Әйелдер мен балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықты енді әйел тергеушілер тергейді

0
1438

Елімізде әйелдер мен балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылықты тергейтін тергеуші әйелдер тобы құрылды. Бастапқыда бұл идеяны құқық қорғаушы Айгүл Орынбек Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ұсынған еді. Идеяны құп көрген Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты пікір білдіріп, өзінің 190 мың оқырманы бар Twitter парақшасына «Заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануы тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау», – деп жазған болатын. Содан Президент тапсырмасымен қоғам белсенділерінің өтініші іске асты. Айталық, күні кеше ведомствоның кеңейтілген алқасында сөз алған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталмыш қылмыстарды тергеу енді әйел тергеушілердің құзырына берілетінін хабарлады.

Осылайша, енді нәзік жанды тергеушілер зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар ісімен айналысады. Әрине, бұл тергеуші азаматтарға мұндай істермен шұғылдануға тыйым салынады деген сөз емес. Алайда, негізгі артықшылықтар әйел тергеушілерге беріліп отыр. Өйткені, реформа авторлары жәбірленуші әйелдер тергеуші ер адам болса, оған тергеуші ретінде емес, ең алдымен еркек ретінде қарайтынын айтады.

Жаңа бастама қоғам қайраткерлерінің пікірін екіге жарды. Мәселен, кейбір кәсіби мамандар жаңа бастаманың жағдайды өзгертеріне күмәнмен қарайды. Себебі, жыныстық зорлық-зомбылықты тергеудегі қиындықтың төркіні гендерлік мәселеде емес екенін алға тартады. Ал, тергеуші әйелдердің ерлерге қарағанда жақсы нәтиже беретініне ешқандай кепілдік жоқ.

Бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген заңгер Айман Омарова да қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсімей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек деп санайды: «Жаңа бастама қордаланған мәселелерді шешуге аз да болса үлесін қосады. Бұл қадам қазірдің өзінде жақсы. Өйткені, жыныстық зорлық-зомбылық жайлы сөз болғанда, көбінесе жәбірленуші – әйелдер, зорлық көрсетуші – еркектер болатыны белгілі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, жәбірленушіге ер адаммен қарым-қатынас жасау қиынға соғуы мүмкін. Себебі, ол қауіпті бейсаналы түрде сезінеді».

Сондай-ақ, құқық қорғаушының пікірінше, популизмге ұрынбау өте маңызды. Бұған дейін жыныстық зорлық-зомбылықты тергеумен негізінен ер азаматтар айналысқан. ІІМ-нің 2015 жылғы статистикасына сүйенсек, тиісті баптар аясында бес мың қылмыстық іс қозғалған. Соның тек екі мыңында ғана зорлық көрсетушілер жазасын алған. Алайда, тәжірибесі жоқ әйел тергеушілердің бірден жақсы нәтиже көрсете қоюы да екіталай.

Айман Омарова статистиканы жақсарту үшін құқық қорғау мен сот органдарының қызметін жетілдіруді одан әрі жалғастыру қажеттігін айтады.

«Полиция бөлімшелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты тергеумен айналысатын арнайы департаменттер құру керек. Қазір бұл санаттағы қылмыстарды тергеумен жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімі айналысады.  Бөлімшеде кісі өлтіру бабы бойынша да қылмыстар тергеледі. Екеуі де жантүршігерлік қылмыс. Әйтсе де, олар тергеу мен дәлелдеудің әр түрлі тәсілдерін қажет ететіндіктен, сипаты бөлек қылмыстарға жатады. Мысалы, кісі өлімін сәтті тергеген маман тұрмыстық зорлық-зомбылықты тергеуде кейбір дүниелерді ескермеуі әбден мүмкін», – деді Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Айман Омарова.

Адвокаттың пікірінше, департаменттердегі тергеушілер мамандандырылған болуы керек. Өйткені, балаларға жасалған зорлық пен әйелдерге, еркектерге жасалған зорлық-зомбылық бір-біріне ұқсамайтын жағдайлар. Жәбірленушілердің психологиялары мен жарақаттары, қылмыс барысы әртүрлі болады. Заңгер атап өткендей, зорлық-зомбылық құрбанының құпиялығына байланысты туындайтын қиындықтар бар. Мәселен, көбінесе тергеушілер күдікті мен жәбірленушіден бір уақытта бір үстелде жауап алады. Мұндай жағдайда жәбірленушінің зорлық көрсетушіден қаймығатыны тағы рас.

Ішкі істер министрлігінің бұл мәселеге назар аударуы – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстарды тергеудегі оң өзгеріс. Әйел тергеушілердің ерлерге қарағанда жәбірленушіден қажетті ақпараттарды емін-еркін сұрай алатыны ақиқат. Бірақ, мұның да салдары бар. Болашақта тұрмыстық жанжалға қарсы қылмыстарды тергеуші ер азаматтардың азаюына немесе жойылуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан кейбір сарапшылар мамандарды жынысына қарай бөлгенше, адам жанына тереңінен үңілуге баулитын оқыту жүйесін енгізу ұтымды деп біледі. Мұндай оқыту жүйесі мамандарға жәбірленушінің жағдайын толық түсінуге жәрдемдеседі. Сонымен қатар, зорлық құрбандарымен жұмыс істеуде нақты бағыттар беретін болады. Білікті психологтардың көмегі арқылы мұндай жұмысқа психологиясы жарамсыз мамандарды анықтайтын арнайы тест жасау да артық етпейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Адам өмірін, құқықтары мен бостандығын қорғау – зайырлы қоғамның міндеті.  Ішкі істер министрлігінің қоғам қайраткерлерінің, заңгерлердің кеңесе пішкен тондары келте болмасына сенейік. Десек те, әрбір ел азаматы жанұясы алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Педагог Антон Макаренкоше айтсақ, «жақсы отбасыда жазалау деген атымен болмайды, ал бұл – отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы».

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here