«Біздің мүмкіндігіміз шексіз»

0
2312

Барша азаматтарға тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының маңызды басымдықтарының бірі. Әр қазақстандыққа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасау – Әділетті Қазақстан құндылықтарының негізгі өзегі, басты тірегі. Сапалы білім мен медициналық көмекке, жұмыспен қамту мен әлеуметтік бейімделуге тең әрі әділ қолжетімділік – кедергісіз қоғам құрудағы негізгі өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте әлеуметтік оңалтуды дамыту да үлкен маңызға ие. Бүгінгі сараптамамызда мүгедектігі бар жандарға мемлекет тарапынан қолдауды таразылап, кедергісіз қоғам құндылықтарын екшейміз.

ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ ҚҰРУДЫҢ ҚАДАМДАРЫ

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан жіті назар аударылып, ізгі істер ілкімді жүзеге асырылып келеді. Жыл өткен сайын мемлекет қазынасынан төленетін жәрдемақы мен түрлі әлеуметтік төлемдердің көлемі өсіп, оларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ақпаратына сүйенер болсақ, Қазақстанда 725 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Бүгінде 420,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 195,2 мың адам зейнеткер. Ал, 109 мыңға жуығы – кәмелет жасына толмаған балалар.

Қазіргі күнде елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік мәселесін оңтайлы түрде шешу һәм тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодексте егжей-тегжейлі баяндалған. Былтырғы шілде айында қабылданған құжат аясында әлеуметтік салаға бірқатар өзгерістер енді. Атап айтқанда, отбасын атаулы және әлеуметтік қолдауға елеулі назар аударылып, жалпы халықтың өмірін жеңілдетуге тиіс басқа да көптеген өзгерістер қарастырылған. Мәселен, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту үшін қосымша атаулы шаралар қарастырылып, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету үшін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жіті назар аударылмақ.

Әлеуметтік кодекстің ішінде адамның дүниеге келгеннен бастап, өмірден өткенге дейінгі әлеуметтік жәрдемақылардың бәрі қамтылған. Нақтырақ айтқанда, жүктілікке байланысты берілетін жәрдемақыдан адамды жерлеуге берілетін жәрдемақы кезеңнің барлығы қарастырылған.

Жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға бюджет есебінен ай сайын төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа есеппен 14,5 пайызға көбейді. Бұл мақсатта республикалық қазынадан қосымша 41 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері де 7 пайызға артты. Ал, 2024 жылғы қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі тағы 7 пайызға өсті. Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам бұған дейін 89 248 теңге жәрдемақы алып келсе, биылдан бастап оның мөлшері 95 496 теңгеге өсті. Екінші топ үшін жәрдемақы сомасы 76 397 теңгені құраса, 52 089 теңгені үшінші топтағылар алады.

«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕКТІҢ» КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Ел Президенті қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты мүмкіндіктер қарастыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру үшін  «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» арнайы жобасын даярлады. Жобаның арнайы тұжырымдамасы бекітіліп, іске асырылуы тиіс іс-шаралар мен оны ұтымды ұйымдастыру механизмдері әзірленді. Бастаманың басты мақсаты – Қазақстан бойынша 771 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, жоба аясында 22 мыңнан астам нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл іс-шара 2021-2025 жылдары аралығында іске асырылмақ. Жыл сайын орташа есеппен 4 400 ғимаратты бейімдеу жоспарланған.

Жоба шеңберінде былтырғы жылы 927 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оның нәтижесінде 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат «екі қолға бір күрек тауып», жұмысқа орналасты. Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында жыл сайын еліміздің облыстары мен өңірлерінде 350-ге жуық ерекше қажеттілігі бар спортшылардың қатысуымен инклюзивті спорт фестивалін өткізу дәстүрге айналды.

Түрлі салалардағы ерекше қажеттілігі бар дарынды жандарды қолдап-қуаттау мақсатында «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы бірнеше жыл қатарынан үздіксіз беріліп келеді. Аталған премия «Спорт саласындағы аса үздік жетістіктері үшін», «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін», «Күшті жігері және жеңіске талпынысы үшін», «Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін», «Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» және «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» аталымдары бойынша тағайындалады. Арнайы сыйлыққа өтінімді I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар адамдардан тұратын, қоғамдық-мәдени өмірге белсенді қатысатын ұжымдар бере алады.

17 жыл ішінде «Жан шуақ» көптеген талантты жандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жетістікке жетуіне дәнекер болды. Жыл сайын сегіз бағыт бойынша әрбір жеңімпазға 1 миллион теңге көлеміндегі ынтыландыру марапаты беріледі.

МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ

Еліміздің бірқатар мегаполистерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында бірқатар жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, бүгінде Астанада ерекше қажеттілігі бар 33 мыңнан астам адам тұрады. Оның 9 мыңға жуығы – балалар. Елорда әкімдігінің қолдауымен биылғы жылы алғаш рет мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында арнайы төлем берілмек. Атап айтқанда, бірінші топтағы мүгедек 69 мың теңге, екінші топтағы мүгедек 34 500 теңге және үшінші топтағы мүгедек 17 250 теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болмақ.

Биылғы жылдың шілдесінен бастап күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар азаматтарға берілетін гигиеналық құралдар саны артып, 1 460 данаға дейін көбейді. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін тұлғаларды санаториялық-курорттық шығындарын өтеуге арналған төлем мөлшерін 35 АЕК-тен 55 АЕК-ке арттырылды. Оңалту аясында Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен 28 мыңнан астам мүгедектегі бар жан қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда, тасымалдау құралдары, сурдотехникалар мен тифлотехникалар, гигиеналық және протез-ортопедиялық бұйымдар 19 967 адамға берілді. Ал, түрлі оңалту қызметтеріне жүгінгендердің саны – 8 810. Сонымен қатар, Астанада ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қызмет көрсететін «Инватакси» жұмыс істейді. Қазіргі күнде елордада 117 арнайы жабдықталған 117 көлік 5 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Такси қызметі күніне орташа есеппен 1 167 тапсырыс орындайды. «Инватакси» қызметін 2 905 астаналық тұрақты пайдаланады.

Арнайы жабдықталған такси қызметіне қолжетімділік пен сапаны арттыру және жылдам қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету  мақсатында 2023 жылдың шілде айынан бастап Яндекс Go қосымшасы арқылы арнайы пилоттық жоба іске қосылды. Жобаға 195 мүгедектігі бар азамат қатысып, 11 144 тапсырыс жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бас қаланың барлық ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сапалы кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрақты түрде мониторинг жасалынады. Бұл тарапта 2023-2027 жылдарға арналған арнайы Жол картасы әзірленді.

Бір бұл ғана емес. Елорда әкімдігінің ұйытқы болуымен мүгедектігі бар азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүре алады, екі жылда бір рет тісін тегін емдетуге мүмкіндігі бар. Қатты отын түрін сатып алу кезінде және газ қондырғысын орнату барысында жеңілдіктер қарастырылған. Еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтуда да арнайы шаралар қолға алынған. Былтырғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1 288 осы санаттағы азамат «екі қолға бір күрек тауып», тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Алатаудың етегіндегі алып қала Алматыда 58 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Осыған орай мегаполисте ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау бағытында арнайы жоба қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы орта қалыптастыру. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, оңтүстік астананы тең мүмкіндіктер жасалған инклюзивті қала ретінде дамыту – қала билігінің бірнеше жылдан бері басым жұмыс бағыттарының біріне айналған. Арнайы қабылданған бағдарлама шеңберінде бүгінге дейін жүздеген әлеуметтік нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Олардың қатарында спорттық-сауықтыру кешендері, балалар мен ересектерге арналған оңалту орталықтары, әлеуметтік қызмет көрсету үйлері бар. Мәселен, былтырдың өзінде Алматыда мүгедектігі бар адамдарға арналған 680-нен астам нысан ашылды.

Тағы бар айта кетерлігі, оңтүстік астанада өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқтала кетсек. Қалада өздігінен қозғала алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кресло-арбаларға арналған бөлшектерді жөндейтін және ауыстыратын тегін орталық жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін аталған шеберханада 500-ге жуық азаматқа көмек көрсетілген. Сондай-ақ, осы санаттағы азаматтарға арналған «Инватакси» қызметі де ашылған. Ресми ақпаратқа сенер болсақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша бұл қызметті 100 автомобиль орындайды. Бұдан бөлек, «Яндекс Такси» қосымшасы арқылы қызметті іске асыру бойынша пилоттық жоба да бастау алды.

Мүгедектігі бар азаматтарды жан-жақты қолдау үшін шаһарда «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. 2023 жылы аталған орталықта 4 мыңға жуық алматылыққа көмек көрсетілген. Өткен жылы осы тақілеттес тағы 7 орталық пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, қала әкімдігінің бастама танытуымен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға арналған квота енгізілмек. Жаңа оқу жылы қарсаңында денсаулығында кінәраты бар балаларды білім алуға қажетті құралдармен толыққанды жабдықтау бастамасы да былтырдан бастап қолға алынды.

Ал, мегаполистің бірнеше ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып ашылған әлеуметтік қолдау көрсету орталықтарында қажетті ақпараттар мен кеңестерді алуға мол мүмкіндік бар. Аталған мекемелерде мүгедектігі бар адамдар заңдық, психологиялық, білім беру және өзге кеңестерді тегін ала алады.

Халық көп қоныстанған алып шаһардағы қайырымы мол істер одан әрмен жалғаса бермек. Баянды бастамалар тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасап, игіліктерді тең дәрежеде көруіне мүмкіндік беруді көздейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Филантроп Джон Рокфеллер «Мен әрқашан кез келген сәтсіздікті мүмкіндікке айналдыруға тырыстым» деп пайымды пікір білдірсе, неміс философы Освальд Шпенглер «Өмір сүру дегеніміз – өз мүмкіндіктеріңді жүзеге асыру» деп орнықты ой айтыпты. Адамзаттың ақылманына айналған тұлғалардың ұлағатты сөздерінен бір нәрсені анық аңғарамыз. Ол – тағдырдың теперішіне мойымай, тығырықтан шығар жол таба білу. Сынақтарға сүрінбей, өз мүмкіндігіңді бағамдап көру. Өмір осынысымен құнды, осынысымен қызықты.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here