Наурыз – жаңа күн

0
2374
Фото: Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Наурыз – табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын кезі. Сан ғасырлық тарихы бар Ұлыстың ұлы күні Орта Азия халықтарының Жаңа жылы саналады. 

Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

Наурыз мейрамын әлем халықтарының көпшілігі ертеден тойлап келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурятттар «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.

XI ғасырдың өзінде ұлы ғалым әрі ақын Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін, өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтын байқады. Бұл бақылауының негізінде Хайям сол кезде билік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне «Мәлік күнтізбесі» деп аталатын жаңа күнтізбе құрастырды. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көктемгі күн мен түннің теңелетінін күніне түседі. Бұл күнтізбе қазір пайдаланып жүрген күнтізбеге қарағанда, әлдеқайда дәлірек болды. Өйткені, 365 күн бар күнтізбеге қарағанда, жылына 324 күнді құрайтын Мәлік астрономиялық күнтізбесіндегі қателік 0.0002 күн және одан кем.

Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн тойлаған. Әр жерге от жағып, оған май құятын болған, жаңа өңген жеті дәнге қарап, болашақты болжаған. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған.

Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді.

Наурыз мерекесінің туу тарихы турасында талас көп. Көбі ел аузындағы аңызға жүгінеді. Аңыздың өзі сан алуан. Дегенмен, аңыздың түбінен ақиқаттың бір ұшы қылт ететіні рас… Кейбір ғалымдар бұны зороастризм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырып жүр. 

Парсы патшасы Джамшид өз елінің аумағын аралап жүріп, Азербайджан атты мекенге тап болыпты. Осы жерде уәзірлеріне күнгей бетке қаратып үлкен тақ орнатуды бұйырған екен. Күн сәулесі тақпен шағылысып, айналаға ерекше нұр шашыпты деседі. Содан кейін жұрт осы күнді жаңа жыл есебінде тойлауды әдетке айналдырған екен. 

Қалай болғанда да, бұл мереке 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген. 

«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Ауыл ақсақалдары араздасып қалған бауырлас ел, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып табыстырған, жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Қараусыз қалған кембағал жандарды жақын туыстарының қарауына берген. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.

Сонымен қатар, міндетті түрде Наурыз мейрамының дәстүрлі тағамы – Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге ең кемі жеті түрлі дәм қосылады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді.

Қазақстанның батысында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталады және  «Амал» немесе «Көрісу» деп аталады. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандасады. Жақсы тілектер айтып, жастар жағы үлкендерге сәлем бере барып, батасын алады. Көрісу мейрамы бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.  

Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлаған – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов. Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын. Тек 1988 жылы Мұхтар Шаханов коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған еді. Хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде берді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады.

1991 жылы 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Жалпыадамдық құндылықтарды орнықтыру, республика халықтарының достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық рухында ізгілікті тазаруы мақсатында Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Президенті Н.Назарбаевтің жарлығымен көктемгі күн мен түннің теңесу күні – наурыздың 22-сі халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жариялады.

2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мереке БҰҰ-мен мойындалды.

Ал, 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.

Бұл ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы күні. Қазақ халқы бұл мерекеге Ұлыстық ұлы күні деген екінші атау берген. Наурыз мерекесі заманауи өмірге үйлесімді түрде өзгертіліп келіп, қоғамда достық пен келісімнің нығаюында үлкен рөл атқара бастады. Заманауи Наурыз – «уақытты байланыстыру», Қазақстанның тарихы мен қазіргі заманындағы маңызды байланысы болып табылады.

Наурыз мейрамында халықтық ойындар мен сауықтық кештер ұйымдастырылады. Бұл күні ұлттық-ойындар мен көңiлдi кештер өтеді. Мысалы, қыз қуу, алтыбақан құру, ұлттық билер, көкпар, бәйге және т.б.

Сондай-ақ Наурыз қарсаңында қарыз қайтару, арадағы ренішті кешіру және барлық қиындықтарды ескі жылы қалдыру керек деп есептеледі. Жаңа жылды жаңашылдықпен бастау үшін мереке алдында үйді тазалап, қажетсіз заттардан құтылып, қоқыстардан тазарту керек.

Осы күнгі дәстүрге сай ақсақалдар халыққа жақсы тілек айтып, бата береді. Бұл жақсы тілек: «Халық гүлдене берсін! Ақ мол болсын! Бұл күн молшылық әкелсін! Бүкіл жамандық пен барлық қара іс жер бетінен жойылсын! Ата-бабамыздың рухы бізге әрдайым қолдау көрсетсін!» деген сөздермен аяқталады.

Егер Наурыз мейрамында қар жауса, бұл жақсылықтың белгісі. Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған қармен салыстырған. Ақ, таза, жұмсақ, үлпілдек қар сұлу ханымдардың асқан сұлулығын бейнелейді. 

Ежелгі заманда Наурызды барлық тұрғындар таңды қарсы алуға шығумен бастаған. Сонымен бірге, халық арасында көжені қарын тойғанша ішсе, келесі жыл жемісті болады деген сенім бар. Егер көжені жеті үйден татса, онда жыл сәттілік әкеледі.

Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін «Армысың, Әз Наурыз» деп қарсы алған.  21 наурызда Жер иесі – Қыдыр ата ел-елді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным-сенім бар.

Руслан ХАМЗА, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here