Ескірмейтін естелік: Болмаған балалық шақ

0
426

Еске алып отырған 1939-1945 жылдар, ол кезде біз 5-10 жастағы балалармыз. Өмір жағдайына байланысты балалық шақ бізде болған жоқ десем артық айтқаным болмас. Сол кездегі өмір жайын жас болсақ та есте қалғандарды, өткен жылдардың кейбір естелігін еске алайын.

1939-1940 оқу жылдарында ауылда 7-жылдық мектеп болмағандықтан менен үлкен Балдырған, Сәдіман, Сәлімжан, Бақыт апаларым мен ағаларымды оқуын жалғастыру үшін 7-жылдық мектебі бар «Көкала ат» деген елді мекенге әкем мен шешем көшіп барды. Бір жыл Бірлікбай деген кісінің екі бөлмелі үйінің бір бөлмесінде тұрдық. Тамақ пісіретін жері ортақ қоржын үй. Бірлікбайдың әйелі және жасы менімен қатар қызы болды. Өте қарапайым және инабатты жанұя болатын. Өте тату-тәтті тұрдық. Осы күнге дейін менің шеше алмай жүргенім: «Бірлікбай деген кім, әкем Қыпшақбайға (1890-1947) қандай қатынасы бар?» деген сұрақ. Кейбір деректерге (әлі толық анықталмаған) сүйенсем, менің шешем Ақшөкен (1902-1940) Бірлікбайдың апасының қызы сияқты (шешем Бірлікбайға жиен болып шығады).

Көршілерімізден есімде қалғаны Бектеміс деген кісі. Толық денелі, орта бойлы, маңдайы кең, үйінің алдында отыратыны көз алдымда. Ол кісі менің түсінігімде сөзшең, табанда өлең шығаратын талантты адам сияқты және Кеңес заманын онша жақтырмай өткенге ұқсайды. Мысалы, 1928 жылғы байларды тәркілеу кезінде Бектемістің сол кездегі:

«Менің атым – Бектеміс,

Малымды сойып алдым теп-тегіс», – деген сөзінен колхозға мал өткізгеннен, оны сойып жеу дұрыс деген ойын білдіреді. Екінші бір сөзі: үйінің алдынан екі қыз «Жасасын Совет, жасасын-ай» деп өлеңдетіп бара жатқан шумақты «Екі қыз боғын асасын-ай» деп жалғастырған екен.

Үй ішінде әкем Бектемістің тауып айтқан сөздерін әңгімелеп отыратын (Қыпшақбай да аздап өлең жазатын, оның балаларына аманат ретінде жазған 60 жолдық өлеңі сақталған).

Елде ауыр кезең, 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағы мен Германия арасындағы үлкен соғыс. Елдегі барлық адам мен өндірілетін өнім ресурстары толық соғыс мақсатына тартылды, оның ішінде бірінші кезекте соғысты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Осыған байланысты орталықтан алыс елді мекендердегі халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Халық өз күнін өзі көру керек болды, мемлекеттен көмек болар-болмас. Осы жылдары еңбек адамдарының толыққа жуығы армия қатарына шақырылып, ауылда егде адамдар, әйелдер, бала-шағалар қалды. Күн көріс үшін адам мүмкіншілігінің барлығы пайдаланып, әртүрлі колхоз жұмыстарына тартылды. Соғыс кезіндегі 9-12 жас аралығындағы балалар мал бағу, егістікті суару, мал сауу, шөп шабу және жинау, шыққан астықты қорғау мен бастырып тазалау жұмыстарын атқарды.

Сол кезде өзім араласқан және қазіргі кезде есіме сақталған үлкен аға-жеңгелердің көмегімен колхоз жұмысына араласуымды осы жерде айта кету жөн болар.

Соғыс кезінде колхоздың төлдеген аналық қойларын әр сауыншыға 20-30-дан бөліп беріп, бір мезгіл саудыратын. Түстен кейін қойларды арқанмен бастарын қарама-қайшы айқастырып, тартылған арқанға байлап сауып, сол күні кешке Қостанайдан брынза жасау курсын бітіріп келген Тойкен жеңгемізге өткізетін. Бұл жерде балалардың міндеті сауын қойларды саууға қосақтау, қойларды сауылып болғаннан кейін босатып қозылармен қосу. Күн батқанға дейін қозылар 3-4 сағат аналық қойлармен бірге болады, себебі қойлар ерте суалып кетпес үшін. Күн бата барлық қойларды Теке өзенінің тіке терең жарына айдап келіп, барлық сауыншы әйелдер мен балалар қойлардың дала жағын қоршап, араларынан сауын қойларды өткізіп, бөліп алатын. Бұл өте ауыр жұмыс еді, сауылатындар ірі «Еділбай» тұқымды қойлар, ал оның кейбір қозылары ортекедей аналықтарынан қалмау үшін әй-шәйға қарамай арамыздан, тіпті үстімізден қарғып өтіп кететін. Негізгі қозыларды өзен жағасына қалдырып, кейін қашқан қозыларды ұстауға кірісетінбіз. Әлі есімде жоғарыда айтқан Тойкен жеңгеміз де қой сауатын. Бірақ, сол кезде ол кісінің балалары болмады, сондықтан кейбір қашып кеткен қозыларын бізге ұстататын. Бізді «ертең таңертең сендерге брынза беремін» деп ынталандыратын. Қойдың қою сүтінен жасалған тәтті брынза бізді қатты қызықтыратын. Тойкен жеңгей кештен брынза жасауға кіріп, ертеңіне «соғыстың азығы» деп мемлекеттің арнайы өкіліне өткізетін. Аналық қойлар мен қозылар түнде және күндіз бөлек бағылатын, біздер кезекпен күндіз қозылар мен қой бағуға кезекпен көмектесетінбіз.

Сол кезде тамақ тапшылығы елде қатты сезілді. Орталықтан ешқандай көмек болмады. Қант, шай, печенье, макарон, көкөніс, жеміс деген келмейді. Әр үйдің бірден ғана сайын сиыры бар, оның сүтіне және етіне үкіметке салық төлеттіреді, қалған сүтін өздеріне қорек етіп, ауыр да аянышты күндер кешті. Өлместің күнін көру үшін әйелдер тігін машинасының №10 жібінен (ең жуан жіп) балық аулайтын «ау» дайындайтын. Біз, ауыл балалары жаздан күзге дейін Сарықопа көлдер жүйесіне өгіз арбамын 10 шақырымдай жол жүріп барып, ау салатынбыз. Сол жылдары адамдардың талабына сай балық көп болатын. Бір күнде аулаған балықтарымызды аршып, тазалап, аздап тұздап күнге кептіретінбіз. Осылай бір жеті, он күндей аулап, ауылға келіп үлестіретінбіз. Үйде екі-үш күн болып, көлге қайта кететінбіз. Көл жағасында адам шағатын сары маса өте көп болатын, әсіресе түнде ұйықтатпайтын. Олардан қорғану үшін ескі көңнен дөңгелек қорған жасап, оны біраз сулап, түтін салып, түтіннің ортасына төсек салып ұйықтайтынбыз. Жел қай жақтан соқса да түтін біздің үстімізде тұрып, сары масаны бізге жолатпайтын. Осындай жұмыспен елді аз да болса керекті тамақпен жабдықтайтынбыз.

Колхоз малына қыстық шөп қорын дайындауға қатысу да біздің жұмыс болды. Теке өзені Сарықопа көлдер жүйесіне 10-15 км жетпей 4-5 тармаққа бөлініп, суы кең шабындыққа жайылады. Шөп (жергілікті халық «бидайық» деп атайтын) тығыз, өте биік болып шығады, әр гектарынан 30-50 центнерден мал азығы дайындалатын. Сол тармақтардың оң жақ шеткісі Қаратал деп аталып, оның суы Қасқа даласының кең шабындық жерін сумен жабатын, оның шеті тіпті көрші ауыл Тәуішке жететін. Сол жылдары Қасқа даласында бірнеше жыл қысқы мал азығын дайындауға қатыстым. Біздің шөп шабу-дайындау бригадасы 4 адамнан тұратын – Ермағамбет Қаражігітов ағай, Жамал мен Тойкен жеңгейлер және мен. Бригада мүшелерінің міндеттері: Тойкен жеңгей мен екеуміз үлкен болса бір, кіші болса екі шөмелені атпен немесе екі пар өгізбен арқанмен шөмелелерді белінен бастырып, сүйреп мая үйетін жерге жеткізетінбіз. Ермағамбет ағай мен Жамал жеңгей мая салуға кірісетін. Тойкен жеңгей шөмелелерді жіберіп, мен тасып тұрамын. Мая біраз биіктеген соң Жамал жеңгей маяның үстіне шығып, Ермағамбет ағай жерден шөпті жоғары беріп тұрады. Маяның тәртіпке сай ұзындығы, көлденеңі, биіктігі сақталуы керек. Бір күнде түске дейін бір мая, түстен кейін бір мая тұрғызу біздің міндет.

Тағы бір қатты ескерілетін жауапты іс – шабылған шөптің бір талын далада қалдырмай жинау. Сондықтан менің міндетім маяның бір жақ бетіне шөпті бір жолмен, екінше жақ бетіне екінші жолмен әкелу, осылай жасағанда далада шабылған шөп шығыны болмайды. Жанымызда Тұрмағамбет Қожақов ағамыз бастаған бригада бізбен жарыса жұмыс жүргізді. Шөмеле тасушы болып ағайдың менен бір жастай кіші баласы Смағұл жұмыс жасады. Сонымен екі бригада күніне Қасқа табаныныда 4 мая тұрғызып жүрдік. Түсте бір сағаттай үзіліс жасаймыз, өзіміз де, жұмыс малымыз да дем алатын. Маңайымызда өзен немесе көл болса суға түсіп аламыз. Ермағамбет ағай орта бойлы, шымыр денелі, қара мұртты, маңғазданып сөйлейтін, ешкімге дауыс көтеріп ұрыспайтын, «ехе» деп кеудесінен күліп коятын. Жамал мен Тойкен жеңгейлер де өте бір бауырмал адамдар еді, мені әзілге айналдырып күліп жүретін. Күн бата бір өгізге Ермағамбет ағай мен Жамал жеңгей, екінші өгізге Тойкен жеңгей екеуміз мініп, ауылға кейде ән айтып, кейде әңгіме айтып кайтатынбыз. Ертеңіне жұмыс қайта жалғасып, күз түсе Қасқа даласы табанында жүздеген маялар бір үлкен қалаға ұқсап, мұнартып тұратын.

Жазда және қыста колхоз малын бағу. Малдың барлық түрін – қара мал (сиыр), қой, жылқы бағуға көмектестік. Малшы Қоңқа деген атама көмекші болдым. Толық денелі, орта бойлы, шашын тықырлап алып жүретін, сөзді ашық және бар дауысымен тура сөйлейтін кісі еді. Үлкен кіші демей әңгімені жақсы айтатын Қоңқа атаммен бірге жүргенде есімде қалған бір ерекшелігі далада кездесе қалған бейіттерге тоқтап, ол жайында білгенін айтып, маған «отыр, құран оқиын» дейтін. Құранды өзінің зор даусымен даланы жаңғыртып оқитын. Қоңқа атамдай құранды сондай әсерлі, ашық дауыспен оқығандарды елден, басқа облыстардан, тіпті Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және басқа шет мемлекеттерден осы өмірімде кездестіре алмадым. Ол кезде сауын сиырларды күніне екі рет сауады, сүтін сүт машинасынан (сеператор) өткізіп қаймағын алады да, одан майға айналдырып үкіметке өткізеді. Қалған сүттен құрт жасап оны да қапшықтап колхозға өткізеді. Бұл негізінен құрт көже жасауға арналған үлкен құрттар, оны күзге қарай колхозшылардың еңбек күніне сәйкес өздеріне өлшеп үлестіретін. Қыста қой, сиырларды Сарықопаның ішіндегі қыстауларда ұстайтын. Біріншіден қой қораның іші далаға қарағанда жылылау, екіншіден қамыстың шетіндегі шөпті малдар қыста тебіндеп (қой, жылқы) жайылуға өте қолайлы. Малдар кеште жылы (шымнан жасалған) қораларға қамалады. Таңертеңгілік бір отар қойды қорадан шығарғанда қойшы әр қойды тексеріп есік алдынан өткізеді. Көзінен жас аққан, ақсаңдап тұрғандарын ұстап, тәуірлерін даладағы жайылымға (тебіндеу) айдайтын. Ауылда қалған әлсіз малдарға үйдегі қазандарға қар тасып ерітіп, жылы су беріп, қораның ығына маядан шөп шашып, бір-екі күннен кейін дұрысталған соң жайылымға шығаратын. Үйдің қасындағы малды күту балаларға (бізге) тапсырылатын. Қойларды қыста суармайтын, шөппен араластырып қар жейді, сол жеткілікті деп отыратын. Сондықтан қой қоралардың іші әрқашанда құрғақ, қойлар қораға жатқанда қораның іші сондай жылы болатын, малдар аз ауыратын. Сиырларды қорада байлайтын, күніне бір рет су ішетін. Көлдің үстінен ұзындау қылып ойық қазатынбыз. Сиырларды суарып, қораның ықтасын жағына шөп шашып бағатын. Жатарда жатқан жерін тазалап, қораның төбесіндегі тесіктен далаға лақтырып тастап, малдардың жататын жеріне күнде құрғақ көң (қорада кепкен) төселетін.

Жазда малдарды Теке өзенінің бас жағына қарай Андағұл деген жайлауға шығаратын. Бұл Қызбел қыратының Теке өзеніне түйісетін жері. Таза бұлақтар көп, шөбі неше түрлі, бай жайлау. Есімде, кейбір жылдары қойлар дала шөбімен, таза суынан семіріп, «Еділбай» қойының құйрықтары майдан жарылып, артқы екі аяғын көтере алмай жатып қалатын. Қойшылар бізге «малды көп жая бермеңдер, көбірек шаңдаққа ұстаңдар» деп тапсырма беретін. Малдарды түнде, ертемен бағатындар үлкен адамдар, тек түске жақындағанда балаларға (біздерге) тапсыратын. Өздері күндіз дем алатын. Семіріп кеткен малдарды, колхоздың бастығының рұқсатынсыз союға болмайды, тәртіп солай.

Дала шөптерінің бір ерекшелігі қойларды жайып келе жатқанда малдар басын шалған шөптердің басынан сүтке ұқсас тамшы шығады, сол тамшы ертеңіне қоңыр тартып шайырға айналады. Соны жинап, сағыз жасап жүретінбіз. Бір жылы екі үй бірігіп қой бақтық, бірі – біздікі, екіншісі – Есен деген атайдың үйі. Есімде, түн ішінде «Қасқыр! Қасқыр келді» деген айғайдан екі үй адамдары малға қасқыр тиген екен деп далаға тұра жүгірді. Сөйтсек, ауылдан келген хабаршы соғыстан келген Қасым ағамыздың үйіне айғайлап түн ішінде жеткен екен. Бәріміз қуанып, ағамызды қарсы алып, кішігірім той жасағанымыз есімізде. Қасым ағай көп жылдар аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарды.

Колхоз биесін сауу. Колхоздың он шақты биесін бір жерден сауып, қымыз дайындайтын бригаданы Маханов Сейдалы деген ағамыз басқарды. Біздің (балалардың) негізгі жұмысы байлаулы құлындарды күндіз бірнеше рет суару, көлден құрақ және көк шөп шауып асырау. Күніне бірнеше рет сауылатын сауын биелерді жайылымнан желі басына айдап әкеліп, сауыншыға көмектесу. Кештен түннің біраз уақытына дейін күбіні піскілеп қымызды ертеңге дайындау. Күнде ертеңіне колхоз мүшелері (жұмысшылары) 2-3 литрден қымыз алады, оны Сейдалы ағай журналына жазып белгілейді. Жыл аяғында әр қымыз алушының еңбек ақысынан ұстайды. Қымыздың сапасын жақсы ұстау үшін жетісіне қымыз ыдыстарын ыстап тұрады. Ол үшін бізге даладан тобылғы дайындаттырып әкелтеді. Тобылғы қызыл түсті ағаштың қатты түрі, биіктігі кейбір жерлерде 2,5-3 метрге, жуандығы 2-3 см болады. Оны жаққанда түтіні ерекше иісті, күбінің ішіндегі көзге көрінбейтін ұсақ микробтарды өлтіріп, қымызға жақсы дәм кіргізеді.

Шығырмен егістік жерден өнім алу. Сол қиын жылдары халықты (ауыл адамдарын) тамақпен қамтамасыз ету маңызды мәселе болатын. Жерден жылда тұрақты өнім алу үшін шығыр жасайды. Болса-болмаса да насос жоқ, оның үстіне электр энергиясы ауылда атымен жоқ. Шығыр сол насостың міндетін атқарып, өзеннің суын 2-3 метрге көтеріп егістік суару. Шығырдың дөңгелегін тек ағаштан жасап, (зубчатая передача) суда айналып тұратын үлкен дөңгелекке аздап еңкейттіріп целиндр түрлі шелектерді бекітеді. Өзеннің жағалауына осы үлкен дөңгелек айналып тұру үшін тереңдігі 3-4 метрлік апан қазады. Содан кейін апанды өзен арнасымен қосады. Су апанды толтырып, ондағы судың деңгейі өзендегі судың деңгейімен бірдей болады. Содан өгіздің күшімен шығырдың дөңгелектерін айналдырады. Дөңгелек айналғанда бекітілген шелектер апаннан суды бірінен соң бірі алып, дөңгелектің жоғарғы деңгейінен аса бастағанда шелектегі сулар арнайы жасалған науаға құйылып, су ылдиға қарай ағып егістік алқабына жеткізіледі. Бір өгіз түске дейін, екінші өгіз түстен кешке дейін шығырды айналдырады. Осы әдіспен өзеннің суы егістікке жеткізіледі. Өгіздің басы айналып құлап қалмас үшін көзіне киізден көзілдірік кигізеді. Сонда ол түске дейін қалыпты айналып жұмыс істейді. Шығырдың ішінде ешқандай дыбыс шығармайтынбыз. Өгіз көрмейді, оларды қасында адам болмаса да айналып жүре беруге үйрететінбіз.

Егілетін дақыл – тары. Тарының тұқымын Ақтөбеден әкелетін. Сол уақытта тары өндірудің рекордын жасаған Шығанақ Берсиев деген ақтөбелік диханның аты Қазақстанға тарады. Ол осындай әдіспен тарыны суарып өсіріп, гектарынан 200 центнерден өнім алып, жер жүзілік рекорд жасады. Сондықтан тары өте өнімді және пайдалы дақыл. Теке өзенінің оң жақ бетінде колхоздың оншақты шығыры орнатылады, әр шығырға 1,5-2 гектардай жер беріледі. Менің ойымша, сол кезде колхоз әр гектардан 30-40 центнерден өнім жинап тұрды. Ол дегеніңіз колхоз жылына 30-40 тонна астық өнім алып, осымен ел күн көрді. 

Мен Нұрбек деген ағам екеуміз бір шығырды жүргізіп, екі жылдай көмекші болдым. Мен (үзбей) су айдаушы, Нұрбек ағай егістіктің ішінде суды ретімен жіберіп, тары суарады. Түсте бір үзіліс жасап дем алып, өгіз ауыстырып жұмысты қайта бастаймыз. Тары биік болып өсетін, тары сарғая бастағанда торғайлар қара бұлттай каптап, тарыны шоқып жей бастайды. Тарыны олардан қорғау ең маңызды жұмыс. Өсірген өніміңді шығынсыз пісіріп, жинап алу негізгі міндет. Нұрбек ағай ұзын бойлы, қараторы кісі болатын. Сөзді баппен сөйлейтін, өзіне тән жұмсақ дауысты, анау-мынауды айтып ұрыспайтын. Ақыл айтып көмектесетін өте сабырлы адам болатын.

Астық пісіп болғаннан кейін оны орып баулау, қырманға тасу және ірі қара малдың аяғымен бастыру, кебек, шөп-шылауларын тазарту жұмыстары басталатын. Қайнаған жұмыс басында болатын. Бірнеше өгіз-тайыншаларды қайтарлап-қосақтап ортадағы діңгекке байлап, осы діңгекті айналдыра жүргізетінбіз. Бұл жұмысты бізге тапсыратын. Астық жинау таңның атысынан күннің батысына дейін созылатын. Сол кезде ауыл адамдарының өз жұмыстарын ынтамен, жауапкершілікпен жүргізетініне осы күнге дейін таңданамын. Солардың осындай еңбегінің арқасында бала-шағалар сол жылдары тамақтан онша тарыққан жоқ.

Тарыдан ашытып нан, көже, ботқа, тіпті балықты асқанда оған салатын нанның орнына пайдаланатын. Тарыны пісіріп ақталған тары, тартып талқан жасайды. Айта берсе тарыдан тамақтың неше түрін дайындайтын. Тары тамақтық қасиеті жоғары, тоқтық маңызы зор дақыл болатын. Тарыны тазалағаннан кейін колхоз коймаға құйып алатын. Содан кейін ай сайын еңбек күндігіне сәйкес қоймадан тиісті мөлшерде колхозшыларға беріп тұратын.

Сол кезде колхоз мүшелері білек сыбанып еңбекке белсенді түрде араласады. Біздерге өздерінің істеген істерімен үлгі бола білді. Біздің ауылды 8-ші ауыл деп атайтын, менің туу туралы куәлігімде туған жерім 8-ші ауыл Теке өзені бойы. Сол кезде ауыл ақсақалдары кеңесі болды. Ауылдағы істі жүргізуді бақылау осы ақсақалдар кеңесінің міндеті. Біздің ауылдың ақсақалдар кеңесі 8 шалдан тұратын немесе 8-дің 8 шалы деген сөз олардың істеген ісіне орай Торғай өңіріне тегіс таралған. Колхоз басшысы жүргізілетін жұмыстың түрін, ретін әуелі осы ақсақалдар кеңесінен қолдау алғаннан кейін бастайтын. Жұмыс науқандары бірінен соң бірі басталып жатқан кезде (мал қыстату, шөп дайындау, қора жөндеу, егістік жинау, мал төлдету және басқа) ауылдарға тексеруге аудан өкілдерін жіберетін. Келген аудан өкілі әуелі келген жұмысының мақсатын ақсақалдар кеңесіне баяндап қолдау алатын. Кейбір кезде ақсақалдар кеңесі қолдамай, колхоз бастығына жолықтырмай кері ауданға кайтарып жіберетін. Сол уақытта ауылда осындай тәртіп орнатылған. Нағыз керекті тәртіп.

Сол ақсақалдар кеңесін Арғынбаев Қапыш атам басқарды. Мінезі шапшаң, кемшілікті кешірмейтін, ауылдың жұмысына жан-тәнімен берілген, турашыл, бетің бар – жүзің бар демей тура, қатты дауыспен сөйлейтін. Тәртіпті қатты сақтайтын, тәртіпсіздікті аямайтын. Ол атамыздан көпшілігі қорқатын, қарсы келмейтін. Өзі бір ерекше жаратылған адам еді. Бірде Қапыш атам ел азаматтарының жұмысына көңілі толмай, айтқанын орындата алмай ыза болғанын мына мінезінен көруге болады. «Менің сөзім сендерге жетпесе, менің сөзімді елемесеңдер, менің тірі жүргенімнен өлгенім артық», – деп астындағы атынан түсіп, қыл шылбырдың шетін дұзақтап, оны мойнына іліп қолындағы қамшымен атын сабалап, «Мені сүйретіп өлтір! Өлтір!» – деп батыл қимылға баратын. Маңайындағы туыстар көз алдарындағы көрініске шыдамай біреуі атты ұстап, екіншісі атамызды ұстап мойнындағы қыл шылбырды босатуға ұмтылған көрінеді. Атасына жалынып, жалбарынып «Әрқашан Сізді тыңдаймыз, мынадай сұмдыққа бармаңызшы», – деп атасын сабасына түсірген. Бұл мінез – елге деген адалдық, туысқандарына ерінбей еңбек етуге үйретудің бір түрі сияқты.

Елдің сол кездегі керекті мұқтажын күнделікті шешіп отыратын, қолының іскерлігі бар ата-ағалар болды. Әбдір деген атамыз тігінші болды. Сейіт ағаның әкесі аяғымен басатын биік «Зингер» тігін машинасы болды. Өзі ұзын бойлы, сымбатты, көп сөйлемейтін, үндемей киім тігіп отыратын. Ауылдың киім жөніндегі сұранысын Әбдір ағамыз толық шешіп отыратын.

Салауат ағамыз ұста болатын. Ол кісінің дүкеніне кірсең іші толған сынған кесе-табақ, шәйнек-самаурын және тағы басқа заттарға толып тұратын. Сынған кеселерге қоршау салып, самаурын, шәйнектердің тесілген жеріне қорғасын құйып бітеп беретін. Заттарын жөндетуге келген әр адамға Салауат ағамыз «қазір» деген бір сөзбен қабылдап алып, тапсырыстардың көптігінен үлгермейтін. Бірақ, әр адамның көңілін қалдырмау үшін «қазір» деген сөзін аузынан тастамайтын.

Бейіс ағам етікші болып істеді. Елдегілер «Бейіс шегелеген етіктің табаны тесілуі мүмкін, бірақ шегесінен (қайың шегелер) кетпейді» деп  мақтап отыратын.

1945 жылы Совет-Герман соғысы аяқталып, жаз айында Қасқа белінің үстінде Жеңіс тойы өткізілді. Колхоздың бір сиырын союға рұқсат алды. 1941-1945 жылдар аралығында өтірігі жоқ бірінші рет ет жегеніміз болатын. Соғыстан елге аман қалған, кейбірі жараланған ағалар орала бастады. Олар: Шәкірбай, Шәліржан, Торғай, Сәрсенбай, Мұхамеджан, Іңірбай, Қойбағар, Зарлық, осы мақаланың бас жағында аттары аталған ағалар – Ермағамбет, Сейдалы, Тұрмағамбет және басқалар.

Елдің көңілі көтеріліп колхоз шаруасы жақсы бағытта өзгере бастады. Сол кездегі аталар мен ағалардың жоғары білікті білімі болмаса да, өте есте қаларлық ісі, олардың ел арасындағы адалдығы, істі беріле істейтіні, жастарға үлгі-өнеге көрсете білуі, бір-біріне көмектесуі ерекше болатын. Біздің дұрыс адам болып шығуымызға өз әсерін тигізді. Кеңес үкіметінің сол кездегі бір маңызды ісі – жағдай қандай қиын болса да, жас балалардың мектепте оқуын тоқтатпады. Біздер 1947 жылдың мамыр айында ауылда 4 сыныпты бітірдік. Таңатқан Досмағамбетов екеуміз оқуды әрі қарай жалғастырамыз деп Қасқадан Торғайға баратын 100 шақырымдық жолға шығып, жолаушыларға жалданып, оқу жолына аттандық.

Нариман ҚЫПШАҚБАЙҰЛЫ,

КСРО және Қазақстан су шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

1980-1995 жылдарғы Қазақстан су шаруашылығы министрі,

Су шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі,

Оксфард сыйлығының лауреаты

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here