Социализм салқыны қай елдерге тиді?

0
1431

Жер шарының ең үлкен бөлігі саналатын Азия халқы бір кездері өзінің коммунизм туралы қиялдарына сенген еді. Үкіленген үміт пен сәттілік күтілген сенім ақталмады. Нәтижесі – диктаторлық басқару, соғыс және азап.

Бүгінде санаулы елдер Ильич салған «ізгі жолды» жалғап келеді, бірақ осы саясатпен көздеген мақсатына жеткен жалғыз Қытай Халық Республикасы ғана. Қытай коммунистік партиясы келесі жылы өзінің жүз жылдық мерейтойын тойлайды. Осы уақыт ішінде олар өз ұстанымдарын нығайтып, кедей аграрлық елден әлемдік экономиканың көшбасшысына айнала алды.

Дегенмен, бұл саясат «бес саусақты бірдей» етіп, бақытты болашаққа бастамады. Дамудың дәл осы бағытын ұстанған көрші елдер салыстырмалы түрде артта қалды. «Күн көсемінің» 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Кеңестік Ресей көмегімен коммунизмге қадам басқан елдердің қиын әрі қайғылы жолын сараптайды.

1920-шы жылдары Моңғолия кеңестік Ресейдің ізін басып, іс жүзінде оның серігіне айналды

АЗИЯЛЫҚ БАСТАУ

Социалистік төңкеріс жеңіске жеткен соң, Ресей коммунистік идеологияны көршілес елдерге таратуға мүдделі болды. Тәжірибе сәтті өткен тұңғыш мемлекет – Моңғолия.

Қытайдың қол астына кіретін Сыртқы Моңғолияда 1911 жылы саяси төңкеріс болып, ол тарихта «Синьхай революциясы» деген атпен қалды. Нәтижесінде монархиялық басқаруға нүкте қойылып, аталған аймақ ресми түрде Қытайға тиесілі деп тәпсірленгенімен, билік іс жүзінде орыс үкіметіне ауысқан еді.

Қытайдың қарсыласқан әрекеті 1919 жылы автономияның жойылуына әкелді. Осыдан кейін «айдаһар еліне» қарсы астыртын топтар Моңғол халық партиясы болып қайта құрылды. Дәл осы ұйым мүшелері өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялау мақсатында Коминтернмен және Кеңестік Ресеймен тығыз байланыс орнатты. Жағдайды ұтымды пайдаланбақ ниетпен Ленин 1920 жылы Мәскеуде партияның негізін қалаушылардың бірі Сухе-Батормен кездесу өткізді. Бірақ, 1921 жылы ресейлік Роман фон Унгерн-Штернберг басқарған азиялық атты әскер қытайларды Моңғолия аумағынан түбегейлі қуып шықты. Бұл оның большевиктермен күресу жолындағы жоспарының бір ұшы еді. Осы тұста Моңғол халық партиясы да қарап қалмай шұғыл іске кірісті. Партия құрылтай съезін өткізіп, уақытша құрылған халықтық-революциялық үкімет РСФСР-мен одақтасып үлгерді.

Елдегі революция 1921 жылдың қараша айына дейін жалғасын тапты. Төңкерісшіл көшбасшылар буддизмнен бас тартуға асықпады. Билігінде большевиктерге бағынышты монах тұратын өзіндік басқару түрі дамыды. 1924 жылы VIII Богдо-геген қайтыс болғаннан кейін монархия жойылып, ақтардың аяғы аспаннан келді. Нәтижесінде қараша айында Моңғол Халық Республикасы құрылды.

Моңғолия кеңестік Ресейдің ізін басып, іс жүзінде оның серігіне айналды. Әсіресе, екі ел экономикасында көптеген ұқсастықтар болды. Қос ел де капитализмді дамудың қате жолы деп тапты. Индустриаландыру  мен жаппай ұлттандыру басталып, феодалдардан алынған жерлерде колхоздар құрыла бастады. Сондай-ақ, жұмысшылар арасында Қазан революциясы мен оның көсемі туралы үгіт-насихат тарап кетті. Көп ұзамай жаңа саясат жемісін беріп, өндірістік нысандар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары құрылды. Кирилл әліпбиіне негізделген моңғол жазуының пайда болуы – ел дамуының нақты көрінісі болды.

Мемлекеттік органдар жүйесі де Кеңес үкіметін айнытпай қайталады. Мұнда негізгі басқару органы – ұлы халық жиналысы, одан кейін Кіші Халық Ассамблеясы, атқарушы орган – Министрлер Кеңесі, жергілікті мемлекеттік органдар – Ассамблеялар (хуралдар) құрылды.

Моңғол Халық Республикасының буддизмнен бас тартқысы келмеген басшыларына қара бұлт төніп, 1920-1930 жылдары контрреволюциялық ұйымдар құрды деген айып тағылды. Түрмеге тоғытылғандардың тағдыры тәлкекке түсті. Діни басшылардың қылған «қастандықтары» ашылып, қудалауға ұшырады.

1932 жылы большевиктік саяси бюро Моңғолия басшыларын «КСРО-дағы Кеңес үкіметінің саясатын сансыз түрде көшіріп алды» деп сынап, олардан «буржуазиялық-демократиялық республикаға сай шешім» шығаруды сұрады. Салдарынан Сталиннің сенімін жоғалтқан Моңғол үкіметінің басшысы Палжидиин Генден саясат сахнасынан кетіп, 1936 жылы бірінші орынбасары Хорлогин Чойбалсан билікке келді. «Моңғол Сталинінің» таққа отыруымен елдегі барлық монастірлер жабылып, ақсүйектер мен кері көзқарастағылар көшінің нүктесі қойылды. Алынған ақпараттарға сүйенсек, сол кездегі қуғын-сүргіннен 35-40 мың адам қаза тапқан. Сонымен қатар, оның жеке басына табынушылық әлі күнге дейін жойылмаған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ақша, тамақ, жылқы, киім-кешек жеткізіп беріп, КСРО жағына шыққан Моңғолияның мақсаты, кей деректерге сүйенсек, Кеңес Одағының құрамына кіру болған-мыс. Бірақ, бұл жүзеге аспаған. Ақырында, 1949 жылдың қазанында Қытай Моңғол Халық Республикасының тәуелсіздігін мойындаған.

1952 жылы Чойбалсан қайтыс болып, билік басына Южмагин Цеденбал келді. 1984 жылға дейін басшылық еткен оның тұсында қуғынға ұшырағандар қалпына келтірілді. Осы уақыттарда елде өнеркәсіп өрлеп, жұмысшылар саны көбейіп, екінші ұжымдастыру мен индустрияландыру жүргізілді. Нәтижесінде ел сауатсыздықтан түбегейлі арылды.

1980 жылдардың аяғында Моңғолия Кеңес Одағының ізінше «қайта құруды» жүзеге асыра бастады. Халық елдегі жағдайда ашықтық пен демократияны талап етіп, көтеріліске шығып, аштық жариялады. Ұзаққа созылған шерулер нәтижесінде 1990 жылы коммунистік режим тоқтатылды.

Кейін моңғолдар нарықтық экономикаға көшіп, демократиялық мемлекет құра бастады. Бет алған бағыт бұрыс болмай, халық халі біршама жақсарғандығын айта кеткеніміз жөн. Орталық Азияның шығысында орналасқан Моңғолия бүгінгі күнде – парламенттік республика. Елдің парламенті – Ұлы Хурал деп аталады.

Бүгінде санаулы елдер Ильич салған «ізгі жолды» жалғап келеді, бірақ осы саясатпен көздеген мақсатына жеткен әлемдегі жалғыз ел Қытай Халық Республикасы ғана

АЙДАҺАР ЕЛІНДЕГІ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАР

ХІХ ғасырдың ортасында апиын соғысы басталғаннан – 1949 жылғы коммунистердің жеңісіне дейін Қытай импералистік державалар үшін жартылай отар ел болды. Оның жері мен байлығы Жапония, АҚШ, Италия,  Ұлыбритания, Германия, Ресей, Францияға ортақ еді.

1911 жылдан бастап Қытай ел тарихындағы ең ауыр – құлдырау кезеңін бастан өткерді. Саяси жағдайдың салдарынан ел бірлігіне сызат түсті. Жапон агрессиясына қарсы тұруға бағытталған Азамат соғысы 30 жылға созылды. Кей ғалымдар Қытай халқы санының азаюы – сыртқы жаудан бұрын, бір-бірімен күрестің кесірінен екенін айтады. Күрмеуі көп күрделі кезеңдер үшін Коммунистік партияның жеңісі үлкен жаңалық әкелді. 1949 жылдың қазанында Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Жаңа Қытай мемлекетінің жариялануы – Жаңа дәуірдің бастауы болды. Коминтерннің қолдауымен Қытай Компартиясы құрылды.

Қытайдың әскери және саяси жетекшісі Мао Цзэдуннің бастауымен Коммунистік партия Азамат соғысында жеңіске жетті. Мао Цзэдун Марксты ешқашан оқымағанын жасырмады. Ол өзінің бүкіл билік ету кезеңінде тек идеологияны пайдалы деп білді. Ұлт жетістігін бірінші кезекке қойған Цзэдун саясатына КСРО қолдау көрсетіп, Қытай жартылай отар болуды тоқтатты.

Жаңа қоғам құруға ұмтылыспен қатар қырғи қабақ соғыс орнап, әлем іс жүзінде қаққа бөлінді. 1950 жылдардағы Кеңес саясатының негізгі міндеттерінің бірі – жаңа одақтастарына көмек көрсету еді. Бұл тұста Қытайдың жолы болып, ел «жас социалистік мемлекет» жолымен жеделдетілген қарқынмен жүріп өтті. Өз кезегінде Кеңес Одағы ҚХР-ге көмегін аямады. Қос ел сыртқы саясатта серттескен серіктеске айналды. Екі тарап та аймақтық қақтығыстарға қатысты бір ұстанымда болып, имперализмге бірлесіп қарсы тұруға бел буғандықтарын білдірді. Екінші жағынан, КСРО Қытай мүдделерін батыл қорғады. Елдер арасындағы достастық, әлбетте, екі ел басшыларының бейбіт байланысының көрінісі еді. Десек те, Кеңес басшысы өз артықшылығын көрсету үшін жеке кездесулерде қытайларға қыр көрсетіп, салқынқандылық танытатын.

Хрущевтің билікке келуі, әсіресе оның ХХ съезде жеке адамға табынушылықты айыптап сөйлеген сөзі серіктестікке сызат түсірмей қоймады. Екі ел арасындағы қатынас Сталин қайтыс болғаннан кейін күрт нашарлап, достастықтағы елдер арасында «дорба да, жорға да» қатынамайтын халге жетті. Тіпті, Даман аралында Қытай мен КСРО арасында әскери қақтығыс орын алғаны тарихтан аян.

1950 жылдардың соңында Қытай «серпіліс саясатына» көшті. Ол бойынша ауыл шаруашылығы басым елді индустриалды мемлекетке айналдыру көзделді. Ойға алғанның орындала беруі оңай емес. Жоспар іске көшкенде өнімнің төмендеуіне әкеліп соқты. Бұған табиғи апаттар қосылып, Қытай ашаршылыққа тап болды. Ресми ақпараттарға сүйенсек, үш жыл ішінде 15 млн адам көз жұмған. Кей деректер бұдан екі есе есепті көрсетеді.

КСРО-мен қатынас үзіліп, Мао сыртқы саясатта «үшінші әлем» тұжырымдамасын алға тартты. Бұдан былай Қытай қырғи қабақ соғыста КСРО-ны да, Батысты да қолдамайтын елдер арасында көшбасшылардың біріне айналуға тиіс еді. Алайда, 1970 жылдары АҚШ Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер ҚХР-ды Кеңес үкіметіне қарсы қою үшін әрекет жасады. Горбачев билікке келіп, қос ел қатынасы қалпына келгенше, Қытай АҚШ ықпалында болды.

Коммунистік Қытай тарихындағы екінші маңызды тұлға – Дэн Сяопин. Ол 1970 жылдан 1992 жылға дейін билік етіп, ел экономикасының қарқынды дамуына ықпал етті. Халық арасында экономиканың жеке секторына рұқсат етіліп қана қоймай, қолдау көрсетілді. Ел батыстық инвесторлар арқасында өз экономикасын арттыра алды. Халықтың тұрмысы түзеліп, нарықта да нық қадамдар жасала бастады. Бірақ, 1980 жылдың аяғына қарай өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жүргізіліп жатқан реформалар қымбатшылыққа апарып, нәтижесі халық арасындағы теңсіздікке әкелді. Ел шенеуніктері жағдайды ұтымды пайдалануға тырысқанымен, халықтың консервативті көзқарастағы бөлігіне батыстық бағыт ұнамады. Дәл осы кезде Дэн Сяопин өз ұстанымын қатаң ұстап, «экономикадағы жаңалық социализмнен кетуді де, батыстық үлгідегі демократияны қабылауды да білдірмейді» деп дабыл қақты.

1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы халық наразылығының нәтижесі басшының үкіметтен кетуімен аяқталды.

Дэн Сяопин Қытай коммунистік партиясынан кеткеннен кейін ел басқарудың қуатты моделі құрылды. Ол бойынша әр он жыл сайын үкімет арнайы дайындалған қызметкерлермен толықтырылып отырды. Үкіметте бас хатшының орны ерекше болып, олардың әрқайсысы идеологияға жаңалық әкелді.

Си Цзиньпиннің таққа тұрақтауымен жағдай жақсы жаққа өзгеріп, социализм жаңа дәуірге қадам басудың көрінісіне айналды. Қытай қазіргі кезде жаһандану үдерісін жалғастыруда. Сидің билігі осы уақытқа дейін өзекті мәселелерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік беріп келеді. ҚХР коммунистер арасында ең ұзақ тарихы бар мемлекетке айналды. 2021 жылы Қытай коммунистік партиясы өзінің 100 жылдығын тойлайды.

Лениннің «ізгі жолы» Солтүстік Кореяны диктаторлық режимге алып келді. 75 жылдан бері билік Еңбек партиясының қолында

 СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫ ДИКТАТОРЛЫҚ РЕЖИМГЕ АЛЫП КЕЛГЕН ЖҮЙЕ

Социализмге сенім артып, саяси бағытын ұстауға Кеңес Одағы қол ұшын берген тағы бір ел – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР). 1910-1945 жылдары корейлер Жапонияның отарында еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін солтүстік бөлігі – Кеңес Одағының, оңтүстігі – АҚШ-тың бақылауында болды.

1948 жылы Корея Еңбек партиясының бастауымен Корей Халықтық Демократиялық Республика болып жарияланды. КХДР өз жарғысында марксизм-ленинизм өсиеттерін ұстанатындығын тікелей көрсетті. Бұлай етпеу мүмкін емес еді. Өйткені, ел КСРО-ның қолдауымен құрылып, тіпті алғашқы жылдары тікелей бақылауында болды. Іс жүзінде барлық өнеркәсіп, ішкі және сыртқы сауда мемлекет бақылауына өтті. Тіпті, ел астанасын таңдау да КСРО-дан шыққан әскери басшылардың шешімімен жүзеге асты. Алайда, Солтүстік Корея тарихында маңызды рөл алатын – дала командирі Ким Ир Сен алғашында өзін ұлтшыл деп таныды, себебі оның басты мақсаты – тәуелсіз ел құру болатын. Бұл өз кезегінде коммунистік идеяға қайшы еді.

Оңтүстік және Солтүстік Корея елдері арасындағы араздық 1950 жылғы Корея соғысына әкелді. Деректерге сүйенсек, соғысты бастаушы – КХДР. Солтүстікке Қытай және кеңестік ұшқыштар көмек көрсетсе, Оңтүстік Кореяны АҚШ, Ұлыбритания қолдады. Үш жыл ішінде корейлер саны 1,3 млн-ға азайып, соғыс 1953 жылы бітімгершілікпен аяқталды.

Соғыстан кейінгі елдің экономикалық дамуы кеңестіктер мен қытайлықтардың көмегіне мұқтаж болды. Дәл осы кезде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру басталды. 1960 жылдарға дейін Солтүстік Корея экономикасы Оңтүстікке қарағанда жоғары болды. Бұл – соғыстан кейінгі қалпына келтіру қарқынының көрінісі. Жоғарыда бір кездері Қытай мен КСРО арасындағы қатынас үзілгендігіне тоқталғанбыз. Дәл осы себеппен КХДР-де де жағдай нашарлады. Ендігі жерде ірі державалармен қарым-қатынасты сақтау әрі тәуелсіздігін көрсету үшін өзінің идеясын (чучхе) ойлап табуына тура келді.

1960 жылдардың ортасында «өзін өзі тану», «өзіндік ерекшелік» мағынасын беретін «чучхе» термині идеологияға айналды. Бұған қарамастан мемлекеттің экономикалық өсуі едәуір күйреу жағдайында болды. Елдегі ресурстар шегіне жетіп, ауыр өнеркәсіп құлдырап,  «алдымен армия» саясаты үлкен шығындарға жол ашты. 1994 жылы Ким Ир Сен қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Ким Чен Ир КХДР басшылығына келді. Оның билігіндегі ел сол күйі дағдарысты дағдыға айналдырып, онымен қоса, бүкіл әлемнен оқшауланып, «жабық есік» саясатына көшті. Нәтижесінде халық жағдайы күрт нашарлап, үлкен нәубетке әкелді. Болжамдарды бағамдасақ, 1995 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта ашаршылық құрбандарының саны 3 млн-ға дейін жеткен.

1990 жылдардың соңынан бастап мұнда жекешелендіру жүріп жатты. Жағдайдың бұлай жақсармайтынын түсінген ел жаңа өзгерістерге бет алды. Нәтижесінде қызмет көрсету, балық аулау сияқты салалардағы жеке сектордың үлесі бүкіл ел экономикасының жартысына дейін өсіп, шетелдіктерден, әсіресе Қытайдан  келетін көмекке сүйенген КХДР қос аяққа тұра бастады.

Қазіргі күні нарықтық экономикаға бет бұрған КХДР-дың басшысы – 2011 жылы қайтыс болған әкесінің орнын басқан Ким Чен Ын. Халқы ел басшысын «құрметті жоғары көсем» деп атайды. Жаңа ғасырда Еңбек партиясының саяси өмірдегі рөлі артты. Сондай-ақ, ел ядролық қаруға ие болды.

Айтпақшы, қазіргі күнгі чучхе идеяларында марксизм-ленинизмнің табы да жоқ. 2009 жылдың көктемінде КХДР Конституциясына енгізілген кезекті түзетулер кезінде коммунизмге қатысты барлық сілтемелер алынып тасталды. Елде «жаңа коммунистік адамды қалыптастыру» емес, «жаңа чучхе адамын қалыптастыру» басты бағытқа айналған.

Вьетнам коммунистік партиясы биыл өзінің 90 жылдығын тойлады. Бұл – 97 млн халық тұратын елдегі жалғыз партия

ВЬЕТНАМҒА ТАЛАС

Вьетнам ХІХ ғасырдың соңынан бастап Францияның отары болды, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оның аумағы Жапонияның бақылауына өтті. Одан кейін Вьетминь ұйымының революционерлері анархияны пайдаланып, Ханой мен басқа қалаларды иемденіп, сол жерде Вьетнам Демократиялық Республикасын жариялады. Ондағы басты рөл Хо Ши Мин бастаған коммунистік көзқарасты жақтаушыларда болды.

Жағдай Франция жағына жайсыз тиіп, олар елдің оңтүстігіне әскер енгізіп, мәселенің мәнін таппаққа бел буды. Нәтижесінде 1946 жылы Вьетнам территориясында идеологиялық серіктестердің қолдауымен отарлық соғыс басталды. Сөйтіп, капиталистер мен коммунистер арасындағы қарама-қайшылық пайда болды.

1954 жылы бейбіт келісімдерге сәйкес елдің солтүстігі Вьетнамға, оңтүстігі Францияның қол астына берілді. Негізінде жалпы сайлаудан кейін аумақтарды біріктіру көзделген. Бірақ, Оңтүстік Вьетнам билігі өзінің антикоммунистік мемлекетін құруға шешім қабылдаған еді. Басшылықтың шешімдері жергілікті халық наразылығын туғызды. Бұған Солтүстік Вьетнам да қарсы болып, елде Азамат соғысы басталды.

Ел қорғаушысының кейпін дәл келтірген Хо Ши Мин мемлекет тарихындағы ірі қайраткерге айналды. Оның басшылығымен Вьетнамда жергілікті тоталитаризм қалыптасты. Ол  АҚШ-қа қарсы химиялық қарумен жабдықталған соғыс ашты. Салдарынан америкалықтардан 60 мыңға жуық адам шығыны орын алды. Ұзаққа созылған қақтығыс 1975 жылы Солтүстік Вьетнам әскерлерінің жеңісімен аяқталды. Кейінірек Вьетнам Коммунистік партиясының басшылығымен ел қайта бір орталыққа біріктірілді.

Компартия елдегі жалғыз заңды саяси күш болып қала берді. Бүгінде елдегі адам құқығы, діни сенім бостандығы сақталып, негізгі капиталистік елдермен қарым-қатынас реттеліп, сыртпен сауда-саттықтағы шектеулер аяқталғаннан бері Вьетнам экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналды.

1990 жылдан бастап Лаос әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнатқанымен, онда ресми түрде социализм мен бірпартиялық жүйе сақталып қалды

ЛАОСТАҒЫ ЛАҢКЕСТІК

Коммунистік Лаос Республикасындағы жағдай Вьетнамдыкімен ұқсас болды. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында француздарға қарсы ұлт-азаттық күрес жүрді. Ол 1954 жылы тәуелсіздікті көздеушілердің жеңісімен аяқталғанымен, елде ұзақ жылдар бойы азаматтық соғыс жалғасын тапты.

1975 жылы коммунистер КСРО мен Солтүстік Вьетнамның қолдауымен ел аумағының біраз бөлігін өз бақылауына алды. Ол жерлерді «азат етілген аймақтар» деп атады. Бірнеше ай аралығында елдегі қозғалыстар бәсеңдеп, қамауға алынғандар саны азайды. Содан кейін Лаос ресми түрде социализмге бет бұрды. Патша тақтан бас тартып, социалистік Лаос Халық Демократиялық Республикасы жарияланды. Халықтық-революциялық партия – елдегі басқарушы партияға айналды.

Социализмді сол күйінше көшіріп алған елдердегі дәстүр бойынша даму экономикадан басталып, бірінші кезекте ұжымдастыру мен индустриаландыру орын алды. Алайда, Лаос экономикасы артта қалушылықтан арыла алмады. Себебі, елдегі Азамат соғысы іс жүзінде жалғасып жатқан еді.

КСРО-дағы қайта құрудың әсерінен Вьетнамдағы «дой мой» төңкерісі мен Қытайдағы «реформалар мен ашықтық саясаты» Лаостағы «жаңа экономикалық механизмге» («чин таакан май») ауыса бастады. Бұл бойынша жекешелендіру, шетелдік инвестицияларды толық ашу және нарықтық экономикаға көшу іске аса бастады. 1990 жылдан бастап Лаос әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнатқанымен, онда ресми түрде социализм мен бірпартиялық жүйе сақталып қалды.

Вьетнамдағыдай жағдай Лаоста ғана емес,  Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Үндіқытай түбегенінің оңтүстігінде орналасқан Камбоджа корольдігінде де қайталанды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Азиялық дәстүр мен мәдениет көрінісі болған коммунизм кедейлікпен күресуге, азаматтық соғыстарда жеңіске жетуге, тәуелсіздікке ұмтылуға және бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткен идея болды. Қиын сәтте бұқараны жұдырықтай жұмылуға шақырғаны да шындық. Алайда, мұның бәрі бейбіт заманда қатаң диктаторлық басқару мен қуғын-сүргінге айналды. Жоспарлы экономика жеміс беруді тоқтатып, халық болашақтан күдер үзе бастады.

Тығырықтан шығудың бір-ақ жолы болды. Ол – қоғамды жеке меншік пен нарықтық экономикаға негіздеп қайта құру. «Жантүршігерлік тәжірибелер дәуірі» аталған марксизм-ленинизм кезеңі осылайша капитализмнің келуімен өз керуенін тоқтатты.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here