Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат

0
2700

Жұбан ақын айтқандай, қазақ халқы «мың өліп, мың тірілген» халық. Иә, дербестік алып, еркін дамудың жаңа белесіне көтерілгенге дейін «мың өліп, мың тірілдік». Ел болып, іргемізді бүтіндедік. Ынтымағымызды сақтап, бірлігімізді нығайттық. Соның арқасында берекеміз кіріп, несібеміз молайды. Әр отбасының, әр ананың, әр баланың, бір ауыз сөзбен айтқанда, ұрпақтың жағдайы жасалды. Әрине, мұндай биіктікке тәуелсіздігіміздің арқасында көтерілдік. Бүгінгі мақаланың ортақ тақырыбы да, көтеріп отырған мәселесі де қазақ санын көбейтер отбасылық және гендерлік саясат.

Бүгінгі қоғамның басты тақырыптарының бірі – отбасылық және гендерлік саясат. Бұл тақырып көп қатпарлы. Қоғамда пікірталас та жетерлік, бірі даттайды, бірі жақтайды. Осынау ұғымға терең үңіле қарасақ, «гендер» тепе-теңдікті үйлестіріп отыратын саясатты қамтиды, яғни тепе-теңдіктің өлшемі ер азамат екенін айқындап тұр. Әйел ер адамнан кем болмауы тиіс. Олай болса, ер азаматқа міндеттелетін шаруаның бәрінен әйелдерді тыс қалдырмағанымыз жөн. Уақыт талабы да, қоғам талабы да осыны ескереді.

Конституциямызда әйелдер мен ерлердің тең құқықтары және еркіндіктері басты қағидат етіп көрсетілген. Осыны негізге ала отырып, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдамада еліміздегі әйел затына барынша көмек көрсетілген, қолдау шаралары жан-жақты қарастырылған.

Еліміздегі гендерлік қозғалыстың маңызды бір қадамы – ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйел мәселесіне байланысты Ұлттық комиссияның құрылуы және мемлекеттік қызмет ісі бойынша агенттіктің құрылуы. Бұл мекемелер көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды қолдау шараларын мемлекет тарапынан одан әрі толықтыра түседі. Демек, өзге елдермен салыстырғанда біздің елімізде гендерлік саясатты қолдау бірінші орында екендігін аңғарамыз.

Соңғы жылдары ЮНЕСКО-ның қолдауымен «Баршаға арналған білім» атты Ұлттық бағдарламаның шеңберінде гендерлік білім беру жобасы іске асырылып келеді. Ал, Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен 2013 жылдан бері күнтізбеде «Отбасы күні» белгіленіп, соған орай «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын республика көлемінде, облыс-облыстарда, аудан-аудандарда, ауыл-ауылдарда дәстүрлі түрде аталып өтуде.

Айтылып отырған осынау жұмыстар гендерлік бағыттың одан да әрі дамуына зор үлес қосуда. Бұл дегеніңіз, алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті отыз ел қатарына қосылуды мақсат етудің бірден-бір жолы. Елбасының өз Жолдауында «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп пайымдауында үлкен мән бар.

Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында бірінші кезекте баласы аман, қызы тәрбиелі, дұрыс отбасы болып қалыптасуды міндеттейді. Бұл дегеніңіз, қазақ халқының қалыптасуында осы дәстүрлер ұлттық идеологияның негізі болып табылады. Қазіргі қыз тәрбиесі бағытында да мемлекет деңгейінде үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Ұлағатты аналар мен қыздардың арасында жиі сырласулар өтіп жатса, ол да болса отбасының беріктігіне қосқан үлес болар еді.

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның тұжырымдауынша, біздің елдегі әйелдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады.

Әрине, бірінші топты ұлттық дәстүрді берік ұстайтын аналар, екінші топты орта және егде жастағы аналар – олар жаңа қоғамдық формацияға өкпелі, өйткені нарықтық қатынастардың келуі бұл топтағыларды жұмыссыз қалдырған. Үшінші топты жоғары жалақы беретін орындарда жұмыс істейтін, нарықтың қыр-сырын меңгерген, арнайы білімі бар, басым бөлігі кәсіпкер әйелдерден тұратын бұл категорияны – жас және орта жастағы әйелдер қамтыған.

Жалпы, әлемдік тәжірибе гендерлік мәселесін көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігін көрсетеді. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласы бойынша рейтингті қарасақ, Қазақстан 162 мемлекеттің арасында 44-орынға ие болды. Посткеңестік кеңістікте біздің елдің алдында Эстония (21), Беларусь (32), Литва (34), Латвия (41) тұр, бізден кейінгі орындарға Молдова (47), Ресей (50), Украина (52), Армения (54), Өзбекстан (64), Тәжікстан (70), Әзербайжан (74), Грузия (76), Қырғызстан (83) жайғасқан. Ал, «Орта Азияның Солтүстік Кореясы» атанған Түркіменстан бұл тізімге енбеген.

Мұхтар Әуезов: «Адамдықтың негізі – әйел, ертеде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық қорғансыздықтан анасының айналасында үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын енгізген… Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсінуінше әйел – үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы», – деген тұжырым жасайды. Дөп айтылған қазақы ұғым.

«Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», – деген Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында қыз бала тәрбиесіне осылайша ерекше көңіл бөлу керектігін айта келе: «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс», – дейді.

Иә, ана мен бала құқығы қай заманда да өзекті. Отбасының негізгі бөлігі болған балаға, оның саулығына, білім алуына қаншалықты күш жұмсасақ, күні ертең сол баламыз елінің білгірі атанса, еңбегіміздің далаға кетпегені.

Кез келген зайырлы мемлекет әрбір баланың аман-сау  өсіп, жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. Әлем бойынша  «Балалар   құқығы  туралы  Конвенция» қабылданған.  Бүгінде оның  құрамында 191 мемлекет бар. Осы Конвенцияның негізінде біздің де елімізде 9-тарау, 53 баптан тұратын «Балалар құқығы туралы» Заң қабылданды. Және алғаш рет бала мүддесін қорғауды басқарудың жаңа мемлекеттік жүйесі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бұл комитет «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітіп, бағдарламада олардың әлеуметтік өмір сүру сапасын жақсарту, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды отбасы үлгісіне жақындатылған жағдайлармен қамтамасыз ету көзделген.

Бүгінгідей жаңа технология дамыған, ғылыми әлеует алдыңғы қатарға шыққан уақытта әрбір мемлекет әуелі адам ресурсымен ерекшеленеді. Ал, адам ресурсы дегеніміз, ол – сіз бен біз, яғни Қазақстан азаматтары, «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» елдегі 18,8 млн халық. Олар – қоғамның басты байлығы, қозғаушы күші және дамуының қайнар көзі. Ендеше, мемлекетіміз ана мен баланы қорғауға қатысты бірқатар бастамаларды қолға алды. Оларға әлеуметтік көмектердің көрсетіліп жүргені де қуантады. Өйткені, адам құны бәрінен қымбат болса керек.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here