Жандар Асан: «Алғыс айту – терең тағзымның белгісі»

0
1361

Имандылық адамзат баласына кешірім мен келісімді, пайым мен парасатты, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, еңбек пен білімді насихаттайды. Киіз туырлықты қазақ қадым замандардан бері адамгершілік қағидаттарды басшылыққа алып, дүниенің төрт бұрышына айқара құшақ ашып келеді. Мұны көзіқарақты зиялы қауым бабадан балаға мирас іспеттес болып келе жатқан асыл қасиет деп біледі. Біз – тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырымызда «Қарғыс алма, алғыс ал» деген ұлағатты ұғымды санаға сіңіріп өскен ұрпақтың өкіліміз. Алғыс айта білу – ізгіліктің бастауы, мейірім мен түсіністіктің алтын арқауы. Алғыс айта білу – Адам баласына жүрек беріп, оған ізгі сезімдер дарытқан, тура жолды көрсетіп, мейірім-шуағын төккен Жаратушының пенденің еншісіне берген асыл қасиеті сынды. Бұл – әңгімеміздің әлқиссасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітуімен наурыз айының алғашқы күні Алғыс айту күні болып белгіленді. Атаулы датаны барша отандастарымыз үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені, Алғыс айту күні – ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығын жаңа деңгейге көтеретін жалпыұлттық мереке. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін мейрам халықтар достығын нығайта түсетініне кәміл сенімдіміз.

Осымен бесінші рет тойланып отырған Алғыс айту күнінің мәні ерекше. Бұл күн – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Сонымен қатар, аға ұрпақ өкілдеріне, ата-ана, туыс-бауырға шынайы сезіммен ризашылық білдіретін күн.

Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытуды көздейді. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтейтін, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдайтын күн. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен адамгершілік сынды рухани дәстүрлер күні.

Айта кетейік, Елбасы атаулы дата туралы:  «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Бүгінде елімізде 100-ден аса ұлттар өмір сүреді. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи, мәдени дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тарих тоғыстырған халықтардың бекем бірлігі мен татулығы бүгінде Қазақстанның басты табыстарының бірі.

Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп айтуы бекер емес. Ал ұлт ұстазы, адамзаттың ойшылы, кемеңгер Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес.

Тұғыры биік Тәуелсіздіктің ширек ғасырын бір мүдде төңірегіне бірігіп, қарсы алған еліміз дамудың таңғажайып белестеріне жете алатынын көрсетіп отыр. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Данагөй ұлтымыз мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз хатшысы – Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here