Бүгін Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Осылайша, қазақ жұрты азаттықтың 30 жылдық белесін бағындырды. «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды». Бұл – Елбасының сөзі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Нұрсұлтан Назарбаев онда Қазақстанның Тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін, қандай қиындықтардан өткенін айтып берді. Адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт, ал тәуелсіз Қазақстан үшін бұл – үлкен белес. Тәуелсіздікті бағалау бар, құрметтеу ләзім. Сондай-ақ, тағылым алу да керек. «Торқалы той қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім» деп бастайды Елбасы етжеңді мақаласында.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – Тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.
«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп Елбасы өз мақаласын осылай аяқтайды. Бұл ойдың астарында ел жастарына деген үлкен үміт пен сенім жатыр. «Сондықтан Елбасының Тәуелсіздік туралы бұл толғауын әсіресе жастар оқуы керек» деп есептейді.
Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік.
Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз дәл осы кезеңнің үшіншісіндеміз. Яғни, келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Ендеше, қолда бар алтынның қадірін білу, оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу – мойнымыздағы парыз.
Нұржан Нұрланұлы РАКМЕТКАЗЫНОВ,
«Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
Қаратал аудандық мәслихатының депутаты