Байсалды ел байқамай қате жібермес

0
3127

Тәуелсіздікке 30 жыл! Шынында да, біз осы 30 жылда ата-бабаларымыз және олардың қаншама ұрпақтары аңсаған асыл дүниелерге қол жеткіздік. «Байсалды ел байқамай қате жібермес» деген қағиданы берік ұстанған мемлекетіміздің жеке Елтаңбасы, Туы, өз Әнұраны белгіленді, Қарулы Күштері құрылып, Ата Заңымыз қабылданды, шекарамызды шегендедік. Елордамыздың тұрақты мекені анықталды. Осылайша, өз даму жолымызды белгілеп, әлемнің көптеген іргелі мемлекеттерімен иық тіресе тұрып, мәміле жасайтын дәрежеге жеттік. Мемлекетіміздің киелі қара орны қайта жаңғырды. Бұрын-соңды мұндай зор жетістікке кенелмегеніміз тарихтан аян. Тәуелсіздік еліміздегі әр түрлі ұлттардың тыныш тіршілік етіп, бақытты тұрмыс кешіп, дін, ождан бостандығы, құқық теңдігін тең ұстауына зор ықпалын тигізіп келеді.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында елдік мерекенің үш он жылдығында атқарылған іргелі істерге былайша ой түйінін жасайды:

«Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы он жылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші он жылдықта еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдады.

Ал алдағы төртінші он жылдықтағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет».

Терең пайыммен жазылған осы мақаладан, егемендік халқымыздың көсегесін қайта көгертіп, қайым замандардан бері қалыптасқан елдігіміздің атауын қайта жаңғыртқанын, әр ондықтан істі қалай бастап, қалай аяқтаған нүктесіне дейін дөп баса жеткізгенін анық көреміз. Айталық, мақаланың алғашқы «Бағдар мен белес» бөлімінде тәуелсіздік жылдары атқарылған айтулы дүниелер сараланады.

Президент айтқандай, алғашқы онжылдықта мемлекетіміз қалыптасты, нарық, демократияны халық сезінді, ертеңге деген елдің сенімі бекіді. Қоғам алдында күрделі реформалар тұрды. Мұның ішінде, алдымен, экономикалық реформаларды жедел жүргізу қажеттігі тұрды.  Реформаның алғашқы шарттарының бірі – төл теңге жасау және теңгені нарықтық айналымға енгізу. Ал теңге – тәуелсіздіктің нышаны әрі экономикамыздың қан тамыры. Біріншіден, өз валютамызды таңбалап көрсетсек, Ресейдің экономикалық кеңістігінен еркін түрде шығамыз, екіншіден, экономикамызды нарықтық тұрғыдан түбегейлі іске қоса аламыз. Яғни, Тұңғыш Президентіміз Қазақстан халқына тәуелсіздіктің алғашқы нарық үлгісін ұсынды.

Елбасының төл ақшамызды енгізудегі сол кездегі батыл қадамы – экономикада тұрақты дамудың іргетасын қалап берді. Тәуекелге бел буған бұл қадамның нәтижесінде әлем елдерімен тереземіз тең мемлекет санатында дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірдік. Социалистік экономикадан нарықтық экономикаға бетбұрыс жасаудың өзі үлкен ерлік болатын. Елімізге инвестициялардың келуі де, әлемдегі алпауыт компаниялардың бізде ынталы түрде өз кәсіпорындарын ашуы да нарық қадамының оң нәтижесі дер едік. Бүгінде жүз қырыққа жуық елдермен сауда қатынасымыз қалыптасқан. Тіпті, Қазақстан халықаралық экономика саласындағы ұйымдардың беделді мүшесінің қатарында тұр.

Сондай-ақ, Елбасының әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін ұзақ жылдарға жоспарланған жобаны қабылдауының өзі ерлікпен тең еді. Ол жоба – «Қазақстан-2030»  стратегиялық бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаның негізінде елімізде барлық саладағы даму және өркендеу ісі терең сараланып, соған сай жүргізілетін реформалардың бағыт-бағдарлары айқындалды. Жас мемлекетіміз экономикалық өрлеу мен әлеуметтік дамудың, саяси тұрақтылық пен ынтымақтастықтың қазақстандық үлгі-қалыбын жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге осы стратегияның үлкен септігі тиді. Бұл жоспарлауды енгізу шешімінің дұрыстығын, Елбасының әлем елдерінде болып жатқан өзгерістерді өз назарында ұстап отырғандығын, оларды терең түсінгендігінің айқын белгісі деуге болады.

Әр жылғы Жолдаулар мен жаңа жобаларда ауыл экономикасын жетілдіруге, ауыл шаруашылығын ірілендіруге баса назар аударылып, тіпті үш жылдық арнайы бағдарлама қабылданып, мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Осындай игі бастамалардың негізінде ауылдағы елдімекендер қалпына келтіріліп, ауылдық мектеп, емхана, дәрігерлік көмек беретін орындар бой көтерді. Сондай-ақ, қатынас жолдарын реттеуге миллиардтаған қаржылар бөлініп, егін егу мен мал өсіруге мемлекет тарапынан жыл сайын жәрдем беріліп келеді. Қысқасы, үлкен-үлкен шаралар ауыл экономикасын құлдыраудан алып шықты.

Экономиканы тұрақтандырып, іс тетігін шешу, елді өркендету үшін соған лайықты кадрлар да болуы керек емес пе. Тұңғыш Президентіміз мұны да естен шығармады. Маман кадрлар даярлау тетігін қарастырып, тікелей өзінің басшылығымен «Болашақ» бағдарламасын жасады. Осы бағдарламаның аясында қазақстандық жастар әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан білім алады. «Болашақ»  – білімді жастардың бағын ашып, білімін жандандырып келеді.

Елбасының саяси батылдықты ұстанған сәтінің бірі – Қазақстан мемлекетінің астанасын белгілеуі және Бас қаланың орнын айқындауда көрегендік танытуы. Сондай-ақ, алғашқы онжылдықта күрделі тақырыптар қатарында қандастар мәселесі тұрды. Нұрсұлтан Назарбаев шет елдегі қандастарымыздың атамекенге оралуына көптеген мүмкіншіліктер беріп, мемлекет тарапынан квота бөлгізді. Бұл қадам – саяси батыл шешімдердің маңыздысы болды.

Тәуелсіздіктің еншісіне енетін, арқаны кеңге салып марқаятын мәселенің бірі – шекара. ТМД елдерінің ішінде шекарасын тап-тұйнақтай белгілеп алған бірден-бір мемлекетпіз.

Мемлекет басшысы мақаланың «Таным мен тағылым» атты екінші бөлімінде «Мәдени мұраның» Қазақстанның әлемдік өркендеуіне құлаш ұрған рухани бағдарлама екеніне кеңірек тоқталған. Расында, «Мәдени мұра» – ғасырлар қойнауында шаң мен тозаңға айналған қаншама тарихи дүниелерді тірнектеп жинап, сүзгідек өткізіп, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, келер ұрпаққа ұсынған құнды бағдарлама саналады. Осы бағдарламаның жүйесімен қаншама тарихи және мәдени ескерткіштерге реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Айталық, шетелдік жобалардан – Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс кесенесінің, Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітінің  реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін тұрғызғанын ерекше атағанымыз жөн болар. Және де қаншама қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, осы мемлекеттерден табылған Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспа шығарылымдары елге жеткізілді. Атқарылған жұмыстар жүйеленіп, қағазға түсірілді: төрт жүзден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер оқырмандарына жол тартты.

Өнер саласына келетін болсақ, «Қазақфильм» киностудиясы «Мәдени мұраның» бағыты бойынша ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы жиырмадан астам деректі фильмдер («Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп Ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері», т.б.) түсірді. Мемлекет басшысы ескертіп өткендей, режиссерлар «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи туындылармен шектеліп қалмасы анық. Бағдарлама бойынша «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» атты қазақтың дәстүрлі әуендерінің антологиялық жобасы құрылды. Халқымыздың түпнұсқалық орындаудағы әндерін жинау, оны дайындау, өңдеу, реставрациялау, цифрлік жүйеге енгізу, оларды CD-дискілерге шығару теңдессіз еңбек болатын. Және бұл еңбек қазақ дәстүрлі музыкалық шығармаларының цифрлік тасымалдауыштағы жалғыз толық жинағы болып табылады.  

Үш онжылдықтағы жетістіктерді жіліктеп түсіндірген мақалада Президент Қазақстанның тарихын шет ел аудиториясына танытудың әдемі жолын ұсынды. Ол әдіс – еліміздің тарихын қысқаша жазып, оны әлемнің негізгі тілдеріне аудару және мұның стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. 

Бүгінгі таңның басты тақырыбына айналған жер мәселесі де мақаланың «Қоғам мен құндылық» бөлімінде қарастырылған. Бұған қатысты Президент нақты ойын былай өрбітеді: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.

Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.  

Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын…»

Ал, мақаланың түйіні болған «Ұлағат пен ұстаным» бөлімінде еліміздің алға қойған мақсаттарын одан әрі дамытуға және саяси реформаларды жалғастыруға арналады. 

Білім мен біліктің дәуірі болған ХХІ ғасыр – қазақ халқы үшін жетістіктерге толы ғасыр. Тәуелсіздіктің бәрінен қымбаттығын түсіндірген ғасыр болды.

***

Тәуелсіздік қарыштап дамыды, нәтижесінде Қазақстан мемлекеті қалыптасты. Қалыптастырған, «қазақты өзге ұлттармен жарысатын кезге» (А.Байтұрсын) жеткізген, Алладан кейінгі Ұлт Перзенті еді. Ол кім дерсіз? Бұған ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбектің мына сөзін жауап ретінде келтіргенді дұрыс көрдік: «Ол кез – елдің әбден сіңірі шиқылдап діңкелеп, экономкалық жағынан да, саяси-әлеуметтік жағынан да жарға тірелгендей тығырыққа кептеліп тұрған кезі еді ғой. Не дегенмен, адам жады бір-ақ сүйем келте-ау. Енді бүгін аспаннан аяғымыз салаң етіп салбырап түсе қалғандай, бейне бір ол қиыншылықтардың бірде біреуі болмағандай, көкірек қағып, керги сөйлейміз. Сол қиыншылықтардың қаншама күрмеп байланған түйіндерін шешкен Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Қолы талып бара жатса, тістелеп жүріп шешті! Бұл – шындық! Оған өткен жолдарыңызға мойыныңызды шамалы бұрып қарасаңыз, бәрі де көз алдыңызға көлбеңдеп келе қалады».

Ары үшін жанын садаға еткен қасиетті Қазақ Елін бүгінде төрткүл дүние таниды. «Ақиқатында біздің жайымыз ісімізден танылады. Сендер біздің құдыретімізге күдіктенсеңдер, зәулім ғимараттарымызға қараңдар» деп атақты Әмір-Темір айтқандай, тәуелсіздігіміздің отыз жылында атқарған істеріміз бен тындырған тірліктерімізді көргісі келетіндерге, Қазақстанның бүгінгі келбетіне қарап, баға берулерін сұрар едім.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here