Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым

0
2015
Әбілғазы Күленов (1927-1984)

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған­­ жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген ұлағатты сөздерінің терең тарихи маңызы бар. Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында халықтың көкейінде жүрген шетін мәселелерді қозғай келе, тарихымыз тереңде, талабымыз беріде екендігін, тарихшыларымыз бар, тарихқа қызығатындарымыз бар, бәріміз жабылып қазақ тарихының тереңіне бойлай алмай жүргенімізді  ескерте келе, «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деп жазды.

Талдыбұлақ мектебінің 1970 жылғы жетінші сынып оқушылары: алдыңғы қатарда отырған аға пионер вожатый Жаңылтай Мұсабекова, оның артында ортада тұрған Әбекеңнің қызы Гауһар Күленова және оң жақтан екінші тұрған осы жолдардың авторы

Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының жоғары деңгейде қозғау салған бағдарламалық мақаласының іс жүзінде жүзеге асырылуы тек қана тарихшылар мен өлкетанушылардың зерттеулерімен  ғана емес, жалпы жергілікті жерлерде көпшілік болып қоғамдасып ат салысқанда нәтижелі болары анық. «Туған өлке – туған жер», «Ауыл тарихы – ел тарихы» мемлекеттік бағдарлама аясында  бұған білім беру саласындағылар, әсіресе ауылдық жерлердегі мектеп ұстаздары Қазақстан тарихын оқытуда өлке тарихының деректерін жинақтап,  күнделікті дәрістерде, тәрбиелік шараларда қолданып отырса, көтеріліп отырған мәселелер ұрпақтар санасынан берік орын алып, туған өлке, өскен жеріміз тарихына қанығып қана қоймай, оны бұрынғыдан да тереңірек біліп, сезініп, бойларында Отан сүйгіштік рухы әлдеқайда жоғары болатыны сөзсіз. Бұл жерде баса назар аударатын мәселе өлке тарихын білу рухани жаңғырудың, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың да бір жолы екендігіне мән бере білу маңызды болмақ. Ауылдық мектептерде «Өлкетану» сабақтары дербес пән ретінде оқытыла қоймаса да, сабақтан тыс үйірме, факультативтік сабақтар ұйымдастырылып жатса, ол тек шәкірттер үшін ғана емес, ұстаздар қауымының өзінің де құштарлығын туғызып, біліктілігін арттыра түсері анық. Ауыл мен қазақ біртұтас ұғым, ауылдың тарихы ол қазақтың  тарихы екендігін бұл жерде жіпке тізіп түсіндіріп жатудың өзі артық. Ауылдан жырақ жүрсек те: «…Ыстықсың-ау, ыстықсың өскен ауыл,  сен десе елжірейді өкпе бауыр» деп туған жер, өскен ауылымыздың бүгінгі хал-ахуалын үнемі назарда ұстап  жүреміз.

Қазақ халқы өз тарихында талай-талай зобалаң, зұлматты жылдарға толы қилы замандарды басынан өткергені белгілі. Халқымызды қынадай қырған ұлы аштықтан кейін 1933 жылдың көктемінде Жаңаарқа топырағында аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-ға ұйымдасты. Солардың бірі болып 4-ауыл атанған қазіргі Ескене ауылы да «Үлгілі», «Талдыбұлақ», «Ленин», «Оқкөмген», «Қызылоба» сияқты  ұсақ мойынсеріктер бірігіп, кейіннен іріленіп колхозға айналған бір кездері кеңестік дәуір салтына сай «Ленин» колхозы атанғанын қазіргі уақытта кейінгі толқын жастар түгілі уақыт тезінен өтіп, аға ұрпаққа айнала бастаған біздің замандастарымыз да ұмыта бастаған.

Кезінде ұлтымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген тағылымды да терең ой айтқаны белгілі. Сол қиын заманға қарамастан артель, мойынсеріктермен бірге ашылған мектептердің алғашқыларының бірі тарихи деректер бойынша «Үлгілі» бастауыш мектебі болып, ол кейіннен ұсақ колхоздар ірілене бастаған тұста «Талдыбұлақ орталау мектебіне»  айналған екен. «Азаматына қарап ауылын таны» демекші, әр ауылдың өзінің абырой тұтар тұлғасы болады. Солардың бірі – ел азаматы Әбілғазы Күленов ағамыздың тағдыры мен өнегелі істері көпке үлгі боларлық. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамай Талдыбұлақ орталау мектебінің бүгінгі, яғни орта мектеп дәрежесіне жетуіне бірден-бір себепкер болған осы ауылдың тумасы, жас болса да жастайынан бас бола білген Әбекеңнің бастамашыл еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Таулардың биіктігі алыстаған сайын көрінеді» дегендей, арада жылдар өтсе де, ауыл тарихының жаңа бір тың бетін бастап, қолдан саз балшық илеп, «саман кірпіш» құйып мектеп салғанын ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін ұмытпай ілтипатпен еске алады.

Көпшілікке түсінікті болуы үшін  ұстаздарға ұстаз болған Әбілғазы ағамыз туралы қолымызда бар ғұмырбаяндық деректерге шолу жасап,  тоқтала кетейік. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары небары  сегіз-ақ  кластық  білім алып үлгерген ауыл баласы жастығына қарамай  соғыс жылдарында Талдыбұлақ, Ленин колхоздарында есепшінің көмекшісі, бухгалтер болып буыны қатпай жатып еңбекке ерте араласса да, болашағын  біліммен байланыстырған саналы жас мүмкіндік туған ара кідік тұстарда оқуын жалғастыруды да бір сәт ұмытқан жоқ. Сол бір аласапыран жылдар тарихын Жаңаарқалық қарт педагог, ғұмырының жарты ғасырдан астамын ағартушылық қызметке арнаған  Садықбеков Жәмпейіс ақсақал «Өмірімнен» деген естелік жазбасында: «Мен 1941 жылдан 1943 жылға дейін Түгіскен мектебінің мұғалімі, кейіннен директоры болып қызмет атқардым. Күленов  Әбілғазы 1941-1942 оқу жылдарында Түгіскен мектебінің 9-класында оқитын. Кейіннен партия басшысы, совхоз директоры сияқты қызметтерді  абыроймен атқарып жүр», – деп еске алады.

«1934 жылы Өркендеу мектебінің негізі қаланды. Саз балшықтан Мәтен ұстаның басшылығымен тұрғызылған бұл мектепте 1957 жылға дейін балалар оқытылды. 1953-1954 жылдардан бастап мектепке жаңадан мұғалімдер келе бастады. Әбілдин Серік, Тоғандықов Түсіп, Қосшығұлов Кәрімбек, Бейсенбаев Сәтекбай, Қабаев Оралбай, Тәжитов Зәрубай, Күленов Әбілғазы, Пешкова Галина Павловна, Смирнова Валентина Дмитриевна, Тасжанов Қамажан, Тайгөков Мырзахан, Әбдірахманова Рысжан, Жақыпов Шұға, Әбдірахманов Хамит, Бөлекбаева Бибіжан, Төкенов Білал, Дүйсенбеков Төлеухан т.б.  ұстаздар еңбек етті. Мектеп директорлары болып Қабаев Оралбай, Әбілдин Серік, Тәжитов Зәрубай, Күленов Әбілғазы, Әбдірахманов Хамит, Тайгөков Мырзахан, Тасжанов Қамажан, Балтабаев Дихандар қызмет атқарды», – деп жазады шерлі жылдар шежіресін зерттеген жергілікті өлкетанушы І. Ісләмұлы.

Алдына қойған мақсатына тек жүйелі білімнің арқасында ғана жететінін жете түсінген Әбекең соғыс аяқталған соңғы  1946 жылы  аудан орталығындағы № 1-ші қазақ орта мектебінен 10-класты  тәмамдап,  аттестат алған соң алдымен Қарағандыдағы Молотов атындағы мұғалімдер институтының тарих факультетін (1949), бірер жылдардан соң Қарағанды педагогикалық институтын сырттай (1961) оқып бітіріп жоғары білімді педагог дәрежесіндегі дипломға ие болды.  Ұстаздық еңбек жолын  1949 жылы Талдыбұлақ жетіжылдық (орталау) мектебінде мұғалім болудан бастап, тарих, география  және  орыс тілі пәндерінен сабақ берген, 1951-1954 жылдары осы мектептің директоры қызметінде білім беру жолында ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жас маман аудандық партия ұйымының ұсынысымен, заман талабына сай құрылған Жаңаарқа аудандық машина-трактор станциясының (МТС) аймақтық инспекторы (1954-1955) қызметіне кіріседі. Осылайша, «партия сарбазына» айналған жас маман 1955-1961 жылдары  ұстаздық қызметке жіберіліп, алдымен аудан орталығындағы Ленин атындағы орта мектепте мұғалім, «Карл Маркс», «Рассвет»  және «Ленин» атындағы колхоздарда мектеп директоры лауазымдарын абыроймен атқарып, партия сынағынан өтіп, әбден ысылған шағында қайтадан партиялық қызметтерге жіберілген. Небары он тоғыз (1946 жылдан) жасында Компартия қатарына алынған жас маманның партиялық қызметі орда бұзар отыз жасына жетпей-ақ басталып, бұдан кейінгі еңбек жолдары «Дружба» кеңшарының партком хатшысы (1961-1965), аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы (1965-1971), ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау мен сапасы жөніндегі аудандық инспекциясының мемлекеттік бас инспекторы (1971-1975),  аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы (1975-1979) сияқты жауапты қызметтермен жалғасып жатты. Қай қызметте жүрсе де, табандылық танытып, табиғи тазалығын сақтап, білімі мен парасатын көрсете білген Әбекең бір кездері нақақтан күйіп, партия жұмысынан алшақтатылып, «совхоз директоры» деген шаруашылық жұмыстарға ауыстырылса да, сағы сынбай жаңа қызметіне сай кәсіби біліктілігін арттыру үшін елуден асқан жасына қарамастан 1979 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Өмірінің соңғы  1979-1983 жылдары аралығында «Целинный» кеңшарының директоры қызметінде жүріп, 1884 жылы 27 тамызда бар жоғы 57 жыл абыройлы ғұмыр кешкен, халқына бергенінен берері көп толысқан кемел жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан жасын ғұмыр өмірден озған еді. Мінеки, өмір мектебін ауылда қарапайым ұстаздық қызметтен бастап еңбегі көпке үлгі болған, партиялық қызметке ауысып, идеологиялық жұмыстарға тікелей басшылық жасау барысында да аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын ұмыт қалдырмай уақыт таба білген,  бүкіл саналы ғұмырын осы ағартушылық, тәрбие саласына арнаған ел азаматының қысқаша өмір жолы осындай.

«Ұлтыңа, жұртыңа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы тауып айтқандай, Әбекеңнің бойына осы бір қоғамшылдық, ұлтжандылық, ұйымдастырушылық қасиеттер туған әкесі Түлкібаев Күленнен жұққан қасиет деп айтуға толық негіз бар. Күлекең ақсақал Жаңаарқа ауданы Ескене тауының баурайында туып-өскен (1889-1970),  сонау отызыншы жылдардың зұлматынан аман қалып,  аласапыран сұрапыл жылдары алғашқы ТОЗ, мойынсерік ұйымдастырушылардың бірі болды. Қолына күрек алып, дән егіп мойынсеріктен колхозға айналған 1937 жылы Талдыбұлақ колхозы ұйымдасқанда  колхоздың тексеру комиссиясы деген сол заманға сай сұрқия саяси ұйымға басшылық етті, бірақ бойына сіңген тектілігі болар саясаттың жетегіне ерген жоқ. «Тегінде бар текке қалмайды» демекші, арғы атасы Досан биден (үшінші ұрпағы)  тарайтын, көкірек көзі ояу, қазақи әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді берік ұстанған Күлекең ақсақал кеңес заманының қыспаққа алған, тиым салғанына қарамастан өзі коммунист бола тұрып жасырын түрде төте жазумен (арабша) Орталық Қазақстанды мекендеген ру-тайпалардың шежіресін хатқа түсіріп кеткен,  елге сыйлы қария болған. Бұл еңбек кейіннен араға жылдар салып 2004 жылы Алматыдағы «Темірқазық» ғылыми-өндірістік фирмасының президенті Хакім Омаровтың демеушілігімен (түп нұсқасы сақталынып, факсимилесімен бірге) жеке кітап болып жарыққа шығып, ел игілігіне айналғаны көпке белгілі.

Көзі тірісінде-ақ ел құрметіне бөленген Әбекеңнің еліне деген игі істерін әлі күнге дейін ауылдас замандастары мен өкшелес іні-қарындастары ұмытпай еске алып отырады. Сол кездердегі мектеп оқушылары, қазіргі уақытта бірі сексеннің сеңгірінен асып, енді бірі сексенді алқымдап қалған ауыл ардагерлері Рысбала Шубаева, Құрмаш Алшынбаев, Елеукен Нұрланов т.б. көз көрген апа-ағаларымыздың  айтуы бойынша өзі туып-өскен ауылына жолдамамен мұғалім болып оралған жас маман бір жыл өтісімен жаңадан мектеп салуға кіріседі. Әрине, бұл игі бастаманың басында ұйытқы болып, көп жылдар колхозды ұйымдастырушылардың бірі болған әкесі Күленнің де ықпалы болғанын айта кету керек. Мектептің орнын кейіннен «Мектеп басы» деп аталынып кеткен орталыққа қарай көшіріп бүкіл ауыл адамдарын жұмылдырып, ат-өгіздермен саз балшық илеп, кірпіш құйып (біздің елде сабан араластырып осындай тәсілмен қолдан құйған кірпішті «саман кірпіш» дейтін) асарлатып, екі-үш жылдың көлемінде сол заман үшін зәулім ғимарат болған Талдыбұлақ жетіжылдық (кейіннен сегізжылдық) мектебінің негізін қалады. Қырық-елу жылдай елге қызмет еткен сол білім ордасынан бүкіл ауыл балалары (солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар)  білім алып шықты. Іргесі сонау отызыншы жылдары қаланып, «Аюбек» деп аталынған мойынсеріктегі үшжылдық «Үлгілі» бастауыш мектебі болып ашылған мектеп тарихы елуінші жылдары жаңа бір белеске шығып, Әбекең директор болған жылдары сегізжылдық мектепке айналды. Мектепке әр жылдары Исин Мұқыш, Байғұтов Саңқан, Беспаев Ахмедия, Қалиұлы Мұхитдин, Тайгөков Мырзахан (директор), Орманбаев Рахым, Ахметов Төлеуқара, Садықов Беспай (директор), Әбдірахманов Хамит (директор), Қаспақбаев Ермекбай, Жәнібеков Оспан, Айжанов Борбас, Әбдірахманова Рысжан, Нұрпейісова Сақыпжамал, Жақыпов Шұға (директор) сияқты ұстаздар (кейбір деректер бойынша елуінші жылдардың бас кезінде Солтүстік Қазақстаннан Мустаева Тамара Рахимовна деген қыз да бастауыш кластарға сабақ беріп кейін еліне кеткен) абыройлы еңбегімен елге танылды. «Бір адам қазған құдықтан мың кісі су ішеді» деген халық даналығының бір дәлеліндей мектеп шаңырағынан түлеп шыққан шәкірттерді тізе берсек тым ұзаққа кетер едік, сондықтан тек алпысыншы жылдардың өзінде ғана Талдыбұлақ мектебінен білім алған бір шоғыр түлектердің осы бір шағын ауылдағы білім ордасын алтын, күміс медальдармен бітіріп шығуы жоғарыда аталынған ұстаздар еңбегінің жемісі, мектептің абыройы деп бағалау керек.  Олар, атап айтсақ, ағайынды Ертай (күміс), Майра, Зайра (екеуі де алтын)  Жарылғаповтар, Қайырбек Мұқажанов (алтын), Бабажан Нүркенов (алтын)  Алпысбай Тайгөков (күміс) және Рыскүл Құсайынбекова (күміс) сияқты апайларымыз бен ағайларымыз болды. Бұлардың ішінде жетпісінші жылдардың түлегі біздерге Рыскүл апайымыздың математика, неміс тілі және ән сабақтарынан дәріс өткізгенін әлі күнге дейін жылы сезіммен еске аламыз.

Сол бір қиындығы мен қызығы қатар өрілген уақытты жұбайы Зекен апайымыз: «Әбекең 1949 жылы Қарағанды Пединститутының тарих бөлімін бітіріп, Талдыбұлақ мектебіне мұғалім болды. 1950 жылы Талдыбұлақ мектебін  Ескене баурайына көшіру үшін мектепті Әкем екеуі (Зекен апайымыз атасы Күлен ақсақалды қазақи тәрбие, келіндік ізетпен Әкем деп атаған) өгіз арбамен кірпіш құйғызып басқарып салғызды. Осы мектепке Әбекең директор болып тағайындалды. Әбекең кейін партия, кеңес қызметтерінде болған кездерінде де оқу ісімен байланысын бір сәтке де үзген жоқ», –  деп еске алады. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, өзі де ұзақ жылдар ұстаз болған Зекен Бекенқызы (Тұрсынбектегі)  апайымыз Әбекеңмен отыз жылдан аса бақытты да баянды ғұмыр кешті. Әбекеңнің ошағының отын сөндірмей жеті бала тәрбиелеп өсіріп, бәрінің де жоғары білім алуларына ықпал етті. Қазіргі күні балалары мен немере-шөберелерінің ортасында үлкен ордалы елге айналған Әбекеңнің шаңырағының шырақшысы, алтын діңгегі болып мәртебесін түсірмей, абыроймен ұстап отырған «ері елдің иесі, әйел үйдің киесі» деген халық даналығын іс жүзінде көрсетіп отырған ардақты әже. Апайымыз туралы да ел арасында әлі күнге дейін сол бір шуақты күндерін жылылықпен еске алатын шәкірттері бар.

«Біздің Тиышкен Күленова деген бізден оншақты жас үлкендеу апамыз болды. Ол кісінің әкесі Әбекеңнің әкесімен шөбере туысқан болып келетін. Зекен апай  өз сабағында Тишекеңді   тегімен тура атамай үнемі «Аттасова» деп атап жүруші еді», – деп еске алады Тишкен апамыздың өкшелес сіңілілері Үлшікен Күленова мен Машура Нұрланқызы апайларымыз (Машура апай зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар осы мектепте ұстаздық қызметте болды). Бұл да болса қазіргі күнгі жастарға үлгі, өнеге боларлық қасиет, тәрбие құралы емес пе?!

Әбекеңнің ұстаздықтан партия-кеңес қызметкеріне айналуы әпербақан Хрущевтің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, әрбір коммунист «партия сарбазына» айналған заманға тұспа-тұс келді.Солай болса да Әбекеңнің  қызмет бабында тек өзіне ғана тікелей қатысты мәселелермен айналысып, тар шеңберде қалып қоймай ұлттық, қоғамдық мәселелерді де назарынан тыс қалдырмағанын замандастары әр кез есіне алып отырады. Соның бірі бүкіл қазақтың басына қасірет әкелген «32-нің зұлматы» Жаңаарқа топырағын, оның ішінде Ескене ауылын да айналып өтпеген. Арада ширек ғасыр өтсе де, төбе болып үйіліп жатқан ақ сөңке сүйектердің ашылып, жер бетіне шығып қалғаны қаншама. Осы көрініске куә болған жас партия қызметкері Әбекеңнің іштей күйзеліп «Мәскеу де бірден тұрғызылған жоқ, уақыты келгенде мұны да қолға алармыз, ортақ ескерткіш белгі де қойылар» деген сөзін  сол кездегі Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған, белгілі журналист Ұзақбай Мұқышұлы ұзақ жылдардан кейін де  қимастықпен еске алады.

Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, арада оншақты жыл өткен соң абыз ақсақал  Күлекең де дүниеден озды. Ел-жұрт болып жиналып  қадірменді қарияны  «мәңгілік  мекені» Қызылобаға арулап жерлегені көз алдымызда. Аяулы әкесінің жалғыз тұяғы Әбекең қазақи дәстүрмен бейітін салып, «басын көтергені» сол еді, көп ұзамай сол өзі бүкіл саналы ғұмырын сарбазы болып қатарында өткізген партияның қаһарына ұшырап, «тағдырдың талаймен» партия қызметінен шеттетілініп шаруашылық жұмыстарға жегілді. Бәлкім, ол кісінің нағыз кемеліне келген дер шағында балалары мен немерелерінің қызығын жұбайымен бірге бөлісіп, қызығын қызықтап, өмірінің шуақты күндерін отбасымен бірге өткізуді жазбаған, жанына жара салған осы бір әділетсіздік пе екен?

Әрине, Әбекең туралы әлі де талай дүниелер жазылар. Маған да  өз тарапымнан  өзім куә болған бір-екі уақиғаны айтпай кетпеуге болмайтын сияқты. Өткен ғасырдың 1967-1971 жылдары ол кезде «Талдыбұлақ сегіз жылдық» мектебі аталатын білім ұясының 5-8 сыныптарында Әбекеңнің балалары Гауһар (кейін Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, осы оқу орнында ұзақ жылдар қызмет істеді) және Ескендірмен (кейіннен Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебінен білім алып, ұзақ жылдар ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып, полковник атағымен зейнетке шықты)  бірге оқыған едік. Айтпағымыз, өзі сол кез үшін үлкен лауазымды қызмет болып саналатын аудандық партия комитетінің хатшысы бола тұра балаларын әкесінің жанында қалдырып, ауыл мектебінде оқытып, ауыл тәрбиесін көкіректеріне ұялатуын Әбекеңнің  жоғарыда  айтылған ұлтжанды қасиеттерінің бір көрінісі деп бағаласақ та болар. Себебі, ол кезде қолы жеткендердің ғана аудан орталығында оқу бақыты бұйыратын, ал лауазымды қызметтің құлағын ұстағандар одан да әрі шауып, мүмкіндік тауып балаларын қалаларда  оқытуға тырысатын. Екінші бір куә болған жағдай ол кезде біз Ескене тауының дәл іргесіндегі Талдыбұлақ ауылында тұратынбыз. Қыс қатты болып, көктем кештеу шығып, «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» болып жатқан «жіңішкенің үзілер» шағы. Мұндай жылдары ауыл адамдары қыстан тұралап шыққан ұсақ малдарын бір мезгіл қара құлақтанып ери бастаған таудың күңгей беткейіне жайып алатын. Ол кезде мен әлі де ештеңенің байыбына бара қоймайтын алтыншы класс оқушысы едім, әдеттегідей үйдегі және көршілерімнің ұсақ малдарын  қосып тау етегіне қарай айдап грейдер (ол кезде солай атайтын) жолдан өте бергенімде аудан орталығынан ауылға қарай келе жатқан сары түсті «Газ-69» автокөлігін көріп іркіліп қалдым. Жолдан асып түсе бастаған қойлар үркіп, ішіндегі кейбір арық-тұрақ, әлжуаздары жол жиегінде әлі еріп үлгермеген қарға батып тұрып қалды. Оларды шығара қоятын менде шама жоқ, соны байқады ма екен, жүздеген метр жүріп барып тоқтаған көліктен түсе сала жүгіре жеткен екі адамды бірден таныдым, біреуі сыныптасым Гауһардың әкесі, аупартком хатшысы Әбекең, екіншісі көлік жүргізушісі Рахметулла Сағынтаев екен. «Ұлық болсаң кішік бол» демекші, үстіндегі біркиер киімдеріне қарамай жүгіріп жеткен екеуі үйелеп қалған қойларды біртіндеп шығарып алып жолға салып жібергеніне  сол кезде аса мән бермесек те есейе келе  «адам адамға дос, жолдас және бауыр» деген моральдық қағиданы құрандай жаттап  өсіп, келешегімізге зор үмітпен қараған біздің қатарымыз, замандастарымыз салыстырмалы түрде  бүгінгі қоғамның бет алысына, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасына қарап өткен шақты сағынышпен еске алатынын түсінуге де болар.

«Отан от басынан басталады» демекші, туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Отанымызға деген патриоттық сезімге ұласады. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ауылдың тірегі болар рухани ордасы – білім ошағы, ол – ауыл мектебі. Кез келген ұлтты өркениетке жеткізетін күш – білімде екендігі айтпаса да түсінікті. Ал, білім негізі – мектепте. Рухымызды биіктетер ауылдағы зиялы ортаның қалыптасар жері де осы – ауыл мектебі. Демек, ауыл мектебі – ел тірегі, еліміздің рухани тұғыры десек те артық болмас.

Сөз соңында, мақаламыздың басында тоқталғанымыздай, Ел­басы­ның бағдарға алар ой-пікірлерін түйіндей айтсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың аясында  елімізде қыруар шаруалар жасалынып жатқаны белгілі.  Мәселен, латын әліпбиіне көшуден бастап, жүз жаңа есімді анықтауға дейінгі көптеген әлеуметтік жұмыстар жүзеге асуда. Қазіргі таңда бұл шаруалар көпшіліктің талқысына салынып, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Патриотизм дегеніміздің өзі өскен ауылың мен өңіріңе, яғни кіндік қаның тамған туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе?! Халқымызда «Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өздері орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деген ұлағатты нақыл сөз бар. Сол бастамалардың бірі еліміздегі аты жоқ мектептерге белгілі бір тұлғаның атын беру болса керек. Бұл шара республиканың әр аймағында қолға алынып, таяуда ғана Елорданың бірнеше мектептеріне белгілі тұлғалардың аты берілгені белгілі. Өте құптарлық бастама, өңірлік деңгейдегі мектептерге сол ауылдан шығып, ауылдастарына үлгі, өнеге боларлық іс қалдырған  ел  азаматының, жергілікті тұлғалардың есімі беріліп жатса несі айып.  Халқымыздың  «Аты шықпаған адамнан, аты шыққан төбе артық»  немесе  «Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» деген сияқты ғасырлардан келе жатқан ой-толғамдары біздің де көңіл түкпірінде жатқан ниетімізді қолдап, меңзеп тұрғандай. Ауылға еңбегі сіңген аға ұрпақтың атын жаттап өскен оқушылар оның өнегелі өмірі мен қызметінен үлгі алып, халыққа үлгілі істерімен танылған азаматтың атындағы мектепте оқыған оқушы отансүйгіш бо­лып өсіп, болашақта еліне пай­дасын тигізер еді. Олардың ұрпақтары да бұл шарадан тыс қалмай ауыл өміріне етене араласып, сол ауыл мектебінің өсіп-өркендеуіне, яғни, мектеп айналасын көгалдандыру, мектептегі кітапхана қорын толықтыру, оқушылар арасында жүлде тағайындап, спорттық жарыстар немесе  белгілі бір тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру сияқты қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуды парыз санап, ауыл мәдениетінің өркендеуіне де өз үлестерін қосары сөзсіз. Елбасының жоғарыда аталынған бағдарламалық мақаласын  негізге ала отырып, мәдени және тарихи құндылықтары бар нысандарды сақтауға және ұлықтауға бағытталған шаралардың бірі «Туған жерге тағзым» аясында Ескене ауылының қалыптасып көркеюіне зор үлес қосқан, алпыс жасқа жетер-жетпес ғұмыр сүрсе де, халқына, туған ел-жұртына осыншама ізгілік нұрын шашып кеткен  ауылымыздың тумасы, ұлағатты ұстаз, ел азаматы ардақты  ағамызды есте қалдыру мақсатында ынталы-бастамашыл топ өкілдерінің (бұл арада негізге алып отырғанымыз Әбекеңнің тұстастары, аттары республикаға танымал аға буын журналистер, Жаңаарқа ауданның Құрметті азаматтарының Далбай Ізтөлеуов («Жаңаарқа газеті», 8.10.1997), Ұзақбай Мұқышұлы, («Орталық Қазақстан» газеті, 25.09.2004) және Қалиақпар Әбілдин (15.08.2009 жылдар) тұлғаның  есімін ауыл мектебіне беріп, ол «Әбілғазы Күленұлы Күленов атындағы Талдыбұлақ орта мектебі» ресми атауына лайық деген ұсыныстары бүгінгі күні де өзекті екендігін  атап өтуді өзімізге парыз санадық.

Халқымызда «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары да жоқ» деген дана сөзі бар.  Қазіргі күндері көз алдымыздан сол бір  балалық балдәурен шағымыздың сәулелі күндері «ақырын-ақырын шегініп, елестеп өтіп» жататыны өмір заңдылығы.  Саналы ғұмырымызға ата-анаңнан кейінгі бағыт-бағдар беретін қасиетті мекен «алтын ұя» мектебімізді қазіргі аға ұрпақ біздер де сағына еске алып «келдім сені сағына, құй нұрыңды жаныма» деп әлі күнге дейін  табалдырығынан имене аттап, жүрексіне кірер болсақ, ол жылдар бойы білім алып санамызды қалыптастырған мектебіміз бен ұстаздарымызға деген іңкәр сезіміміз бен ықылас құрметімізден туындаған болар.

Дәуренбек Ескекбаев, тарих ғылымдарының кандидаты,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институтының Бас ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here