Әртістердің халық алдындағы тәртібі және фонограмманы қолдануы заңмен реттеледі

0
166

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Мәулен Әшімбаев еліміздің мәдениет саласын дамыту үшін бұл құжаттың маңызы зор екені атап өтті.

«Осы заң кітапхана және баспа ісін жетілдіруге, отандық электронды кітапхана қалыптастыру мен оның қорын кеңейтуге жағдай жасайды. Сондай-ақ, мәдениет ұйымдары мен шығармашылық одақтардың жұмысын қолдауға және концерттік қызметті реттеуге мүмкіндік береді», – деді Сенат Төрағасы. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев қабылданған заң ұлттық мәдени құндылықтарымыз бен мұраларымызды сақтауға ықпал ететінін де тілге тиек етті.

Заңда зорлық-зомбылықты, ұлтаралық, діни, нәсілдік алауыздықты және қатігездікті үгіттеуге бағытталған кез келген контентке тыйым салынатыны көрсетілген. Мұның бәрі бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға және әртістерге қатысты дүние.

Осы заңға сәйкес енді эстрада әртістері ән орындаған кезде фонограмманы қолданатын болса, концерттер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар оны халыққа алдын ала ескертуге міндетті. Бұл көрермендерге таңдау жасауға, яғни фонограммамен орындалатын әндер үшін ақы төлеуге немесе одан бас тартуға мүмкіндік береді. Аталған жайт билеттің құнына да әсер етеді.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату, су қорғау белдеулері және жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда жиналып қалған тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 100 миллион тоннадан астам. Соған қарамастан елімізде оларды қайта өңдеу деңгейі өте төмен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 14,9 пайызды құрайды. Депутаттардың бастамашы болуымен дайындалған заң жобасында көмуге жататын қалдықтардың көлемін азайту үшін оларды жағу арқылы электр энергиясын алу ұсынылған.

Сенат Төрағасы құжатта энергияны кепілді сатып алу тетігін қолдану мәселесі қарастырылып, ұсынылғанын да айтты.

«Жалпы бұл заң жобасын қабылдау экологияға оң әсер ететіні анық. Өйткені, құжат қалдықтардың саны мен олардың полигонға келіп түсуін айтарлықтай қысқартады. Бұл олардың қоршаған ортаға тигізетін зардабын төмендетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасын қарау барысында сенаторлар оның маңыздылығын атап өтті. Соған орай депутаттар енгізілген түзетулерді тағы да пысықтау керек деп есептеп, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Осы заң қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға қатысты жобаларды іске асыру үшін құқықтық механизмдер қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ, елді мекендерде су қорғау белдеулерінің шекараларын анықтау мәселелерін реттейді. Теміржол көлігі саласында «жүк» түсінігін нақтылау және уақытша теңгерім төлемін қолдану мерзімін ұзарту қарастырылған.

Одан бөлек, отырыс барысында сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенатор Сағындық Лұқпанов мұнайгазхимия саласын дамыту мәселесін көтерсе, депутат Сергей Ершов ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз етуге назар аударды.

ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here