Коронадағдарыс: COVID-19 Қазақстандағы жаңа өндірістердің жоспарын қалай өзгертті?

0
1617

Коронавирус пандемиясы кімге оңай тиді дейсіз?! Қазақстандағы кәсіпкерлерге де салқынын сездірген індеттің соңы коронадағдарысқа әкеп соқтырды. Биылғы жылдың бірінші жарты жылында ашылуы жоспарланған кәсіпорындардың құрылысы кілт тоқтап қалды. Республика бойынша жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған еді. Алайда, соның төртеуі ғана іске қосылды.

Тіпті, жұмыс істеп тұрған ірі, орта және шағын бизнес компаниялары да тұтынушыларының азаюынан, шикізаттар алып өтетін шекараның жабық болуынан тығырыққа тірелді. Осылайша, кәсіпкерлік саласы локдаунға түсті. Бірақ, қараңғы түннің артынан жарқырап күннің шығатынындай, бизнес саласына да жақсы күндер туатын уақыт алыс емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 19 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінуі керектігін баса айтты. Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты бірқатар шаралар да қабылданды.

Қазақстан коронадағдарыс пен карантиндік локдауннан қалай шықпақшы? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы мәселені зерттеп көрді.

ЗАҢДЫ БИЗНЕСТІҢ ЖОЛЫН КЕСУ – ҚЫЛМЫС

Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте кәсіпкерлерге қатысты не айтты?

«Кәсіпкерлер мықты қорғанысты сезінуі тиіс. Заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр мемлекеттік қылмыс болып саналады», – деп кесіп айтты Мемлекет басшысы.

Рас, экономикалық мәселелердің салдарынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету толғағы жеткен түйткілді мәселеге айналды. 

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөйлеген сөзінен көпшілік соңғы бес жылда заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасауға қатысты қылмыстық іс бойынша 11, рейдерлік іс бойынша  7 адам сотталғаны туралы хабардар болды: «Осы сандардан құқық қорғау органдары қызметінің бизнесті қорғауға келгенде кетеуі кейін кете беретінін көруге болады. Осыған орай мен былтырғы Жолдауымда заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр қылмыстардың санатына жататынын айтқан болатынмын. Мұны барлық құқық қорғау органдары мен Бас прокуратура ұдайы есінде сақтауы тиіс.  Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесе отырып, бір айдың ішінде қозғалған мәселелерге қатысты нақты шешімдер енгізуді тапсырамын».

Президент позитивті тенденцияларды, соның ішінде жемқорлыққа қарсы институттың өзінің алғашқы жемісін бере бастағанын да тілге тиек етті.

«Бірінші жарты жылдықта 510 бизнес-жобаға 114 заңсыз араласу анықталған. Осы жұмысты жалғастыру керек. Бас прокуратура еш кідірместен кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тарту фактілерін тоқтатуы тиіс. Кәсіпкерлер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан мықты қорғанысты сезінетін болсын!» – деді Президент.   

Ендігі бар жұмыс пен салмақ құқық қорғау органдары мен Бас прокуратураның иығына артылды. Осындай қысылтаяң кезеңде ел Президентінің кәсіпкерліктің барлық мәселесін назарға алып, шешу жолдарын қарастырып, коронадағдарыстың салдарымен мемлекеттік деңгейде күреске шыққаны қуанарлық жағдай. Үзілген үміттер қайта жалғанып, кәсіпкерлердің ісі қайта жанданып жатса, баршамыз үшін де нұр үстіне нұр емес пе?!

ЖАРТЫ ЖЫЛДА ТӨРТ ҚАНА КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Кәсіпкерліктің нақты мәселелері қандай? Неліктен коронавирус Қазақстандағы жаңа өндірістердің жоспарын өзгертті? Kursiv.kz порталы іске асып, аспай қалған жобаларға тоқталыпты.

2020 жылдың жарты жылында ашылуы жоспарланған 30 индустриалдық жобаның төртеуі ғана іске қосылды.  Қазақстандағы 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасының алғашқы жылында елімізде өндірістік өнеркәсіптер саны 2018 жылғымен салыстырғанда 13%-ға артуы тиіс болатын. Алғашқы 6 айдың нәтижесі бойынша ағымдағы жылы мұндай көрсеткішке жету мүмкін болмады.  Өйткені, жоғарыда жазғанымыздай, биыл іске қосылған кәсіпорындар саны төртеу-ақ.

ҚР Индустриалды-инновациялық даму министрлігінің мәліметіне сенсек, 2020 жылы жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың барлығы да индустриаландыру немесе кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Болжам бойынша республика көлемінде 17 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Сол 160 жобаның 30-ы осы жылдың бірінші жарты жылдығында жұмысын бастап кетуі керек еді. Ал, 6 айдың қорытындысы бойынша 23,7 млрд теңгеге 900 жұмыс орны бар төрт жоба ғана іске қосылды. Елдегі карантиндік шаралар оларды дер кезінде іске асыру мен өңдеуші саланың инвестициясын игеруге әсер еткені сөзсіз. Бұл 26 жобаның іске асу мерзімінің кешеуілдеуіне алып келді.

Әрбір жобаға сараптама жасалынғанда инвестициялардың 85%-ы – бір ірі өнеркәсіпке салынған салым екені белгілі болды. Жеңіл автокөлік шығарып, 700 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС ашылуына 20,3 млрд теңге жұмсалыпты.

Басқа үш жаңа компанияны жұмыс орнының санына (30-дан 120-ға дейін) және инвестиция көлеміне (800 млн-нан 1,5 млрд-қа дейін) қарап шағын деп қарастыруға болады. Ақтөбе облысында қатты ұнтақталған толтырғыш өндіретін «Alina Holding» ЖШС шеберханасы мен мұздатылған жартылай өнімдер өндіретін «Геба» ЖШС зауыты іске қосылды. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласының идустриалды аймағында «Жетісу Мажико» агрокешені ашылды. Жетісу өңірінің экономикалық әл-ауқатының артуына үлес қосатын бұл кәсіпорын майлы дақылдар соя, жүгері, күнбағыс өңдеп, өсімдік майын шығаратын болады.

Сонымен қатар, коронавирусқа орай Қазақстанда мемлекеттік жоспарда болмаған «жоспардан тыс» төрт компания ашылды. Олар жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Bizon» ЖШС, дезинфекциялық құралдар шығаратын тағы үш өндіріс орны: «Топан», «Неохим» және «Sari Suppliers».

КЕЗЕГІН КҮТКЕН КӘСІПОРЫНДАР

2020 жылы ашылуы жоспарланған қалған 156 жобаның ең ірі 10 инвестициялық жобасына тоқталсақ. Бұл ондықтың жалпы инвестициясы – 885 млрд теңгеден асады. Бұл кәсіпорындарда 5 мыңнан аса жұмыс орны ашылуы керек.

Республиканың әрбір өндірістік облысында «мүлгіген» өнеркәсіп ошақтарының тізімі жетерлік. Олардың көбісі инновациялық, кәсіби маманданғандардың қатарына кіреді. Ядролық реакторға жылу шығаратын құрастырғыш өндіретін «Ульба ТВС» ЖШС қазақ-қытай компаниясын мысалға алуға болады. Өндірістің негізгі қайнар көзі Өскемендегі Ульба металлургиялық зауыты. Шетелдіктермен бірлесіп істейтін аталған компания ядролық реакторға жылу энергиясын алу үшін іске қосылған. Ал, Қазақстанда энергия өндіретін құрастырғыштар атымен жоқ еді.

«УМЗ» АҚ бизнесті қамсыздандыру жөніндегі атқарушы директоры Әділжан Оржановтың айтуынша, жаңа кәсіпорын үшін барлық технологиялық құрылғылар қойылған, керек-жарақ сатып алынған. 49 млрд теңге инвестиция құйылған зауыт осы жылы сертификаттаудан өтіп, ҚХР атом электрстанцияларына алғашқы бес ТВС шығарып беруі керек болатын.  Алайда, шекараның жабылуы мен қытайлық әріптестердің келе алмауынан мерзім кейінге шегерілді.

Дәл осындай жағдай Қарағанды облысындағы Forever Flourishing металлургиялық зауытында да орын алды. Бұл компанияның да инвесторы қытайлық Hebei Huatong Cables және Хубэй (дәл осы провинцияда қайғы-мұңмен аты шыққан белгілі Ухань қаласы орын тепкен) провинциясындағы Wires Co Ltd. компаниялары. Зауыттың құрылысына 7,4 млрд теңге жұмсалған. 

«Коронавирус пандемиясына орай Forever Flourishing (өнімнің жаңа сызығы) болат құю өндірісі жобасының да іске қосылуы кешеуілдеді. Ол шамамен осы жылдың IV тоқсанында ашылады», – дейді Қарағанды облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Шорманбаев.

Жергілікті ведомство басшысы берген мәліметке сенсек, 2020 жылы Қарағанды облысында 14 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Оның ішінде бес кәсіпорын өз жұмысын бастаған, қалған тоғызы жыл соңына дейін ашылуы керек.

Алюминийдің ірі өндірушісі ERG компаниясы Павлодардағы электролиз зауытының үшінші қазақстандық өндірісін пайдалануға беруге дайындық жұмыстарын жоспарлаған болатын. Екі шетелдік компания Eurasian Resources Group компаниясына өткізетін өндірістің қажетті техникалық-экономикалық құжаттамасына кірісіп кетті, алайда бүкіләлемдік локдаун жұмысты аяқтатпады, ендігі жоспарлар кейінге шегерілді. 

Пандемия тоқтатып қойған тағы екі павлодарлық жоба жергілікті ӘЭА аумағында орналасқан. Итальяндық құрылғыны жеткізу мәселелеріне орай «ПО ASCOR» ЖШС мұнай кәсіпшілігі және су тазартуға арналған композитті коагулянттар өндірісі зауытының ашылуы 2021 жылға қалдырылды. Осындай себептермен мырышталған өнімдер мен метал құрастырылымдар өндірісі зауыты «РОСС Dorcom Kz» ЖШС-ның ашылуы да кейінге ысырылды.

БЕЛГІСІЗДІК ДАҒДАРЫСЫ

ҚР Өңдеуші өнеркәсіп одағының басқарма төрағасы Марат Баққұловтың айтуынша, елімізде биыл жаңа өңдеу өнеркәсіптері көптеп ашылатынын күтпей-ақ қою керек.

«Пандемия кезіндегі белгісіздікке байланысты көпшілік салмақты түрде тәуекелге баратын кезең туды. Жұмыс істеп тұрған өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының арасында мынадай тенденция қалыптасты – кеңеюді мақсат еткен бизнес иелері өз жоспарларын уақытша кейінге қалдырды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қаржылық себеп. Базарлар тарылды, сатып алушылар азайды, сәйкесінше бірқатар кәсіпорындарда табыс қысқарды. Екіншіден, қызметкерлері ауырып жатқанда кеңею туралы айту орынсыз. Мысалға Теңіз кен орнындағы жаппай коронавирус жұқтыру жағдайын алсақ болады. Үшіншіден, шекараның жабық болуы кейбір компанияларға импорттық құрылғы мен қажетті заттарды алуға мүмкіндік бермейді», – дейді Марат Баққұлов.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері старттың кейінге қалдырылуы себептерінің қатарына өндіріске қажетті шикізаттың болмауы мен шетелдік жоғары білікті мамандардың елге кіре алмауын жатқызады.

«Шетелдік сарапшылардың елге кіруіне қатысты сұрақтар мемлекеттік комиссияның қарауында. Осыған байланысты көптеген жобалардың іске асу мерзімі ағымдағы жылдың III және IV тоқсандарына ауыстырылды», – деп мәлімдеді тиісті ведомство.

Өз жұмысын бастаған жобалардың ара қатынасы мен 2020 жылға жоспарлы көрсеткіштер жарты жылда коронавирус пандемиясына орай жаңа кәсіпорындар ашылуы бойынша бір жылдық индустриалды жоспардың 2,5%-ы орындалғанын көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Елімізде жоспарланған 160 жобаның төртеуі ғана жүзеге асқанын жоғарыда жаздық. Жазуға да ұялатын көрсеткіш. Дегенмен, шарасыздық.

Иә, коронадағдарыс төрткүл дүниені шарасыз халге түсірді. Өкінішке қарай, біздің еліміз де тосыннан келген сынақтан сырт қала алмады. Бірақ, жаппай сақтық шараларын жасай отырып, қауіпті дерттің бетін қайтардық. Енді бақытты күндерімізге қайта оралатынымызға сенейік. Ел экономикасының негізгі қозғаушы күші – бизнес саласына жан бітсе, қалған салалар да әупірімдеп аяққа тұрып кетеді. Мұны Президенттің өзі тікелей бақылауына алды. Енді құқық қорғау органдары мен Бас прокуратура кәсіпкерлерге Ұлы Қытай қорғанындай қорған бола алулары керек. Ал, ҚР Ұлттық экономика министрлігі де бұрынғыдай кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыра беруі қажет. Сонда кәсіпкерлікте асу алынады, көкжиек көрінеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here