Рухы да, азаматшылдығы да зор қаламгер

0
2005

Менің замандастарым өткен ғасырдың сонау 50-ші жылдары ауызданған оқырмандығымыздан арыла алмай келе жатқан кітап құмармыз. Өкініштісі, өзіміз қартаюға айналдық, біз сүйіп оқыған классиктер түгілі сүйікті жазушыларымыз да «келместің кемесіне» мініп кетті. Кітаптары мерей тойларында ғана көрмелерге қойылғаны болмаса, кітапханаларда, мұрағаттарда шаң басып жатқаны ащы шындық. Мұқаң, Сәбең, Ілияс Есенберлин, қос Ғабеңдерді айтпағанның өзінде, кешегі Әнуар, Шерхан, Әбіш, Ақселеу, Мұхтар Мағауиндер жастар үшін ұмыт болуға айналды. Жас оқырман аз…

Әңгімемнің негізі – жақында өзім бас алмай алғашқы болып оқып шыққан Асқарбек Бектемісовтің «Тәуелсіздік тартуы» атты кітабы «Фолиант» баспасынан (Нұр-Сұлтан) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 3 мың данамен жарыққа шықты. Әрине, қатардағы құрылысшыдан жазушыға айналған Асқарбек Назарбекұлына министрлік тарапынан мұндай құрметтің көрсетілгені қуантады.

Жазушының өмірімен таныса келе менің есіме сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары оқыған Естай Мырзахметов деген жазушының «Медет» романы, ондағы Медет бейнесі, одан бұрынғы ғасыр басындағы орыстың Павел Корчагині, өзіміздің Зейнолла Шүкіровтің еңбекқорлығы есіме түсіп, 52 жасында арбаға таңылған жазушы Асқарбекті одан әрі тани түстім. Одан әрі жазушының түпкі мүддесін түсіну үшін оның жеке өзінің, демеушілердің қаражатына шығарған «Тектілерден қалған тұяғы ем», «Жүрек жылуы», «Ата жолға оралу», «Күнбағыс көңіл» атты кітаптарын түгел парақтадым. Тіл байлығы мол, сөзі көркем екен. Оған қоса шығармаларының астарында берер үлкен тәлім-тәрбиесі бар. Осындай шынайы шығарма жастарға өнеге болары анық. Асқарбек шығармаларындағы кейіпкерлерінің де ғибратты ғұмыры өз алдына бөлек әңгіме.

«Шешендік өнер – ақындықтың ағайыны» депті Мұхтар Әуезов. Текті ақын ұрпағынан болғандықтан өзі де өлең құраудан кенде емес. Шығармаларын көңіл әсерімен емес, еңбекпен жазатын сөз зергерінің көтеретін мәселелері кітаптарының өң бойында заманмен үндес.

Тағдырдың талғаусыз тартысына түскен құрсаулы денсаулығына қарамай, өзінің тәуелсіздік тірегі ретінде егемен елінің азаматы екенін үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан қайсар жазушы қай деңгейде болса да, оқырман мен мемлекет құрметіне әбден лайық.

Ибраһим Ағытай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қостанай қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here