Антирекорд: 29 жылда ауысқан 31 премьер-министр

0
2261

Қос бірдей төңкеріс жасаған Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындар қанша тырысса да, күні бүгінге дейін Қырғыз Республикасын дамудың даңғыл жолына түсіре алмады. Демократияға деген ұмтылыстары елдегі тұрақсыздықтың орын алуына, экономиканың құлдырауына алып келді.

Былтыр оңтүстіктегі көрші елде тағы бір дау басталды. Экс-президент Алмазбек Атамбаев пен қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасындағы саяси текетірестің соңы өткен айда алғашқысының 11 жылға сотталуымен аяқталды. Кезінде өзі қуғынға ұшыратқан экс-президенттер Ақаев пен Бакиевтің кебін Атамбаевтың да өзі киді. Өйткені, «өгізге туған күннің бұзауға да туатыны» рас. Сөйтіп, Алмазбек Атамбаев Қырғыз Республикасында істі болған үшінші президент атанды.

Премьерлер де президенттермен жарысып жиі темір торға тоғытылады. Айталық, 15 маусымда Қырғыз Республикасының премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев жемқорлық дауынан кейін отставкаға кетті. Абылгазиевтің алдындағы премьер Сапар Исаков өткен айда жемқорлық айыбымен 18 жылға сотталды.

Осылайша, өткен айда Қырғыз Республикасының үкіметінде ауқымды ауыс-түйіс болды. Жогорку Кенеш 17 маусымдағы отырыста премьер-министр лауазымына 56 жастағы Кубатбек Бороновтың кандидатурасын мақұлдады. Ал, президент Сооронбай Жээнбеков үкімет басшысы лауазымына Кубатбек Бороновты тағайындау туралы құжатқа қол қойды. Сөйтіп, Қырғыз Республикасының тарихындағы 31-ші үкімет жасақталды.

Иә, Қырғыз Республикасы тәуелсіздігін жариялаған 29 жылда 31 премьер-министрді ауыстырыпты. Және соңғы 15 жылда көрші елдің 20 үкіметі отставкаға кеткен. Бұл да өзінше бір антирекорд! Өйткені, салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қырғыз Республикасымен бір жылы тәуелсіздігін жариялаған Грузияда – 26, Украинада – 25, Молдовада – 20, Ресейде – 17, Арменияда – 16, Әзербайжанда – 13, Беларусьте – 10, Тәжікстанда – 8, Өзбекстанда – 5, біздің Қазақстанда – 11 (Мәсімов екі рет болды) үкімет басшысы ауысқан.

Үкімет басшыларына қатысты кезекті антирекордтарды айтар болсақ, ең қысқа уақыт үкіметті басқарғандар тағы да Қырғыз Республикасынан шығады. Айталық, Қырғыз Республикасының үкіметін Алманбет Матубраимов 1 күн (13-14.12.1993), Борис Силаев 2 күн (23-25.12.1998), күні кеше отставкаға кеткен Мухаммедкали Абылгазиев 3 күн (22-25.08.2017) басқарыпты.

«Жығылған күреске тоймас» дегендей, кезінде (1998) 2 күн премьер-министрдің міндетін атқарған Борис Силаевтің маңдайына екінші рет үкіметті 8 күн (04-12.04.1999) басқару жазылыпты. Ал, 1 айдан 6 ай аралығында үкіметті басқарғандардың санында шек жоқ.

Қырғыз үкіметі премьер-министр тұрақтамайтын тұрақсыз мекенге айналғандықтан Апас Жумагуловтың бұл қызметте 4 жыл 3 ай (14.12.1993-14.03.1998) отыруы тарихи рекорд саналады. Бұл рекордты жаңартуға жақындаған үкімет басшылары жоқтың қасы. Өйткені, Апас Жумагуловтан кейін үкіметті ең ұзақ басқарған Николай Танаев болды. Ресейде дүниеге келген Николай Тимофеевич Қырғыз Республикасының үкіметін 2 жыл 10 ай (22.05.2002-25.03.2005) басқарды.

Насирдин Исанов – тәуелсіз Қырғыз Республикасының тұңғыш премьер-министрі. Үкіметті 311 күн (21.01-29.11.1991) басқарды. 1991 жылы 29 қарашада жұмбақ жағдайда көлік апатынан қаза тапты.

Қырғыз Республикасының үкіметін Борис Силаев (жоғарыда айттық), Курманбек Бакиев (21.12.2000-22.05.2002, 25.03.2005-15.08.2005), Алмазбек Атамбаев (29.03.2007-28.11.2007, 17.12.-01.12.2011), кешегі премьер Мухаммедкали Абылгазиев (22.08.2017-25.08.2017, 20.04.2018-15.06.2020) екі рет басқару мүмкіндігіне ие болды.

Премьер-министр қызметін атқарған Курманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков кейіннен Мемлекет басшысы болып сайланды. Алғашқысы 2010 жылдан бері Беларусьте қуғында жүрсе, үшіншісі күні кеше 11 жылға сотталды, соңғысы 2017 жылдан бері ел тізгінін ұстап келеді.

Бір өкініштісі, президенттердің де, премьерлердің де лауазымнан кейінгі тағдырлары бір-біріне ұқсайды. Бастапқыда айып тағылады, содан кейін түрмеге тоғытылады.

Қырғыз Республикасының үкіметін 8 ай ғана басқарған 43 жастағы Сапар Исаковты өткен айда Бішкек қаласының Первомайский аудандық соты «Бішкектегі Тарих музейін жөндеу және Шолпан-Атадағы ипподром құрылысы кезінде ақша жымқыруға қатысы бар» деген айыппен 18 жылға соттап, оған 247 млн 650 мың сом (шамамен 3,3 млн доллар) айыппұл салды. Оның алдында, былтыр желтоқсанда Сапар Исаков Бішкектегі жылу электр орталығының жөндеу ісінде жемқорлық айыбымен 15 жылға сотталған еді. Экс-премьердің дүние-мүлкі тәркіленіп, дипломынан, екінші дәрежелі «Манас» орденінен айырылды.

30-шы премьер Мухаммедкали Абылгазиев те отставкаға өз еркімен кеткен жоқ. Анығы кетуге мәжбүр болды. Бұған дейін елде «Билайн» сауда маркасына тиесілі «Скай Мобайл» компаниясына радиотолқын сату ісі бойынша тергеу басталған еді. Бұл істе экс-премьердің де есімі аталады. Кейін Абылгазиев еңбек демалысына кетерде «бұл жайт толық жұмыс істеуге кедергі келтіретінін» айтқан. Мәлімдемесінде радиотолқынды сату ісіне қатысы жоғын, өзіне тағылған айып орынсыз екенін айтты. Сөйтіп, 27 мамырда «тергеуге қысым жасамас үшін және тергеудің әділ өтуі үшін» қысқа уақытқа демалысқа кеткен. Бұл қысқа демалысы отставкамен жалғасты. Экс-премьердің алдағы тағдыры әзірге белгісіз.

Әлбетте, 29 жылда 31 премьер-министрдің ауысқаны жақсылықтың нышаны емес. Өйткені, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, көрші елдің Мемлекет басшылары мен халық қалаулылары соңғы жылдары Үкіметтің алаңсыз өнімді еңбек етуіне мұрша бермей келеді.

Иә, бұл қырғызша демократия болса керек!..

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here