Зейнеп Базарбаева: «Қазақтың у дыбысын u-мен берсек жаңылмаймыз»

0
2287

Күні кеше Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы мен ғалымдар қолданысқа ыңғайлы, жетілдірілген әрі 31 әріптен тұратын жаңа әліпби нұсқасын ұсынды. Оның басты ерекшелігі «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымына сай келеді. Сондай-ақ, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері қолданылды. Жаңа әліпбидің бұдан да басқа артықшылықтары бар. Қазір мамандар соны халыққа кеңінен түсіндіріп жатыр. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зейнеп Мүслімқызының төмендегі пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тарихқа жүгінсек, мамандардың айтуынша, W таңбасы бастапқыда бірде UU, бірде VV түрінде беріліп, нәтижесінде VV лигатурасын қолдану басымдыққа ие болған екен (XVI-XVIII ғғ.) және XІV ғасырдан бастап Ww ағылшын әліпбиінде жеке әріп ретінде орныққан. Француз тілінде W таңбасы әліпбиде болса да жазуда пайдаланылмайды. Ал итальян, румын, литва, латыш, серб, хорват, босни тілдерінде Ww таңбасы әліпбиде жоқ, тек кірме сөздерде пайдаланылады. Латын графикасын қолданып отырған түрік, әзербайжан, өзбек әліпбилеріне де Ww таңбасы алынбаған.

Қазақ тілінде, әлемдік тәжірибе бойынша, Ww таңбасы әліпби құрамына алынбай, тек бренд, марка, т.б. түпнұсқасы сақталып жазылатын сөздер үшін пернетақтада ғана тұрғанда дұрыс болар еді. Себебі, бұл таңба алынса, төл сөздер мен кірме сөздерге жазуда екі ереже керек болады, демек, төл сөздердегі дауыссыз у дыбысын Ww таңбасымен, ал кірме сөздердегі дауысты у дыбысын бөлек Uu таңбасымен беру.

Қазіргі таңда кірме сөздерді төл сөздерден айыру оңай емес. Ал, араб-парсы сөздерді алсақ, олар қазақ тіліне кірігіп кетті, бұл тілдерде у дыбысы дауыссыз емес, дауысты. Сонда олар қай ережемен жазылады? Кірме сөздер үшін бөлек таңба (u), төл сөздер үшін бөлек таңба (w) алудың сауат ашуда және жазып үйретуде ауыр болатындығы әдіскерлер, бастауыш мектеп мұғалімдері тарапынан көп айтылып жатыр.

Сонымен, қазақтың у дыбысын u-мен берсек жаңылмаймыз. Себебі, бұл таңбаны дауыссыздар мен дауыстыларға да, төл сөздер мен кірме сөдерге де пайдалануға болады. Мысалы, дауыссыз дыбыстарға: tau, tauyq, keruen, sauattylyq, qauyn, uaqyt (тау, тауық, керуен, сауаттылық, қауын, уақыт). Дауысты дыбыстарға: tu, kelu, jabu, oqu, juu, quu, unıversıtet, uchastok, prokuratura, uran, tuǵan, suǵaru (ту, келу, жабу, оқу, жуу, қуу, университет, участок, уран, туған, суғару). Сонда Туу туралы куәлік дегенді латынша былай жазамыз: Tuu turaly kuӓlık, ал Ww таңбасымен былай жазар едік: Тuwuw tuwraly kuwӓlık.

Кирилнегізді У, Ұ, Ү әріптердің образы бір-біріне ұқсас болғандықтан, латын графикасына көшкенде бұл сәйкестілік сақталса дұрыс болады деп ойлаймыз. Сондықтан бұл әріптерді U (У), Ū (Ұ), Ü (Ү) осылай бергені өте қолайлы. Басқа тілдердің тәжірибесін ескерсек жазуда бір әріпте U (У) түрлі диакритикалық таңбалар бірге қолданыла береді. Демек, U (У), Ū (Ұ), Ü (Ү) әріптер кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі графикасына сәйкес болғандықтан тез дағдыландырады.

Сонымен, латын жазуына көшкенде сабақтастылықты, оңайлықты және жеңілдікті сақтау керек деп ойлаймыз. Жаңа латыннегізді жазуды түсіндіргенде ғылыми-лингвистикалық негіздемелермен қатар әдістемелік және экстралингвистикалық, әлеуметтік факторларды да ескеру қажет.

Зейнеп БАЗАРБАЕВА, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here