин (алтын), Ниджат Рахимов (алтын), Данияр Елеусінов (алтын), Елдос Сметов (күміс), Жазира Жаппарқұл (күміс), Василий Левит (күміс), Әділбек Ниязымбетов (күміс), Гюзель Манюрова (күміс), Отгонцэцэг Галбадрах (қола), Фархад Харки (қола), Карина Горичева (қола), Ольга Рыпакова (қола), Александр Зайчиков (қола), Эльмира Сыздықова (қола), Екатерина Ларионова (қола), Иван Дычко (қола), Дариға Шәкімова (қола).

Осы тұста Тәуелсіздік Ольга Рыпакова сияқты тұлғаны тудырғанын айтпай кетуге болмайды. Соңғы 14 жылда Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында 11 медаль иеленіпті. Соның бәрі бір ғана Ольга Рыпакованың еншісінде. Әлемге әйгілі жеңіл атлет ұзындыққа үш қарғып секіруден Бейжің Олимпиадасында (2008) күміс, Лондон Олимпиадасында (2012) алтын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында (2016) қола медаль иеленсе, әлем біріншіліктерінде үш рет жүлдегер (2011 жылы күміс, 2015 пен 2017 жылдары қола медаль) атанды. Ал, жабық залда өткен әлем чемпионаттарында 2010 жылы чемпион, 2012 жылы вице-чемпион болды. 2010 жылы құрлықтық кубокта және 2006, 2010, 2014, 2018 жылдары Азия ойындарында топты жарды. Сөйтіп, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Ольга Рыпакова соңғы 14 жылда елге 18 медаль (10 алтын, 4 күміс, 4 қола) сыйлады. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы саналуы да сондықтан.

Міне, ардақты ана (ұл мен қызы бар), аяулы жар Ольга Сергеевнаны қалай құрметтесек те, оған қандай сый-сияпат көрсетсек те жарасады. «Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетіп» жүрген алтын қыз аттан түскен жоқ, әлі бабында. Десек те, қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы күзде 37 жасқа толды. Бұл спорт үшін оңай жас емес. Өйткені, әлемде оның өкшесін басып келе жатқан мықты жас жеңіл атлеттер де жетерлік. Оның жеңіске құлшынысы, табысқа табандылығы мықты болса да, өзінің төртінші Олимпиадасында жүлдесіз қалды.

Рас, Ольга Рыпакова үшін ғана емес, жалпы Қазақстан құрамасы үшін XXXII Жазғы Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Жазғы Олимпиада тарихында ең нашар өнер көрсетіп, алтын медальсіз қалды. Тіпті, ұлттық құрамаға күміс медаль да бұйырмады. Ел намысын қорғаған 93 спортшының сегізі ғана жүлдеге ілікті. Қола медаль иеленген сегіздік: Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон (ауыр атлетика), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Қамшыбек Қонқабаев (бокс), Сәкен Бибосынов (бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес), Дархан Асаділов (карате), Софья Берульцева (карате).

Қазақстан азат ел ретінде қатысқан жеті жазғы Олимпиадасында толайым табыстарға қол жеткізгені рас. Бір жылы тәуелсіздік алған бұрынғы Одақ елдерімен салыстырар болсақ, жеті жазғы ойындарда Ресей 522, Украина 139, Беларусь 85, Әзербайжан 49, Грузия 40, Өзбекстан 36, Литва 24, Армения 18, Латвия 15, Эстония 13, Қырғызстан 7, Молдова 6, Тәжікстан 4, Түркіменстан 1 медаль иеленді. Түркіменстан мен Қырғызстаннан әлі Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Демек, Қазақстаннан 30 жылда 15 Олимпиада чемпионы шыққаны қуанарлық жағдай.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тарих үшін қас-қағым сәтте еліміз әлемнің үздік отыз спорт державасының қатарына қосылды. 125 кәсіби спорт клубтары құрылды. Спортшылар сексен Олимпиада, жеті жүзге жуық әлемдік, құрлықтық, халықаралық жарыстардың медальдарын иеленді. Ал, бұл жетістіктерге мемлекеттің спортқа көңіл бөлгенінің арқасында жеткеніміз де жасырын емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here