Желтоқсан – 34: Мұзда жанған алау /хикаяттан үзінді/

0
825

…Айды ай ауыстырып қаһарлы желтоқсан да келіп жетіп еді. Қыс бір түрлі оқыс мінез көрсетіп, салған жерден суық басталғандай болған. Дамылсыз жауған қалың қар өзімен қоса сақылдаған сары шұнақ аязды да бірге әкелгендей еді. Қыстың алғашқы аптасының өзінде-ақ толассыз төпелеген қалың қар ағаш басына ақ шәлісін толық орап, ұсақ шұқыр, шағын ойпаң біткеннің бәрін толтырып та біткен. Күн сәт сайын суыта түскен. Аяз да аямасқа бекінгендей болып, бар ашуын сыртына шығарып, долырып алған. Бұл әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны еді. Қатулы қыспен қоса қызыл қоғам да қыр еліне теңдесі жоқ зұлмат, шектен шыққан опасыздық әкелгендей болған. Қаланың әр жерінде, көше бойында, әр қилы қоғамдық ғимараттар алдында көрінген қызыл байрақтар суық желге қалтырағандай болып, діріл қағып, қан тілеп тұрғандай еді. Үскірік аязбен қоса уақыт та бейкүнә адамдарға тосын жамандық, күтпеген қансоқта азабын сәт сайын жақындата түскен.

Бұл шақта Арай медицина институтының емдеу бөлімінің екінші курс студенті еді. Алғашқы оқуға қабылданған кездегі үрей, жатырқау, не нәрсені болмасын жатсынып, орынсыз секемдену біржола жоғалып, студенттік тірлікке бойы әбден үйреніп, машықтанып алған. Оқуы да тәуір, алдыңғы қатарлы студенттердің бірінен саналатын. Қоғамдық жұмыстарға да білек сыбана кірісіп, маңдайы жарқылдап, өз құрбыларының алдында жүретін.

Оқиға күтпеген жерден басталған. Сол күнгі сенбінің таңы қаһарына мінген қатты аязымен қоса ешкім күтпеген жайсыздық, аласапыран оқиғамен көзін ашқандай еді. Бүкіл шаһарды құйындай құтырып, желдей жүйткіген жайсыз хабар аралап шыққан. Бұл дақпырт естіген жан есінен адасқандай  жөнсіз жоралғы, жазық жерде тобықтан ұрған қасақана қастандық, ұлт намысына қиялай атылған улы жебе секілді еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, еліміздің бас иесі ауысыпты. Оның орнына ішкі Ресейден,  ұлты өзге – орыс азаматы келіпті. Айтушылардың сөзіне қарағанда, әлгі бейбақ ұшақтан түскен бойда бір қолымен қатынын, екінші қолымен итін жетелеп, ақ сарайға ұмтылыпты. Ақ сарайға ұмтылыпты  да есіктен кірген бойда төрге озып, таққа отырыпты. Әңгіменің ұзын ырғасы осы. Студенттер жатақханасын түнімен даңғаза етіп, қаракөз жастарды ұлардай шулатып, тығырыққа тіреген осы жәй еді.

– Бірінші басшы болып келген кім екен? – деп сұрайды бірі екіншісінен мән жәйді біле тұрса да тағы қайталап.

Анау тұқырта жауап береді.

– Өзің де біліп тұрсың ғой,  кім болушы еді, орыс дейді.

– Орыс па екен?

– Иә, тап соның өзі, көзі тұздай, мұрны біздей сары орыс екен.

– Сенің сөзіңнің репетіне қарағанда қара орыс та болғаны ма?

– Әлбетте болған, болғанда қандай. Ана тілін білмеген, иманнан жұрдай, рухани СПИД-пен ауырған, түрі тап-таза қазақ кейпін танытатын қазақтарды «қара орыс» деп атайды. Оларға бәрі бір. Қазақстанның басшысы орнына орыс түгіл, сонау африкадан қап-қара зәңгілер келіп отырса да, бүйірі бүлк етпейді. Орысша сөйлейді де жүре береді. Өйткені, ол қазақ тектес қара орыс. Былайша айтқанда, қызыл қоғамның тәрбиелеп өсірген мәңгүрт құлдары. Ондай рухани СПИД-пен ауырғандар Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда әр қадам сайын алдыңнан шығады.

– Сатқындықтың ең жоғарғы түрі осы десеңші.

– Әрине, осы. Тілін сатқан, дінін сатқан әлгіндей азғындарға ата- анасын, отанын сату деген түкке тұрмайды. Себебі, ол – сатқын.

– Қылмыстың да ең сорақысы осы сатқындық.

– Иә, иә, солай, ал енді болған жәйға келелік.

Болған жәй студенттердің миын біздей шабақтады. Топ-топ болып бірігіп алып, әр түрлі алыпқашпа сөзге ерік беріп, ұзақ даурығысты.

– Бұл дұрыс емес.

– Бұл анық басынғандық, ұлт намысын аяққа таптағандық…

– Бұлай етуге әсте болмайды. Мұның бәрі коммунистік нормативке қарсы істелген қастандық.

– «Жын да қабаққа қарап басады» деген. Оңбағандардың басшыны республиканың ішінен, қазақтардан таңдамағанын қарашы.

– Майлы, жұмсақ, боркемікке кім қызықпайды?! Осы істегендерін  көрші өзбек, тәжік, не болмаса Қап тауының еліне істеп көрсінші, не болар екен ар жағы. Оларға мұндай бассыздық істеуге дәті жетпейді, ал зәуде істей қалса, сол күні, сол шақта тас ошағы талқан болады. Қызыл байрағың жерде жайрап жатады…

– «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген де осы.

– Күшік кезінен қорқытып алса, ит кезінде де қорқады.

– Бізді сөйтіп әу бастан қорқытып, үркітіп жігерімізді жасытып, тамырымызды ұстап, тағдырымызды танып алды емес пе, әлбетте одан кейін кім де болса, ойына келгенін істей береді.

– Орталықтың осы басынғаны да жетер, шыдамның да шегі бар. Енді бәрі де бітті, қарап тұруға еш болмайды.

– Сонда қайтпек керек?

– Ашық айқасқа шығу керек.

– Жоқ, ол болмайды, әуелі әліптің артын бағалық. Көш қалай жүреді, соны бақылалық. Оның үстіне ел жақсылары, ат үстіндегілер не айтады, солардың да дегеніне бір құлақ асқан жөн.

– Үлкендер жағы өз білгендерін істей жатар, ал біз не істеуіміз керек?! Түбінде біз де бір іске баруымыз керек қой.

– Көрші институттың студенттері бейбіт шеруге шығатын болыпты. Олардың бұл бастамасын өзгелері де құптаған көрінеді.

– Сонымен не болмақ?

– Сонымен бүкіл институт қауымы бірігіп, партияның бас штабы орналасқан алаңға жиналамыз. Партияның бұл ісінің дұрыс емес екендігін айтып, ереуілдейміз.

– Қазақтың өз көсемінің өз орнында қалуын талап етеміз.

– Иә, ең дұрысы сол. Бұл дегеніңіз құдайдың өзі қазаққа сыйға тартқан ұлт басшысы ғой.

– Димаш ата ел үшін не істемеді дейсің, бәрін де істеді. Қызыл жағалылармен жағаласып, елін де, жерін де өзгеден қорғап қалды. Қазақстанды өлкелік жүйеге түсіп, одақтық сипаттан айырылып, көз алдыңда құрып кетуден сақтап қалды.

– Оны айтасың, сол қызыл көсемдермен айтысып та тартысып жүріп, шығыс шекараны ашып, елге ел қосқанының өзі неге тұрады. Аз ғана уақыттың ішінде кезінде елінен безіп, жер ауып кеткен қазақтар Қытайдан өз отанына оралды. Ал, сол келген қазақтардың бәрін де өзінің аялы алақанының астына алды. Ақша берді, үй берді, жер берді, толығымен жұмыспен қамтамасыз етті. Ең бастысы өз елінің азаматы деген құқық берді. Ел үшін еңбек етті деген осы емес пе?

– Әрине, осы.

– Енді өз елі үшін сондай еңбек еткен адамды айдың, күннің аманында істеп отырған жұмысы, жеп отырған нанынан айыру деген сұмдық қой.

– Сұмдықтың барып тұрғаны осы.

– Сол дұрыс, одан да соған дайындалалық. 

– Қарап жатпалық, бізде қолымыздан келгенше әрекет етелік.

– Сөйтелік, әуелі не істеу керектігін ойластыралық.

– Ол үшін жан-жақтағы оқу орындарымен тығыс байланыс жасаған жөн. Біздің әрекет, тірлігіміз солармен біте қайнасып, үндесіп жатқаны жөн.

– Жөн айтады, бұл дегеніңіз оңай шаруа емес, бұл дегеніңіз отпен ойнағанмен бірдей. Сол үшін сақ болған жөн.

Сол түні Алматыдағы толып жатқан институт жатақханаларының таңға дейін шамы сөнбеді. Сол түні аталмыш қаладағы оқу орындары түнімен дүрлігіп, шулаған болып жатты. Жат қылыққа жаны күйзелген жастар атар таңды көзімен атқызды. Асын да тауысып ішпей, ұйқысы шайдай ашылып, ертеңгі болар қақтығысқа дайындалды. Киімдерін де толық шешінбей, денесі бір түрлі суық дірілмен тоңазығандай болып, бірі үстел орындығында, екіншісі төсегіне отырған жерде қисая кетіп еді. Қалайда зауалды шақтың таянғаны анық еді. Жастар да сол қиямет шақты ойлап, істің артының не боларын байымдай алмай, өз-өзінен елегізіп, сырттан бір тосын хабар, әлдебір жаңғырық күткендей болып, мазаң кейіпке түскен. Бұл жастар ойлағандай өз тілектерін білдірген жай ғана бейбіт шеру, ұлт наразылығы  болуы керек еді. Бәрі де солай болуға үйлестірілген, бірақ…

Дәнеш Ахметұлы, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here