Абақты мен «Ала-Арча» арасы

0
2108

10 қаңтар – Алатауды қоңсы қонған Қазақстанмен қатар Қырғызстанның да саяси өміріндегі елеулі күн ретінде тарих бетіне жазылды. Бұл күні отандастарымыз Парламент пен жергілікті мәслихаттар депутаттарына дауыс берсе, Қырғызстанда Президент сайлауы мен елдегі басқару формасы бойынша референдум өтті. Саяси дода мәреге жетті. Нәтиже айқындалды. Айырқалпақты ағайынның басым бөлігінің таңдауы бұған дейін Мемлекет басшысының міндетін атқарып келген Садыр Жапаровқа түскен. Қырғыз елінің алтыншы Президенті кім? Жұртшылықтың қолдауына ие болған Жапаровтың ұстанымы қандай? Қым-қуыт қырғыз қоғамында қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе? Шолып көрейік…

ПАНДЕМИЯ САЙЛАУҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛА АЛМАЙДЫ

Жаһан жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індеті әлемдегі саяси науқандарға тосқауыл болмаған сыңайлы. Бұлай деп тәпсірлеуімізге негіз де жоқ емес. Ресми дереккөздерге сүйенер болсақ, пандемия кезінде дүниежүзінің 40-қа жуық мемлекетінде Президент және Парламент сайлаулары өткізілген. Соның ішінде маусымда Польша, тамызда Беларусь, қазанда Тәжікстан және қарашада АҚШ халқы Мемлекет басшыларын сайлап, таңдау жасады. Осы эстафетаның жалғасы іспеттес биылғы жылдың басында «Орта Азиядағы демократия аралы» атанған Қырғызстанда Президент сайлауы өтті.

Бұл сайлау – кезектен тыс сайлау.  Оған түрткі болған 2020 жылдың 4 қазанында өткен Парламент сайлауынан кейінгі халықтың жаппай бас көтеруі. Саяси додада билеуші партия жеңіске жеткен еді. Алайда, оппозиция тарапы онымен келіспеді. Нәтижесінде елде жаппай наразылықтар мен бұлғақтар басталды. Ел астанасы Бішкектегі ымыраға көнбеген тәртіпсіздіктердің соңы Сооронбай Жээнбековтің президенттік лауазымнан өз еркімен бас тартып, биліктің алмасуына алып келді. Қырғызстандық Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудың қорытындысын жойды. Наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстарда мыңнан астам адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан. Десе де, Қырғыз еліндегі саяси дүрбелең бұнымен тоқтамады. Кейіннен қазіргі алтыншы шақырылымдағы Жогорку кенештің мерзімі созылып, Президент сайлауы мен елдегі басқару формасын айқындау бойынша референдум белгіленді. Өліара кезеңде Мемлекет басшысының міндетін атқарушы және Премьер-министр қызметтері Садыр Жапаровқа жүктелді.

Осы орайда айта кетейік, қырғызстандықтар үшін Жапаров белгісіз адам емес. Ол 2012-2013 жылдары билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін бас бостандығынан айырылып, түрмеге қамалған болатын. Қазандағы наразылықтар кезінде митингке шыққандар оны босатып алды. Соңынан Жоғарғы сот оны түбегейлі ақтап шықты. Билікті қолына шоғырландырған Жапаровтың негізгі көздегені – президенттік басқару формасына қайтаруды мақсат еткен конституциялық реформа. Оның жақтастарының пайымдауынша, Парламент осы жылдары Қырғызстанда өзінің беделін айтарлықтай түсірді және парламенттік басқару мемлекетті тығырыққа тіреді.

Бұл жолғы елдегі басты саяси додада бағы мен бабын сынауға бел байлағандар қарасы өткен сайлауларға қарағанда әлдеқайда көптігімен ерекшеленді. Бастапқыда тақтан дәмелі 65 адам президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген. Соңында 17 адам ғана тіркеуден өтіп, ресми үміткер ретінде айқындалды. Сарапшылар басты қарсылас ретінде Садыр Жапаров пен Адахан Мадумаровты атады. Бұған себеп те жоқ емес. Аталған екі кандидаттың ұстанымдары мен бағдарламалары ұқсас, бағыттары да жақындау.

Шетелдік ақпарат көздері Жапаровтың өзге үміткерлермен салыстырғанда жеңіске жету мүмкіндігінің жоғары екенін мәлімдеді. Бұл оның сайлау қорындағы қаржының өзгелермен салыстырғанда бірнеше есе көп екендігімен байланыстырылды. Сонымен қатар, оның мүдделестерінің арасында ірі кәсіпкерлер, бұрынғы кәнігі саясаткерлер мен шенеуніктердің көп болуы да бұған басты негіз бола алады.

Сәуегейлік жоққа шықпады. 10 қаңтар күні өткен сайлауда Садыр Жапаровтың айы оңынан туып, өзгелерден оқ бойы озып шықты. Қырғызстандық ОСК елдегі 1 230 627 адам, яғни сайлауға құқығы бар азаматтардың 34,33 пайызы дауыс беруге қатысқанын мәлімдеді. Олардың 79 пайыздан астамы Садыр Жапаровтың кандидаттығын жақтап дауыс берген. Екінші орынды 6 пайыздан артық дауыс алған Адахан Мадумаров иеленсе, үшінші орын 2 пайыздан астам көрсеткішпен өзбек халқының өкілі Бабыржан Төлбаевқа бұйырған.

Ал мемлекеттік басқару формасын өзгерту туралы жалпыхалықтық референдум бойынша президенттік басқаруды қалайтындар айқын басымдыққа ие болған. Референдумға қатысқандардың 81,27 пайызы барлық билікті Президент қолына тапсыруға келіскен. Парламенттік басқару формасын қолдағандар 10,82 пайыз, екеуіне де қарсылар 4,42 пайыз болған.

Айта кетейік, президенттік басқару – Жапаров командасының ұсынысы. Бұл – сайлаудың нақты нәтижесі емес. Қазірге дейін электронды түрде берілген дауыс саналған. Ал, қағаз жүзінде жәшікке салынғандардың есебі әлі белгісіз. Президенттік сайлау науқанының соңғы нәтижелері 24 қаңтарға дейін шығарылмақ.

САДЫР ЖАПАРОВ КІМ?

52 жастағы Садыр Жапаров Ыстықкөл облысына қарасты Кен-Суу қыстағында дүниеге келген. Оның саяси аренадағы мансабы 2005 жылдан бастау алады. Бұған дейін ірілі-ұсақты кәсіпорындарда жұмыс істеген Жапаров 2006 жылы Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің заң факультетін тәмамдап, екінші жоғары білім алады. 2005 жылы Парламент сайлауына «Келечек» оппозициялық партиясы атынан үміткер атанып, депутат болып сайланады. Бұл саяси науқанның соңы Қырғызстанда-ғы «Қызғалдақ революциясына» ұласқаны белгілі. Ақаев билігіне жаппай наразылық кезінде Садыр Жапаров Құрманбек Бакиевтің жетекшілігіндегі Қырғызстан Халық қозғалысы оппозициялық күштерінің жақтасы ретінде танылады. Билікке Бакиев келген соң ол Жогорку Кенеш депутаты, Президент кеңесшісі, Жемқорлықтан сақтандыру Ұлттық агенттігіндегі Президенттің ресми өкілі, кейін директоры сынды қызметтерді атқарады.

2010 жылғы сайлауда «Ата-Жұрт» демократиялық партиясының тізімі бойынша Жогорку Кенеш депутаты болып қайта сайланады. 2012 жылы Орталық Азиядағы ең биік таулы «Құмтор» алтын өндіретін кен орнын ұлттандыру мәселесі бойынша мәлімдеме жасап, компания басшыларын жемқорлық бойынша айыптады. Сол жылдың күзінде Садыр Жапаров пен «Ата-Жұрт» демократиялық партиясының серкесі Қамчыбек Ташиев ұйымдастырған кен орнын ұлттандыру бойынша Бішкектің орталығындағы наразылық кезінде митингке қатысушылар Президент ғимаратын басып алуға әрекет жасайды. Нәтижесінде қауіпсіздік күштері Жапаров пен Ташиевті тұтқындайды. Бостандыққа шыққан соң 2013 жылы Ыстықкөл облысының орталығы Қаракөл қаласында кезекті митинг ұйымдастырып, облыс әкімдігінің ғимараты мен губернаторды кепілдікке алуға әрекет жасайды. Десе де, шерушілердің бұл әрекеті нәтижесіз аяқталады. Құрыққа ілінген Жапаров бұл оқиғаларды ұйымдастыруға өзінің қатысы жоқ екенін дәлелдеп, шетелге бой тасалайды. Қазақстан, Ресей, Түркия, Кипр сынды мемлекеттерде жүрген ол 2017 жылдың наурыз айында қазақ-қырғыз шекарасында елдің қауіпсіздік күштерімен ұсталып, 2013 жылғы маусым айындағы оқиғалар үшін 11 жыл, 6 ай бас бостандығынан айырылады. Одан кейінгі жағдай жоғарыда екшелді. Ол 6 қазан күнгі митинг кезінде Қамчыбек Ташиевтің басшылығымен босатылып шығып, Бішкектің орталығына келіп, сөз сөйледі.

Жапаровтың жары туралы бірер сөз. Айгүл Асанбаева 47 жаста. Ол Ыстықкөл облысының Түп ауданында дүниеге келген. Садыр мен Айгүл көрші ауылдарда тұрып, табиғат аясындағы демалыстардың бірінде достары арқылы кездеседі. Кейбір дереккөздер Президенттің бес баласы бар деп көрсетсе, өзгелерінде төрт перзенті бар делінген. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Асанбаева күйеуін «саяси қуғындау» кезінде үш жыл бойы балаларымен бірге шетелде тұрған. Интернет иірімдерінде Садыр Жапаров турасындағы ақпараттың бір легі осындай.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Жапаров үлкен билікпен бірге ол терең дағдарыстағы елге ие болды. Пандемия, карантин және биліктің ауысуы жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімді бірнеше есе қысқартып, Қырғызстан экономикасын айтарлықтай құлдыратты. Сарапшылар осылай деп пайымдайды.

Жаңа Президент Қырғызстандағы түйіні тарқатылмаған түйіткілді мәселелерді шешу үшін кем дегенде 1-2 жыл қажеттігін алға тартады. Садыр Жапаров саяси тұрақтылық болса ғана, Қырғызстанды 3-4 жылдан кейін эко-номикалық дағдарыстан шығармақ. Ол соңғы 30 жылда сыбайлас жемқорлық өмірдің барлық саласында дендеп еніп, тамырын тереңге жайғанын және әрбір қырғызстандық онымен күресуге күш салуы керек екенін айтады. Сондай-ақ, ол алдыңғы биліктің қателіктерін қайталамайтынына серт беріп отыр. Бір бұл ғана емес. Жапаров және оның мүдделестері парламенттік басқару формасына түбегейлі қарсы.

«Партиялық жүйе кландық схема құрды. Ол азаматтарды байлар мен кедейлерге бөлді. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлықтың тереңдеуіне әкелді», – деп санайды Садыр Жапаров.

Тұрақсыздық пен биліктегі алауыздықтан ең бірінші зардап шегетін қарапайым халық екені бесенеден белгілі. Ішкі бірлік пен ынтымақтастық үйлескен жерде ғана нәтижелі істер еңсерілетіні әлдеқашан дәлелденген. Бұл сыннан қырғыз халқының қалай шығатынына һәм барлығына уақыт төреші болмақ.

Жандар АСАН, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here