«Ленин» АҚШ-та қайдан «жүр»?

0
1430

АҚШ-тың Сиэтл қаласында тұғырынан түспеген Ленин ескерткіші тұр. Әлемде тұңғыш рет социалистік мемлекет құрған «күн көсем» ескерткішінің демократияны ту еткен АҚШ-та болуының өзі миға қонбайды. Дегенмен, Ленин ескерткішіне АҚШ-тың да, Кеңес Одағының да еш қатысы жоқ. Өйткені, Кеңес Одағын құрған Ленин ескерткішінің 750 мың халқы бар қалада пайда болуының да өз тарихы бар.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында КСРО-ның да, социалистік блоктың да келмеске кететіні ешкімнің де түсіне кірген жоқ. Чехословакияның (ел 1918-1993 жылдары өмір сүрді) үкіметі Ленин мүсінін жасауды ұлты болгар словак мүсіншісі Эмиль Венковке тапсырады. «Күн көсемнің» бес метрлік мүсіні бұрынғылардай ешкімге жол көрсетпейді. Яғни, Лениннің басқа ескерткіштерінен өзгешелеу шығады. Содан 1988 жылы Попрад қаласындағы (қазір Словакияның солтүстігіндегі қала) Ленин алаңында аталған ескерткіш ресми түрде ашылады. Бір жылдан кейін Чехословакиядағы социалистік режим құлайды. Бастапқыда «Ленинге» ешкім тиіскен жоқ. Дегенмен, Попрад билігі ескерткішті алып тастау туралы шешім қабылдайды. Су жаңа ескерткіш темір-терсек қорасынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, Ленин ескерткішінің тарихы басталмай жатып аяқталуы тиіс болған-ды. Алайда, Попрадта ағылшын тілінен сабақ берген америкалық оқытушы Льюис Карпентер «Лениннің» тас-талқанын шығаруға жол бермейді.

Америкалық азамат қала билігіне келіп, оларды өнер туындысы саналатын ескерткіштің тас-талқанын шығармауға үгіттейді. Социалистік режим құлағаннан кейін бұл елдің (қазіргі Чехия мен Словакия) бүйрегі АҚШ-қа бұра бастаған-ды. Яғни, америкалық азаматтың бетін қайтаруға дәттері бармайды. Содан Попрад билігі Карпентерге Ленин ескерткішін сатып алуға ұсынады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, АҚШ азаматы «Ленинді» 13 мың долларға сатып алады.

Әрине, мұнымен мәселе бітпейді. «Күн көсемге» Чехословакияда ұлтарақтай жер де табылмайды. Карпентер де мықты екен. Қыруар қаржыға сатып алған мүсінді далаға тастамайды. Алыстағы АҚШ-қа апармақ болады. Жеті тонналық мүсінді мұхиттың арғы бетіндегі елге апарудың да өз машақаты бар. Ескерткіштің «әкесі» Эмиль Венков «ұлын» үш бөлікке бөледі. Ал, тасымалға да қыруар қаржы кетеді. Америкалық азамат ескерткішке бас-аяғы 42 мың долларын жұмсайды. Тіпті, сол үшін қарызданады да.

Осылайша, тоқсаныншы жылдардың басында «Ленин» АҚШ-тың Сиэтл қаласынан пана табады. Ескерткіш Карпентер үйінің ауласына қойылады. Қарыздарынан құтылған соң ескерткішті қаланың көрнекті жеріне қоюды жоспарлайды. Өкінішке қарай, оның жоспары іске аспайды, 1994 жылы Карпентер көлік апатынан көз жұмады.

Карпентер ұрпақтары қалалық кеңестің рұқсатымен «Ленинді» Сиэтлдің зиялылары тұратын Фремонт ауданындағы 34 көше мен Эванстон авеню қиылысына орнатады.

Рас, америкалықтар «күн көсемге» ескерткіштен бұрын арт-нысан ретінде қарайды. Мысалы, 2000 жылдан бері Жаңа жыл қарсаңында «Ленин» шыршаға айналады. Шыршаның заттарымен безендіріледі. ЛГБТ қауымдастықтарының шеруі кезінде «Ленин» әйелдің киімін «киеді». Дегенмен, ескерткіштің күтімі жақсы. Түрлі акциялардан кейін қала билігі оны жуып-шайып, бұрынғы қалпына келтіреді. Ескерткіш жақсы сақталған. Яғни, «Владимир Ильичті» зейнетке шығаруға әлі ерте.

Айтпақшы, ескерткіш қаланың меншігінде емес, оның иесі сол Карпентердің ұрпақтары. Ал, олар «Ленинді» бірнеше жылдан бері 250 мың долларға сата алмай келеді.

26 мамырда полицейдің қолынан қара нәсілді азамат қайтыс болғаннан кейін 329 млн халқы бар алып елде жаппай наразылық шерулер басталды. Коронавирус пандемиясынан 120 мыңдай азаматын жоғалтып, ондаған млн жұмыс орнынан айырылып, Ұлы Күйзелістен бергі үлкен дағдарысқа ұшыраған АҚШ-та тәртіпсіздіктер әлі басылар емес. Өткен аптада Американың ірі қалаларында көліктер өртеліп, полицейлер мен демонстранттар арасында қақтығыстар өршіп, дүкендер тоналып, мыңдаған адам тұтқындалды. Шеруге шыққандар нәсілдік кемсітушілікті жоюды талап етеді. Оны билік те қолдайды. Шеруді өзінің жеке бас пайдасына жаратқысы келетін саясаткерлер де бар. Соның бірі – Сиэтл мэрі (әкімі) Эдвард Мюррей.

Мюррейдің пікірінше, АҚШ қорлықтың, кемсітушіліктің кез келген түріне қарсы және сондай саясатты ұстанған тарихи тұлғаларды әспеттеу, оларға мүсін орнату әсте дұрыс емес. Демек, авторитарлық режим құрған кеңестік басшылардың ескерткіштерін де құрту керек. Оларға АҚШ-та орын болмауға тиісті.

Міне, 30 жылдай тұғырынан түспеген бұл ескерткіштің алдағы тағдыры белгісіз. Ал, Сиэтл басшысы сөзден іске көшетін болса, ол алдымен Чехословакиядан АҚШ-қа алып келген Карпентердің ұрпақтарынан «Ленинді» 250 мың долларға сатып алуы керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here