Ескі жаулардың жаңа даулары

0
1685

Әлем елдерін пандемия мен дағдарыс екі бүйірден қысқанда, Израиль Палестинаның жерін күшпен тартып алып, ата жауын есеңгіретпек ойы бар. Сөйтіп, Израиль Палестина арасындағы дауға нүкте қою үшін Иордан өзенінің батыс жағалауын өздеріне қосып алмақ. Бұл ретте Израиль тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ұстанымына пысқырып та қарамады. БҰҰ Иордан өзенінің батыс жағалауын Израильдің Палестина жерінің басып алған бөлігі ретінде санайды. Олар аталмыш аймақта негізінен палестиналықтар көп қоныстанғанын да ескереді.

Жағдайдың ушығуына АҚШ-тың  Палестина-Израиль қақтығысын реттеу үшін қабылдаған «Ғасыр келісімі» де түрткі болды. Вашингтонның ұсынысын Палестина қабылдамағанымен, Израиль әскери операцияға қызу дайындық үстінде. Даулы аймақтың тарихи  иесі Иорданияның болуы жағдайды одан әрі күрделендіре түседі. Бұл қақтығыста АҚШ-ты израильдіктер, иордандықтарды палестиналық лаңкестер мен БҰҰ қолдайды. Алайда, Иордания патшасы ІІ-ші Абдулла енді келіссөздерге қатыспайды. Израильдің саяси амбициясына жауап ретінде қарулы қақтығысқа дайындалып жатыр.

ИОРДАНИЯ ИЗРАИЛЬМЕН СОҒЫСҚА ДАЙЫН БА?

Иордания патшасы ІІ-ші Абдулла ибн Хусейн әл-Хашими Израильге жауап ретінде 15 мамырда жасаған мәлімдемесінде: «Егер Израиль расымен шілдеде өзеннің батыс жағалауының бір бөлігін басып алса, үлкен қақтығыс болады», – деп сендірді. Сондай-ақ, даулы аймақтың Израильге қосылуының қауіпті екендігін де ескертіп өтті: «Палестинаның ұлттық билігі құлаған жағдайда не болады? Онда бүкіл аймақта анархия мен экстремизмнің өсуіне жол ашылады».

Иордан патшасы тағы бір сөзінде: «Израиль шілдеде батыс жағалауын өзіне қосып алатын болса, Палестинамен ғана емес, Иорданиямен де қақтығысатын болады», – деп сес көрсетті.

ІІ-ші Абдулла батыл мәлімдемелер жасап жатқан тұста, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да қарап қалмай өз жауабын айтты. Премьер-министр Батыс жағалау мен Иордан алқабындағы еврейлердің пайдасы үшін Палестина аумақтарын жаулайтын уақыт келді деп санайды. 

«Бұл еврей халқының пайда болған әрі өсіп-өркендеп, дамыған жері. Израильдің егемендігіне кеңінен қанат жайғызып, сионизм тарихына тағы бір даңқты тарауды енгізетін уақыт жетті», – деп мәлімдеді Биньямин Нетаньяху.

Байқағанымыздай, Израиль премьер-министрінің де, Иордан патшасының да соғысудан тайынатын түрлері жоқ.

Басқыншылық жорыққа аз уақыт қалды. Нетаньяху операцияны осы шілдеге жоспарлады. Алайда, өткен айда израильдік қарулы күштер Кнессеттің мақұлдауын күтпестен «Таудағы таң» деп аталатын операцияға тәжірибелік дайындықты жүргізді. Израиль бұл тұста түрлі сценарийлерге, яғни шабуыл жасауға, жаппай наразылық шерулер мен қарулы көтерілістерге де тас түйін дайын.

Сарапшылардың саралауынша, Иордания патшасының Израильге деген қарсылығы екі ел қарым-қатынасының шиеленіскенін білдіреді. Сонымен қатар, сарапшылар соғыс өртінің тұтануынан қауіптенеді. Бұрын-соңды екі елдің арасында болған қарулы қақтығыстың сценарийі қайталануы мүмкін. Осыған дейін екі елдің қақтығысы қысқа үзілістермен шамамен отыз жылға созылды. Ақыр соңында ондаған мың арабтар мен еврейлер ажал құшты. Қарулы қақтығысқа Иордания мен Израиль ғана емес, Палестина, Сирия, Египет және т.б. елдер де қатынасқан болатын. ІІ-ші Абдулла мен  Нетаньяху бітімге келмеген жағдайда, ұзаққа созылатын баянсыз қақтығыстың қайта айналып келу мүмкіндігі жоғары. Ең қауіптісі, бұл қақтығыс адам шығынының көптігімен ерекшеленуі ықтимал.

ДАУЛЫ АЙМАҚТЫҢ ТАРИХИ ИЕСІ ҚАЙ ЕЛ?

Израиль мен Иорданияның бес мың шаршы шақырым жерді бөлісе алмайтын жөні бар. Себебі, бұл тұста мүдделер бір-біріне сай келмейтінін жоғарыда айттық. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұстанымы бойынша, батыс жағалаудан дәмелі Израильдің әрекеті басқыншылық форматта болып саналады. Бірақ, БҰҰ-ның пікірін құба-құп көре қойған Израиль жоқ. Олар аумаққа иелік етуге өздерін құқылы санай отырып, жерді өзгелерден қору керек деп есептейді.

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (CIA) мәліметтері бойынша, даулы аймақтағы халықтың 85%-ы сунниттік палестиналық мұсылмандар, 14%-ы иудейлер болса, христиандар 2,5%-ды құрайды. Жергілікті палестиналықтар өздерін сол өңірдің байырғы халқы санайды. Олардың ішінде он ұрпақ бойы сонда тұрып келе жатқан отбасылар көп. Басты мәселе – халықаралық заңдарды белшесінен басып, қоныстанып алған еврейлер.  БҰҰ-ның үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан, Израиль даулы аймаққа әскери техникалары мен адамдарын жөнелтуді жалғастыруда. Осылайша, даулы аймақтағы өздерінің тарихи құқықтарын бекітпек сыңайлы.

Батыс жағалаудың тарихи иесін анықтау – басты мәселе. Ол үшін бұл аймақтарда кімдер иелік еткеніне тоқталу қажет. Егер тарих қойнауына зер салар болсақ, «пәленшенің жері» деп кесіп айту қиынға соғады. Себебі, бұл аймақ әр уақытта түрлі елдердің иелігінде болған. Алдымен Израиль патшалығының, сонан соң Рим империясының, Араб халифатының, Египеттің, тіпті Моңғол империясының да қарауында болған-ды. Батыс жағалаудың соңғы иесі Ұлыбритания болғанын тарихтан білеміз. Содан кейін Иордания иелігінде болған Палестина мандатының құрамына кірді. Ол кездері «Трансиордания әмірлігі» деп аталғаны да рас. Трансиордания әмірлігі Палестинаға қарағанда автономия болды. Бірақ, патшалық егемендікке қол жеткізгенде бұл аумақты уысынан шығарып алды. Аз ғана уақыт тыныштықтан соң, Палестина және Израиль атты көршілері пайда болып, сол уақыттан бері соғыстан көз ашпады.

Келесі отыз жылда Иордания мен Израиль мемлекеттерінің Батыс жағалау үшін тартыстарда  бір-бірін  алма-кезек жеңіп отырды. Иордания патшалығы 1950 жылы Израиль мен Палестина арасындағы соғысты пайдаланып, аймақты басып алды. Иордания аумаққа 1967 жылға дейін иелік етті. Әйтсе де, алты күндік қысқа соғыстың қорытындысында аумақ Израильдің қарауына өтті. Амман Батыс жағалауын қолдан бергісі келмегенімен, Израиль әскерилері дегеніне жетті.

1988 жылы Иордания патшасы Хусейн ибн Талал Израиль иелігіндегі Батыс жағалауды қайтарып алу туралы талпыныстан бас тартатынын мәлімдеді. Сөйтіп, бір кездері Хашимид патшалығы үшін «тарихи және ұлттық біртұтас» жер кенеттен өз құнын жоғалтты. Батыс жағалау үшін күрес жүргізу өте қымбатқа түсті. Бұл тек әскери операцияларға ғана қатысты емес, Иордания 1967 жылы Батыс жағалаудан айырылып қалғаннан кейін де жағалауда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге жалақы мен зейнетақы төлеуді және білім беру мен діни мекемелерді қаржыландыруды тоқтатпаған болатын. Патшаның аты шулы мәлімдемесінен кейін төлем жасау сап тыйылды.

ИОРДАНИЯ ПАТШАСЫ ЕВРЕЙЛЕРГЕ НЕГЕ ЖЫЛЫ ҚАБАҚ ТАНЫТТЫ?

Иорданияның Батыс жағалаудағы құқығынан ресми түрде бас тартуы әскери шығындарды ғана ойлағаннан деуге келмейді. Екі елдің болашағын ойлаған Амман Израильмен бітімге келуге қадам жасады. Бейбіт дипломатиялық қарым-қатынастарды жолға қою 1990 жылдары жасалған бірнеше келіссөздерден басталды. Қос тарап сол жылы бітімгершілік шартына қол қойды. Шартта Иордания Батыс жағалауға қатысты ешқандай шағымы жоқ екендігін растады.

Иорданиялық сарапшы Усама әл-Шариф бітімгершілік шарты сол кездегі Израиль премьер-министрі Ицхак Рабин мен Иордания патшасы Хусейіннің күш-жүгерінің арқасында жасалды деп санайды.

Израильмен достасқан Хусейін иорданиялықтар мен палестиналық мұсылмандарға сатқын ретінде көрінді. Ал, патша еврейлермен жақын араласудың зияны жоқ деп есептеді. Осылайша, ол жауын досына, минусын плюсқа айналдыруға бағытталған саясат жүргізуге тырысты. Иордания Израильге қарсы соғысты тоқтатқанымен, еврейлермен соғысып жүрген исламшыл топтарды қаржыландырып отырды. Ашық соғысқа шыққаннан гөрі біреудің қолымен от көсегенді құп көрді. Израиль де қарап жатпады. Палестиналық «Хамас» қозғалысының артында Иордания үкіметі тұр деп сыбыс таратты. Бірақ, мұның барлығы да астыртын жасалды. Сахналық рөлде екі мемлекет шынымен де тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Тіпті, иорданиялық бір шекарашы шекарадан өтіп, израильдік мектептің оқушыларын атып тастағанда да Хусейін Израильден кешірім сұрады. Алайда, бір жылдың ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қайтадан суып сала берді. 1995 жылы 4 қарашада Израиль премьер-министрі Ицках Рабин экстремистің қолынан қаза тапты. Жендет палестиналық та, иорданиялық та агент емес, қарапайым студент, Израильдің өз азаматы болып шықты.

Еврейлер мен арабтар ондаған жылдар бойына бірге өмір сүріп келеді. Сарапшылар жақында Дүниежүзілік үшінші соғыс осы жерден басталуы мүмкін деп топшылайды.

Иордания патшасы Хусейін Беньянмин Нетаньяхумен қатынасты жақсарта алмады. Ал, оның ізбасары ІІ-ші Абдулла тіпті сәтсіздікке ұшырады. Нәтижесінде, он жылдан астам уақыт Израиль мен Иордания арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілген жоқ. Барлық келіссөздер тек орта деңгейде дипломаттар, мемлекеттік кеңесшілер, қауіпсіздік қызметкерлері арасында ғана жүргізіліп келді. Қос елдің қарым-қатынастарында салқындық пайда болды. Бірлескен экономикалық жобалар сәтсіз аяқталды. Патшалық лаңкестік әрекет жасату үшін Израильмен арадағы шекарадан еркін өтіп жүрген лаңкестерге көз жұма қарайды. Бұл уақытта Израильде «Егемендік жолы» жобасы әзірленді. Жол Иерусалим мен Палестина қоныстары орналасқан Маале-Адумиммен байланыстыру керек деп жоспарланған. Егер аталған жол салынса, ол жергілікті палестиналықтарды отандарынан бөлетін қабырға құрылысын бастауға мүмкіндік береді. Мысалға Берлин қабырғасын келтірсек болады.

МҰНАЙДАН ДА БАҒАЛЫ СУ

Амманға ел азаматтарының ашуын тізгіндеу оңай соғып жатқан жоқ. Иорданиялықтардың «Израильге қарулы тойтарыс беру керек» деген талаптарын ІІ-ші Абдулла тек он жылдан кейін ғана мамырдың соңындағы мәлімдемесінде орындап отыр. Халық Палестина мен Батыс жағалаудағы оқиғаларға ғана емес, сонымен бірге Израильдің Иорданияның ішкі ісіне бас сұғуына да наразы. Иорданиялықтар екі ел арасындағы келіссөздерді «орындалмаған уәделер сериясы» деп атайды.

Иордания «бақуатты елге айналамын» десе, Израильмен әрдайым бейбіт қатынаста болуға тиіс. Себебі, бітімгершілік Иорданияны тек сыртқы қатерден ғана қорғамайды. Екінші жағынан мемлекеттің қаржы жүйесіне оң әсерін тигізеді. Біріншіден, ымырашылдықтың арқасында Амман еркін сауда аймағын құра алады. Екіншіден, елдегі су тапшылығын жояды. Үшіншіден, Израильмен стратегиялық серіктеске айналу – Иордания-АҚШ қатынасына оң әсерін тигізеді. АҚШ-тың қолдауына ие болса, үлкен пайдаға кенеледі. Өйткені, Иордания аумағы шағын және табиғи ресурстардан айырылып қалған. Тағы бір айта кетерлігі, босқындар ағынына қарсы күресу халықаралық қаржылық көмекке ғана байланысты емес, Израиль арқылы өтетін Мысыр газына да байланысты. Іс жүзінде Иорданияны электр тоғымен қамтамасыз ету Мысырдың шешіміне байланысты екенін Таяу Шығыстағы елдер жақсы біледі.

Тағы бір мәселе – таза су тапшылығы. 2019 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Иорданияның 2 млн тұрғынына ғана ауыз су жетеді. Ал, қазір Иорданияда 10 млн адам тұрады. Аймақта судың жоқтығы оны мұнайға қарағанда құнды валютаға айналдырды. Кейбір сарапшылардың пайымынша, 2006-2011 жылдар аралығында Сирияда құрғақшылық болмағанда, елде азамат соғысы да болмас еді.

Су тапшылығы – Батыс жағалау үшін өте өткір мәселелердің бірі. Аймақтағы еврейлер су тұтынуда қатты шектелген. Себебі, жергілікті палестиналықтар олармен су бөліскісі келмейді. Амман бірнеше жыл бойы Палестина мен Израильді келіссөз үстеліне отырғызды. Қос тарап бітімге келген жағдайда, Иордания Қызыл теңізден Өлі теңізге дейін тұщы су ағатын құбыр салмақ. Демек, Иордания тығырыққа тірелді. Бір жағынан бұл Израильге және ауыз су мен газға байланысты. Екінші жағынан, Амман кеше ғана Израильде әрекет еткен палестиналық лаңкестердің Иорданияда тайраңдауына жол бермеуі керек. Осыған қарамастан патшалық еврейлерге ат құйрығын үзісеміз деп сес көрсетіп келеді. Иордания үшін ресурстардан гөрі Батыс жағалауы бірінші кезекте тұрған сыңайлы. Тіпті, патшалық екеуіне де құрық салмақ ниетте болуы мүмкін. Патшалықтың премьер-министрі Омар Раззаз: «Біз Израильдің Палестина жерін аннексиялау жөніндегі біржақты қадамдарын мойындамаймыз. Біз қарым-қатынасымыздың барлық аспектілерін қарастырамыз», – деді.

Иорданияның Израильге сес көрсетуі негізсіз емес. Израильдің де Иорданияға кіріптар болып отырған тұстары бар. Біріншіден, Иорданияда «Егемендік жолын» салуға және Батыс жағалауды басып алуға наразы адамдардың қарасы көп. Амман соңына иорданиялықтарды ғана емес, палестиналықтарды да ерте алады. Себебі, Амман әлі де Батыс жағалауының қорғаушысы ретінде саналады. Екіншіден, екі ел арасындағы келісімдер іс жүзінде Израиль, Ирак және Сирия арасындағы патшалықта буферлік аймақ құрды. Егер монархия құласа, қақтығыс болған елдерден ағылған босқындар Израильге барады. Израиль соңғы 8 жылда Иордания панасына алған 2 млн босқынды паналатуға шамасы жоқ.

Халықаралық келісімге сәйкес, қос тарап та бейбітшілікті сақтауға мүдделі. Алайда, Израильдің жаңа үкіметінің қылышын қынабына сала қоюы екі талай. Иордания мен Палестинаға қысымды күшейте түспесе, азайтпайтыны анық. АҚШ-қа арқаланған Израильге Батыс жағалауды иемденуге барлық мүмкіндік туып тұр.

«ҒАСЫР КЕЛІСІМІ» АЛДЫМЕН КІМНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ?

Израиль мен Иордания қатынастарының нашарлауы Дональд Трамптың президенттік мансабымен тікелей байланысты. Трамп әкімшілігі аймақтағы өзге елдердің мүддесін құрметтеуді есінен шығарғандай. Вашингтонның Таяу Шығыстағы көзқарасы израильдік көзқараста қалыптасқан. Мәселен, бейбіт келісімдерге қарамастан, Ақ үй қожайынының Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындауы Палестинаның шамына тиді. Оның Палестина-Израиль қақтығысын шешуге арналған «Ғасыр келісімі» жоспары Иордания тұрмақ, Палестинаның мүддесін ескермейді.

«Ғасыр келісімі» жоспары Палестина аумағын қазіргіге қарағанда екі есеге ұлғайтуды көздейді. Палестина келіскен жағдайда, Израильге тиесілі еврейлер иелік ететін қоныстарды қоспағанда, Батыс жағалау мен Газа секторын қосады. Сөйтіп, Израиль бір кездері Иорданияға тиесілі болған Иордан алқабын өздеріне алып қалады.

Иордания «екі ел үшін екі мемлекет» моделіне сүйенеді. Сол бойынша Палестинаны Израильмен терезесі тең тәуелсіз ел ретінде санайды. Ал, Вашингтонның жоспары  Палестинаның тәуелсіздігін бұйым ғұрлы көрмейді. «Егер Израиль мен АҚШ «Ғасыр келісімін» қабылдаса, олар аймақтағы апартеид пен нәсілшілдікті заңдастырады», – деп мәлімдеді иорданиялық саясаткер Айман Сафади.

«Ғасыр келісімі» Амманға ауыр салмақ салады. Жоба патшалықтың ұлттық мүддесіне және өмір сүруіне қауіп төндіреді. Патшалықтың жыл сайын АҚШ-тан алатын 1,5 млрд доллары Иорданияны кіріптар етеді. Егер  «Ғасыр келісімі» жүзеге асса, ІІ-ші Абдуллаға наразылар көшеге шығады.

«Екі халық үшін екі мемлекет» идеясы Иорданиядағы монархияның құлдырауына әкеледі. Амман күресінің мақсаты палестиналықтардың мүддесін қорғау ғана деу қате. Ол жеңсе «Ғасыр келісімін» тоқтатып, Батыс жағалауды сақтап қалып, табиғи ресурстарға ие болады әрі аймақтағы амбициясы күшейеді. Иордания алты елмен шекараларды бақылап, сол бақылаудың барлық игілігін көреді. Су, газ, ақша, геосаяси ықпалы күшті Иорданиямен АҚШ-тың өзі санасатын деңгейге жетеді.

АҚШ Палестинаның тағдырын әлдеқашан шешіп қойған. Ақиқатында, Иорданияға жеңістен үміттенуге әлі ерте. Қазір АҚШ пен Израильдің қарым-қатынасы өте жақсы. Әзірше Амман Батыс жағалауға көз алартпайды. Өйткені, Иордания қазір күн көріс деңгейінде тұр. Суға, газға, ақшаға тәуелділіктен арыла алар емес.

Келіссөздер Израиль мен Иордания арасында ғана жүрмейді. «Ғасыр келісімі» жүзеге асу үшін Таяу Шығысқа қатысы бар әлем елдерінің барлығы да қатысуы қажет. Мәселен, Палестина, АҚШ, Ресей, ЕО, БҰҰ сынды елдер мен ұйымдардың мүддесі ортаға салынады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иордания, Израиль, Палестинаны ұзаққа созылған кикілжіңнің діңкелетіп тастағаны анық көрінеді. Әйгілі үштік шаршағанымен, Таяу Шығысты шахмат тақтасына айналдырған іргелі елдердің айызы қанар түрі жоқ. Сірә, даудың алдағы он жылдықта да шешілмейтін түрі бар.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here