Еліміздің транзиттік әлеуетін дамытатын жоба

0
150

Сенат депутаты Бауыржан Қаниевтің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминге жолдаған депутатық сауалында «Орталық-Батыс» тас жолының құрылысындағы күрделі мәселелер көтерілді.

Бұл автожол Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын байланыстырады. Ел Үкіметінің Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілген екінші деңгейдегі екі қаланы біріктіреді. «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш» автомобиль жолы бойындағы «Орталық-Батыс» автомобиль дәлізінің ұзындығы 1 292 шақырымды құрайды. Оның ішінде Ақтөбе облысының аумағымен 518 шақырым өтеді.

Депутат «Орталық-Батыс» жобасы аясындағы проблемаларға тоқталып, қолданыстағы республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» және аудандық маңызы бар «Ырғыз-Нұра» автомобиль жолы қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін атап өтті. Сонымен бірге, Шалқар және Ырғыз елдімекендерінің арасындағы учаскеде орналасқан 3 автожол көпірінің де жағдайы өте нашар болып тұр.

Сонымен қатар сенатор жағдайы өте нашар «Шалқар-Ембі-Қандыағаш» автожолының стратегиялық маңызын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жоғарыда көрсетілген учаскеден бастауды ұсынды. Аталған учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттама бар көрінеді. Жобаны іске асыру Ақтөбе облысы мен Қазақстан Республикасының көлік әлеуетін едәуір кеңейтуге, сондай-ақ, автокөліктің неғұрлым қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Автожолды тиісінше күтіп ұстау жол бойындағы қызмет көрсету нысандар ашу арқылы туризмді дамытатыны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлерімен де, басқа елдермен де тауар айналымын арттыруға септігін тигізетініне назар аударылды.

Депутаттық сауалға Д.Әділбеков, Е. Сұлтанов, С. Алдашев, Б.Қаниев, Ә.Құртаев, С. Лұқпанов, Е. Мамытбеков, Л.Рысбекова қол қойған.

ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here